Жаңалықтар

Невзат Ялчынташ: «ТҮРКИЯ – ТҮРКIСТАННЫҢ БIР БӨЛШЕГI»

ашық дереккөзі

Невзат Ялчынташ: «ТҮРКИЯ – ТҮРКIСТАННЫҢ БIР БӨЛШЕГI»

Жүрегi – таза, көңiлi – ақ, пейiлi – кең. Бiр көргеннен ерiксiз баурап алатын мейiрбан әрi шынайы. «Әзiлiң жарасса…»-ның шеңберiнен әсте бiр шықпайтын әдемi қалжыңы тағы бар. Халықаралық саясатқа белсене араласып жүрген Ол өзiндiк ойын әрдайым ашық бiлдiредi. Бұл – қаймығуды бiлмейтiн қайсарлығы. Әзiрбайжандағы парламенттiк сайлауда әлемдiк БАҚ арқылы өзiнiң тiкелей бастығы саналатын еуропалық шенеунiктi қатаң сынға алуы талайды тамсандырған. Түбi бiр түркiнiң келешегiне алаңдап, әрдайым бiрлiк пен ынтымаққа шақырудан шаршамайтын әрi жалықпайтын Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi, Түркия Мәжiлiсiнiң депутаты Невзат Ялчынташ мырза бүгiн «Түркiстанда» қонақта.

– Невзат мырза, Әзiрбайжандағы парламенттiк сайлауда ЕҚЫҰ ПА президентi Гастинге мырзамен екеуiңiздiң пiкiрiңiздiң екiге жарылғанын бiлемiз. Сiздiңше, мұның себебi неде?

– Кейбiр батыстық алпауыт елдер посткеңестiк елдердегi сайлаулардың заңға, халықаралық талаптарға мүлде қайшы келген сияқты көрсете отырып, сол сайлау болған қоғамда саяси тұрғыда дағдарыс тудыруға мүдделi.

– Алпауыт елдер дегенiңiз – кiмдер?

– Олардың атын атап, түсiн түстеудiң қажетi бола қоймас. Бiрақ Әзiрбайжандағы парламенттiк сайлаудың заңға сәйкес, ашық әрi әдiл бәсекемен өткенiне қарамастан, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң кейбiрi халықты көшелерге жинап, бас көтерулер ұйымдастыруды көздедi. Кейбiр елдердегi секiлдi…

– Украина, Грузия, Қырғызстан…

– Иә. «Дауыс беру процесi заңға томпақ өттi, адам құқықтары аяққа тапталды» деген жаңсақ пiкiрдiң кеңiнен таралмауы үшiн менiң Гастингеден бөлек баспасөз мәслихатын өткiзуге мәжбүр болуым да сондықтан.

– Сол жолы ғой ЕҚЫҰ-ны қатаң сынға алғаныңыз…

– Иә. Өйткенi, шындық бүркемеленгендiктен, батырып айтуға, қатаң сынауға мәжбүр болғам. Оның үстiне, сайлаудың қалай өткенiн мен өз көзiммен көрдiм. Дауыс беру барысындағы ұсақ-түйек кемшiлiктер кез келген қоғамда кездеседi. Бiз АҚШ-тағы сайлауларға қатыстық. Кемшiлiктер ол жерде де табылды. Түркияда 1946 жылдан берi (60 жылдан астам уақыт!) демократиялық сайлаулар өткiзiп келе жатырмыз. Бiрақ Америка мен Әзiрбайжандағы сайлауларда кездескен заң бұзушылықтар бiзде де кездесiп отырады. Бакуде БАҚ өкiлдерiн жинағанда CNN, AP секiлдi әлемдiк БАҚ пен түркиялық журналистер арасында өзiңiз де болдыңыз. Менiң алпауыт елдердiң мүдделерi үшiн өзге елдердi құрбандыққа шалуды көздеген кемшiлiктерiн сынап, әзiрбайжандық сайлауға берген оң бағам «Түркiстан» газетiнде де жарық көрдi. Ол үшiн газеттерiңiзге алғысымды бiлдiремiн.

– Бақылаушылар арасында сiздiң пiкiрiңiздi қолдағандар болды ма? Орыстардан басқалары, әрине.

– Ирандықтар қолдады. CNN менiң пiкiрiмдi бергеннен кейiн Еуропалық Кеңес мүшелерi мен еуропалық депутаттар әзiрбайжандық қоғамда өткен парламенттiк сайлауға терiс баға берген депутаттарға: «Сiз нақты әрi шынайы баға бере алмадыңыз. Өз мiндетiңiздi мүлтiксiз атқара алмадыңыз» деген айыппен қарсы алды. ЕҚЫҰ-дағы түркиялық делегация мүшелерi тарапынан қабылданған Қарар арнайы шақырылған отырыста талқыға салынды. Осы Қақардың арқасында әзiрбайжандық депутаттарды Еуропалық Кеңеске қабылдауға мәжбүр болды.

– Әзiрбайжандағы парламенттiк сайлаудан соң Қазақстанда президенттiк сайлау өттi. ЕҚЫҰ тарапынан келген бақылаушылардың әзiрбайжандарға қатысты айтқан сынынан қазақтар да шет қалмады…

– Бiлемiн, одан хабарым бар. Алайда мен сияқты ықпалды адамның ЕҚЫҰ-ны Әзiрбайжанда сынға алуы саяси ойынның Қазақстанда қайталануына кедергi болды.

– Бiрақ сын бәрiбiр айтылды ғой?

– Әрине, айтылды. Есесiне, бұған дейiнгi айтылған сын-ескертпелер сияқты онша ықпалды болған жоқ.

– Сiз айтқан алпауыт елдер бұл жолы ненi мақсат еттi?

