БИЫЛҒЫ ҰБТ-ДА ҮЛКЕН ӨЗГЕРIС БАР
БИЫЛҒЫ ҰБТ-ДА ҮЛКЕН ӨЗГЕРIС БАР
Бiлiм сапасына деген талап жылдан-жылға күшейе түсуде
Биыл елiмiзде мектеп бiтiрушiлердiң мемлекеттiк қорытынды аттестациялауы мен жоғары оқу орындары және колледждерге қабылдау емтихандарын бiрiктiретiн ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) үшiншi рет өткiзiлгелi отыр. Бiр айта кететiн жайт – ҰБТ- нi өткiзу және оның нәтижелерi бойынша талаптар жылдан-жылға күшейтiлiп келедi. Бұл жөнiнде Ұлттық тестiлеудi ұйымдастыру мен өткiзу шараларына байланысты баспасөз мәслихатында Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң бiлiм және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестациялау комитетiнiң төрағасы Болатбек Әбдiрәсiлов мәлiмдеген-дi. Оның айтуынша, ендi бұдан былай орта мектептi бiтiрушiлерге анағұрлым қатаң талап қойылады. Мұның арқасында жоғары оқу орнына бiлiмдi, саналы ұрпақ келiп, бiлiктi маман даярланады. Бiлiм министрлiгiнiң алдын-ала деректерiне қарағанда, биыл тестiлiк сынаққа 174,9 мың бiтiрушi, яғни, мектеп түлектерiнiң 89 пайызы қатысады. Демек, алдағы бiлiм науқанында 2005-2006 оқу жылының түлектерiн бiршама өзгерiстер мен толықтырулар күтiп тұр. Атап айтқанда, ҰБТ-ның баллдарын жалпы орта бiлiм беру аттестаттың бағаларына ауыстырудың жаңа шкаласы бекiтiлдi. Яғни, бұл шкала қанағаттанарлық, жақсы және үздiк бағаны алу үшiн талапты одан ары күшейтпек. Бiз бұл өзгерiстер жөнiндегi толық мәлiметтi тарқата айтып берудi ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң бiлiм беру мен тестiлеудiң мемлекеттiк стандарттарының ұлттық орталығының директоры Тахир Балықбаевтан сұраған едiк.
– 2004-2005 жылдары өткiзiлген ҰБТ жүйесiнiң нәтижесiне жете талдау жасап, оның тиiмдiлiгiн арттыру немесе оны өткiзудегi ерекшелiктерiне қатысты бiршама әңгiмелер қозғалды. Өткен жылы күзде ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң бұйрығымен арнайы жұмысшы топ құрылған. Осы топ бiр жылдың iшiнде өткен жылдардағы ҰБТ жүйесiнiң қорытындысына сараптама жасап, оның әлi де болса жетiспейтiн кемшiлiктерiн байқап, биылғы жылға қандай өзгерiстер енуi керек деген оймен бiраз iс-шаралар жасады. Соның нәтижесiнде биылғы ҰБТ-ге мынандай толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлгелi отыр. Мұндағы мақсат – мектеп түлектерiне ҰБТ-дi неғұрлым тиiмдi әрi ыңғайлы түрде өткiзу. 2004 жылдан берi бiлiм аламын деген талапкер қаладағы ЖОО-да ғана емес, сондай-ақ, өздерiнiң аудандарында да ҰБТ тапсырып, нәтижесiн сол жерде бiлетiн мүмкiндiкке ие болды. Мәселен, былтырғы жылы республикада ҰБТ өткiзудiң 137 орны болса, биыл ол 155-ке жеткiзiлдi. Сол сияқты 18 ауданда тестiлеу орталықтары есiгiн айқара ашады. Ал бас-аяғы жиырма тестiлеу бөлiмшесiн ашу 13 мың 641 мектеп бiтiрушiнiң өз тұрғылықты жерiнде сынақтан өтуiне мүмкiндiк бередi. Демек, былтыр 126 мың мектеп түлегi басқа қалаларға барып, сынақ тапсырса, биылғы жылы 175 мың талапкердiң 92 мыңы таяу маңдағы қалаға не аудан орталығына барып, емтихан тапсыра алады. Осындай 10 орталықты арнайы техникалық құрал-жабдықтар және телекоммунациялық байланыс желiлерiмен қамтамасыз ету үшiн бюджеттен қомақты қаржы бөлiндi. Бүгiнде бұл орталықтар ҰБТ-ға қызу дайындық үстiнде.
Ендiгi бiр өзгерiс мынау. Бiз өткен екi жылдың нәтижесiне қарап отырып, балардың бiлiм сапасына деген ынта-талабын көтердiк. Яғни, тестiң балдарын мектеп аттестаты балдарымен салыстыру шкаласы қатаңдатылды. Айталық, өткен жылы «үш» деген баға алу үшiн, талапкерге бiр ғана балл жинаса жеткiлiктi болатын пәннен, мәселен, математика мен физикадан кемiнде 3 балл алу тиiс болады. Ал «Қазақстан тарихынан» болса, «бес» алу үшiн 21 емес, 25 балл алу керек. Сол сияқты өте жақсы баға алу үшiн талапкерлерге тапсырмалар күрделендiрiлiп, сапасы жағынан пысықталды.
