Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ ЖЫРЫ БҰЛ…

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ ЖЫРЫ БҰЛ…

Мемлекеттiк тiл… Айта-айта жауыр болған, көтере-көтере қадiрi қашқан мәселе болды бұл. Неге дейсiз ғой? Оны төрден оздырудың мәнiсiн таппай қиналғанымызға, қызыл танау болып ентiгiп, ештеңе өндiре алмағанымызға – 15 жыл. Қазақстан халқын бiрiктiрушi фактор – қазақ тiлiнен өзге ұлт өкiлдерi 15 сөз де үйренбедi. Амал не, бұл бiздiң ұлт тағдырына тым-тым бейжай әрi салқын қарағанымыздың жемiсi. Өзге ұлт өкiлi түгiлi, өз қазағымыздың өзiнiң тең жарымына жуығы ана тiлiне мұрнын шүйiрiп қарайтын көрiнедi (Мұхтар Шахановтың есебi бойынша).

Бiзде ертеректе қабылданған «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бар. 2010 жыл да иек астында. Бiрақ, тiлдiң алға жылжыр түрi көрiнбейдi.

КҮЛТӨБЕНIҢ БАСЫНДА КҮНДЕ ЖИЫН

Мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру, оның көсегесiн көгерту мақсатында соңғы жылдары мәжiлiс құрушылар көбейiп барады. Құр даңғой сөзден басқа нақты қадам жоқтың қасы. Айталық, бүгiнде Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Мемлекеттiк хатшы кезiнде мемлекеттiк тiлдiң жай-жапсарына орай Үкiметтiк деңгейдегi барлық шенеунiктiң басын қосқан едi. Амал не, қарқынды басталды, аяқсыз қалды. Себебi, Мемлекеттiк хатшы өзгерiп кеттi. Оның орнына келген Оралбай Әбдiкәрiмов те былтыр мемлекеттiк тiлдiң жанашыры екендiгiн танытып жиын өткiздi. Жиынға министрлердiң орынбасарлары мен аудан әкiмдерiнiң орынбасарлары, Парламенттегi бiрнеше тiл жанашыры ғана қатысты. Мiнбеде айтылған сөз, бойтасалана бере ұмыт қалды. Нақты белгiленген мiндет те, алға қойған мақсат та болмады. Бiз сол кезде газетiмiзде «Мемлекеттiк хатшы мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгерте ме?» (№16, 21 көкек, 2005 жыл), «Айталы болып алысып, Шаханов болып шырылдағандар» (№18, 5 мамыр, 2005 жыл) атты мақалалар жазып, аталған жиында сөз болған мәселелердi егжей-тегжейлi сарапқа салған да едiк.

Мiне, содан берi бiр жылдан астам уақыт өттi. Iске асқан шара жоқтың қасы. Ал, Мемлекеттiк хатшы ертең тағы да биiк мiнберден мемлекеттiк тiлдiң жай-күйiн талқыламақ. Бұл жолы қандай әңгiме болатындығын күнi бұрын бал ашып бiлмесек те, мемлекеттiк тiлдiң тағдыры алдыңғы жиындардың аяғын бек құшатындығына сенiмiмiз бек кәмiл.

Баяғыда Күлтөбенiң басына күнде жиналған хан мен бектерiмiз елiмiздiң ертеңiн бағамдап, болашаққа қажеттi iстердiң тетiгiн тауып отырған болса, бүгiнгi «мәжiлiсшiлерiмiздiң» тiрлiгi құр науқанға айналып бара жатқанға ұқсайды.

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ ТАҒДЫРЫ МЕМЛЕКЕТТIК ШЕНЕУНIКТIҢ КӨЗҚАРАСЫНА ТӘУЕЛДI

Бүгiнгi жалпақ есеп бойынша, мемлекеттiк тiлге Қазақстанның 5 облысы көштi. Бiрақ, бұның бәрi сөз жүзiнде, ал iс барысында мүлдем олай емес. Былайғы жұртқа жалған ақпар берiп, iстi сөзбұйдаға салып келе жатқандығы айдай әлемге аян. Жалпы, мемлекеттiк тiлдiң тағдыры мемлекеттiк шенеунiктiң көзқарасына тәуелдi болғалы қашан. Айталық, Зауытбек Тұрысбеков Iшкi iстер министрi болған кезiнде осы бес облыстағы iшкi iстер басқармаларын түгелдей дерлiк мемлекеттiк тiлге көшiрген едi. Ал, оның орнына Бауыржан Мұхамеджанов келгелi Жамбыл облысы мен Оңтүстiк Қазақстан облысының Iшкi iстер басқармалары «таз кебiн қайта киiп» iс-қағаздарын қайтадан орысшалап алғанға ұқсайды.

Сондай-ақ, заманында бүкiл БАҚ мүйiздеген Жақсыбек Құлекеев Бiлiм және ғылым министрi болып тұрған кезiнде мемлекеттiк бiлiм грантының қазақтiлдi түлектер үшiн үлес салмағын арттырып, 50-ден 60%-ға көтерген едi. Сонымен қатар, Жақсыбек Құлекеев өзге тiлдi мектептердегi мемлекеттiк тiлдегi пәндердiң үлес салмағын арттыру үшiн де бiраз бастама көтерген. Ал, Бiрғаным Әйтiмова ханым келгелi өзгертiлдi, атап айтқанда, орыстiлдi мектептегi мемлекеттiк тiлдiң үлес салмағын арттыру әңгiмесi ауызға да алынған жоқ. Мемлекеттiк гранттың үлес салмағы сол 60% қалпында қалып отыр. Ол ол ма, өткен жылғы ақпан айында 34 депутат бастама көтерiп, «Бiлiм туралы» Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу барысында «мектеп бiтiрушiлердiң мемлекеттiк емтиханды екi тiлде, орыс мектебiнiң түлектерi қазақ тiлiнде жазбаша, қазақ мектебiнiң түлектерi орыс тiлiнде жазбаша тапсырсын» деген арнайы бап енгiзудi ұсынған едi. Бiз бұл туралы газетiмiздiң 2005 жылғы 24 ақпандағы санында «Емтихан екi тiлде» деген мақала жариялаған болатынбыз. Сол мақалада Мәжiлiс депутаты Амангелдi Айталы «Бiлiм және ғылым министрлiгi бiздiң бастамамызды қолдауға келгенде жоғарыға жалтақтайтын сыңайлы» деп жауап берген едi. Айтқанындай-ақ, бұл заң жобасы Үкiметтен қолдау таппады. Сөйтiп Мәжiлiсте талқыланған жоқ.

Тәуелсiз Қазақстанды қорғайтын қазақ елiнiң сарбаздары бүгiнде өзге тiлде бiлiм алып, өзге тiлде ант қабылдайды. Жаттық рух бойларына сiңген олардан қандай сарбаз шығады, кiм бiлсiн. Тек республикалық «Ұлан» сарбаздары ғана мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн көрiнедi.

Тәуелсiздiк алғанымыздың 15 жылдық мерейлi мерекесi жақындап тұр. Ал, тәуелсiздiк жылдарында бiлiм алған жас буын мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi, бiлуге де талпынбайды. Өйткенi, өзге емес мемлекеттiк тiлдiң өз орнын иеленуiне, әрине, бiздегi саяси-басқару жүйесi құлықсыз. Сөйтiп, бұқараны алдап жылда бiр немесе бiрнеше рет мемлекеттiк тiлдiң жайын күйттеп, мемлекеттiк деңгейде жиын өткiзiп қоямыз. Осыған мәзбiз. «Iс бiттi, қу кеттi» деген осы.

Мiне, мемлекеттiк тiл — шенеунiктердiң көңiл күйiне орай, әртүрлi құбылады. Бiрде iске асады, бiрде ығыстырылады. Әркiм бiлгенiнше iс қылады. Демек, мемлекеттiк тiлдiң жай-күйi iс басына келген шенеунiктiң патриоттық көңiл-күйiне ғана байланысты болып тұр.

108 МИЛЛИОН ҚҰРДЫМҒА КЕТТI

Жақында «31-канал» телеарнасындағы «Состояние kz» бағдарламасында келтiрiлген мәлiмет бойынша, мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн, осы 15 жыл iшiнде мемлекеттен 108 миллион доллар бөлiнген екен. Бағдарлама жүргiзушiсi Евгений Грюнберг бұл қаржының құрдымға сiңгендiгi жайында қызықты ақпарлар бердi. Шынында да мұндай ұлан асыр қаржының мемлекеттiк тiлдi дамытуға қосқан үлесi не? Бiздi таңдандырғаны сол. Әрине, формальдi түрде қазақ тiлiнiң кабинеттерi жасақталып, қазақ тiлiнiң курстары ашылғаны рас. Бiрақ, бұл да науқандық iске айналды. Мемлекеттiк тiл бiреулердiң саяси шоқпары болса, ендi бiреулердiң нан табу көзiне айналды. Сөйтiп, коррупция жайлаған елде мемлекеттiк тiлдi пайдаланып қаржы тапқандар да жетiп артылды. Нәтижесiнде сапасы сын көтермейтiн, сауатсыз оқулықтар, оқу құралдары мен шала-жансар аудармалар дүниеге келдi.

Бiресе ашылып, бiресе жабылып, былтыр қайта дүниеге келген Мемлекеттiк тiл комитетiне биылғы жылғы бюджеттен 500 миллион теңге бөлiндi. Бұл туралы бiздiң газетiмiзге берген сұхбатында Ақпарат және мәдениет министрi Ермұхамет Ертiсбаев баян қылған («Бәрiнен бұрын қазақ мәдениетiне көңiл бөлемiн», №4, 26 қаңтар, 2006 жыл).

Бiрақ, бұл қаржының тiлдiң көсегесiн көгерте қоюы екiталай. Мемлекет қаржы бөлдi, сонымен iс тәмам. Ал, оның қайтарымын ешкiм сұрап жатқан жоқ.

Есенгүл Кәпқызы