ӘКIМ СЫЙҒА ТАРТҚАН 39 КӨЛIК
ӘКIМ СЫЙҒА ТАРТҚАН 39 КӨЛIК
Өткен аптаның соңғы күндерiнiң бiрiнде Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов жол полициясы қызметкерлерiне 39 жеңiл көлiк пен бiр «эвакуатор» сыйға тартты. Респулика алаңында өткен бұл шараға Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiнiң төрағасы В.Бугаев пен Жол полициясы басқармасының төрағасы Е.Айхимбеков қатысты.
Алматыда бүгiнде күнiне 500 мыңға жуық жеңiл көлiктер қатынайды екен. Ал әрбiр көлiк иесiнiң жол ережесiн бұзбауын қадағалауды жол полициясының қызметкерлерi атқаратыны тағы мәлiм. Осыған байланысты, қалалық бюджеттен 2006 жылға 3,6 млрд. теңге бөлу қарастырылған екен. Оқиға болған жерге дер кезiнде жету үшiн 2005 жылы жол полициясы қызметкерлерiне 20 мотоциклдер де сатып алыныпты. Ал, биылғы жылдан бастап, олар ендi «Volkswagen POLO» жеңiл көлiгiн айдайтын болады. 39 көлiктiң құны 99 млн. теңгенi құрапты. Ал, «эвакуатордың» құны 8 млн. теңге көрiнедi.
Қалалық әкiмшiлiк қаладағы қылмыстың азаюы үшiн Iшкi iстер департаментiмен бiрiге отырып, үш жылдық бағдарламаны жүзеге асырмақ. «Қауiпсiз қала» аталатын бағдарлама құқық бұзушылыққа жол берiлмеу және әртүрлi қауiптi оқиғалардың алдын-алу үшiн де тиiмдi болмақ. Аталмыш бағдарлама жүзеге асырылу үшiн 3 млрд. теңге қажет болса, оның 375 млн. теңгесi 2006 жылға бөлiнiп отыр.
Гүлзина Бектасова