– Естуiмiзше, талапкердiң ЖОО-на қабылданатын ең төменгi балы 50 баллға көтерiлiптi…
– Өткен жылы сынаққа қатысушылардың ең төменгi шектi балы 40 балл болса, биылғы жылы негiзгi кәсiби пәндер бойынша кемi 7 балл алып, жалпы көрсеткiшiн 50-ге жеткiзуi тиiс. Ал медициналық жоғары оқу орнына түсу үшiн ол 60 балға дейiн көбейтiлiп отыр. Сондай-ақ, былтыр талапкерге үздiк деген баға алу үшiн 86 балл қажет болса, ендi ең кемi 97 балл жинауы керек, ал ең жоғарғысы бұрынғыша – 120 балл. Мұнымен қоса өткен жылы әр пән бойынша алынып тасталған төрт сұрақ қайта қосылады. Бiздiң ойымызша, бұдан кейiн орта мектептi жақсы деген бағамен тәмамдаған бала ғана ЖОО-на түсу мүмкiндiгiне ие болып, жақсы маман дайындалып шығады. Осы өзгерiстер мен толықтырулар биылғы республикадағы ЖОО-на қабылдау ережесiне енiп отыр. Ал бұдан басқа да кейбiр техникалық өзгерiстер мен ерекшелiктер талапкердiң ҰБТ-дi тапсыруына ыңғайлы жасалған шаралар деуге болады.
– Ең төменгi көрсеткiштi 50 балға өсiруге не түрткi болды? Бiлiм және ғылым саласындағы мамандардың пiкiрi мен жанайқайы себеп болған жоқ па?
– Әрине, мұндай өзгерiстiң барлығы бiлiм саласында қызмет атқарып жүрген немесе осы жүйеден хабары жетiк мамандардың ой жиынтығын сүзiп алып, солардың көзқарастарының негiзiнде терең талдау арқылы жасалады. Былтыр ҰБТ өткiзiлгеннен кейiн де, көптеген маманнан, мұғалiмнен, ата-анадан ұсыныстар түсiп жатты. Мiне, осындай жан-жақты сараптаманың нәтижесi ең төменгi көрсеткiштi 50 балға көтеруге әкелдi. Алайда, көптiң пiкiрiне ғана құлақ аспай, алдыңғы, былтырғы жылдың қорытындыларына да арқа сүйедiк. Сонымен қатар егер бұл төменгi көрсеткiштi 50-ге көтергенде қаншама талапкер ЖОО-на түсу мүмкiндiгiнен айрылар едi деген мәселеге байланысты алдын ала талдау да жасадық.
– Әрине, кейбiр ата-ананың бұдан кейiн «балам оқуға түсе алмай қалады» деген қорқыныш пен үрейде жүруi мүмкiн ғой…
– Бiр өкiнiштiсi, биыл кейбiр балалар жаңа талаптың арқасында ЖОО-на түсу мүмкiндiгiнен айрылуы мүмкiн. Алайда ата-ана одан қатты үрейленбей келешекте баласының сапалы бiлiм алуын ойлауы қажет. Ол үшiн алдымен баланы бiлiктi ұстаздар тәлiм-тәрбие беретiн сапалы мектептерге беруi тиiс. Бұл шараның бәрi тек қана дайындығы, бiлiмi бар оқушы, талапкер ғана ЖОО-ның қабырғасында оқуы керек деген мәселеге байланысты шешiлiп отыр. Ал, талапкер ҰБТ-ден өтпей қалса, не iстейдi дегенге келсек, егер де ол 50 балдан төмен балл алып жатса, биыл тек колледждерге барып орта кәсiптiк бiлiм алуына мүмкiндiгi туады. Ал, жинаған балы бұдан да төмен болып жатса, бiр жыл арнайы дайындықтан өтiп, келесi жылы жоғары көрсеткiшпен ЖОО-ның студентi атануына әбден болады ғой.
– Бұл өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенмен ауыл баласына арналған квота сақталатын шығар…
– Арнайы мемлекеттiк грантты бөлген кезде өзара жеңiлдiктер қарастырылады. Оның ең негiзгi бөлiгi – ауыл мектептерiн бiтiрген талапкерге арналған. Ауылдың дамуына қатысты таңдаған мамандықтың бәрiне 30 пайыз жеңiлдiк биыл да сақталады. Егер бiр мамандыққа 100 орын болса, оның алғашқы 70 орны жалпы байқау арқылы өтедi. Ал қалған 30 орын тек қана ауыл мектебiн бiтiрген балаға берiледi. Бұл үлкен жеңiлдiк. Мұның арқасында мемлекеттiк бiлiм грант иегерлерiнiң 40-45 пайыздық үлесiн ауыл мектебiн бiтiрген балалар құрап отыр.
– Ал, қазiргi уақытта ҰБТ-ға дайындық шаралары қалай жүрiп жатыр?
– Бiздiң жобалауымыз бойынша, биыл Үкiметтiң арнайы қаулысына сәйкес мемлекеттiк грант саны 31 мың 490-ға жеткiзiлмек. ҰБТ-ға қатысуға өтiнiш қабылдау 30-сәуiрде бiттi. Осы уақытқа дейiн республикамыздағы тестке қатысамын деген талапкердiң тiзiмi бекiтiлдi. Ендi олар қай күнi, қай аудиторияда тапсыратыны жайлы арнайы рұқсат қағаздарын алады да, сосын 10-15 маусым аралығында ҰБТ-ға 155 тестiлеу пункттерiнiң базасында қатыса алады. Үмiткер бұрынғыдай төрт пәннен: математика, Қазақстан тарихы, қазақ және орыс тiлi және негiзгi пән бойынша сынақ тапсырады. Ал келiсiлмеген мәселелердi шешу үшiн ҰБТ кезеңiнде алғаш рет республикалық аппеляциялық комиссия жұмыс iстейтiн болады. Мiне, осындай талаптың жылдан-жылға күшейтiлуiнiң арқасында биылғы ҰБТ қорытындысы анағұрлым жоғары болады деген сенiмiмiз мол.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы