Жаңалықтар

“ӨМIРДАСТАНЫН”ҚҰШАҒЫНА ҚЫСТЫ ДА, ӨМIРДЕН ӨТЕ БЕРДI...

ашық дереккөзі

“ӨМIРДАСТАНЫН”ҚҰШАҒЫНА ҚЫСТЫ ДА, ӨМIРДЕН ӨТЕ БЕРДI...

Осыдан отыз жыл бұрын оқырмандар қазақ поэзиясындағы, лирикасындағы теңдессiз жинақ – «Өмiрдастанмен» алғаш рет қауышты. Қазақ әдебиетiнiң тарихында мұндай шоқтықты жинақтар мен шығармалар қадау-қадау. Абай өлеңдерi мен қара сөздерi, Аймауытовтың «Ақбiлегi», Бейiмбет Майлиннiң «Шұғасы», I.Жансүгiровтың «Құлагерi», М.Әуезовтың «Абай жолы», Т.Әлiмқұловтың «Ақбоз аты», тағысын-тағы, бiрқатар шоқтығы биiк шығармалар. Бұл туындылар көркемдiк әсерi, шығарма ретiндегi эстетикалық деңгейi тұрғысынан ғана емес, қазақ оқырмандарының талғамын бұрын болмаған биiкке көтеру, жаңа оқырманды қалыптастыруымен әдебиетiмiздiң тарихында қалды.

Мұқағали Мақатевтың қаламдас iнiсi, белгiлi жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Өмiрдастаннан» ақынның тұңғыш жинағы екендiгiн айтады. «Мұқаңда бұған дейiн мұндай сүбелi жыр-жинағы болған жоқ. «Өмiрдастаннан» бұрынырақ өлеңдерi шағын-шағын жинақтарға шығып жүрдi. Бiр-екi өлеңдерi кейбiр топтамаларда да жарық көрiп жүрдi. «Өмiрдастанға» дейiн оқырмандар Мұқағалидың ақындығын мойындаған да жоқ. Тек, өкiнiштiсi – Мұқаң «Өмiрдастанның» алғашқы нұсқасын қолына алған күнi, өмiрден өттi ғой», – деп күрсiнедi ақын ағасы жайлы Бексұлтан Нұржекеев.

1976 жылы «Жазушы» баспасынан 10000 мың баспа табақпен шыққан «Өмiрдастанды» бүгiнде iлуде болмаса, iздеп табу қиын. Мұқағали Мақатаев есiмiн бүкiл қазаққа паш еткен жұқанадай ғана сары кiтап бар болса, кiтапханаларда, ақын-жазушыларымыздың архивтерiнде сақталса, сақталған шығар. Соған қарамастан, әрбiр өлеңi асылдың сынығындай, әрбiр оқырманның жадында. Бүгiн бiз өмiрге, өлеңге ғашық болған Мұқағали Мақатаевтың «Өмiрдастанынан» оқырмандарымызға үзiндi ұсынуды жөн көрдiк.

Кең дүние, төсiңдi аш, мен келемiн,

Алынбаған ақым бар сенде менiң,

Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенiм,

Бура бұлттар – бусанып терлегенiм.

Аспанындай кей сәтте күрсiнемiн,

Жас талындай жауқазын бүршiк едiм,

Кең дүние, керемет қалпыңменен,

Жүрек болып кеудеме кiршi менiң.

Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,

Секiлдi бәрi менен көз алмаған,

Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.

ОТЫЗДАН АСЫП БАРАМЫН

Сұқтанып тұрып жанарың,

Сұрыма неге қарадың?

Солай да, солай, қарағым,

Отыздан асып барамын.

Шашымның санап әр ағын,

Таңырқай берме, қарағым.

Санаулы басқан әр адым,

Отыздан асып барамын.

Белгiсi тұр ма ағаның,

Бетiме неге қарадың?

Бақытын тiлеп баланың,

Отыздан асып барамын.

Қуанып кейде қаламын,

Қуарып кейде қаламын.

Аттанған ата-ананың,

Артынан қуып барамын.

Әзiлiң қайда, қарағым,

Әжiмге несiн қарадың?

Артымда қалып аларым,

Отыздан асып барамын.

Солай да, солай, қарағым,

Көңiлдiң таппай қалауын.

Жастықтың жықпай жалауын,

Отыздан асып барамын.

ХАТ

Саған таныс адыр, қырқа, беттегi,

Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктедi.

Рахатта iшi-сырты ауылдың,

Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп менi.

Сағынышым – тек өзiңсiң бiр ғана,

Ұшып жеттi, қарлығаш та, тырна да,

Саралақаз жұмыртқалап үлгердi,

Кеше екеумiз асыр салған жылғаға.

Ең алғашқы нөсер де өттi себелеп,

Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.

Байлық, бақыт – бәрi де бар ауылда,

Әттең, сәулем, тек сен жоқсың, не керек?!

* * *

Ауыл түнi бозғыл, торғын, мақпалдай,

Аспан жерге таңырқап тұр ақ маңдай.

Бiр-бiрiне ғашық екi дүние,

Сырласа алмай, мұңдаса алмай жатқандай.

Құс ұшпайды, жел еспейдi, тып-тынық,

Жұлдыз қандай, жұлдыз қандай тұп-тұнық.

Жер мен Аспан,

Екi алыптың қойнында

Ұйықтап жатыр ұлан-ғайыр мықтылық.

Сал-дүние, самала-аспан, жарық кеш,

Жаймашуақ жаздың күнi мамық төс.

Құс жолында керуенiн доғарып,

Ұйып қана ұйықтап жатыр алып көш.

Сыр дүние-ай, сиқырың көп не түрлi,

Бiр көрсетпей өтесiң-ау бетiңдi.

…Жанып-сөнген, жанып-сөнген жұлдыздар

Iңiрдегi стадион секiлдi.

(Үздiк-создық шырпыларын жаққандай).

Ауыл түнi.

Ауыл түнi мақпалдай.

Аспан мен жер бозғыл шәйi жамылып,

Сырласа алмай, мұңдаса алмай жатқандай.

* * *

Қарлығашым, келдiң бе, қаршығадан саумысың?

Аман-есен жеттiң бе, айыр құйрық нау-құсым?

Оралдың ба, тағы да өзiң өскен ұяға,

Оралдың ба, сүйiктiм, екеуiң де бармысың?

Қарлығашым, бұл қалай, қайда кеткен серiгiң?

Зияны жоқ зиялым, өкпелеттi сенi кiм?

…Түсiнiктi сүйiктiм, түсiнiктi айтпа ендi,

Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перiнiң.

(О жылы бiз ауылда оңаша үйде тұрғанбыз)

Жаз да өтiп барады, қарлығашым жүр жалғыз,

Көздi ашып-жұмғанша көсеуiн ап қолына

Жетiп келдi бiр күнi жел үрлеген сырдаң күз.

Ғанибет қой, шiркiн-ай, шуылдасаң ұлардай,

Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,

Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,

Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.

Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,

– Қарлығашым, қайта орал мекенiңе, шошыма.

Әжем менiң күйбеңдеп, күбiрлеп жүр аулада:

– О, бәтшағар өмiр-ай, өмiр дейтiн осы да!…

* * *

Бұлқынып жатыр,

Келмейдi-ау құрғыр шамасы,

Бұлқынып жатыр.

Таусылды-ау айла-шарасы.

Сәулемнiң менiң аяқ пен қолын матамай,

Бостандық бершi, бостандық бершi, мамасы.

Тұмшалап қойдың несiне сонша қаусырып,

Шандудан бөлек қалған ба, шараң таусылып?

Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы,

Кiшкентай адам көрсетiп жатыр қарсылық.

Қарашы мынау қабаржып жатқан пiшiнге,

Ыза мен ашу қайнайды келiп iшiнде.

Жетпей ме сол да, қойдың ғой менi арқандап.

Мамасы, босат, қызыма құрсау түсiрме!

Көкемдi босат, аяқ пен қолын матама,

Көтерiп жүрем, көтерiп жүрем жотама.

Басымды тiгем.

Бармақтай менiң сәбиiм бүлдiре қоймас…

Бостандық бершi ботама?

Мамасы босат, еркiмен өссiн тал шыбық!

Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.

Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы,

Кiшкентай жүрек көрсетiп жатыр қарсылық.

МАЙГҮЛГЕ

Қалақтай едiң,

Қабiрiңде қалақ тұр.

Туғаныңды, өлгенiңдi санап құр.

Сенiң аңқау құлағыңдай қалқиып,

Қыр басынан қала жаққа қарап тұр.

Қызым менiң,

Гүлiм менiң,

Аяулым!

Жатыр молаң жотасындай қоянның.

Құлпы тастың құны маған бес тиын,

Бiрақ таспен қалай жаншып қоярмын?!

Қойман ботам.

Керегi не көк тастың,

Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.

Өзiң келген май айында ақ нөсер,

Ағыл-тегiл бiзбен бiрге жоқтассын.

Керегi не көк тастың…

* * *

Қаздар қайтып барады мекенiне,

(қанаты бар мақұлық кетедi де)

Қаз-қаз басып, қалтырап кәрия тұр

Дәрменi жоқ таяғын көтеруге.

Қарашаның қалықтап желiменен,

Қаздар кеттi қоштасып көлiменен,

Қайтқан құстың кәрия қанатына

Қарайды көзiн сүртiп жеңiменен.

Қаздар қайтып барады тiзбектелiп,

Iздеп кеттi көктемдi, iздеп келiп.

Қарашада қалтырап кәрия тұр

Тағы да бiр сұп-сұрғылт күздi өткерiп.

Қаздар кеттi, құлақта үнi қалды,

Жазды әкеттi.

Әкеттi тұнық әндi,

Қайтқан құстан қара үзiп қалса-дағы,

Қалтылдаған кәрия тұрып алды.

Қарашаның ұлыса желi гулеп,

Түсiне бер қаңтардың желiгi деп.

…Қисайып бара жатқан кәрияны

Сүйей бердi баласы, келiнi кеп…

* * *

Япыр-ай!

Неткен көктем!

Көктем!

Көктем!

Дүние-ау,

Сен осылай көкпеңбек пе ең?!

Қымырандай ашимын қырға шығып,

Өзегiмдi жалайды өткен-кеткен.

Мына дала, мына өлке – жап-жас әлi,

Адамдардың жоғалды сан жасағы.

Бiр ұрпаққа бiр ұрпақ жалғасады,

Мына дала, мына өлке –жап-жас әлi.

Жап-жас әлi.

Ой да жас, орман да жас,

Елтiп тұр.

Көктемеге болған ба мас?!

Көзге күйкi жалғыз-ақ – қиырдағы

Құлазыған, мүжiлген қорған–қораш.

Япыр-ай!

Неткен көктем!

Көктем!

Көктем!

Дүние-ау, сен осылай көкпеңбек пе ең?!

Мәңгi-бақи түлеген қаз қалпыңда,

Табиғат керемет ең неткен, неткен?!

* * *

Иек артқан теңiзге мүйiстейiн,

Келшi, қарғам, шашыңнан иiскейiн!

Иiскейiн тек қана тиiспейiн,

Келшi, қарғам, шашыңнан иiскейiн!

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерiмнiң иiсi бар-ау,

Жер иiсi жұпардан қымбат маған!

Иiсi бар-ау дәннiң де, шалғынның да,

Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,

Тұр, сiрә, мына шашта иiсi аңқып

Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.

Шашыңнан иiскетшi, қарғам, маған!

Есiме түсер ме екен арман-далам.

Иiскетшi!

Жауқазын-жан екенсiң;

Жасанды әсемдiкке алданбаған.

Тұрғам жоқ сауға сұрап қылығыңнан,

Жан едiм махабаттың құрығы ұрған.

Иiскейiн жұртымның топырағын,

Иiскет, қарғам, маған бұрымыңнан?!..

* * *

Махаббат,

Сенен келер деушi едiм ажалым,

Сүйе алмайды екем,

Тарқапты менiң базарым.

