АУЫЛ АҚПАРАТҚА ЗӘРУ
АУЫЛ АҚПАРАТҚА ЗӘРУ
МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕГI ГАЗЕТ-ЖУРНАЛДАРДЫҢ ТИРАЖЫН КӨБЕЙТУГЕ АТҚАРУШЫ БИЛIКТIҢ ӨЗI МҮДДЕЛI БОЛУЫ ТИIС
Президент әкiмшiлiгi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауын қалың жұртшылыққа түсiндiру мен насихаттаудың тиiмдi жолдарын iздестiруге арналған жиын өткiздi. Биылғы Жолдауда Қазақстанды әлемдегi бәсекелес елу елдiң қатарына енгiзу туралы аса ауқымды мiндет жүктелiп отырғаны баршаға мәлiм. Ендеше бұл ат төбелiндей аз ғана топтың, халықтың шағын ғана бөлiгiн құрайтын шенеунiктердiң емес, тұтас елдiң, жалпы жұрттың жұмыла атқаратын абыройлы да қомақты iсi. Сондықтан да болар, Президент әкiмшiлiгi Жолдауды насихаттайтын ақпараттық-идеологиялық және саяси жұмыстарға баса назар аударып отыр. Бұл орайда қалың елдiң сөзiне де құлақ түрiп, пiкiр алмасуға мән берiлуi қуантады һәм жiгерлендiредi.
Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы Әдiлбек Жақсыбековтiң бiрiншi кезектегi маңызды мiндеттер қатарында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүйелi түсiндiру жұмыстарын атап өтуi тегiн болмаса керек. Әсiресе, iрi қалаларда ақпараттық қызметтiң бiршама жолға қойылғаны, алайда, өңiрлерде, соның iшiнде ауылдық жерлерде нашар ұйымдастырылған – деуi, көпшiлiктiң көкейiнде жүрген келелi мәселенi дөп көрсеттi. Ауылдық елдi мекендерде телеарналар хабарлары мен мерзiмдi басылымдарды таратуды қамтамасыз ету қажеттiгi кештеу болса да, көтерiлiп отыр. Бiрақ, Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы телехабарлар мен мерзiмдi басылымдардың тiлi туралы өте маңызды жайтты, бiз айтар едiк – стратегиялық мiндеттi назардан тыс қалдырып отырған сияқты. Өйткенi Қазақстан халқының 60 пайызы ауылды жерлерде тұрады десек, оның 90 пайызы қазақ тiлiнде сөйлейтiнi даусыз. Тоқсаныншы жылдардың басында толық тоқтауға дейiн барған республикалық, сондай-ақ, жергiлiктi басылымдардың тиражы кейiнгi уақыттарда қайта жанданғанымен, бұрынғыдай ауылдық жерлердi тегiс қамтып, тiптi, шалғайда отыратын шопан отауларына шейiн жететiн кезең арманға айналған. Ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүргендей, қазiр мың-сан себептердiң салдарынан ауылдық жерлерге қазақ газеттерi жетпей отыр. Сондықтан үлкен iстi қолға алып отырған Президент әкiмшiлiгi Елбасының халыққа Жолдауын қалың жұртшылыққа уағында жеткiзудiң маңызды мiндетiн орындаумен қатар, елiмiзде болып жатқан iргелi саяси-экономикалық, қоғамдық- әлеуметтiк, сондай-ақ, мәдени-рухани, ғылым-бiлiм, спорт тағы басқа да салалардағы оқиғалардан елдi хабардар етiп, жаһандану сатысына енген қазiргi заманның екпiндi қарқынынан қалып қоймауын қамтамасыз етудi қоса шешер едi. Ауыл адамдары уақытының басым бөлiгiн далада, егiстiкте, шабындықта дегендей тыста өткiзетiнi белгiлi. Оларға «етiктiң қонышына» салып жүрiп оқуға газет-жорналдан (көркем кiтаптар туралы айтуға аузымыз қышып отырса да батылымыз жетпей тұр) ыңғайлы ақпарат көзiн табу қиын. Дей тұрғанмен, олардың таралымы мынадай болып тұрғанда, бiрiншi орынға үйдегi «көк жәшiктiң» көтерiлiп отырғаны бәрiмiзге аян. Бұл арада елiмiздiң басым аумағын қамтитын «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеарналарының орны бөлек. Күндiзгi қауырт жұмыстан қолы босаған жұрт кешкi мезгiлдерде ғана жаңалықтар тыңдап, танымдық хабарларды тамашалай алады. Осы тұрғыдан келгенде «Қазақстан» ұлттық арнасынан ең қолайлы уақыттарда берiлiп келген, әсiресе, ауыл халқының аса сүйiп көретiн қазақ тiлiндегi хабарлар тiзбегiнiң сапасы жоғары, мазмұны тартымды едi. Тап осы арнада Елбасы Жолдауынан алынған мәуелi үзiндiлер қазақ тiлiнде берiлiп, көрермен құлағына күнделiктi құйылып жататын. Қазақстан халқының басым бөлiгiн құрайтын қазақ тiлдi көрермендерге Мемлекет басшысының жүргiзiп отырған баянды саясатын сәтiмен, орайымен, ең бастысы, ұғынықты тiлде түсiндiрiп отырған ұлттық арнаның төңiрегiнде болып жатқан соңғы кездегi оқиғалар Президент әкiмшiлiгi қолға алған игiлiктi iстердiң бағытына қаншалықты сай келетiндiгi, әзiрше көпшiлiкке беймәлiм.
Жақсыбековтiң орынбасары Мәулен Әшiмбаев «Бiз қоғамды жаңашыл идеяларға шығармашылық тұрғыда келуге оятуымыз қажет. Тұрғындар белсендi болмаса, Жолдаудағы мiндеттер шешiлмейдi. Оған Халықтың басым бөлiгi қатысып, ықылас танытса ғана, жаңару табысты жүзеге асады. Мұны әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отыр» дедi. М.Әшiмбаев та бұқаралық ақпарат құралдарының айрықша рөлiн айналып өтпедi.
Халықтың белсендiлiгiн арттырудың бiрден-бiр дұрыс жолы – салмақты да сындарлы ақпаратпен тұрақты түрде қамтамасыз етiп отыру. Парламентте сөйлеген сөзiнде ҚР Ұлттық Қауiпсiздiк комитетi төрағасының орынбасары Божко мырзаның қазақ тiлiнде ақпарат таратудың көлемiн арттыру – ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қатысы бар, – дегенi жайдан-жай айтыла салған пiкiр болмаса керек. Көптеген телеарналарды жат елдердiң мағынасыз, мәнсiз, ендi бiреулерiн зұлымдық пен ұятсыздықты насихаттайтын сансыз сериалдары жаулап алғандықтан Жолдаудың жiгерлi жолдарын түсiндiруге эфирлерде уақыт та қалмай отырғаны – өкiнерлiк жағдай. Президент әкiмшiлiгi тарапынан бұл мәселелерге терең назар аударылып, телеарналардағы мемлекеттiк тiлде хабар таратудың ел көретiндей қолайлы уақыты мен жұрттың жүрегiне жетерлiктей ана тiлiнде болуы қолға алынады деп сенгiмiз келедi. Ұлы Мұхаң Әуезов ескертiп кеткендей «ел болам десең бесiгiңдi түзейтiн» мезгiл әлдеқашан жеттi. Ал, бiздiң халқымыздың тал бесiгi ауылда, ана тiлiнде сөйлейтiн жұртта екенi баршаға аян. Қазiргi уақытта бұл қалың жұрт ақпараттық аштықты бастан кешiп отыр, шет елдiк арналардан жат идеологияны бойына сiңiруде. Ұлттық арнадан басқа қазақстандық арналардан қажетiн ала алмай келген ауыл көрерменi де жаппай Қытайдан келетiн арзан «тарелканы» қойып алып, түрiкменстандық арналардан Ниязовтың насихатына бас шұлғи бастауы ақылға сыймайды.
Қазiргi уақытта елiмiзде жүрiп жатқан iшкi миграциялық процестердiң нәтижесiнде ауылдан келiп, қалалардағы құрылыс алаңдарында, базарларда жұмыс iстеп жүрген үлкен әлеуметтiк топ – қазақ тiлiнде сөйлейтiн жұмысшы жастар легi қалыптасты. Бұлардың негiзгi уақытының далада өтетiнi себептi, теледидарды тұрақты көруге мүмкiндiгi шектеулi. Осындай жағдайда үзiлiс уақыттарында шолып шығуға болатын газет-жорналдардың көмегiне сүйенуге болар едi. Бәлкiм, құрылыс компаниялары, сондай-ақ мекеме басшыларына тапсырма берiп, қарамағындағы жұмысшылары мен қызметкерлерiне қазақ газет-жорналдарын жаздырып беруi туралы ұсыныс жасау керек шығар. Мәдениет және ақпарат министрлiгi дайындаған Жолдауды насихаттауға қатысты медиа-жоспарда мәселенiң осы жағына қаншалықты көңiл бөлiнген екен?
Қаланы жағалаған қазақ жастарының қазiргi жағдайына көңiл бөлмеу – олардың бойында өздерiн қоғамға жат сезiну көзқарасын қалыптастыруы ықтимал. Ертеңiне сенбеу – бiр ғана жолды анық көрсетiп, соған баруға итермелейдi… Егер әрбiр жастың ешқандай қиындықсыз ел қатарлы бiлiм алып, еңбек етуiне белгiлi дәрежеде көңiл бөлiнiп, соған жаны ашыса, онда әрбiр жас та алғанын беруге талпынып, қандай да мақсат-мүдденi көздеу тұрғысында iсiнiң жемiсiн көруге ұмтылған болар едi» деген едi.
Президент әкiмшiлiгi өткiзiп отырған кеңесте «насихаттық жұмыстар мемлекеттiк органдардың ғана iсi болып қалмауы тиiс. Қуатты ақпараттық үндестiк тудыратын кең ауқымды пiкiрталас қажет» дегенiне қосыла отырып, қоғамымыздағы ақпарат кеңiстiгiнде, мемлекеттiк тұрақтылықтың бiрден-бiр кепiлi мемлекеттiк тiлдегi ақпаратқа байланысты қалыптасқан нақты жағдай мүдделi мекемелердiң назарына жете берсiн деген ниетпен өз көзқарасымызды бiлдiрудi парыз санадық.
Мұхтар КӘРIБАЙ