ЕСЕП БӨЛIСКЕН КIМ БАР?
ЕСЕП БӨЛIСКЕН КIМ БАР?
Мұнай мен газ саласында жұмбақ компания көп
Шикiзаты мол елдердiң халқын тек керемет өмiр күтiп тұрмайтыны мұнайлы елдердiң тарихынан белгiлi. Мұнай мен газ, минералды ресурстарға бай елдердi сыбайлас жемқорлық шырмап алуға бейiм тұрады екен. Көбiсi азаматтық соғыстан көз ашпайды. Экономистер мен социологтар бұл кереғар жайттарды шикiзат секторының қоғамнан жабық болуымен, табиғи байлықтың көпшiлiктiң емес, жекелеген топтардың ғана мүддесiне жұмсалатындығымен байланыстырады.
2003 жылы Ұлыбритания премьерi Тони Блэр «Шикiзат өндiру саласындағы ашықтық» жайлы (EITI) бастамасын көтерген. Бұл мұнай мен газдың басында жүрген компаниялардың өз есебiмен толық түрде қоғаммен бөлiсуiн бiлдiретiн жайт едi. Мұнай-газ өндiруден алғашқы он бес елдiң қатарына енетiн бiздiң ел сол бастаманы былтыр қолдап, ресми көзқарасын танытқан. Бiрақ, сонан берi бiр жыл өтсе де, Қазақстандағы ешбiр компания өз есебiн қоғам алдына жайып салуға асығар емес. Бiз Сорос-Қазақстан қорындағы «Kazakhstan Revenue Watch» бағдарламасының директоры, шикiзат секторындағы компаниялардың ашықтығына мониторинг жасайтын маман, Антон Артемьевтi сөзге тартқан едiк.
– Антон, «Шикiзат өндiру саласындағы ашықтық» жайлы (EITI) бастамаға Қазақстан осыдан бiр жыл бұрын қосылған едi. Бұл бастаманы жүзеге асыруда қазiр бүкiл компаниялардың төбесi көрiне ме? Қазақстан Үкiметiнiң бастамаға қатысу дәрежесi қаншалықты?
– Үкiметтiң осы бастаманы жүзеге асыруға деген мүддесiн бiрнеше индикаторлар мен критерийлер бойынша қарастыру керек шығар. ЕIТI-дың қандай бiр елде толық қолданылатынын анықтайтын критерийiне, сол елдiң қоғамдық ұйымдарының, яғни, азаматтық қоғамның бастаманы жүзеге асырудағы белсендiлiгiн жатқызуға болар. Осы критерийдiң шын мәнiнде орындалуына қоғамдық ұйымдар өте мүдделi. Өйткенi, әртүрлi шараларды жүзеге асырғанда, қоғамдық ұйымдарды формальдi түрде, көз үшiн кiрiстiре салатын мысалдар бiзде жеткiлiктi ғой. Алайда, мұндағы мәселе, уақыттың тығыз болғандығына келiп тiрелiп отыр. Өткен жылы Қазақстанның ЕIТI-ға кiруi жайлы сөз қозғалған кезде, бiз асықпай, жан-жақты дайындалғаннан кейiн ғана, меморандумға қол қоюға шақырдық. Бiрақ, уақыт белгiленiп қойды. Бесiншi қазанда, мұнай-газ жәрмеңкесiнде меморандум көздi ашып жұмғанша қабылданып кеттi. Өзiңiз ойлаңызшы, былтырғы жылға дейiн шикiзат саласындағы компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың бiр үстөл басында отыруы мүлде мүмкiн болмаса, бес алты айдың iшiнде мәселенi қалайша бiрiгiп шеше қалады? Сондықтан да, мұндай маңызды мәселенi байыптап, дайын болғанда ғана, қабылдау керек едi. Ал Үкiметтiң меморандумды тезiрек қабылдап жiберуiне келсек, ол үшiн KIOGE секiлдi маңызды жиында осы инициативаға қосылдық деп жар салу маңыздырақ едi.
– Мұны тек РR-акция деп бағалауға бола ма?
– Иә, әрине, кез-келген ел осы инициативаға қосылған кезде, өз имиджiн жақсартуды көздедi. Бiр қарағанда, мұнда тұрған ештеме де жоқ. Тек, ол бастаманың жүзеге асуына шын мәнiндегi қызығушылық болса, әңгiме басқа. Егер, компаниялар мен қоғамдық ұйымдар арасында диалог болып, компаниялар өз есептерiн тұрақты түрде жариялап тұрса, ол тiптен жақсы болар едi. Ал егер тек РR-акция ретiнде өтсе, бұл әрине жақсылық емес. Шикiзат өндiру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуде, Қазақстанның дәл қазiргi күнi қай орында тұрғаны белгiсiз. Өйткенi, алғашқы есеп әлi жарияланған жоқ. Бұлайша кешiктiрiлуiне меморандумды тез арада қабылдап жiбергенiмiздiң кесiрi тидi. Көптеген мәселелер шикiлей қалып қойды. Техникалық сауалдар әлi де ауада қалқып жүр. Компаниялар алғашқы есебiн осы жылдың аяғына дейiн жарияласа да жаман болмас едi. Ол есептегi ақпараттың толық түрде, әлде жартыкеш берiлуiне де көп нәрсе әсер етедi. Мәселен, мұнай өндiрушi компанияның шын мәнiнде өндiретiн шикiзат көлемi мен бюджетке түсiретiн сомасының қанша екендiгiнен хабар беретiн толық ақпарат болуы керек. Бүге- шiгесiне дейiн қамтылғаны дұрыс болар едi. Тағы бiр ескеретiн жайт: инициативаға мұнай саласындағы компаниялардың толықтай қосылмағаны және тау-кен өндiрiсiндегi компаниялардың шеттегенi шикiлеу көрiнедi. Тау-кен саласында бар- жоғы екi компания ғана ашықтық жөнiндегi бастаманы қолдаған. Ал бұл саладағы компаниялардың бюджет үшiн аса маңызды салымшы екенiн ескерсек, олардың жұмысындағы ашықтықты бiлу де бiз үшiн маңызды. Тау-кен саласының есебiн бiлмейiнше, сандарды толықтыра алмаймыз. Тiптi, бұл саласы өз есебiмен бөлiсуге аса мүдделi де емес секiлдi. Үкiмет жiберген сұрау хаттарға толық жауап бермей отыр. Бiздiң коалиция да Жезқазған, Шығыс Қазақстан облыстарында Тау-кен iсiмен айналысатын компаниялармен қатынас түзiп, мұның маңызды екенiн түсiндiруге тырысуда. Бiрақ, өз кезегiнде Үкiмет те олармен жұмыс iстеуi тиiс. Бiр-екi хатпен шектелiп қалуға болмайды. Мәселен, Үкiметте сол компанияларға ықпал жасайтын құрал жоқ деп мен айта алмаймын. Әрине, бар. Тек талапты қатаң қоя бiлу керек.
– Қазiр мұнай- газ саласында 350-ге тарта компания бар. Соның қаншасы ашықтық жайлы меморандумға қол қойды?
– Былтыр, меморандумға қол қойған кезде олардың саны 50-70-тей едi. Ал қазiр жүзге тарта болып қалды.
– Елде жұмыс iстеп жатқан шикiзат өндiрушi компаниялардың қайсысын қоғамға ашықтау, қайсысын жабық дер едiңiз?
– Трансұлттық компанияларды айтсақ, олардың қай қайсысы да өз елдерiнде өте ашық. Мәселен, Батыстың қай компаниясын алсаңыз да, олар өз елдерiнде атқарып жатқан шаруалары жайлы толық түрде есеп жасауға мiндеттi. Ал бiздегi филалдары олай емес. Тiптi, екiжақты стандарт ұстанады десе де болады. Бұл тенденцияға айналып кеттi. Есеп-қисабын бiзге көрсетпейтiнiн олар өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiммен байланыстырады. Өйткенi, онда құпиялылық (конфиденциальность) жайлы арнайы пункт қарастырылған.
Шетел компанияларының ешқайсысы да аудиторлық есебiн жарияламайды. Өздерi болса, «жоғарыдан бiздi қалтыратып- дiрiлдетiп, тексередi» деп ақталады. Ал бiздiң олардың сөзiне сенгеннен басқа амалымыз жоқ. Шетел компаниялары арасында «Эксон-Мобил» мен «Тотальдi» ашығырақ деуге болады. Бастамаға қолдау көрсетуде Петролеум Ассоциациясы да маңызды рөл ойнады.Дегенмен, iрi кенiштерде жұмыс iстейтiн компаниялардың барлығы дерлiк жабық. Өйткенi, олардың барлығының да өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiмге қатысы бар. Сондықтан, бәрi де ондағы «құпиялық» жайлы пунктке сiлтеме жасайды. Өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiмнiң заңдық күшi болғандығы себептi, олар заңға сiлтеме жасап, қорғанады. Ал бiз, Қазақстанның заңы оның азаматтары үшiн жабық болмауы тиiс деп есептеймiз.
– Компаниялардың қоғам үшiн жабық болуына өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiмнiң әсерi зор екен ғой!
– Негiзiнен, өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiмнiң өзi жабық жүйе.Ресей соны ескерiп, бұл жүйеден бас тартып отыр. АҚШ-та да өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiмнiң жабық екенiн айтады.
– Қазақстанның бұл жүйеден шығу мүмкiндiгi бар ма?
– Қазiр елдегi iрi кенiштердiң барлығы да ашылып қойылған. Әрi, оның бәрi де осы өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiм арқылы бекiтiлген.Сондықтан, кейiн ашылатын кенiштерде ғана бұл жүйесiз жұмысты бастауға болады. Бiрақ, Теңiз, Қарашығанақ, Қашаған секiлдi кенiштердiң ендi ашылу-ашылмауы екiталай. Соны ескергенде, өнiм бөлiсi жөнiндегi келiсiм қолданылмайтын кенiштердiң үлесi анау айтқандай, үлкен болмайды. Айтпақшы, егер Қазақстан осы жүйеден бас тартамын десе, қазiр таптырмайтын мүмкiндiк туып тұр. Айтпағым, Қашағанды игеретiн «Аджип» консорциумы әлi күнге дейiн жұмысын кешiктiрiп жатыр. Кенiштi уақытында игере алмағанын сылтау етiп, Қазақстанның «Аджиптiң» қызметiнен бас тартуына болады. Оның орнына жаңа консорциум құруға мүмкiндiк бар. Бiрақ, ондай қадамға бiздiң елдiң бару-бармауы екiталай. Шетел инвесторлары әрине, кенiштердегi келiсiм-шарттардың қайта қарастырылғанын қаламайды. Ал бiзге, сол келiсiм-шарттардың қоғамға пайдасының болғаны қажетiрек. Дегенмен, келiсiм-шарттарды қайта қарастыру саяси жақтан шешiлетiн мәселе.
– Бiзде әлi күнге дейiн бiрде-бiр келiсiм-шарт қайта қарастырылмапты. Мұны Үкiметтiң әлсiздiгiмен байланыстыруға бола ма?
– Экономикалық жағынан бұл инвестициялық климатты нашарлатып жiберетiн жайт. Тұрақсыздықпен байланыстырылады. Президенттiң өзi де келiсiм-шарттардың қайта қарастырылмайтынын айтып отыр ғой.
– Елдiң қазiргi инвестициялық климатын қалай бағалар едiңiз? Шетел инвесторлары Қазақстан Үкiметiнiң кенiштерден өз үлесiн талап етiп бастағанына шағынады, инвестициялық ахуал нашарлап кеттi дегендi алға тартады…
– Әр елдiң өз аумағындағы кенiштен үлесiн талап етуi қалыпты жағдай. Бiздегi инвесторлардың өзге елдердегi компаниялармен салыстырғандағы жағдайы аса тәуiр. Сондықтан, Қазақстанда олар шағымданатындай жағдай жоқ.
– Бiзде мұнай-газ саласынан түсетiн табыс қоғамның мүддесiне жұмсалып отыр деп айтуға бола ма?
– Бұған дейiн тек қоғамның ғана мүддесiне жұмсалған қаржының сомасы толық белгiлi емес едi. Өйткенi, осы саланың қаржысының негiзгi бөлiгi Ұлттық Қорда шоғырланып отырады ғой. Ал Ұлттық Қор институтының болашақ ұрпақ үшiн деп құрылғанымен, ондағы қаржының қай мақсатта пайдаланылатыны айқын емес-тi. Ендi, бiрiншi шiлдеден бастап, мұнай-газ саласының бүкiл қаржысының Ұлттық Қорға жiберiлiп, оның ұзақ мерзiмдi инвестициялық жобаларды қаржыландырылмақ. Сол кезде ғана бiз хабардар болармыз.
– Ұлттық Қордың бүкiл мұнай-газ саласының табысын бiр өзiне шоғырландырып алуы, бюджетке тиынның да түспеуi қоғамға пайдалы болар ма екен?
– Осы схеманың өзi қызықты. Өйткенi, мұнай-газ саласының бүкiл табысын тек өзiне тартып алатын қордың мысалын ешбiр елде кездестiрмедiм. Әрине, тұрақтылық қорлары бар. Бiрақ, онда тек артылған қаржыны ұстайды. Бар қаржыны Ұлттық Қорға жiберу арқылы қаржы дефицитiнiң ауқымын көруге болатын шығар. Мәселен, бiздiң бюджет мұнайдың арқасында жыл сайын профицитпен шығуда. Мұнай қаржысын алып тастаса, бiзде керiсiнше дефицит салмақтырақ болар едi.
Яғни, экономикалық дамуымызға бұл қайшы жайт. Мүмкiн, жаңа схема бiзге бюджеттiң ең әлсiз жерлерiн көрсетiп берер.
Алайда тағы бiр түсiнiксiз жайт: Ұлттық Қорға ақша, тек мұнай- газ саласынан түспек. Ал Тау-кен саласы көрсетiлмеген. Неге деген сауал туындайды. Өйткенi, бәрiнен бiрдей түссе, үйлесiмдiрек болар едi.
Тағы бiр қызығы, мұнай-газ табысы арқылы қаржыланатын Ұлттық Қордың инвестициялық жобаларында денсаулық сақтау, бiлiм беру салалары қамтылмаған. Соны мен түсiнбедiм. Ол қаржының бұл салаларға құйылмайтыны қазiрдiң өзiнде белгiлi болып отыр. Бұл салалар қаржыға зәру ғой. Тек денсаулық сақтау саласын алып қарасақ, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлiнгенiмен, ауылдардағы ауруханалардың жайы нашар. Аурухана ғимараттары ескi.
– Әлемдiк деңгейдегi экономист-сарапшылар мұнай өндiру қарқыны артқан сайын, елде сыбайлас жемқорлық фактiлерiнiң көбiрек тiркелетiнiн айтады. Сiз мұндай пiкiрмен қосыласыз ба?
– Негiзi, мұнайды аса қарқынды түрде өндiрудiң қажетi жоқ секiлдi. Бiзде қазiргi мәселелердi шешетiн қаржы мұнай өндiрiсiн арттырмай-ақ жетедi. Елдiң қара алтын өндiрiсiн арттыруын қазiргi күнгi әлемдiк мұнай сұранысымен байланыстыруға болатын шығар. Қытайдың араны ашылуда. Екiншi құбыр ашылмақшы. Дегенмен, қара алтынды жапа-тармағай өндiрiп тастау аса қажет емес. Өз мұнай қорын болашақ ұрпақ үшiн сақтап отырған америкалықтардан сабақ алғанымыз абзал сияқты. Ал бiз бар ақшаны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Жалпы Iшкi өнiмнiң жылдық өсiмi 8-9 пайызды құрағанына, экономикалық өсiмнiң кереметтiгiне қарамастан, елдiң ахуалы сол дамуға сәйкесе алмай келе жатыр. Қаржыны игере алмай отыр. Бұл әрине, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын жағдай.
Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА