Жаңалықтар

«АЛЛАЖАРҒА» – 10 ЖЫЛ БIРАҚ, ФИЛЬМНIҢ ӘЛI КҮНГЕ ДЕЙIН ЭТАЛОНДЫҚ НҰСҚАСЫ ЖОҚ

ашық дереккөзі

«АЛЛАЖАРҒА» – 10 ЖЫЛ БIРАҚ, ФИЛЬМНIҢ ӘЛI КҮНГЕ ДЕЙIН ЭТАЛОНДЫҚ НҰСҚАСЫ ЖОҚ

Биыл Желтоқсан оқиғасына жиырма жыл толады. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзген Желтоқсанның шындығын әлi күнге ашып айта алмай келемiз. Желтоқсан туралы түсiрiлген жалғыз фильм бар. Оның өзi бүгiнге дейiн 16 желтоқсан күнi ғана Кино үйiнде көрсетiлуге мүмкiндiк алып келдi. Эталондық нұсқасы жоқ фильмнiң тұсауын кескенiне де кеше он жыл толды. 1996 жылдың 17 мамырында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында тұңғыш рет көрсетiлген «Аллажар» фильмiнiң ол кездегi нұсқасы төрт сағаттан асып жығылған екен. Кейiн фильм қысқарып-қысқарып екi сағатқа түсiптi. Он жылдан берi қол қысқалығынан фильмiнiң жаңа үлгiдегi көшiрмесiн жасай алмай жүрген режиссер Қалдыбай Әбеновке көмек қолын созған жанашыр азаматтар табылып, жуырда «Аллажарды қолдау» қоғамдық қоры құрылған болатын. Аталмыш қордың атқарушы директоры Болат Бөтеев мырза қорды құрушылардың көшбасында өзiнiң туған iнiсi Марат Бөтеевтiң тұрғанын айтады. «Аллажарды қолдау» қорына бiрiккен ұлтжанды азаматтардың басты мақсаты – «Аллажарды» сақтап қалу, яғни эталондық нұсқасын дайындау. Сондай-ақ, биылғы жылы 20 жылдығы тойланғалы жатқан Желтоқсан оқиғасына байланысты 20 сериядан тұратын деректi фильм түсiру, талантты жастарға көмек көрсету. Бiр қызығы, осы он жылдың iшiнде «Аллажар» фильмiне ешқандай көмек көрсетiлмептi және тосқауыл да қойылмаған екен. «Осы фильмнiң эталондық нұсқасын жасайық деген бiр адамды кездестiрмедiк. Бұл туралы баспасөздiң бетiнде жазылып та, айтылып та келдi», – дейдi Болат аға.

– Осы фильмге сiздiң көрермен ретiндегi көзқарасыңыз қалай? «Аллажар» соншалықты қорқынышты фильм бе?

– Мен оның қысқартылған нұсқасын бiр рет көрдiм. Одан да қорқынышты фильмдердi күн сайын телеарналардан кiшкентай сәбиден бастап, үлкен ақсақалдарға дейiн көрiп жатыр ғой. Оған қарағанда «Аллажар» бiздiң тарихымыз. Кеңестiк үкiметтiң қазақтарға көзқарасын фильм арқылы көрсетiп отыр. Кеңестiк жүйенi сақтап қалуға тырысқан советтiк империяның басшылығының iсi.

– Фильмдi көрген кейбiр көрермендерiмiз: «Аллажарды» көрген соң, өзге ұлт өкiлдерiне деген өшпендiлiк оянатын сияқты » деген пiкiрдi айтады.

– Бұл пiкiрге келiспес едiм. Ол фильмдi көргеннен кейiн, менiң бойымда ешкiмге де өшпендiлiк оянған жоқ. Сол кездегi империялық жүйенiң бет-пердесiн көргендей болам. Бiз Кеңес үкiметiнiң қызығын көрген адамдармыз ғой. Пионер болдық, комсомолдың қатарына өттiк дегендей. Сол уақытта бiзге Кеңес үкiметi дүниежүзiндегi ең әдiлеттi жүйе болып көрiнетiн. Сөйтсек, бiз ең нашар қоғамда өмiр сүрiппiз. «Аллажарды» көрсеңiз, онда басқа халықтың өкiлдерi де бар. Орыстың қарапайым кемпiрi, еврейдiң шалы қазақ жастарына көмектесiп жүр. Тiптi, фильмнiң соңында қанышер қылмыскердiң өзiнде аяушылық сезiмi оянып, кешiрiм сұрап жатыр. Көрдiңiз бе, бұл режиссердiң шеберлiгi деуге болады. Тәуелсiздiк алған он бес жылда талай құпиялар ашылып жатыр ғой. Сол 1986 жылғы оқиғаның болуына Кеңестiк жүйенiң өзi тiкелей итермелеген сияқты. Олар 1985 жылы арнайы «Құйын» деген бағдарламаны да түзiптi. Ол егемендiкке ұмтылған халықтардағы қозғалыстың алдын-алу алғышарттары, яғни Кеңес үкiметiнiң тұяғының соңғы серпiнi ғой. Бiз бұның мән-жайын жан-жақты бiлмейтiн де шығармыз. Өйткенi, оны тiкелей зерттейтiн тарихшылар. Бiр жыл бұрын дайындалып қойылған бағдарлама iске кiрiстi де кеттi. Ал, бұл фильм сол саясатты ашу, көрерменге жеткiзу. Ендi бұндай оқиға қазақтың басында қайталанбасын, қазақ мұндай оқиғаны қайта бастан кешiрмесiн деген ой тудырады. Осы елде өмiр сүрiп жатқан халықтың барлығы бiрiгiп, жақсы өмiр сүрсiн деген фильмнiң мақсаты бар.

– Қоғамдық қор құрылғалы берi өз еркiмен қаржы бөлген азаматтар бар ма?

– Тұсау кесерi болған жерде залға жиналған азаматтар ақша аударамыз деп айтып жатты. Бiрақ ол кезде қордың есепшоты ашылған жоқ болатын. Мiне, қазiр қордың есепшоты ашылғанына екi апта өттi. Әзiр ақша аударған ешкiм жоқ. Мұның бәрi жарнамаға байланысты шығар. Сондықтан қолынан жазу келетiндерi жазса, жарнамаласа деймiз. Мұның өзi қазақтың ел болғандығын көрсетедi. Қазақ жастарының рухын көтеру үшiн игiлiктi шаруа болар едi.

Гүлзина Бектасова