ЕУРОПАЛЫҚ ЖӘНЕ АЗИЯЛЫҚ САММИТ
ЕУРОПАЛЫҚ ЖӘНЕ АЗИЯЛЫҚ САММИТ
Маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен «Үлкен сегiздiктiң» кезектi отырыстары өтедi. Қытайлар Иранды ШЫҰ-ның саммитiне бақылаушы мемлекет ретiнде қатысуға шақырды. Ал Санкт-Петербургтегi «Үлкен сегiздiктiң» жиынына ТМД елдерi басшылары арасынан тек Назарбаев қана шақырту алды. Әлемдi алаңдатқан ирандық ядролық бағдарлама проблемасы әлi шешiлген жоқ. Егер Тегеран АҚШ пен Батыстың ұсынысын өз еркiмен қабылдайтын болса, уранды байыту iсiн Ангарскiде не Қазақстанда жүзеге асыруға мүмкiндiк алмақ. Ал АҚШ Иранға қарсы әскери күш қолданатын болса, екi ел арасындағы соғыс 30 жылға созылмақ…
Иран президентi Ахмаденижад Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) маусымдағы саммитiне қатыспақ. Өйткенi, Қытай Иранға саммитке бақылаушы мемлекет ретiнде қатысуға ұсыныс жасады. Аспан асты елiнiң бұл қадамын кейбiр сарапшылар: «Иран ШЫҰ-ға мүшелiкке қабылдануы мүмкiн» деп болжаған. Алайда, бұл болжамды терiске шығарған РФ Қорғаныс министрi Сергей Иванов: «Көптеген азиялық не еуразиялық емес мемлекеттер ШЫҰ-ға мүшелiкке өтуге мүдделi. Менiңше, ШЫҰ ауқымын кеңейту мәселесiн сыртқы iстер министрлерi шешедi. Бiрақ оның барлық мүшелерi аталған мәселенi шешуге тыңғылықты дайындалады ғой деп ойлаймын» дедi.
Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжiкстан мен Өзбекстан мүшелiкке өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндiстан, Пәкiстан, Монғолия сияқты Тегеран да бақылаушы ретiнде қатысады. Пекиннiң ұсынысы Ақ Үйдi қатты алаңдатты. АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң ресми өкiлi Шон МакКормак: «Буш әкiмшiлiгi ШЫҰ саммитiне Иран президентiнiң бақылаушы болу себебiне қатысты түсiндiрме күтедi» деп мәлiмдедi. Оған жауап берген РФ Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров: «Қытай ШЫҰ-ға бақылаушы болып табылады. Саммитке сол үшiн шақырылды» дедi. Лавровтың айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселе саммитте талқыланбайды. Есесiне, кеше Еуропалық Одақтың Иранды уранды байыту iсiн тоқтатқан жағдайда ядролық реактор жеткiзуге қатысты айтқан ұсынысынан Ахмаденижад үзiлдi-кесiлдi бас тартты: «Жаңғақ пен кәмпитке алданып, қолындағы алтынын беретiн 4 жасар бала ғой дейсiңдер ме? Сендердiң көмектерiңе зәру емеспiз!». Сонымен, Ұлыбритания, Германия, Франция мен ЕО-ның iшкi саясат пен қауiпсiздiк саясаты жөнiндегi комитетiнiң бас өкiлi Хавьер Солананың ирандықтардан тауаны тағы шағылды. Бұл мәселе БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң тұрақты өкiлдерi мен Германия және ЕО-ның басқа да мүше мемлекеттерiнiң 19 маусымда Лондонда өткiзетiн кездесуiнде күн тәртiбiне қойылады деп күтiлген. Алайда кездесу 10 күнге кейiнге шегерiлдi.
«Ресей қабылдаушы мемлекет ретiнде үш басты мәселенi талқылауды мәлiмдеген Вашингтон Иран проблемасы «Үлкен сегiздiктiң» маусымда Санкт-Петербургте өтетiн саммитiнде талқыланады деп күтемiз». Бiрақ Ресей өкiлдерi бұл болжамды да терiске шығарды.
Егер Иран халықаралық «төрттiктiң» ядролық бағдарламадан 5-10 жылға бас тарту туралы ұсынысын өз еркiмен қабылдайтын болса, уранды байыту iсiн Ресейде (Ангарскiде) немесе Қазақстанда жалғастыруға мүмкiндiк алмақ. Бiрақ Иран президентi ресми Тегеранның ядролық бағдарламаның бейбiт мақсатқа пайдаланылатынын және одан бас тартпайтындықтарын бiрнеше рет мәлiмдедi. Тiптi, Иран мәселесiне келгенде, екiжүздi саясат ұстанып отырған Батыс пен АҚШ-ты қатаң сынға алды. Халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Иран қауiпсiздiгiне кепiлдiк iздегендiктен, осы қадамдарға барып отыр. Өйткенi, Тегеран егер «төрттiктiң» дегенiне көнген күннiң өзiнде «лаңкестерге көмектесiп отырсың» деген «дәстүрлi» айыптың тағылатынына сенiмдi. Белгiлi саясаткер З.Бзежинский егер Вашингтон Иранға қарсы әскери күш қолданатын болса, АҚШ-тың әлемдiк беделiне одан сайын нұқсан келетiнiн және Иран мен АҚШ арасындағы соғыстың 30 жылға созылатынын айтады. Бұл Буш беделi төмендеген америкалық қоғамда үлкен дауға айналары белгiлi. Өткен аптада Ақ Үйдiң алдына жиналған бiр топ америкалық азамат Буштан Ирактағы америкалық әскерлердiң елге қайтарылуын талап еттi.
«Үлкен сегiздiктiң» кезектi жиылысына Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа Тәуелсiз мемлекеттер достастығының бiрде-бiр көсемi шақырту алған жоқ. Кремльдiк өкiлдер қазақтардың президентi – Назарбаевтың ТМД үйымының басшысы ретiнде қатысатынын мәлемдедi. Бiлiм, энергетикалық қауiпсiздiк, жұқпалы аурулар сияқты 3 мәселенi күн тәртiбiне қойған еуропалықтар жиындарына Қазақстанмен бiрге Үндiстан, Қытай, Оңтүстiк Африка, Мексика мен Бразилия президенттерi шақыртылды.
Ресей ТМД кеңiстiгiнде энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бүгiнгi таңның басты мәселесi екенiн жиi қайталағанмен, аталған мәселе посткеңестiк кеңiстiктен гөрi қыстың көзi қырауда орыстардың кесiрiнен бiр емес, бiрнеше рет жылусыз және жарықсыз қала жаздаған кәрi құрлықты қатты алаңдатады. Оның үстiне, энергоқорларын әлемдiк саясатқа үстемдiк етуге пайдалануға тырысқан путиндiк саясатқа АҚШ та, Батыс та риза емес. Кремльдiң кесiрiнен арзан энергетикалық ресурстарын еуропалық нарыққа тiкелей шығара алмай отырған посткеңестiк елдер халықаралық деңгейдегi серiктестер табуға өз бетiнше әрекет етуде. Алайда, «Үлкен сегiздiктiң» кезектi отырысында еуропалықтардың Ресейдi тезге салуы күмәндi. Жуырда ғана батыстықтарға «Егер «Газпромның» еуропалық нарыққа беттеген қадамына кедергi келтiретiн болсаңдар, газдан қағамыз» деп батыстықтарға доқ көрсеткен компания басшысы А.Миллер Кремль ұстанған саясатты бiлдiрсе керек. Оның үстiне, күнi кеше «Үлкен сегiздiкке» ғана емес, Еуропалық Кеңеске төрағалық ету аса маңызды екенiн айтқан ресейлiк шенеунiк Игорь Шувалов Ресейдiң ғаламдық саясатқа энергетика саласында ықпал етiп отырғанын жеткiздi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