Жаңалықтар

«АРҚАДА ҚЫС ЖАҚСЫ БОЛСА...» НЕМЕСЕ РЕЖИССЕРЛЕР НАНЫН НЕГЕ ӨЗГЕ ЕЛДЕН ТАУЫП ЖЕП ЖYP?

ашық дереккөзі

«АРҚАДА ҚЫС ЖАҚСЫ БОЛСА...» НЕМЕСЕ РЕЖИССЕРЛЕР НАНЫН НЕГЕ ӨЗГЕ ЕЛДЕН ТАУЫП ЖЕП ЖYP?

Қазақ кинедраматургиясы туралы бүгiнде сын көп. «Қазақ киносы неге түсiрiлмей жатыр?», «Қазақ киносында неге өзгерiс жоқ?» деп байбалам салатындар да көбейiп кеттi. Шындығында кинодраматургияда неге өзгерiс жоқ? Бiрақ қазақ киносының жалғыз қара шаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясы мұның бәрiн жоққа шығарады. Киностудия басшыларының сөздерiне құлақ түрсек, соңғы бiр-екi жылдың көлемiнде бiрнеше фильмдер түсiрiлiп, жарыққа шығуға дайын тұрған сияқты. Мағжан Жұмабаевтың шығармасының желiсi бойынша түсiрiлiп жатқан «Шолпанның күнәсi» мен Әбiш Кекiлбаевтың «Күйшi» повесiнiң негiзiнде түсiрiлiп жатқан «Күйшi» фильмдерi аяқталуға жақын сыңайлы. Оның үстiне, бүкiл БАҚ бiткендi шулатқан «Көшпендiлер» фильмi өзiнше бiр төбе.. Бұл қазақ киносы үшiн үлкен өзгерiс емес пе? Әрине, қуанарлық жайт. Бiрақ, сол көңiл жұбатқан фильмдер қазақ көрерменiнiң игiлiгiне қашан айналар екен?!

Сондай-ақ, бүгiнгi қазақ кинедраматургиясының тағы бiр кемшiлiгi – кино бизнесiнiң көшiне iлесе алмауы. Голливудты немесе дамыған мемлекеттi айтпағанның өзiнде, көршi Ресейдiң өзi кино бизнесiнде көп елдерден көш бойы озып кеттi. Мексиканың, Бразилияның қаптаған сериалдарынан кем түспейтiн ресейлiк сериалдардың телеарналарымызды жаулап алғалы қашан… Атыс-шабыс боевиктердi айтпағанның өзiнде қаптаған «көбiк» фильмдер қазақ көрерменiнiң көзайымына айналған. Уақытының көбiн осы сериалдармен толтырып отырған кейбiр телеарналарымыз үшiн Ресей фильмдерiнiң құны жоғары болса жоғары шығар, ал қазақ кинедраматургиясы бұдан не ұтады?! Көңiлiмiздi күптi еткен толы сауалға жауапты айналып келгенде жалғыз «Қазақфильм» киностудиясынан iздеймiз. Қазақфильмдiктер болса, барлық кiнәнi прокат мәселесiне әкеп тiреп қояды. Прокат мәселесi дұрыс шешiлмей, қазақ киносының бағы жанбасы тағы мәлiм. Демек, қазақ киносының көрсетiлмей жатқандығының бiр ұшы – прокатта жатыр екен. Онысы да рас. Өйткенi, «Отау-синеманың» да, басқа жекешеленген кинотеатрларымыздың да сатып әкелiп жатқан фильмдерiнiң арасынан қазақ киносын кездестiру мүмкiн емес. Олардың осы кезге дейiн, көрермендерге ұсынғаны да – сол баяғы «Көшпендiлер» ғана. Бiр қызығы, «Қазақфильмнен» басқа, бiзде жекеменшiк киностудиялар жоқтың қасы. Тәлтiректеп, өмiр сүрiп жатқан кейбiр бiрлi-жарым студиялардың атын iлуде бiр кездестiрiп қаламыз. Ал, ресейлiк фильмдерге қарап отырсаңыз, түрлi-түрлi киностудиялардың атын оқисыз және ол студияны құрып жатқан да, құрылтайшысы да режиссерлердiң өзi. Бұған қарағанда, көршiлерiмiз кино саласын дамытуға шындап бет бұрған сияқты Бет бұрғаны сол, көршi Ресей киносаласын жаңадан бастаған жандардан бес жылға дейiн салық алмайтын көрiнедi. Көптеген талантты режиссерлерiмiз бүгiнде өзiнiң нанын Ресейден тауып жеп жүргендiгi де осында жатса керек.

Ресей елiне миллиондаған қаржы түсiрген «Ночной дозор» және «Дневной дозор» фильмдерiнiң режиссерi Тимур Бекмамбетов жайында бүкiл қазақстандық БАҚ бiткен шуласып жазып жатты. Бiр ғана фильм арқылы миллиондаған қаржы түсiрген режиссер орыс емес, қазақ болғанына мақтандық. Сол мақтанышпен, әлгi миллиондарды қазақ фильмiнiң емес, ресейлiк фильмнiң түсiргенiн естен шығарып алдық. Мейлi ғой, қай жерде жүрсе де, қазағымның аты озғанына қалай қуанбассың?! Мәселе, фильмнiң сапалық деңгейiнде емес, кино саласынан қыруар қаржы тауып, бизнестiң көшiне iлесуiнде және сол көштi ресейлiк қазақтың бастауында болып отыр. Демек, қазақтың қолынан кинобизнесiн жандандыру келедi деген сөз. Қожа ролiмен елiмiзге жақсы таныс Нұрлан Санжар бiрде өзiнiң Ресейге барып қызмет атқарып қайтқандығын айтқан едi. Оның Қазақстанды тастап, Ресейге кетуiне себеп болған нәрсе, киносаласындағы қаржының жетiспеушiлiгi әсер етiптi. «Ресейде ақша жақсы төленедi. Маған да қаржыны жақсы төледi. Бiрақ, өзге елдiң аты өзге ел емес пе? Үйренген ортамды, елiмдi қимадым. Сосын амалсыз елге қайта оралуыма тура келдi», – деген болатын Нұрлан аға. Дәл осылай елiне қайта оралып, киностудияның азын-аулақ қаражатымен күн көрiп жүргендер көп емес. Есесiне, небiр талантты режиссерлер Ресей мен Голливудта қызмет етiп, кино саласын жандандырып жүр. Оларға сұранысты тудырып отырған қазақтар емес, өзге мемлекеттер… Неге?

Дәл осы сауалды көрнектi жазушы, Әкiм Таразиге қойған едiк.

– Оның себебi, бiзде гонорар деген нәрсе, өте мардымсыз. Ресейде бiзден он есе көп. Он есе деймiз-ау, кейде мысал үшiн, жүз есе деуге болады. Өйткенi, бiзде фильмнiң авторы 3000 доллар алса, Ресейде 300000, ал Голливудта 3 млн. алады. Мәселен, сол бiр фильмнiң авторы 3000 доллар алса, режиссер одан да аз алады. Тiптi, кейде мойнына қарызын iлiп қояды. Мiнiп жүрген машинаның майы дей ме, «анау болды, бұлай болды» деп әйтеуiр, қарыз қып шығарады. Мiне, көрдiңiз бе, жылайын десең көзiңнен жас шықпайды, ал күлейiн десең, бiртүрлi өзiңе-өзiң күлiп тұрғандай боласың. Бiзде кино саясаты деген мүлде жоқ.

– Бiздiң қазақ киносы қашан бизнестiң көзiне айналады?

– Оған да үлкен саясат керек. Мәселен, Франция, Германия, Италия үш мемлекет бизнестi бiрiгiп жасайды. Бiздiң ешкiммен бiрiгетiн жағдай жоқ. Бiз фильмдi Қазақстан деңгейiнде жасар болсақ, одан ешнәрсе ұтпаймыз. Бизнеске айналу үшiн, кинотеатрларымызға мемлекет әсер ете алатындай болу керек. Кинотеатрлардың барлығы дерлiк жекеменшiк. Ол жекеменшiк кинотеатрлар Американың немесе Ресейдiң атыс-шабыс фильмдерiн сатып әкелiп, көрсетiп жатыр. Қазақ фильмiн көрсететiн болса, онда олар шығынға ұшырайды. Қалада қазақ тiлiнде сөйлемейдi. Сондықтан, қазақша фильмдерге сұраныс жоқ. Пайдасыз. Жабылып мың адам келгеннiң өзiнде, ол фильм шығынын ақтамайды. Сондықтан, ауылдарда кинотеатрлар жұмыс iстеу керек. Оған арнайы Заң болуы керек. Мемлекеттiң кино саясаты ретiнде қамқорлығында болуы керек. Мәселен, шығын келтiретiн газеттер бар. Аудандық газеттiң немесе облыстық газеттiң қаншалықты қажетi бар? Бiрақ, оларды мемлекет өзiнiң саясаты үшiн ұстап отыр. Есесiне киноға келгенде кiдiрiп қаламыз. Кино туралы Заңымызды шығара алмай жүрмiз. Кеңес Одағының кезiнде, сол үкiметтi асырайтын үш табыс көзi болатын. Оның бiрiншiсi – арақ, екiншiсi – кино, үшiншi орында кiтап саудасы болатын. Бiрiншi орындағы арақ қазiр мемлекетке пайда берiп жатыр ма, жоқ па, бiлмеймiн. Ал кино мен әдебиеттiң пайдасына мемлекет пысқырып та қарамайтын сияқты. Себебi, соның көзiн тап, амалын iсте деп жатқан ешкiм жоқ. Кiтап дүкендерiнiң барлығы сатылып кеттi, кинотеатрлар жекеменшiкке айналып кеттi. Сатылған кiтап дүкендерiнiң көпшiлiгi, Ресейдiң кiтаптарын сатып отырғандығын өзiңiз де жақсы бiлесiз. Ал, кинодан табыс түсiрейiк деп басы қатып жүрген ешкiмдi көрмедiм.

Гүлзина Бектасова