СИРИЯ МЕН ЛИВАН АРАСЫНДАҒЫ ДАУДЫ ШЕШУГЕ НЕ КЕДЕРГI?
СИРИЯ МЕН ЛИВАН АРАСЫНДАҒЫ ДАУДЫ ШЕШУГЕ НЕ КЕДЕРГI?
Сирия мен Ливан арасындағы қатынасқа АҚШ пен Батыстың көңiлi толмайды. Ал Ресей мен Қытай аталған мәселеде «сап-сап, көңiлiм»-ге басып отыр. БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiндегi Иран мәселесiнде пiкiр қайшылығына тап болғандар бұл жолы ненi көздедi?
ОРЫСТАР МЕН ҚЫТАЙЛАР ҚАЛЫС ҚАЛДЫ
Сирия мен Ливанды ресми дипломатиялық қатынастар орнатуға және шекара проблемасын реттеуге шақырған БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесi АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның бастамасымен, Сирияға қысым жасау туралы арнайы Қарар қабылдады. Алайда Ресей мен Қытай осы мәселе талқыланғанда, қалыс қалды. Кремльдiң пiкiрiнше, қысым жасау Сирия мен Ливан арасындағы дауды реттеуге мүмкiндiк бермейдi. Керiсiнше, ушықтыра түседi. РФ Сыртқы iстер министрлiгi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, Мәскеу сириялық-ливандық қатынастарда қосымша құжат қабылдауды қажет етпейтiнiн және Ливанның тәуелсiздiгi мен территориялық тұтастығын сақтау үшiн Дамаск пен Бейрут арасында бейбiт келiсiмдер жүргiзу керектiгiн мәлiмдеген. Таяу Шығыстағы дауды реттеуде арағайындық жасау арқылы әлемдiк беделiн көтеруге тырысқан Мәскеу халықаралық саясатта да белсендiлiк танытуға талпынады. Мамырдың алғашқы жартысында Нью-Йоркте Иран мәселесiне байланысты өткiзiлген халықаралық «төрттiктiң» жиынына қатысқан РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров сириялық Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Фейсал Микдадпен кездескен. Кофи Аннанның 1559 Қарарының орындалуы туралы жасаған баяндамасын талқыға салған қос шенеунiк Сирия мен Ливан арасында шынайы қарым-қатынас пен өзара тиiмдi серiктестiктiң қалыптастырылуын қаузады. РФ СIМ Таяу Шығыс пен Солтүстiк Африка департаментiнiң басшысы Олег Озеров екi елдiң қатынасы тым күрделi болғанымен, Сирия мен Ливан төңiрегiндегi дағдарысты ушықтырудың қажетi жоқтығын айтады. Пекин мен Мәскеу Сирия БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң 2004 жылы 2 қыркүйекте қабылдаған әскерi мен қауiпсiздiк күштерiн ливандық аумақтан шығару туралы 1559-Қарарын мүлтiксiз орындады деген сенiмде. Аталған құжат Ливанның экс-премьерi Рафик Хариридiң Бейруттегi қазасынан кейiн қабылданған болатын. Сондықтан қосымша қысым жасау, екi елдiң онсыз да шиеленiсiп тұрған қарым-қатынасына керi әсер етпек. Әрине, орыстар мен қытайлар шешiм шығарарда батыстықтардың өздерiмен келiспегенiне наразы. Ал халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының мәлiмдеуiнше, Қарарды қабылдаушы тарап (Батыс пен АҚШ) Дамаск Ливанның саяси ахуалына керi ықпал етуден тыйылмай отыр деген ұстанымда. Сондықтан Сирия өз шекарасы арқылы өтiп жатқан қару-жарақ ағынына тосқауыл қоюы тиiс.
«АҚҚУ – КӨККЕ, ШОРТАН – КӨЛГЕ…»
«Харириге шабуылды сириялық арнаулы қызмет өкiлдерi жасады» деп тағылған айыпты мойындамағанмен, Сирия әскерi мен әскери техникасын былтыр көршiлес мемлекеттiң территориясынан аулаққа алып кеттi. Өкiнiшке қарай, көршiлес жатқан Ливанмен сонда да ара қатынасы жақсара қоймаған. Шебаа фермасы орналасқан шағын ауданның шекарасына қатысты дауы әлi күнге шешiмiн тапқан жоқ.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкiлi Джон Болтон БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесi Дамаскiнiң Қарардан оң нәтиже шығарады деп үмiттенетiнiн жеткiздi. Сауд Аравиясы, Египет, Сириямен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделiлiк танытқан Судан екi ел арасындағы дауды шешуде арағайындық жасауға ұсыныс бiлдiрген. Осы мақсатта Судан президентi Мұстафа Осман Исмаил Сирияға арнайы iссапарда болып қайтқан. Бiрнеше жылға созылған әрi бейбiт елдiң берекесiн алған дауды шешуге мүдделi екi тарап та қол қусырып қарап отырған жоқ. Алайда, тiрлiктерi «аққу – көкке, шортан – көлге…»-ден аса алмай жүр. Өткен сейсенбiде ливандық парламент ұлттық келiссөздер мәслихатының жетiншi бөлiгiн өткiздi. Бұған дейiнгi алты кездесуде ливандық саяси партия көсемдерi бiрқатар мәселелерде келiсiмге келген едi: ливандық премьер Хариридiң өлiмiне себепшiлердi жазаға тартатын халықаралық трибунал құру, ливандық-сириялық шекараны демаркациялау (әсiресе, Израиль басып алған Шебаа фермасы маңындағы аумақты), Бейрут пен Дамаск арасында дипломатиялық қатынастар орнату, Ливандағы босқындар лагерiнiң тысындағы палестиналықтарды қарусыздандыру, т.б. Алайда ел президентi Эмиль Лахуд пен қару-жарақ мәселесi шешiмiн таппаған. «14 наурыз коалициясына» бiрiккен антисириялық блок өкiлдерi президенттiң қызметтен кетуiн талап етiп отыр. Коалицияны парламенттiк басымдықтың көсемi, марқұм Хариридiң ұлы Саад басқаратынын ескерсек, ливандық депутаттардың президент жағасына неге жармасқаны өздiгiнен түсiнiктi болады. «2004 жылдың күзiнде президенттiк қызметiн 3 жылға созылған, билiк басына Дамаскiнiң қысымының арқасында келген Лахуд – Ливанның тәуелсiздiгiн тұншықтыруға мүдделi сириялықтардың шекпенiнен шыққан саясаткер» деп наразылық танытқан «14 наурыз коалициясына» шейiттiк «Амал», «Хезболлах» қозғалыстары қарсы шығуда. Шейiттердiң жақтасы – христиандық қоғамның көсемi, «Тәуелсiз демократиялық қозғалыстың» жетекшiсi Мишель Аун. Осыдан сәл ғана уақыт бұрын ливандық парламенттiң спикерi Набих Берр Лахудтың президенттiкте қалу-қалмауы мен «Хезболлах» қозғалысының өкiлдерiн қарусыздандыру мәселесiнiң талқыланатынын мәлiмдеген болатын. Алайда, «Хезболлах» пен Саад Хариридiң, «әл-Мустакабал» қозғалысының жетекшiлерi арасындағы кикiлжiң, генерал Аун мен «14 наурыз коалициясы» өкiлдерiнiң бiр-бiрiне кезек-кезек шабуыл жасаулары да тыйылар емес. Сондықтан ливандық астанаға ат арытып келген шетелдiк бақылаушылар сессия басталмай тұрып-ақ: «Келiссөздер соңында бейбiт келiсiмге қол жеткiзбейдi» деп алдын ала болжам жасаған едi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