Жаңалықтар

ДИК ЧЕЙНИ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САПАРЫНАН НЕ ҰТТЫ?

ашық дереккөзі

ДИК ЧЕЙНИ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САПАРЫНАН НЕ ҰТТЫ?

Бүгiнде Еуроодақ пен НАТО-ға мүше Литваның астанасында Кремльдi «жерден алып, жерге салған» америкалық вице-президент Дик Чейни ненi көздедi? Оның Қазақстанға жасаған iссапарының басты мақсаты не едi? Әлемдiк деңгейдегi энергоқорлық монополист – «Газпромды» «түгiмен« «жұта салып», дүние жүзiне энергетикалық тұрғыда қысым жасауға ұмтылған путиндiк режимдi тезге салу үшiн не iстеу керек? Орталықазиялық аймақтың бар байлығын бауырына басуға жанталасқан Кремльге энергоқорды тасымалдаудың балама жолдарын табуға және «қара алтынның» әлемдiк нарықтағы бағасын төмендетуге мүдделi кәрi құрлықтың тiсi неге батпай отыр?

САЯСИ САЛҚЫН ЖЕЛ ЕСТI…

Өткен аптада Қаратеңiз аумағы мен Балтық жағалауы елдерiнiң Вильнюстегi саммитiнде «демократияны тұншықтырғанымен қоймай, көршiлес мемлекеттерге энергетикалық тұрғыда қысым жасап отырған Ресейдi қатаң сынға алған АҚШ вице-президентi Дик Чейнидiң сөзiнен кейiн Батыстан Ресейге қарай саяси салқын жел естi. Кейбiр халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, Чейнидiң Кремльдi сынауы еуропалық кеңiстiк пен Ресей арасында «темiр перденiң» орнауына себеп болуы мүмкiн. Шынында да, Еуропалық Одаққа мүше кейбiр мемлекеттер «қырғи-қабақ соғысқа» үндеген америкалық шенеунiктiң сөзiн құптамағанмен, оның дүниежүзiлiк қауымдастық тарапынан айтылған сынды ескермей отырған орыстарға сес көрсетуiне айыздары бiр қанып қалғаны анық. Оның үстiне, кейiнгi кездерi Еуроодақ құрамындағы батыстық алпауыттардың ЕО-ға мүше Шығыс еуропалық елдердiң Ресейге қатысты айтқан наразылықтарына құлақ асу керектiгiн жиi тiлге тиек ете бастады. Страсбургте өткен Еуропалық Кеңес Парламенттiк Ассамблеясының кезектi отырысында Ресейге деген көзқарасының түзулiгiн айтқан Еуропалық Кеңестiң Бас хатшысы Терри Дэвис орыстардың демократиялық жолды таңдайтынына үмiт артқанда, оның үмiтiнiң астарында халықаралық талаптарды белден басқан Кремльдi ақылға келуге шақырған емеурiн жатқан. Германиядағы iшкi саясат жөнiндегi кеңестiң сарапшысы Александр Рар «Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынас ушыққан жоқ, ушықпайды да» деген сенiмде. Бiрақ «Ричард Чейнидiң сөзi америкалық-ресейлiк қатынаста бiрiн-бiрi iштарту мен достықтың жоқтығын көрсетедi». Сарапшының айтуынша, Вашингтон Мәскеудiң Ресейдi энергетикалық алпауытқа айналдыруға тырысқан әрекетi мен жоспарына күдiкпен қарайды. Өйткенi, бұл еуропалық және азиялық континенттегi геосаяси ахуалды күрт өзгертiп жiберуi бек мүмкiн. Есесiне, «Посткеңестiк кеңiстiкте Ресей мен АҚШ арасындағы жаңа бәсекелестiктiң қаупi төнiп тұрғанымен, Вильнюстегi саммит екi ел арасында «қырғи-қабақ соғысқа» себеп болмақ емес. Себебi, АҚШ пен Ресей тығыз ынтымақтастық қарым-қатынастан, тiптi, ұлттық мүдделерiн қорғай отырып, белгiлi бiр мөлшерде батыстық әлеммен бiрiгуге бiрiншi кезекте Мәскеудiң өзi мүдделi». Алайда, кебiр халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, Чейнидiң Литвада Ресейдi ашық сынға алуы мен Вашингтонның осыдан жарты жыл бұрын АҚШ-қа ресми сапармен келген Қытай басшысы Ху Цзиньтаоға емеурiнмен ескерту жасауы Американың ең iрi екi бәсекелесiне – Пекин мен Мәскеуге көрсеткен сесi сыңайлы.

БӘСЕКЕЛЕСТIК

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2006 жылы АҚШ-тың Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестiк күресi күшейе түспек: орыстар геосаяси ахуалға ықпал ету мақсатында, Таяу Шығыстағы белсендiлiгiн арттыруға ұмтылса, қытайлар өз экономикаларындағы тұрақсыздық пен ел iшiндегi әлеуметтiк проблемаларды шеше отырып, халықаралық саяси сахнадағы беделiн көтеруге күш салуда. Аспан асты елiнiң басты мақсаты – Вашингтонға Қытайдың iшкi саясаттағы осал тұсын өз пайдасына шешуге мүмкiндiк бермеу. Ресей мен Қытай: «Америкалық қоғамдағы Бушты қолдау көрсеткiшiнiң төмендеуi, АҚШ-тағы 2006 жылғы аралық сайлау себеп болған iшкi саяси наразылық, Ирак пен Ауғанстандағы америкалық әскерге қатысты туындаған дау әлемдiк саясаттағы күрестi бiздiң пайдамызға шешуде» деген сенiмде. Оның үстiне, «ирандық мәселе» мен «солтүстiккореялық проблема» да Пекин мен Мәскеудiң iшкi саяси мақсаттарын жүзеге асыруда АҚШ тарапынан кездесуi мүмкiн үлкен кедергiлердi айналып өтуге жағдай жасап отыр. Сондықтан бастапқыда екi бәсекелесiн өзiне тиiмдi бағытта жүргiзудi қалаған ойы жүзеге аспаған Вашингтонның Пекин мен Мәскеуге көз алартуы тегiн емес.

РЕСЕЙ МЕН ПОСТКЕҢЕСТIК КЕҢIСТIК

Америкалық әскери базаның Өзбекстаннан әкетiлуi мен бiрқатар посткеңестiк елдердiң Кремль билiгiндегi энергетикалық монополист – «Газпроммен» жасаған келiсiмдерi Ресейдiң Орталық Азиядағы ықпалын күшейте түстi. Тiптi, «қызғалдақ көтерiлiсiнен» кейiн үкiмет басына келген қырғызстандық билiк те Мәскеумен арадағы жылы қарым-қатынасты сақтауға тырысып отыр. Ал күнi кеше ғана қайта сайланған беларусьтiк президент Александр Лукашенко «Газпромның» Белоруссияға тасымалдайтын өнiмiнiң бағасын тым шарықтатып жiбергенiне қарамастан, бұдан былай да Кремльдiң айтқанын екi етпейтiнi анық. Қазiргi таңда Ресейге деген аса күштi жеккөрушiлiк сезiмi «түрлi-түстi көтерiлiске» алғаш рет айқара құшақ ашқан Грузияда ғана сақталып отыр. Мәскеудiң Қап тауының етегiндегi сепаратистiк топтарға қолдау көрсете отырып, Грузияның территориялық тұтастығын бұзуға талпынған әрекетiне Тбилиси қарсы тұра бiлдi. Есесiне, орыстар грузиндердiң ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң Ресейге тасымалдануына эмбарго жариялады. Кремльдiң бұл қадамы грузиндердiң Мәскеуге деген жеккөрушiлiгiн күшейте түскенi анық. Айтпақшы, Молдованың да орыстарға деген өкпесi қара қазандай: осыдан 1 айдай бұрын Ресей молдовандық виноның ресейлiк нарыққа енуiне тыйым салған болатын.