– Олар сайлау өткен елдердi өздерiнiң алдарында айыпты сезiндiрiп, жиi-жиi қысым жасауды көздейдi.

– Мысалы?

– Мысалы, «дауыс беру барысында заң бұрмаланды», «адам құқығы аяққа тапталды», «халықаралық заңдық талаптар орындалмады», «Сен елiңде сайлауды ашық әрi әдiл өткiзбедiң. Егер бiз талап еткен мына мәселенi орындамасаң, бiз сол кемшiлiктердi көпшiлiкке жариялаймыз» деген сияқты…

– Сiз түркi әлемiнiң бiрлiгi туралы көп айтасыз. Бiрақ кейде маған түркi мемлекеттер «бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас» шығаруға онша мүдделi емес сияқты көрiнедi…

– Нәзия ханым, түркi әлемiнде бүгiнде 10-ға жуық мемлекет бар: бiз алты алашқа қоса Кавказды, Кипрдi түркi мемлекетi ретiнде есептеймiз. Өкiнiшке қарай, демократияны қаламайтын кейбiр мемлекет басшыларының кесiрiнен…

– Мысалы, кiмдер?

– Оны айтпай-ақ қояйын, көршiлерiңiз ренжiп қалар. (Күледi). Демократияны жақтырмайтын сол елбасылардың кейбiрi мемлекет қақпасын жабық ұстауға тырысады, әлемге құшағын айқара ашуға қырын қарайды. Елге кiрiп-шығу өте қиын. Мен кемшiлiгiн бетке басып, шындықты ашық айтқан жатжұрттықты елден түре қуып, өз отандастары болса, қапасқа қамайтындарды айтамын. Ондайлар түркi әлемiнiң күшейгенiн қаламайтыны анық.

– Не себептi?

– Өйткенi, өз айыбы мен кемшiлiгi ашылып қалады. Бала кезiмде маған анам: «Ұлым, сиықсыз әйел сұлу әйелдiң жанына отырудан қашады» дейтiн. Алла Тағала берген көрiксiздiк емес, сол күнi әлгi әйел жөндi киiм кимесе, шашы таралмаса, әрине, сұлу әйелдi айнала қашары анық. Демократияны жақтамайтын түркi елiнiң басшылары да сол сияқты.

– Түркияның Еуропалық Одақ есiгiн жағалағалы 40 жылдан астам уақыт өттi…

– Еуропалық Одақ бiздiң басымызды қатырып жүр. Оның уақыт ұтуға тырысуы «Еуроодақ түркi мемлекеттерден бас тартады» ұғымына келмейдi. Бiрақ «ЕО Түркияны шырғалаңға салып жүр» деген пiкiрмен келiсемiн. «Қызымды саған беремiн, бермеймiн», «Қалыңмалға ананы әкел, мынаны әкел», «қызымды ертең берем, бiрсүгүнi берем»-нiң керiн келтiргенi өкiнiштi, әрине. Апыр-ай, алдымен бiз ұлымыз үйленетiн қызды тауып алайық та, сол қыз ойлансын, ЕО содан кейiн қойсын талаптарын!

– Сонда «үйлендiретiн ұлыңыз» кiм болып шықты?

– Түркi әлемi. Бiз түркi әлемiнiң мүдделерiнен тұратын саясатты әсте жадымыздан шығарып алмауға тиiспiз. Әрине, ол мүдделерге қайшы келетiндер баршылық. Бiрақ оларға төтеп беретiн күшке ие болуымыз керек.

– Ол қандай күш?

– Кеңестiк империя кезiнде түркi мемлекеттер арасында «темiр перде» орнатылған. Уақыты келгенде сол «темiр перде» шетке ысырылды. Түбi бiр түркi бауырларымен қауышты.

– «Темiр перделер ашылмас» бұрын Ататүрiк: «Уақыты келгенде Кеңестер Одағындағы бауырлас халықтармен қауышамыз» деген көрiнедi…

– Иә, ол сөздi мен туылмас бұрын, Анкарадағы Зираат банкiндегi бiр салтанатты кеште айтыпты: «Достар! Бiр күнi мiндеттi түрде КСРО тарайды. Бiздiң ол жерде бауырларымыз бар. Сол бауырларымызбен кездесетiн күнге әзiр болайық. Қауышқан сәтте сол бауырларымызға қол ұшын беруiмiз керек».

– Бұл Ататүрiктiң сөзi. Ал сiз кезiнде Тұрғұт Өзал секiлдi: «Түркияда 70 миллионнан астам қазақ бар. Мен Түркиядағы түрiктердiң барлығын қазақ деп есептеймiн» деген болатынсыз. Сiздiңше, отандастарыңыздың барлығы дерлiк қазақтар туралы кең мағлұматқа ие ме?

– Оған еш күманыңыз болмасын! Сiз Түркияда бiр емес, бiрнеше рет болдыңыз. Кез келген жерде сiздiң түрiк екендiгiңiзге ешкiм шүбә келтiрмейдi. Егер сiз: «Жоқ, мен – қазақпын» десеңiз, «Қош келдiңiз!» деп ыстық iлтипатын бiлдiредi. Яғни, 73 миллион түрiктiң жүрегi бауырластық сезiмге толы.

Әңгiме арасында…

* * *

– Сiздiң газетiңiз «Түркiстан» деп аталады. Ал Түркия – Түркiстанның бiр бөлшегi.

* * *

– Түркiнiң дұшпаны көп. Олар бiздiң күшейгенiмiздi, гүлдеп-дамығанымызды қаламайды. Сондықтан бiз, яғни, түбi бiр түркi болуға, ауызбiршiлiктi болуға мүдделiмiз.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