Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ АРДАГЕРЛЕРДI ҚҰТТЫҚТАДЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ АРДАГЕРЛЕРДI ҚҰТТЫҚТАДЫ

Биыл Ұлы Жеңiске — 61 жыл. Айтулы датаға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Панфиловшылар паркiнде ұйымдастырылған мерекелiк шараға қатысып, соғыс ардагерлерi мен халықты Жеңiс күнiмен құттықтады.

9 мамыр, Жеңiс күнi, Панфиловшылар паркiне халық лық толды. Кеуделерiнде ордендерi жарқыраған соғыс ардагерлерiнiң кейбiрi немерелерiмен, кейбiрi құрбы-құрдастарымен паркке жинала бастады. Ал-қызыл гүл шоқтарын сыйлаған жастарға қариялар риза болып, ақ баталарын да берiп жатты. Әскери дағдыдан болар, кешегi жас солдаттар – бүгiнгi қарт ардагерлер паркке ертерек келдi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты соғыс ардагерлерi ерекше қуанышпен қарсы алды. Айтулы шараға Елбасымен бiрге Сара Назарбаева, Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев пен қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, сонымен қатар өзге де мемлекеттiк қызметкерлер мен елшiлiк өкiлдерi арнайы келiптi. Президент Мәңгiлiк алауға гүл шоқтарын қойған соң, соғыс жылдары шейiт болған жандардың рухына бiр минуттық үнсiздiк жарияланды. Бұдан кейiн өз құттықтау сөзiнде Елбасы: «Бүгiн бiз сұрапыл соғыста опат болған ардагерлерiмiздi еске ала отырып, арамызда жүрген ақ басты аталарымыз бен апаларымызды, ағаларымыз бен әпкелерiмiздi және бүгiн бiзбенен бiрге аман-есен болып, еңбегiмен, өздерiнiң жастарға деген патриоттық тәрбиесiмен үлесiн қосып жүрген азаматтарға шын жүрегiмiзден жақсылық тiлеймiз!» – дедi. Елбасы ардагерлердiң көпшiлiгi Алматыда тұратындығын тiлге тиек ете отырып: «Ағаларымыз, өкiнiшке орай, жыл сайын азайып келе жатыр. Сондықтан мен әдейi келiп Сiздердi құттықтап тұрмын» – дедi.

Бұдан кейiн Елбасы сапта тұрған соғыс ардагерлерiн жеке-жеке құттықтап, жылы лебiзiн бiлдiрдi. Арнайы театрландырылған қойылымды да қарт майдангерлермен бiрге тамашалады. Соғыс жылдары ардагерлердi рухтандырған ескi әндер шырқалып, сұрапыл соғыстан сыр шертетiн қойылымдар да көпшiлiк назарына ұсынылды. Ескi әндердi естiп, көзiне ерiксiз жас алған қариялар да жоқ емес-тiн. Қарт майдангерлердiң көңiлi осылайша бiр марқайып қалды.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА