БIЗ БIЛЕТIН ОЛЖАС...
БIЗ БIЛЕТIН ОЛЖАС...
Көппен жалғыз алысудың азабы мен михнатын өз еркiмен мойнына артқан бiртуар азамат әрi қаламгер ретiнде Отанымызда Олжас Сүлейменовтен асқан атына көп айыптаулар тағылған орыстiлдi қазақ ақыны кемде-кем. Бiр уақтары оны «ұлтшыл» ретiнде айыптап, «ғалым емес» десе, қоғамдық сананың жаңа сатысында «космополит», «ақын емес» деп таңбалауда. Ұзақ жылдар бойы адамдар оны батыр, ұлт қаһарманы ретiнде асқақтатса, iле-шала «жалтақ», «табансыз» деп те оған күйе жақты. Бәрiбiр азамат, ақын, үлкен тұлға болып қала бiлген Олжас Сүлейменов осындай айыптауларға көңiл аудармастан берiк принциптерi мен идеалдарына, көзқарасы және дүниетанымына адалдығынан ешқашан айныған жоқ. Ұстанған бағыты мен iшкi сенiмiнен таймайтын төзiмi берiк ежелгi дiн уағыздаушылар секiлдi ол. Қала баласы «тауларды аласартпай даланы асқақтатып», қыш кiтаптардың парақтарына үңiлiп, ұланғайыр даладағы жал-құйрығы төгiлген арғымақтарды, тұлпар үстiнде жаралған жаужүрек, асау мiнез далалықтарды, кең даламен астасып кетер аспан-ғарышты құмыр көмеймен жырлаудан жаңылған емес.
1961 жылы 12 сәуiрде адамзат баласы сан ғасырлық арман қиялы болған ғарышқа алғаш рет самғағанда дүниеге келген «Адамға табын, Жер ендi» поэмасы жаппай көбейтiлiп, тiк ұшақтан стадиондардағы халықтың үстiнен шашылған деседi. Бәлкiм, мұндай оқиғалар анау азамат соғысында, Ұлы Отан соғысында болса болған шығар, бiрақ жаңа тарих бедерiндегi бiрiншi оқиға едi. Қалай десе де, мұны бүгiнгiлер естiгенде сенбейтiн аңыз деп бағалайды.
Әрине, қазiр орта ғасырлардағы инквизиторлар сияқты «Жер адамға табынбауы керек» деп ақынды айыптайтын ойшылдар шоғыры өсiп шықты. Осынау асқақ сөздердiң астарынан оғаштық iздейдi, сан-саққа жүгiртедi. Бұл шын ақын жүрекке ғана тән орынды асқақтық, поэтикалық иiрiм ғана екенiн көре тұра мойындағысы жоқ олардың. Өйте берсе қазақ поэзиясы, ақындары, қаламгерлерi көргенiн, табиғи құбылыстарды ғана қағазға түсiретiн көшiрмешiге айналарын, суреткерлiк қарабайырлық деңгейiне төмендейтiнiн елемегенсидi. Поэзия қарапайым, қоңыртөбел тiршiлiктiң көшiрушiсiне айналар, қиялдың ақ құсының қанаты қиылар да осылайша.
1975 жылы аңызға айналған «Аз и Я» дүниеге келгенде Кеңес үкiметi жаппай дүрлiктi. Бiр кездегi көшпендiлердiң бел баласы жүздеген жылдар ағысында бiрыңғай қалыптасқан түркология ғылымына төңкерiс әкелуi өмiрде болуға тиiс емес тосын жайт болатын. Атақты «Игорь полкi туралы жыр» дастанына қазақ баласының пiкiр айтуынан үрейлерi ұшқан академик, ғылым докторлары Сүлейменовке қарсы сап түзеп, легион боп соғыс жалауын көтергенi және бар.
Осыдан он бес жылдан астам уақыт бұрын елiмiзде «Семей-Невада» қозғалысын құрып, қасиеттi жерiмiзде жүздеген қасiреттi ядролық жарылыстар жасалған Семей атом полигонын жаптыруға мұрындық болғаны да шын ерлiкпен пара-пар ерен еңбек.
Соңғы жылдары саяси сахнада да Олжастың таласты пiкiрлерi қылаң берген. Тiл, ұлт туралы ойлары. Қоғамның бiраз күштерi Олжасты қуаттағаны да рас, ал басым бөлiгi оның iшiнде қазақтiлдi қауым ащы сынға алды.
