Жаңалықтар

КРИШНАИТТЕРДI ҚУДАЛАҒАН РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕНДЕ КIМДI ЖАҚТАЙДЫ?

ашық дереккөзі

КРИШНАИТТЕРДI ҚУДАЛАҒАН РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕНДЕ КIМДI ЖАҚТАЙДЫ?

Бұл даудың ушыққанына екi жыл болды. Ел iшiнде бұны «кришнаиттер дауы» деп те атап жүр. Бұлай деудiң де жөнi бар. Қазақстанды бiраз уақыттан берi шулатып келе жатқан сот процесi дәл осы дiни бiрлестiкке, яғни, «Кришна танымы қоғамына» қатысты болып отыр.

Естерiңiзге сала кетсек, Алматы облысы Қарасай ауданының әкiмдiгi, Жер ресурстарын қадағалайтын облыстық Жер комитетi мен «Кришна танымы қоғамы» атты дiни бiрлестiгi арасындағы сот процесi бiр жарым жылға созылған едi. Ақыр аяғында Қарасай аудандық соты «Кришна танымы қоғамының» 47,7 гектар жер мен 66 саяжайды заңсыз басып алғанғандығын анықтап, аталған жердiң жергiлiктi жер қорына қайтару қажеттiгi жөнiнде сот шешiмiн шығарған едi. Ал, 24 сәуiр күнi сот орындаушылары сот шешiмiн кришнаиттердiң қолдарына табыс еткен болатын. Сот үкiмiне сай кришнаиттер заңсыз басып алынған жердi босатып, заңсыз тұрғызылған саяжайларды қиратуы қажет едi. Бiрақ ертесiне, 25 сәуiр күнi, кришнаиттер сот шешiмiмен келiспейтiнiн бiлдiрiп, саяжайларды босатпаған. Артынан өзге тiлде шығатын ақпарат құралдары арқылы дабыра көтерiп, өздерiнiң адами құқықтарымен қатар дiни наным еркiндiгi бұзылып жатқандығын да алға тартқан едi. Сол күннiң гуiлi әлi күнге дейiн жергiлiктi халықтың құлағын шулатып жатқанға ұқсайды. Себебi әлi күнге дейiн кришнаиттер сот үкiмiн орындамай, тiптi «жоғары жаққа» да шағымданып жатқан сияқты. Бiз Қарасай ауданы Iшкi саясат бөлiмiнiң дiни бiрлестiктермен шұғылданатын бас маманы Рысгүл Шәкенқызымен хабарласқанымызда, ол сот үкiмiнiң әлi де орындалмай отырғанын өкiнiшпен айтты. «Қазақстан Республикасының «Дiни наным бостандығы мен дiни бiрлестiктер» туралы Заңында қандай да бiр дiни бiрлестiкке шаруа қожалығы берiлсiн деген бап жоқ. Ал, кришнаиттер қоғамы 47,7 гектар жердi заңсыз иемденiп, оны шаруа қожалығына айналдырған. Осы жағынан, тiптi олардың үстiнен қылмыстық iс те қозғалуы мүмкiн ғой» – дейдi Рысгүл Шәкенқызы. Бас маманның айтуынша, 66 саяжай дiни бiрлестiк өкiлдерiнiң жатақханасына айналыпты. Әрбiр жатақханада 15-18 адамнан, кейбiрiнде 12-15 адамнан тұрады екен. Бiр қызығы, өздерiнiң дiни нанымын индуизммен сабақтастыратын дiни бiрлестiктiң Үндiстанда айғақталған рұқсат қағазы да жоқ екен. Бұл жәйт аталған ағымның Үндiстанда емес, белгiлi бiр мақсатпен Америкада дүниеге келгенiн айғақтай түседi.

Қазiр кришнаиттер адам құқын қорғайтын ұйымдарды жағалап, тiптi өзге тiлдегi ақпарат құралдарынан да араша iздеп жүргенге ұқсайды. Ал, осы ұйымға бүйрегi бұратын Алматыдағы банктердiң бiрiнде лауазымды орында отырған бiр қазақ азаматы кришнаиттер қоғамына даулы жердi сатып жiберiптi. Бұл орайда Рысгүл Шәкенқызы: «Бұл бiрлестiк кедей емес. 5-6 адвокаттары бар. Оның үстiне әр облыста орталықтары бар көрiнедi. Жылда ешбiр рұқсатсыз әрқилы дiни фестивальдер өткiзедi» – дейдi. Демократия мен дiни-наным бостандығын алға тартқыш дiни бiрлестiк өз айтқанынан қайтпай отырған сыңайлы. Соған қарағанда, кришнаиттер дабылы алдағы уақытта өршiмесе басылмайтын сияқты.

«БАСҚАНЫҢ ЖАУЫ – МАҒАН ЖАУ ЕМЕС»

Осыдан бiрнеше жыл бұрын Мәскеуде де «кришнаиттер дауы» ушыққан едi. Оған бiрден бiр себеп болған жәйт – Мәскеуде кришна сенiмiнiң өкiлдерiне арналған алып храмның салына бастауы. Бiрақ Православие шiркеуiнiң бастамасымен елде кришнаиттерге қарсы дабыл көтерiлiп, мұның артынша орыс шiркеуiн жергiлiктi ақпарат құралдары мен лауазымды тұлғалар қолдап, орыс кришнаиттерiнiң бастамасы әп-сәтте су сепкендей басылған болатын. Сол кездегi ақпарат құралдарын шолып көрсеңiз, ел iшiнде үлкен қоғамдық резонанс болғандығын байқар едiңiз. Орыс шiркеуiнiң бастауымен православие дiнiнiң жастары мен бiрқатар саяси партиялардың өкiлдерi көше-алаңдарға шығып: «Бiз секталарға қарсымыз!», «Кришнаизм – орыс санасына ауырлық», т.б. ұрандарды көтерген. Осыдан кейiн Мәскеуде кришна храмы салынбайтын болып шешiлген. Есесiне Алматы облысында бiртiндеп Кришнаиттердiң алып храмы бой көтере бастаған едi. Тiптi, Мәскеуден қуылған кришнаиттердiң Қазақстаннан пана таппасына кiм кепiл дерсiз?! Бiздiң айтпағымыз – өз елiнен кришнаиттердi қуған Ресей БАҚ-тары бүгiнде Қазақстан сотының әрекеттерiн айыптап, «басқаның жауы – маған жау емес» деген ұстанымда отыр. Ресейдiң бiрқатар ақпарат құралдары Алматы облысында бекiнген дiни бiрлестiк өкiлдерiн арашалап ақпарат таратып келедi. Мәселен, News.ru интернет басылымы: «Фактически, крупнейшая в Казахстане сельскохозяйственная община последователей этой религии лишается земли, на которую имеют право по закону. На данном земельном участке находится юридически адрес крупнейшей в СНГ и Средней Азии общины последователей индуизма, а также постоянно проживает около 50 семей верующих» – деп, кезiнде Мәскеуден қудаланған кришнаиттердi арашалап отыр. Оның үстiне бұл басылым Қазақстан билiгiне де мiн тағады. Айтар ойы – «Бүкiләлемдiк дiндердiң I съезiн өткiзген Қазақстан, 2009 жылы ЕҚЫҰ-ны басқаруға ынталы Қазақстан өзге дiндерге неге қырын қарап отыр?» – дегенге саяды. Бiр айта кетерлiгi, бүкiл посткеңестiк елдер iшiнде дiни наным-сенiм бостандығы бойынша Қазақстанның – алда, ал Ресейдiң – артта келе жатқаны баршаға аян. Тiптi, Кондолиза Райстың құзырындағы мемлекеттiк департамент Қазақстандағы дiни бостандыққа шүбә да келтiре алмаған. Есесiне Ресей дiни бостандықтың бұзылуы жағынан қара тiзiмге iлiккен. Осыдан кейiн Ресейдiң ақпарат құралдары бiздi сынап, қалайша ақыл айтпақ?!

Дiни бостандыққа келгенде демократияның да шегi болуы керек. Егер дiни бiрлестiктер заңсыз әрекеттер жасап жатса, оған заң аясында шара қолданылады. Елiмiзде кришнаиттер соты да заң аясында өттi. Заң аясында сот шешiмi шығарылды. Бұл орайда Ресейде кришнаиттердiң храм жайлы арманы «варварлық» тәсiлдермен жаншылған жоқ па?! Православие шiркеуiнiң бастамасымен жастар көтерiлдi, саяси партиялар көтерiлдi, көше-алаңдарға адамдар шығып, кришнаиттерге қарсы былапыт сөздер айтылды. Әйтеуiр скинхедтер тобырын ауыздықтауға «шарасыз» боп отырған елден басқаны күтудiң өзi әбестiк сияқты. Ресейде «бiз» және «жат адамдар» деген қағида әлi күнге дейiн өз күшiнде. Адамды дiнi түгiлi ұлтына бөлетiн Ресей демократия жағынан бiзге үлгi бола алмайды. «Кришнаиттер дауында» да – олар бiзге ақылшы емес. Кришнаиттерге қатты жаны ашып бара жатса, неге Мәскеуден кришнаиттер храмын салып бермеске?! Ал, өз елiнде қудаланған дiни бiрлестiктердiң құқықтарын өзге елден талап ету – екiжақты саясатты аңғартса керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА