Жаңалықтар

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЗАУЫТ

ашық дереккөзі

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ЗАУЫТ

Бүгiн Атырау мұнай өңдеу зауыты iске қосылды

Атырау мұнай өңдеу зауытының дүниеге келгенiне де, мiне, 60 жылдан асыпты. Алпыс жылдық тарихы бар, аталмыш зауыт бүгiнде қайта жарақтандырудан өттi. Жаңа технологиялық қондырғылар орнатылып, бүгiнгi күнгi талапқа сай жарақтандырылған зауыт бүгiн қайта iске қосылды.

Аталмыш жоба елiмiздiң көмiрсутегi қорын игеруде аса тиiмдi роль атқарады. Бұл жобаның жүзеге асуына Ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы тiкелей мұрындық болыпты. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтау мәселесi 1991 жылдан басталған екен. 1998 жылы Үкiметтiң шешiмiмен Жапонияның «Марубени Корпорейшн» компаниясы бастаған бiр топ жапондық компаниялар бiрiгiп, Атырау МӨЗ-дi жаңғырту жұмыстарын қолға алады.

Зауытты қайта жарақтау үшiн 370 млн.-ға жуық доллар инвестиция тартылыпты. Жоба екi кезең бойынша жүзеге асқан. Бiрiншi кезең бойынша, зауыттың технологиялық құрылғыларын орнату үшiн 235 млн. доллар көлемiнде халықаралық қаржы институттарының ақшасы жұмсалған. Ал, екiншi кезеңде зауыттың жалпы шаруашылық нысандарын реттеу үшiн «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының 18,4 млрд. теңге қаржысы жұмсалды.

Кейiнiрек, яғни 2001 жылдың желтоқсанында аталмыш жобаға байланысты «ҚазақОйл» ҰМК мен мердiгерлер «Марубени Корпорейшн» және «Джей-Джи-Си Корпорейшни» арасында 235 млн. доллар болатын келiсiмге қол қойылды.

«ҚазақОйл« ҰМК аталған келiсiм-шартты қаржыландыру үшiн жоғарыда аталған қаржының 85 пайызын Жапония халықаралық ынтымақтастық банкiнен, қалған 15 пайызын халықаралық несие берушi банктер консерциумынан несиеге алады. Аталмыш несиенi Қазақстан Республикасының кепiлдiгi негiзiнде берiлдi. Ал, 2002 жылдың ақпанында «ҚазақОйл» ҰМК мұрагерi ретiнде құрылған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Атырау МӨЗ қайта жаңғырту жобасын өздерi қолға алады.

Бас мердiгер «Джей-Джи-Си Корпорейшн» мен қосалқы мердiгер түрiктiң «Гате» құрылыс компаниясы айналдырған 35 айдың iшiнде зауытты қазiргi заман талабына сай, ең таңдаулы әлемдiк фирмалар жасап шығарған жаңа технологиялық қондырғыларды iске қосып ғана қоймай, жергiлiктi мамандарға қалай жұмыс iстеу қажеттiгiн де үйретiп берiптi.

Сондай-ақ, жаңарған зауыттың техникалық деңгейi әлемдiк стандарттарға сай болуы, құрылыс жұмыстарының жылдам әрi сапалы жүргiзiлуi индустриальды-инновациялық стратегияны iске асыруда Қазақстанның дұрыс бағыт таңдағанын айғақтайды.

Екiншiден, бұл жоба инвестициялық iргелi жобаларды жүзеге асыруда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының экономикалық және басқару әлеуетiнiң зор екендiгiн айғақтайды.

Үшiншiден, көлемдi қаржыны қажет ететiн iрi құрылысты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының жүзеге асыруы аталмыш ұлттық компанияға халықаралық қаржы ұйымдарының, шетелдiк фирмалар мен компаниялардың сенiммен қарайтынын дәлелдеп отыр.

Төртiншiден, жаңарған зауыт шикi мұнайдан көп мөлшерде түссiз мұнай өнiмдерiн өндiруге, олардың түрiн көбейтуге, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға және әлеуметтiк мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi.

Бесiншiден, Атырау мұнай өңдеу зауытының қайта жаңғырту жұмысының бiрiншi кезеңi аяқталуы мұнай өңдеу деңгейiн көтеруге, сол арқылы iшкi нарыққа әсер етуге және әлемдiк нарыққа шығуға жасалатын бiрден-бiр мүмкiндiк боп саналады.

Қайта түлеген зауыт iске қосылғаннан кейiн мұнай өңдеу тереңдiгi 85-92 пайызды құрап, ЕВРО – 2003 стандарты бойынша автобензин мен дизельдi отын өндiру технологиясы жүзеге асырылатын болады.

Гүлзина Бектасова