Жаңалықтар

МЕТРОҒА ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫ ҚОЙЫЛДЫ

ашық дереккөзі

МЕТРОҒА ЖАҢА ҚОНДЫРҒЫ ҚОЙЫЛДЫ

Кеше «Алмалы» метро станциясында немiс технологиясының негiзiнде дайындалған тоннел қазушы механикалық кешен iске қосылып, соның тұсаукесер рәсiмi өттi. Су жаңа күйiнде зауыттан әкелiнген құрылғының iске қосу процесiне Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те қатысып, жаңа аппараттың жұмыс iстеу барысын тамашалады. Аталмыш қондырғыны әзiрлеп дайындайтын немiстiң «Херренкнехт» фирмасы көрiнедi. Ал оны сол қалпында жеткiзiп, жүзеге асыруға «Алматыметроқұрылыс« АҚ себепкер болыпты.

«Метро құрылысының басталғанына пәленбай жыл өттi», «Пәленбай жылдан берi метроның аяқталмайтыны несi екен» деген жел сөздердi жиi еститiнiмiз жалған емес. Басталғалы берi жұмыс iстеуiнен тоқтауы басымырақ болып келе жатқан метро құрылысын қала жұртшылығының сарғая күтiп жүргенi де рас. Сағынышқа айналған метроның қалаға Иманғали Тасмағамбетовтiң әкiм болып келуiмен, қайта жанданғанын да жоққа шығара алмаймыз. «Алматыда метро құрылысының жұмысы басталғалы жатыр екен, соған құрылысшыларды қызметке қабылдап жатыр екен» деген әңгiменiң шет жағасы да былтырғы жылдан бастап, естiле бастады. Метроға жұмысқа ағылғандардың да алдын көзiмiз көрдi. Қызу қарбаласпен жүзеге асырылып жатқан метро станциясының бүгiнгi тiрлiгiн көру көптен берi арман боп жүрген бiздерге, күнi кеше әкiммен бiрге көрудiң сәтi түстi. Он шақтымызды темiр лифтiге салып алған жолбасшы жердiң астына қарай бастай жөнелдi. Сатыр-сұтыр дыбысқа алғашында жүрексiнедi екенсiң. Жердiң бетiнен тым қатты ұзап кеткендей көрiнiп едi, сөйтсек, жердiң үстiнен 40 метрлiк қана қашықтықта орналасқан. Көз алдымда, қап-қараңғы, қол шаммен жұмыс iстейтiн шахтаның тiрлiгi елестеген. Қайдағы, түскен кезде қарасақ, айнала самаладай жарқырап тұр. Ары-берi жүгiрген құрылысшылар. Тұп-тура бiз түскен обьектiнiң орны жұмыс iстеуге сақадай сай тұр. Немiстiң қолынан шыққан су жаңа қондырғыңыз да осында қоныс тепкен. Бастарына темiр қалпақ киiнген құрылысшылардың жүздерi шат-шадыман. Естуiмiзше, жаңадан қондырылған қондырғы құрылысшыларымызға көп жеңiлдiк әкелетiн сияқты. Айына 250-300 м.-ге дейiнгi аралықты үңгiп, қазып отырады екен. Ұзынша, жыланның ирегiндей ирелеңдеп жатқан қондырғыңыздың ұзындығы 65 м. көрiнедi. Қабырғаларын қалың бетондармен қапталған жер асты жолдары көп шаруаның бiткендiгiн айғақтап тұр. Қала әкiмiнiң де соңғы төрт-бес айдың iшiнде бұл обьектiге төртiншi рет келуi екен.

«Әрине, соңғы кезде экономикамыз өсiп, елiмiз аяғымыздан тұрған кезде, көптеген ауқымды iстер жасалып жатыр ғой. Астананың салынып жатқандығының өзi елiмiздiң мәртебесiн көтерiп, егемендi елiмiздi әлемге паш етiп жатыр. Алматы бұл да қарқынды дамып келе жатқан үлкен қалалардың бiрi. Жиырма жыл бұрын басталған үлкен құрылыс соңғы екi жылда өзiнiң жалғасын тауып жатыр. Өздерiңiз бiлесiздер, былтыр Елбасы осы метрополитенде болып, бiздiң алдымызға 2008 жылы метроның бiрiншi кезеңiн тапсыру жөнiнде үлкен талаптар қойды. Қазiр бұл құрылысқа көптеген қаржы да бөлiнiп жатыр. Соның арқасында үлкен механикалық кешендi алуға қол жеткiзiп отырмыз. Бүгiннен бастап, жаңа кешен iске қосылайын деп жатыр. Бұл Метрополитеннiң екiншi -үшiншi кезеңiне де iске асыруға қажеттi қондырғылардың алды ғана. Өзiнiң ертеңiне берерi мол. Жалғасын табатын үлкен шаруа. Iске сәт!», – дедi Иманғали Тасмағамбетов жаңа механикалық қондырғының лентасын қиып жатып. Лента қиылған бойда, жаңа қондырғы да сартылдап-гүрiлдеп iске қосылып кеттi.

Гүлзина Бектасова