ӘЛЕМДI ӘБIГЕРГЕ САЛҒАН МҰНАЙ БАҒАСЫ

Жуырда Азиялық даму банкi: «Мұнай бағасының үздiксiз өсуi Азиядағы экономикалық өсу қарқынын кем дегенде 0,6 пайызға дейiн төмендетедi» деп ескерттi. Банктiң бас экономисi Ифзал Әли «қара алтын» бағасын ауыздықтау мүмкiн болмаса, Қытайдың жылдық iшкi жалпы өнiмiн 1 пайызға тежеледi. Бұл көрсеткiш Үндiстанда – 1,1 пайыз, Таиландта – 1,8 пайыз болмақ» дейдi. Өткен аптаның жұмасында әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы 75,35 долларға тең болды. Бұл ел тұтынатын мұнайдың басым бөлiгiн сырттан тасымалдап отырған елдерге үлкен соққы болды. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай энергоқорды тасымалдау мен басқа да шикiзат түрлерiнiң көзiн барынша көп табуға мүдделi. Африкамен тiл табыса бiлген Пекин бүгiнде Латын Америкасы елдерiмен ынтымақтастықта, сондай-ақ, таяушығыстық елдермен де қатынасын жақсарта түскен. Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағындағы беделiн арттыруға да күш салуда. Экономикалық салмағы артып келе жатқан Қытай ел iшiндегi әлеуметтiк қайшылықтарға қарамастан, шикiзат қорын барынша көп пайдалануда. Аспан асты елiнiң әлемдiк нарықтағы шикiзаттық бағаларға ықпал ете бастауы мен АҚШ саудасындағы активтiк сальдосының үздiксiз өсуi Вашингтон мен Пекин арасындағы қатынасты шиеленiстiре түскен. Оның үстiне, қытайлардың Американың одақтасы болып табылатын Жапониямен керiсiп қалуы, Оңтүстiк Кореямен қатынасын бекiте түсуi Солтүстiк-Шығыс Азиядағы мәртебесiн бiртiндеп өзгертуге ықпал еттi. Бiрақ қысым жасауға қабiлеттi Ақ Үй әзiрге ұстамдылық танытып отыр. Мысалы, ол қоғамда саяси тұрақсыздық орнататын «түрлi-түстi төңкерiстерге» қосымша қаржы бөлу, АҚШ Конгресiнiң Қытай тауарларының кейбiр түрiне аса үлкен көлемде тариф енгiзуiне кедергi жасамау, т.б. Сырттай сабырлы қалпынан танбаған сыңай танытқанмен, Пекин мен Мәскеу «Вашингтон жай ерiккеннiң ермегiн жасады ма, әлде бiзге шынымен шүйлiктi ме?» деген сауалға жауап iздеп әлек. Сарапшылар пiкiрiнше, екi елдiң «бүйректен сирақ шығаруы» бек мүмкiн. Оны алдағы «Үлкен сегiздiктiң» кездесуi көрсетедi. Үстiмiздегi жылдың шiлде айына жоспарланып отырған «Үлкен сегiздiктiң» саммитiнде Буш пен Путин кездеседi деп күтiлуде. Иранның ядролық бағдарламасы мәселесiнде Мәскеумен пiкiрi екiге жарылған Вашингтон жуырда Ресейдi «2003 жылы АҚШ Иракқа басып кiрерде Саддам Хусейндi америкалық әскерлердiң қай бағытта жылжып бара жатқаны туралы ақпаратпен қамтамасыз етiп отырды» деп айыптады. Әрине, орыстар да есе жiберген жоқ. Орыстар: «Америка посткеңестiк елдерге деген Ресейдiң ықпалын әлсiретуге күш салуда» деп аттанға басудан бiр жалыққан емес. Негiзi бiр-бiрiне «бiрде – бие, бiрде –түйе» Буш пен Путин қатынасы аяқ астына кiлт өзгеретiн Алматының ауа райы секiлдi. Мысалы, 2001 жылы Путинмен алғаш рет кездескенде Буш: «Мен оның көздерiне үңiлгенде оның шынайылығына көз жеткiздiм және оған сенуге болатынын ұқтым. Мен өз Отанына шын берiлген және өз Отанының мүдделерiне берiк адамның жанын ұға бiлдiм. Егер оған сенбесем, мен оны өз үйiме қонаққа шақырмас едiм» деп ағынан жарылған едi. Алайда көп уақыт өтпей-ақ ол ойынан «айнып қалған» Ақ Үй басшысы Мәскеуге тоңтерiстiк танытты. Әрине, 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейiн америкалық әскери базалардың Орта Азия аймағына орналасуын құптаған, АҚШ-тың Зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесiн шектеу туралы келiсiмнен шығуына үнсiз келiскен, Грузия (2003 ж.) мен Украинада (2004 ж.) өткен «түрлi-түстi төңкерiстердi» жақтырмаса да, қабылдауға мәжбүр болған Мәскеудiң Вашингтонға жақпауы мүмкiн емес болатын. Сөз жоқ, Путин мұның бәрiн өзi туралы жағымды пiкiр бiлдiрген Бушқа жағынайын деп iстемегенi белгiлi. Оның үстiне, мақтап, мадақтау арқылы Путиндi «жiпсiз байлауды» көздеген Буш әрекетi де ешкiмге жасырын және жұмбақ емес едi.

АСТАНА МЕН АҚ ҮЙ

Вильнюстегi саммиттен кейiн Қазақстанға келген Дик Чейни ҚР Президентi Н.Назарбаевпен кездестi. Негiзi Қазақстан – АҚШ-тың Орталық Азиядағы ең күштi серiктесi. Қазақтардың барлық iрi ұлттық мұнай жобаларына америкалық инвесторлардың кеңiнен тартылуы да тегiн емес. Елiмiздiң экономикасына салған америкалық инвестицияның көлемi — 12 миллиард доллар, ал екi ел арасындағы сауда айналымы 2 миллиард долларды құрайды. Келiссөздер барысында жаппай қырып-жою қаруларының инфрақұрылымы мен ядролық материалдарды заңсыз тасымалдаудың алдын алуға қатысты бiрқатар құжатқа, қазақстандық-америкалық үкiметтерi арасындағы өзара түсiнiстiк Меморандумына қол қойылды. Қазақстанға арнайы ат басын бұрған Чейни мұнай мен табиғи газды Орта Азия мен Кавказдан тiкелей тасымалдауға әрi энергоқорының көмегiмен әлемге билiк жүргiзудi көздейтiн Ресей қысымынан құтылуға мүмкiндiк беретiн ұзақмерзiмдiк энергетикалық келiсiмге қол қоюды көздеген болатын. Мүдделi тараптың қашан да ыққа жығылуға бейiм тұратын заңдылығын ескерсек, америкалық вице-президент қазақтардың демократиясына тек тамсанумен шектелгенiне таңқалуға болмас: «Қазақстанның 15 жылдан берi экономика саласында ғана емес, саяси тұрғыда үлкен жетiстiктерге жеткенiне АҚШ разы». Журналистермен болған баспасөз мәслихатында Чейни мырза Вильнюстегi саммитте айтқан Кремльге қатысты алаңдаушылығын тағы қайталады. Сөзiнiң төркiнi сайған. Алайда Қазақстан басшысы АҚШ пен Ресей арасында ешқандай күрестiң жоқтығын, тек Вашингтон мен Мәскеу арасында достық пiкiр алмасу процесi жүрiп жатқанын айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