Жаңалықтар

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ: “САЯСАТТЫҢ КҮШI СӨЗУАРЛЫҚТА ЕМЕС”

ашық дереккөзі

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ: “САЯСАТТЫҢ КҮШI СӨЗУАРЛЫҚТА ЕМЕС”

Елбасы өткен жылғы ақпандағы халыққа Жолдауында Қазақстанның демократияландырудың жаңа кезеңiне өтетiнiн, бұл үшiн елiмiзде саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жасауды, демократиялық үрдiстi одан әрi өрiстетудi, азаматтық қоғам институттарын дамыта түсудi басты мақсаттардың бiрi ретiнде алға қойды.

Өйткенi бұл мәселелер қоғамның әрбiр мүшесi үшiн зор маңыз алуда. Елiмiздегi саяси тұрақтылықты, әлеуметтiк келiсiмдi баянды етудi көпшiлiк демократияның жаңа кезеңiмен тiкелей байланыстырып отыр.

Жуырда алғашқы отырысы болған Демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның жұмысы да осы мәселелерге арналды. Президент Н. Назарбаев билiк пен қоғам арасында ашық диалогтың жүргiзiлуi елдi басқаруды жетiлдiруде, азаматтық қоғам институттарын жандандыруда, демократиялық үрдiстi жеделдете түсуде үлкен роль атқаратынын атап көрсеттi.

Осыған орай жазушы Марат МӘЖИТОВ осы тақырыпта жиi қалам тартып жүрген белгiлi саясаттанушы, философия ғылымының докторы, профессор Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВпен әңгiме-дүкен жүргiздi. Соны бүгiн оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Елiмiздiң Негiзгi Заңында зайырлы, демократиялық, әлеуметтiк мемлекет құрып жатырмыз делiнген. Бiз әңгiмемiзде сол қоғамдық жүйенi жүзеге асыру қалай жүрiп жатқанынан бастасақ қайтедi?

– Әрине, бұл өте дұрыс. Тәуелсiздiк алғалы елiмiз үлкен өзгерiстердi бастан кешiрiп отыр. Ескi тоталитарлық жүйеден жаңа демократиялық қоғамға көштiк. Елдiң, халықтың тәуелсiздiкке қолы жеттi. Тәуелсiз мемлекет дегенiмiз iшкi-сыртқы саясатты өзi жүргiзiп, жердiң, табиғаттың байлығына халықтың өзi ие болып, соны өз игiлiгiне жаратуға мүмкiндiк алу деген сөз. Осындай ел тәуелсiз деп танылады. Бiздiң тәуелсiз елiмiз бүгiн өзгеге жалтақтамайды. Кешегi орталықтың қыспағынан бiржола құтылды. Ел еркiн дамудың даңғыл жолына түстi.

“Алдымен экономика, содан кейiн саясат“ деген қағиданы Елбасымыз берiк ұстанды.

Ал адамның жеке басына тәуелсiздiк не бердi?

Бостандық, еркiндiк бердi. Өз тұрмысын, өз тiршiлiгiн жақсарту үшiн өзiнiң күш-жiгерiн, бiлiмiн, ақыл-ойын, мүмкiндiгiн iске қосуға еркiндiк алды. Әрбiр жан өз бейiмiн, өз iскерлiгiн танытуға мүмкiндiк алды. Мемлекет менi жарылқайды деген ескi үмiттен арылды. Мемлекет әркiмге бiрдей жағдай жасады. Оны әрi қарай дамыту, ұтымды пайдалану әркiмнiң өзiне байланысты.

Бiрақ бұл еркiндiк айналасынан түгел қол үзiп, бәрiнен оқшаулану деген сөз емес. Елi тәуелсiз болғанымен, елдiң әрбiр азаматы қоршаған ортасынан, айналасынан бiржола тәуелсiз емес.

Солардың ерiк-жiгерiне, тыныштығына, қауiпсiздiгiне қатер төндiрмеуге тиiс. Ол белгiлi бiр заң аймағында, конституциялық кеңiстiкте ғана өзiн еркiн сезiнедi. Оны бұзса, бұл шеңберден шығып кетсе, тәртiпке шақырылады, бостандығы тежелiп, заңды күйге түсiрiледi.

Бiзде демократияны не iстесек те, қалай iстесек те өз еркiмiз деп түсiнетiндер баршылық. Олар үшiн құрып жатқан демократиямыз бейнебiр ашық қақпа секiлдi. Бұл қақпадан әркiм-ақ именбей қiруге, ойына келгенiн iстеуге құқылы тәрiздi көрiнедi. Бұл қате түсiнiк.

– Сонда демократияның негiзгi қағидасын қалай ұғынуымыз керек?

– Демократия дегенiмiз, ежелгi грек ұғымында “халық билiгi“ деген сөз. Ол кезде әрбiр қала бiр-бiр мемлекет болып есептелген. Оны басқаруға бүкiл халық қатынасқан. Соғыс ашу, салық салу және басқа мәселелер бүкiл қала тұрғындарының қатысуымен шешiлген. Мәселен, ескi Афинада осылай болған. Мұны бұл күнде тiкелей демократияның үлгiсi ретiнде бағалаймыз. Уақыт өте келе, мемлекеттiң көлемi өсе келе мұндай басқару мүмкiн болмай қалды. Халық өз ортасынан өкiлдер жiберу арқылы басқару өмiрге келдi. Мұны өкiлеттiк демократия деп атаймыз. Бұл бүгiнгi парламенттiк басқару жүйесi. “Халық билiгi“ деген ұғым шын мәнiнде өз өңiн өзгерттi. Халық билiгi — демократия-конституцияларда ғана сақталған. Билiктiң бiрден-бiр көзi халық деп көрсетiлген. Бiрақ бұл күнделiктi өмiрде жүзеге асып жатыр ма? Сайлау, референдум кезiнен басқа уақытта халық үнiнiң ықпалы ескерiлiп жатыр ма? Олар үшiн саясаткерлер, шенеунiктер билiк жүргiзiп отырған жоқ па?

Шенеунiктер мен сайлаудың нәтижесiнде билiкке ие болған депутаттар халыққа қазiр тәуелдi ме? Сайлау кезiнде берген уәделерiн олар орындап жүр ме? Уәдесiн тез ұмытып кетпей ме? Осы жайлар бұл күнде әркiмдi-ақ ойландыруда.

Атқарушы билiкпен ауыз жаласқан халық қалаулылары сайлаушыларын ұмытып кетпей ме? Бұл күнде жалғыз демократия жеткiлiктi ме? Либерализм не дейдi?

Либерализм — адамның жеке басының бостандығын, меншiк иелерiнiң қауiпсiздiгiн, еркiндiгiн сақтауды мұрат тұтатыны белгiлi.

Демократия әдiлеттi, әлеуметтiк теңдiктi жақтаса, либерализм адам бостандығын бiрiншi кезекке қояды, соның құқығын қорғайды.

Ойланып көрiңiзшi, әдiлетсiз, теңдiк жоқ қоғамда адам бостандығы кiмге қажет? Екеуi жұптасқанда ғана қоғамды басқару жүйесi мойындалмақ, қадiрленбек. Сондықтан да қазiр либеральдық демократия дәрiптелiп отыр. Бiрақ бұл Жириновскийдiң либералдық демократиясымен сорпасы еш қосыла бермейдi. Бiз нағыз демократияны қолдап отырмыз. Бiз үшiн жалғыз либерализм идеясы жеткiлiксiз. Әрине, жеке бастың, азаматтардың бостандығын қорғау керек. Бiрақ аш-жалаңаш, бiлiм-ғылымнан жұрдай ұрпаққа жалғыз еркiндiк қажет пе? Ол iшер тамақ, киер киiм бола ма?

Жалпы ұлттық демократияның бағдарламасы жасақталуда. Ұлттық комиссия ендi мемлекеттiк комиссияға орын бермек. Бұл комиссияның жұмысына жұртшылық үлкен үмiт артып отыр.

Демократияның негiзгi алғышарттары мыналар болып есептеледi: бiрiншiден, азаматтардың мемлекеттi басқаруға қатысуы, екiншiден, азаматтардың заң алдындағы теңдiгi, үшiншiден, әсiресе, сайлау барысы кезiндегi азаматтардың өз еркiн бiлдiруге бостандығы болып табылады. Бұл алғышарттар демократияның өзегiн құрайды.

Адамдардың тұрмыс деңгейiнiң айырмашылығы оларды қоғамда әдiлет жоқ, деп билiктi сын астына алуға мәжбүр етуде. Адамдардың абсолюттiк теңдiгi ешқашан болған жоқ, бола да алмайды. Теңдiк туралы айтқанда азаматтардың заң алдындағы теңдiгiн, еңбек етуге бiрдей құқылы екендiгiн түсiнуiмiз керек. Басқа теңдiк жайлы сөз ету бос сөз. Өйткенi, адам тумысынан бiрдей болып тумайды. Бiрi реңдi, бiрi реңсiз. Бiрi қарымды, бiрi әлжуаз болып туады. Табиғат бiрiне дарын сыйлайды, бiрiн құралақан қалдырады. Бейiмдiлiгiне қарай бiрi жақсы өмiр сүредi, бiрi жақсы қызмет ала алмай, табысы төмен болады.

Сұлу жiгiт пен сұлу қыз өз сыңарларын тезiрек табады. Адамның сыртқы тұлғасының да жақсы өмiр сүруiне септiгi тиедi. Осының бәрiн ескергенде, өмiрде абсолюттi теңдiк жоқ деп айтуға болады. Теңдiктiң өзi де, әдiлет те салыстырмалы болады.

Демократия қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыруға қызмет етуге тиiс. Осы тұрақтылық кiмге әрi неге байланысты дейсiз ғой. Қалың бұқара халыққа ма, әлде ат төбелiндей алпауыттарға ма? Байлардың байлығы онан әрi еселей түсiп отыр. Ал кедейлер саны азаяр емес. Шағын және орта бизнес өкiлдерi қоғамның басым бөлегiн құрай алмай келедi. Қоғамдағы тұрақтылық солардың үлес салмағына тiкелей байланысты екенi белгiлi. Бұлар болса, қоғамда шешушi күшке айналмай отыр. Олигархтардың дегенi болып тұр. Оларға осынша мол байлықты әкесi мұраға тастап кеттi ме? Әлде маңдай терiн төгiп, байлыққа кенелдi ме? 10 — 15 жылда осынша байлықты адал жолмен жинақтауға бола ма? Мұның бәрi жұмбақ дүние. Олардың аранын неге шектеуге болмайды? Олигархтар қоғамға сөзiн, билiгiн өткiзгiсi келедi. Үстемдiк жүргiзгiсi келедi. Халық, қоғам неге бейшаралық кейiпке түсуге тиiс. Көршi Қырғызстанды алыңыз: криминалистер, бұзақылар, түрмедегi қылмыскерлер елде ауа райын жасағысы келедi. Заңдылық қайда, легитимдiк билiк кайда?

Легитимдi билiк өктемдiк жүргiзе алмаса, әркiмнiң жетегiнде кетсе, қөшедегi тобырлардың ықпалынан шыға алмаса, бұл да демократия ма?

– Бiз дүниежүзiнде дамыған 50 елдiң қатарында болу жөнiнде алға мақсат қойып отырмыз. Бұл экономикасы күштi, ғылымы озақ, бiлiмi жоғары, қорғаныс қабылетi берiк ел болу деген сөз екенi белгiлi. Озық ел болу үшiн осылар ғана жеткiлiктi ме?