Шаршапты көңiл,

Шаршатты бәрi, шаршатты,

Қош ендi

Менiң ажалым менен азабым!

Сергелдең болма,

Сен ендi менi iздеме,

Iздеме қыста,

Iздеме көктем, күзде де.

Шәйi жамылғыш:

Шәлкездеу желпiп қалғанда,

Лып етiп сөнген

Шырақтың нұры – бiз деген….

Жүр, қалқам

Шайқалып нұр,

Маужыраған мамырдан май тамып тұр.

Жайқалып қыр,

Тауға соққан боз сағым қайта ағып тұр.

Айталық сыр,

Серуендеп, жүр қалқам, қайталық бiр.

Сырласайық,

Қызғалдақты иiскеп, бiр жасайық,

Қыр басайық,

Әмсе бұлай мамырдың тұрмас айы.

Мұңдасайық,

Қос көңiлдiң пернесiн бiр басайық

Танысайық,

Сенде – мамыр, ал менде –ағұст айы.

Табысайық,

Сенде – шырын, менде –дән, ауысайық?

Ауысайық,

Шырынын да, дәнiн де тауысайық.

Құлақ талып,

Мына даңнан кеттi ғой құлақ талып,

Жырақ барып,

Серуендеп қайтайық сыр ақтарып.

…Бара жатыр жанымды бiр от қарып,

Жастығым ба, тiрiлген құлап барып?..

АВТОГРАФ

Көрер едiң,

Шаламын ба, отпын ба,

Бiлер едiң

Ақынмын ба, жоқпын ба…

Кектендiрген хан Жәңгiр де жоқ мұнда,

Кектенетiн Махамбет те жоқ мұнда.

Түсiнер ең,

Езбiн бе, әлде ермiн бе,

Байқар едiң,

Артықпын ба, кеммiн бе…

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенiң өзiң Цезарь болып көрдiң бе?!

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда

Байқашы бiр,

Бықсыдым ба, жандым ба.

…Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

СЕН ӘЛI ТIРI МЕ ЕДIҢ?

О, махаббат!

Сен әлi тiрi ме едiң?

Көзiмнен ғайып болған күнiм едiң,

Гүлiм едiң…

Елтiген түнiм едiң,

О, махаббат!

Сен әлi тiрi ме едiң?!

Мен сенi ұмытқамын.

Жылытқаның есте жоқ суытқаның.

Суып қаным,

Жинағам құрып халiм,

Жығылған отауымның уықтарын.

Содан берi мен сенi ұмытқамын.

О, махаббат!

Сен әлi тiрi ме едiң?!

Тiрi ме едiң..

Мен де ендi тiрiлемiн!

Ақ перiште, алдыңа жүгiнемiн,

..Қолдай гөр, ғашықтардың пiрi менi?!

БОЗҚАРАҒАН

Бозқараған…

Көрдiң бе бозқараған?

Сирень исi аңқиды боз даладан.

Бозқараған – тiкенек, тiкенге өскен

Сирень гүлiн ешкiм де қозғамаған.

(Соның аты, бiздiңше – Бозқараған)

Қара судың жағасы бозқараған,

Бозқараған бұтағын қозғама адам.

Бозқараған iшiнде бойжеткенге,

Бозбалалар бозарып көз қадаған.

Бойжеткендер тойларын жасарында,

Бозқараған жанатын ошағында.

Әтiр иiсi әкелiп аш ауылға,

Желiк берiп тұратын жеңгейлерге,

Жер түбiне бiреумен қашарында!

Қара саздың тоғайы – сайран бағы,

Сайран бағын нелiктен ойрандады?!

…Бозқараған гүлiн ап, хатқа салып,

Жiберушi ек туысқа майдандағы.

Бозқараған!

Армысың, қасиеттiм, бөзге ораған!

Қайда әлгi бойжеткенiң көз қадаған?

Қайда жеңгем?

Соңынан сөз бораған…

Дайындаған Жаңабек Шағатай,

Гүлзина БЕКТАСОВА