Олжас аға жетпiске келдi! Өзгеге ұқсамас асқақ рухымен, дала батырларынан аумайтын өршiл қалпымен, дүниенiң әр дүбiрiне үн қосқан сезiмтал құштарлығымен, отаншыл жүрегiмен келдi атаулы күнге. Алматының бүгiнгi әсем кешi жыр кешiне айналмақшы. Республика сарайында оқырман қауым өздерiнiң сүйiктi ақындарының қаламынан туған шығармаларымен қайта қауышпақ, асқақ жырларынан қайта сусындамақ. Өйткенi, ол – Олжас Сүлейменов! Өйткенi, ол өзiмiздiң Олжас!
Ақын мерейтойы қарсаңында қаламгер iнiлерi не айтар екен деген оймен, ақын-жазушыларымызға сауал тастаған едiк.
– Орыс тiлдi қазақ әдебиетiнiң өкiлi ретiнде бiзде, тiптi посткеңестiк елдерде, әрiге сiлтесек, әлемде бiртуар азамат, қаламгер, қайраткер Олжас Сүлейменовтен көп әңгiме етiлген ақын жоқ. Бұл қазақ әдебиетiнiң жетiстiгi ме әлде iркiлiсi ме?
– Әрбiр азамат өзiнiң туған халқына қолдан келгенше қызмет атқаруға тиiс. Бұл – басты борыш, берiк азаматтық позиция болуы керек. Әсiресе ақындарға, шығармашылық адамдарына қойылар басты талап осы. Олжас Сүлейменов қазақ халқының алдындағы азаматтық, ақындық борышын толық атқарды деп ойлайсыз ба?
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:
ТҰЛҒА — ХАЛЫҚТЫҢ БАЛАСЫ
– Олжастың төңiрегiнде бүгiнде көп әңгiмелер айтылып жүр ғой. «Орыс тiлiнде жазады», «қазақ әдебиетiне кiре ме, кiрмей ме?» деген сияқты әңгiмелердi де жиi естимiз. Қазақ тiлiнде жазғаны да дұрыс шығар, бiрақ, Олжас – ұлы ақын. Кезiнде, яғни Кеңес үкiметiнiң қайнап тұрған уақытында бүкiл әлемге танымал болған адам кiм? Ол – Олжас. Сол кездегi Олжастың айтқан сөздерi бүкiл әлемге тараған. Оны мойындауымыз керек. Айталық, «Адамға табын, Жер ендi» поэмасы мен «Аз и Я»-сы, «Қыш» кiтабы, «Жазудың сиқыры» сияқты еңбектерiнiң орны ерекше. Қазiр егемендiк алғалы берi ұлт патриоттары көбейiп жатыр ғой. Ал сонау 1975 жылдары ешкiм аузын аша алмайтын уақытта, Олжас «Аз и Я» кiтабын жазды. Бәрiмiз жиналып, сол кiтапты жарыса оқып, талқыға салатынымызды әлi күнге ұмытпаймын. Сол кезде Кеңес үкiметiнiң уақытында «Сен ұлтшылсың», «Сен Кеңес үкiметiне қарсысың» деген сөздердi де естiдi Олжас. Сонда да мойыған жоқ. Бiздiң рухымызды көтеруде, қазақтарды әлемге паш етуде Олжастың үлесi өте көп. Бiр ғана нәрсенi айтайын. 1986 жылы елдiң бәрi Дiнмұхамед Қонаевтан сырт айналған кезде, оның жанында жалғыз Олжас қалды. Әшейiнде «Димеке,Димеке» деп жүргендердiң бiреуi де жолаған жоқ. Олжастың мұнысы да үлкен ерлiк. Қазақтың атын шығарған Олжас деп айтуымызға болады. «Бейбарыстың қазақ екендiгiн танытқан кiм? Ол – Олжас, түркiлердiң тарихын зерттеген кiм? Ол – Олжас. Темiрхан Медетбек бiрде түрмеге барып, кездейсоқ кiтапханасына кiре қалған ғой, сөйтсе, бұрышта үш жүзге жуық «Аз и Я» жатқандығын байқапты. Көрдiңiз бе, кiтапты түрмеге жабу деген ешқашан да болмаған нәрсе. Сондықтан, әлемдiк деңгейде, Кеңес үкiметiнiң алдында бiздiң намысымызды қорғаған Олжас Сүлейменов екенiн мойындауымыз керек.
– Қазақ тiлiн бiлу керек. Керектi жерде өзiңнiң тiлiңмен жеткiзгенге не жетсiн?! Кеше Олжас бүкiл қазақтардың алдында кездесу жасады. Оны залға жиналған қауым қазақ тұлғасы деп таныды. Ал, азаматтық борышқа келсек, өзiн азаматпын деп санайтын әрбiр адам, елiнiң алдындағы борышын орындайды. Ұлттың намысын қорғау, ұлттың деңгейiн көтеру, өзге ұлттың өкiлi сенiң ұлтыңды қаралап жатса, соны ақтап, қалқан болу – азаматтық борыш деп түсiнемiн. Осы тұрғыдан келгенде, Олжас өзiнiң борышын ақтады деп ойлаймын. Ол өзiнiң ғана емес, көптiң де борышын орындап жүрген адам. Бiздiң ұлттың бiр кемшiлiгi бар, тұлғаларымызды тiрi кезiнде мақтамаймыз ғой. Көбiне түртiп, кемшiлiгiн айтқанды ұнатамыз. Ал, көзi кетсе, аяқ-қолын жерге тигiзбей, теңдесiз адам едi деп айтқанды ұнатамыз. Олжасты да тiрi кезiнде бағалап, тiрi кезiнде мақтануымыз керек. Тұлғаның борышы бар деп жатамыз ғой, бiрақ, халықтың да өзiнiң алдында осындай борышы болуы керек. Тұлға – халықтың баласы. Өз баласын өзi құрметтеп, оның талантының ашылуына көмектесiп, жоғары көтеруiмiз керек. Сол кезде ғана халық бола аламыз. Осы тұрғыдан келгенде, Олжас қазақ халқының қуаныш көретiнiндей, мақтан тұтатынындай азаматы. Құдайдың маңдайымызға берген перзентi.
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, ақын:
ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ОЛЖАС
– Орыстiлдi қазақ әдебиетiнiң өкiлi ретiнде әрине, кешегi дүркiреп тұрған қызыл Кеңес тұсында да Олжас қазақ әдебиетiне үлкен олжа әкелген ақын екендiгiн мойындау керек. Сол бiр қиын-қыстау, қылышынан қан тамып тұрған кездiң өзiнде Олжастың «Аз и Я»-сын жазуы бұл қазақтың санасында үлкен сiлкiнiс тудырғаны анық. Олжекеңнiң жалпы ақындық, шығармашылық еңбектерiнiң қай-қайсысында да «қыпшақ», «қазақ» деген ертедегi түрiк жұртының рухы атойлап тұрады. «Кипшақ, қимай» деген сөзiнiң өзi арқаға әруақ бiтiргендей, кешегi құлдықта, бодандықта жүрген алаш азаматын дүниеге жаңаша көзқараспен қарауға, ұлттың тағдырын ойлауға, ұлттың ұлы болуға деген құштарлығын оята түскенi анық. Ол кезде тiптен «мен қазақпын» деп айтудың өзi қиынырақ едi. Жұбан Молдағалиев ағамыздың «Мен қазақпын» дейтiн дастаны бар. Оның өзi бертiнiректе шықты. Студент кезiмiзде, яғни, Хрущевтiң «жылымық» дейтiн заманының өзiнде Олжекеңнiң кiшкентай ғана «Қараторғай» дейтiн өлеңдер жинағын алғаш оқып, ел, халық туралы ойлай бастаған едiк. Мұхтар Әуезовтың Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» және «Қырық мысал» дейтiн екi кiтабы жайында: «Бұл қазақ санасында жаңа түбiрiмен өзгерiс жасаған төңкерiс кiтабы болды» деген сөзi бар. Олжастың шығармалары орыс тiлiнде болғанымен де, рухани төңкерiс жасаған дүниелер. Сондықтан, бiз Олжасты ұлы ақын деп есептеймiз. Әлем таныған Олжас екенi рас. Оған ешкiмнiң ешқандай таласы болуға тиiстi емес. Қазақ әдебиетiнiң iркiлiсi деп айта алмаймыз. Жалпы, тек қана қазақ әдебиетiнiң емес, әлем әдебиетiнiң жетiстiгi деп мойындаймыз. Оған ешкiм дау туғызбайды.
–Ахмет Байтұрсынұлының «Бұлт» дейтiн өлеңi бар. Дала қатты шөлдеп, шөп, егiн түгел қурап, күйiп кетейiн деп тұр. Бiр мезгiлде көк жүзiнде ойнақтап, бiр қара бұлт шығады. Бұлттың шыққанына жұрт: «егiн-шөпке жақсы болатын болды-ау» деп қуанып, бөрiктерiн аспанға атып жатқанда, әлгi бұлт келедi де, артқа қарай тайып отырып, теңiздiң үстiне барып жауады. Сол сияқты, қазақтың iшiнен шыққан Олжас сияқты тұлғалары өзiнiң жұртына қызмет етудiң орнына, өзiнiң пәлендей қажетi жоқ, теңiздiң үстiне жауатын бұлт сияқты өзге ұлттарға қызмет етiп кетсе, онда ақырет, қайғы-қасiрет сол деп есептеймiз. Орыста да, басқа ұлттарда да өзiнiң ақын-жазушылары толып жатыр. Ақын алдымен өз ұлтының ұлы болуға тиiс. Осы жағынан алғанда, яғни «өз қолымыз өз аузымызға жеттi» деп, iргетасымызды қалап жатқан кезде, Олжас сияқты халық мақтанатын, ел соңынан еретiн азаматтың елдiктi ойлау, болашақты ойлаудың орнына «қазақстандық ұлт» сияқты сөздердiң жетегiнде кетуi, Ресейге қарай iштарта беруi, «ұлтым, елiм» деп ойланатын азаматтың қай-қайсысына да, жақсы әсер етпейдi. Сондықтан, Олжастың үлкен ақындығын, азаматтығын, қайраткерлiгiн мойындай отырып, сондай азаматтың жаңағыдай позиция ұстануы көптiң жанына жайсыз дер едiм. Басқа ұлттардың өкiлдерi, әсiресе қазаққа жаны ашымайтын, өзiнiң тiлiнен, руханиятынан, мүлде хабары жоқ қазақтардың Олжас сияқты тұлғаларды арқаланып, өзiнiң ұлтына қарсы әрекет жасайтындығы анық. «Қазақ Олжастың өзi осылай деп жатқанда» деп, басқалар соны қазаққа қарсы қару етiп ұстауы мүмкiн. Сондықтан, Олжекеңдер солай деп ойлағанның өзiнде бадырайтып айтпай-ақ қоюға болады ғой. БАҚ арқылы айту – Олжастың беделiн қатты құлдыратады. Кешегi Ғ.Мүсiрепов атындағы жастар және балалар театрында өткен мерейтойы кезiнде: «Мен қазақпын. Бұдан былай өлеңiмдi қазақша жазам» деген сияқты әңгiмелер айтып қалды. Сондықтан да, Олжекең ол жағын түсiнген сияқты. Олжекеңнiң ұлылығын, қайраткерлiгiн айта отырып, кемшiлiгiн бадырайтып жар салмай-ақ, жайлап қана жеткiзiп, iшке тартып, халыққа қызмет еткiзуге тырысуымыз керек. Сонда Олжас үшiн де, ұлт үшiн де жақсы болар едi деп ойлаймын.
Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы:
ОЛ КIСIНI ЕЛ ТЫҢДАЙДЫ
–Олжас Сүлейменовтың шығармашылығы қазақ әдебиетiнiң жетiстiгi немесе iркiлiсi ретiнде бағалауға жатпайды. Себебi, Олжастың шығармашылығы қазақ әдебиетiне аса қатысты емес сияқты. Өйткенi, қазақ оқырманы Олжасты аударма тiлiнде бiледi. Патша заманынан берi, жүргiзiлген мақсатты саясат, одан қала бердi, Кеңес өкiметiнiң тәттi ұранмен қалыптастырған үрдiсi салдарынан қазақта орысша бiлмейтiн адам қалған жоқ, ана тiлiн ұмытқандар да шаш етектен. Орыстың тiлi қазақ тiлi сияқты бай тiл, ол – әлемдiк тiлдердiң бiрi. Дегенмен осы ұлы тiлде жасалған әдебиет қазақ тiлдi әдебиетке жата қоймаса керек. Қазақтың орыстанған бөлiгiнiң аса iрi өкiлi ретiнде Олжас орыс тiлiнде қазақ тақырыбын жырлаған үлкен ақын. Қазақтың рухын көтерген адам. Бiрақ, қазақ тiлiнде емес. Сол себептi, өз басым Олжасты қазақ әдебиетiнiң өкiлi деп санамаймын. Яғни, қазақ тiлдi әдебиетке қатысы жоқ. Бiрақ, қазақтың орыстiлдi әдебиетiнiң көшбасы, қазақтың үлкен тұлғасы, мақтанышы екенi даусыз. Орыстану саясатын жүргiзген орыс миссионерлерiнiң өкiлдерi тiрiлiп келсе, бiздегi орыс мүддесiнiң салтанатына разы болып, бiзбен бiрге бүгiн бокал көтеретiн едi. Орыстандыру саясаты өзiнiң көздеген мүддесiне жеттi. Олар орыстанған қазақтардың қолымен қоғамдық тыныс-тiршiлiктi орыстандыруда өз мақсаттарын баянды етуде. Солардың сарбаздарының қатарында, өкiнiшке қарай, Олжекең де тұр. Бұл – Олжекеңдi кемiткенiмiз емес. Олжекеңдi қазақ мақтан тұтады. Бiз де. Ол – қазақ халқының iргелi, қабырғалы тұлғасы. Оған дау жоқ. Сондықтан, сұраққа қайта оралсақ, Олжастың рухын ғана нағыз қазақ дер едiм, ал шығармашылығы қазақ әдебиетiне жатпайды.
– Олжекең кешегi Кеңес үкiметiнiң тұсында ауызға iлiктi. Жас кезiмiзде бәрiмiз де Олжекеңге табындық, тамсандық. Өлеңдерiн жатқа бiлдiк. Ол кезде Олжасты ұлттың үлкен жанашыры деп бiлдiк. Бiрақ, Олжекең қазақтың мүддесiн соншалықты түбегейлi түсiндi деуге өз басым келiсе алмаймын. Нағыз сыни-сағаттарда, қайта құру кезiнде, елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзiп жатқан тұста, Олжекең неге екенiн қайдам, орыс тiлiн көтерiп шыға келдi. Яғни, сондай бағыт ұстанды. Қайта құру кезiнде тiл жөнiнде мәселе көтерiлiп жатқан кезде, жазушыларымыз: «Қазақ тiлi –Мемлекеттiк тiл болсын» деп қол соққанда Одақтың залының қабырғасы жарылып кете жаздаған едi. Соншалықты қуаныш болды. Сол қуанышымызға бiр апта өттi ме, өтпедi ме, бiлмеймiн, «Правда» газетiнiң қос бетiн алған Олжастың материалы шықты. Сол материалда Олжас Сүлейменов: «Қазақ жазушылары қазақ тiлiмен қатар орыс тiлi де Мемлекеттiк тiл болсын деп жатыр» деп жазды. Ол кiсiнiң бұнысы бекер едi. Ол кiсi бүкiл қазақ жазушыларының атынан өзi сөйледi. Бұл қазақ жазушыларын құрметтемегенi, сыйламағаны едi. Бұл ол кiсiнiң шынайы көзқарасын көрсетедi. Осы материал шыққаннан кейiн, Балтық жағалауындағы елдердегi орыстардың көбi Олжекеңнiң осы пiкiрiне қосыла кеттi. «Әрең-әрең» дегенде, басылып келе жатқан империялық саясатты, орыс астамшылығын қайта көтерiп жiбердi. Орыс халқына түгелiмен қара жабуға болмас, оны ешкiм жамандамайды да. Әйтсе де, олардың кейбiр жекелеген саясаткерлерi әр халықты бiр-бiрiне айдап салып отырғаны шындық. Мiне, Олжекең солардың қолшоқпарына айналып кеткендей болды. Бұл менiң Олжекеңе кiр жаққаным емес, өзiмнiң көзқарасым ғана. Олжекеңнiң қазақ халқының алдында зор беделi, тарихында өзiндiк орны бар, халық оны құрметтейдi. Басына көтередi. Сондықтан, бұл кiсiнiң әлi де атқаратын борышы алдында деп ойлаймын. Ол кiсiнiң қолынан әлi де көп нәрсе келедi. Ол кiсiнi ел тыңдайды. Ол кiсiнi Президентiмiз де, Үкiметiмiз де тыңдайды. «Конституциялық тәртiптi сақтайық, мемлекеттiк аппарат мемлекеттiк тiлде сөйлесiн» дегендi айтса, онда Олжекеңнiң ұлттың алдындағы, халықтың алдындағы үлкен борышын атқарғандығы болар едi деп ойлаймын.
Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ,Гүлзина БЕКТАСОВА