– Әрине, сiз айтқан алғышарттардын, бәрi қажеттi. Бiрақ бұлар да жеткiлiксiз.

Бiздiң елiмiздiң әлем деңгейiнде мәртебелi болуы үшiн, бұлардан басқа елдiң асқақ ұлттық рухы да болуы абзал. Мұнсыз бiз мәртебелi, өркениеттi ел бола алмаймыз. Қазiр бiзде ұлттың рухын көтеру жөнiнде әңгiме көп болып жүр. Бұл өте дүрыс. Бiрақ оны көтерудiң нақты жолдары мен амалдарын бiлуiмiз керек.

Бiзде елiмiздегi жай-күйдi дұрыс бағалау үшiн, өзiмiздi көршiлермен, өзге елдермен салыстыра беруге әуестене бермеу керек. Мұның өзi мәдениеттiлiктiң, өркениеттiлiктiң белгiсi емес. Бұл үшiн мынаны ескерiңiз: басқа ұлт өкiлдерi сiз туралы жағымсыз сөз айтса, сiз де оң қабақ танытпайтыныңыз белгiлi емес пе? Сондықтан бiреуге сын айту үшiн, оның орнына өзiмiздi, өз елiмiздi қойып көрiңiз. Сiз қалай қабылдар едiңiз. Әрине, ұлттық намысыңыз оянары сөзсiз. Сiздiң де өз ұлтыңыз жайында жағымсыз сөз айтқан адамға деген жиренiш сезiмiңiз қозатыны белгiлi жай.

Сондай-ақ көршiлерде бәрi жаман, бiзде бәрi жақсы деген салыстыруға тым көбiрек бара бермеген жөн. «Күлме досқа, келер басқа». Бұрын Кеңес өкiметi кезiнде Батыста бәрi жаман, бiзде бәрi жақсы деп келгенбiз. Оны қайталаудың бүгiн кажетi жоқ.

Халық жақсы мен жаманды айыра алатын жағдайға жеткен.

Тұрмыс жақсарса, қыспақ азайса, жоқшылық жойылса, елдiң бәрi өзi-ақ сезiнедi.

Сондықтан да әлеуметтiк мәселелердi бiз мақтағанмен көп пайда бермейдi. Шенеунiктер жел сөзге әуестенiп кетедi. Әр адам өз қалтасына, өз үйi тiршiлiгiне қарап, өзi сезiнуге тиiс.

Iшiп-жемге, баласын оқытуға, өз рухани қажетiн өтеуге мүмкiндiк алса, әр азаматтың өмiрге деген үмiтi күшейедi. Жақсылықты сезiнсе, өзi де ертеңгi күнге сенiммен қарайды. Ең бастысы ертеңге деген сенiмдi қалыптастыру қажет. Уақытша қиындық әр кезде болады. Содан шыға аламыз деген үмiт-сенiм болуы керек.

Жуырда “Көшпендiлер“ фильмiн көрдiм. Картина туралы түрлi ескертпелер, ұсақ-түйек кемшiлiктер айтуға болады. Бiрақ фильмде халықтың күшi — адамдардың бiлегiнде, ұлан асыр санында емес, халықтың көтерiңкi, асқақ рухында екенiн дәл әрi суреткерлiк шеберлiкпен бейнелей бiлгенiн ешкiм де жоққа шығара алмас. Қазақтың ұлан-байтақ даласы мен жерiн қатыгез жаудан қорғап қала алуы елдiң рухының асқақтығында, жүрегiнiң күштiлiгiнде екенiн көрермен анық сезiнедi.

Елiн сүю, жерiн сүю, жарын, қалыңдығын сүю сезiмi қазақтарға асқақ рух сыйлады. Мұндай рух оларды көзсiз ерлiкке бастады. Рух еселенiп бойға күш-жiгер, қайрат бердi. Халық азапқа да, жоқтыққа да, суыққа да, ыстыққа да төзiп бақты. Елi үшiн, жерi үшiн өзiн құрбан етуге барды.

Мұндай мысалды Голландияның Лейден қаласының тұрғындары туралы да айтуға болады. Кезiнде испандықтар бұл қаланы қамауға алды. Қоршауда қалған қала әбден аштыққа ұшырады. Ағаш бiткеннiң жапырағын қорек еттi. Лейдендiктер қамалдың үстiнен жауға хабаршы-қағаздар жiбередi: бiз ит, тышқан және не қолға түссе, соның бәрiн талғажу етуге бармыз, бiрақ, испандықтарға берiлмеймiз. Өңештен өтетiн тiрi жәндiк таусылған кезде, өзiмiзден басқа ештеңе қалмағанда, әрқайсымыз өзiмiздiң сол қолымызды жеп, оң қолымызбен әйелдерiмiздi, бостандығымызды, дiнiмiздi ақырғы демiмiз бiткенше қорғап, жат елдiктерге қарсы қүресе беремiз.

Жеңiлетiнiмiз даусыз болғанда, қаланы өзiмiз-ақ от-жалынға беремiз. Қаланы жауға бергенше, оны су топанының астына жiберемiз. Жауға кеткен елден, суға кеткен ел жақсы дейдi.

Мiне, ұлттық рухтың күшi осындай болады. Бұл туралы Нерудiң өз қызына жазғандары әлi есiмде.

Бiздiң халыққа да осындай рух керек. Бұл рух әзiрше бiзде сәби күйде. Ол жетiлiп, ержетуi, өсуi керек.

Бiрақ мұны бiлектiң күшiмен емес, халықтың бүкiл болмысымен, iшкi жан-дүниесiмен қамтамасыз етуiмiз керек.

– “Мысль“ журналының өткен жылғы наурыз айындағы санынан сiздiң бiр мақалаңызды оқып едiм. Сонда сiз ядролық державалар атына сын айттыңыз. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы бес мемлекеттен басқаға ядролық қаруды таратпауға, сынақты тоқтатуға шешiм қабылдады. Сонда атом қаруы бес елде болсын, басқаларда болмасын деген талап әдiлеттi ме? — деген ой айттыңыз.

Сол ойыңызды қалай батыл бiлдiрдiңiз? Коммунистiк жүйенiң соңғы могиканың бiрi саналатын Солтүстiк Кореяға, немесе мұсылман елi Иранға iш тарттыңыз ба, жаппай қырып-жою құралдарын жақтаушы деген атаққа ұшырап қалам деп жасқанған жоқсыз ба?

– Мен ешкiмдi де қолдап отырған жоқпын. Даму табиғаты мен ойлау логикасына сүйендiм. Кез келген шешiмнiң негiзiнде әдiлет, тепе-теңдiк идеясы жатуы тиiс. Сонда ғана шешiм (мейлi ол Бiрiккен Ұлттар Ұйымы деңгейiнде қабылдансын) орындалуға бейiм болады. Негiзiнде әдiлет жоқ шешiм әрдайым жүзеге аса бермейдi.

Бес ядролық держава өз қауiпсiздiгiн сақтау үшiн мұндай қаруға ие. Ал БҰҰ деңгейiнде адамзатты жаппай қырып-жоятын қаруды одан әрi таратпау әрi сынақтан өткiзбеу жөнiнде шешiм қабылдады. Сонда бұл әдiлеттiлiк пе? Бiр жағынан алғанда, адамзатты алапатқа ұшырататын қаруды өмiрден аластау гуманистiк мақсатты көздейдi. Ал бiр елдер бұл қаруға ие болып, басқаларға оған мүмкiншiлiк бермеу әдiлеттiлiк пе? Мұның өзi күштi елдердiң әлсiздерге айбат көрсетуiнiң түрi емес пе? Әдiлiне келсек, бұл қару барлық мемлекетте жоқ болса, барлары жаппай қарусызданса, сонда әдiлет салтанат құрмас па едi!

Бiрiккен Ұлттар Ұйымының шешiмiне қарамастан, ядролық мемлекеттердiң саны өсiп келедi. Пәкiстан, Индия, Израиль қазiр-ақ бүл қаруға ие. Бiраз елдер осыған жақын.

Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi БҰҰ-ның шешiмiнiң негiзiнде әуел бастан әдiлетсiздiк жұрнағы жатқандықтан, бұл шешiм нақты нәтиже бермей отыр.

Осындай ойды өткен қырқүйек айында Өскеменде болған Халықаралық симпозиумда Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев бүкпесiз, ашық түрде атап көрсеттi. Бiреулердiң ядролық қаруға ие болуына оны жетiлдiруiне рұқсат етiлсе, екiншi бiреулерге мұндай қаруды әзiрлеуге тыйым салынғанын Елбасы теңдiк, әдiлеттiк деп санамайтынын айтты. АҚШ пен Ресейдiң ядролық қарусыздану жөнiнде батыл қадамдарға баруы ғана әлемде бұл қарудың етек алмауына көмектесетiнiн ол дұрыс әрi батыл түрде мәлiмдедi.

Мұның өзi бiздiң Елбасының халықаралық симпозиум арқылы өз ойын жеткiзуi өмiрдiң қажеттiлiгiнен туған пайдалы пiкiр, пайдалы ұсыныс.

– Билiктiң әр деңгейдегi саясаты баянды болуы тек Елбасына ғана байланысты ма? Әлде әр деңгейдегi басшы өзiне тапсырылған iске деген өз жауапкершiлiгiн жете сезiнгенде ғана елдегi шаруа оңға баса ма?

– Өте дұрыс айтасыз. Жалғыз адам майдан шебiнде жеңiмпаз емес деп дұрыс айтылған. Қоғамда басқару жеке тұлғаның ғана iсi емес, белгiлi бiр құрылымның жүйелi, сабақтас әрекетiнiң жиынтығы болып табылады. Осы структурадағы әрбiр звено өз мiндетiн, қызметiн нақты әрi бiлгiрлiкпен байыпты атқаруға тиiс.Жақында ғана К. Райс Орталық Азия мен Қазақстанда болып кеттi. Ол жер шарын шаршамай-шалдықпай аралап жүр. Дамыл көрмейдi, сонда ол әлем халықтарының қамқор мейiрман анасы дейсiз бе? Орталық Азия мен Таяу шығыс елдерiне емешегi үзiлiп, соларға жүрегi езiлiп барады дейсiз бе? Күндiз-түнi өз елiнде болсын, жер шарын шарлағанда болсын, ойлайтыны өз елiнiң қамы, АҚШ-тың ұлттық мақсат-мүдделерi, өз елiнiң биiк мәртебесi, соның абыройы. Расын айту керек, Кондализа Райс, оны ұнатсын, оны ұнатпасын мейлi, әркiмнiң жүрегiнде-ақ мақтаныш, қанағат сезiмiн туғызады. Ол өз елiнiң патриоты ретiнде, өз отанының адал азаматы ретiнде Құрама Штаттардың мүддесiн шын берiле, табандылықпен, әрi дипломатиялық шеберлiкпен қорғай, жақтай бiлуi кез келген елдiң мемлекеттiк қызметшiлерiнiң iштей қызғаныш та, сүйсiну де сезiмiн туғыза алады деп ойлаймын.

Ол өз елiнiң түбегейлi, көкейтестi, ұзақ мерзiмдi мүддесiн дәл басып, дәл көре бiлуi, әрi оны айқай-шусыз, не қоқан-лоққысыз сендiре, аргумент-дәлел келтiре бiлуiмен өз идеясын сабақтай алады.

Әрине, саясат деген бiр жақты қозғалыс қана рұқсат етiлген көше тәртiбi емес. Көлiк қауiпсiздiгi үшiн қажеттi бұл шаралар саясат үшiн жарай бермейдi.

Саясат екi жақты қозғалысы бар көше сияқты.

Қозғалыс, жылжу, iлгерi басу екi ел жағынан да болуы керек. Сонда ғана екi жақтан да қарама-қарсы қозғалыс болғанда ғана арақашықтық жақындай түседi. Екi көлiк бiрдей өз бетiмен жүре берсе, олар өзара кезiкпейдi, бiр-бiрiнен алшақтай бередi.

Саясат та солай. Тiл табысу, ымыраға келу үшiн бiр жақ қана емес, екi жақ бiрдей бұған ынталы болуы керек, әрi бiр-бiрiне тiл табатын ортақ мүдделердi дөп басып, соның негiзiнде ортақ мәмiлеге келуге тырысулары қажет, сонда ғана саясат жемiстi болады.

Кандолиза Райс әлемге ортақ тұлғалар: Умай-ана, Тереза-әже, Ванга-емшi емес, бұлар бiр елдiк қана емес, әлем халықтарына жүрегi жылып, солардың бәрiнiң ортақ қамын ойлады, олардың есiмi өздерi туған елдiң шеңберiнен шығып, әлемдiк ортақ-тұлғаларға айналды, олар әлем баласының бәрiне бiрдей тiлеуқорлық жасады, пана болуға, қанатымен су сепкен қарлығаштай жәрдем берудi мұрат тұтты.

Ал Кондолиза Райс әлемге танымал тұлға болғанымен, ол саясаткер, өз елiнiң, халқының мүддесiне адал әрi табандылықпен қызмет ететiн биiк дәрежелi шенеунiк. Оның ерекшелiгi сол – ол өз елiнiң түпкiлiктi төл мүддесi әлем халықтарының мүддесiнен оқшау емес, солармен тығыз байланысты екенiн түсiне бiлуiнде. Сондықтан да өз елiнiң мәртебесiн қорғау үшiн барған елiнiң мақсат-мүддесiнiң ынғайлы жағын дәл басып, сол арқылы өз елiнiң мүддесiн қорғауға күш салады. Бұл жолда ол әркiм-ақ iштей қызығатын тереңдiктi, бiлгiрлiктi танытады.

Дипломатияның, саясаттың күшi сөзуарлықта емес, ақиқатқа жақындығында. Кiмде-кiм объективтiк өмiр шындығының талаптарына сай әрекет етсе, оның ықпалы, әсерi күштi болады. Шенеунiктерге, саясаткерлерге көзқарасының анықтығы, позициясының тұрақтылығы көп бедел-салмақ бередi.

Өзiндiк үнi жоқ, әркiмге бiр жалтақтайтын, өзiнше ой қорытып, шешiм қабылдауға дәрменсiз жаннан саясаткер не басшы шықпайды.

Басшы болу сайраған тiлге ғана байланысты дүние емес, тiлi майда, жылтыр сөздерге жүйрiк адамдар баршылық. Бiрақ олар қым-қуыт ирелең жолдардан төте, тура бағытты көре бiлмей, әдiлдiктiң таразысын тең ұстай алмайды. Пендешiлдiкке ұрынады, қарақан басының қамын қоғамнан жоғары кояды. Мұндай әкiм ешқашан беделге ие бола алмайды. Оларды өмiр кешiкпей-ақ жағаға шығарып тастайды. Бағы баянды болмайды.

Бiзде кейде шенеунiктер мемлекеттiк қызметтi бизнестiң бiр түрi деп түсiнедi. Өз лауазымынан бизнес жасауға, пайдалануға тырысады.

Ел қамына, халық тағдырына өзiн бағындыра бiлген саясаткер, басшы ғана мақсатына жететiнiн, ел сенiмiне ие болатынын кейбiрлеулер кейде сезiне бермейдi. Осыны азаматтар әрдайым есте ұстаса деген тiлек бар.

Әңгiмелескен Марат МӘЖИТҰЛЫ