Жаңалықтар

ПУТИННIҢ ЖОЛДАУЫ САРАПШЫЛАРДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕДI

ашық дереккөзі

ПУТИННIҢ ЖОЛДАУЫ САРАПШЫЛАРДЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕДI

Сәрсенбi күнi әлемнiң, дәлiрек айтқанда, әлемдiк БАҚ-тардың назары Кремльге ауды. Өйтетiн жөнi де бар болатын. Бұл күнi Ресей президентi В.В. Путин өзiнiң кезектi, жетiншi дәстүрлi Жолдауын Федеральдық жиналыстың назарына ұсынды. Осыған дейiн, яғни соңғы уақытта Ресейдiң әлемдегi орнын оның энергетикасы, мұнайы мен газы ғана емес, технологиялық жетiстiктерге құлшынысы және жүзеге асыра алуы, сондай-ақ төрт бiрдей ұлттық жобаға негiз болған идеялар жиынтығы айқындайды делiнiп келсе, биыл оған орыс армиясы мен демографиялық ахуалы да айқындайды деген тың көзқарастар қосылып отыр. Дәстүрлi Жолдау биыл әдеттегiден әлдеқайда көп кешiктi. Сарапшылар мен мамандар бұл кешеуiлдетудiң мәнiсi-В.Путин мемлекеттiк шенеунiктер мен бюрократизм ұйығына белшесiнен батқан функционерлердi жөнге салып, шiлде айында Санкт Петербургте өтетiн "үлкен сегiздiктiң" саммитi қарсаңында халықаралық жағдайға көп көңiл бөлiп, тосын ұсыныстар жасайды деген ұйғарымға келген болатын. Бiр жағынан осылай болып шықты да. В.Путин ә дегеннен-ақ өзара айрықша қарым-қатынастары нәтижелерiнде заңсыз пайда тауып отырған шенеунiктер мен бизнес өкiлдерiнiң иманын үйiрiп, одан әрi «бiз кейбiреулердiң сыздаған шиқандарына тидiк, бұдан былай жанды жараларын тырнай беремiз» деп ашық мәлiмдедi. Осынау астарлы сөздердiң тасасында әлемдiк БАҚ-тарда талай талқыланған ЮКОС-тың иесi М.Ходорковский, Лебедев сияқты олигархтар мен Ресейдегi Березовский бизнесiнiң жайттары жатқаны аян. Бiр сөзбен айтқанда, В.Путин өз сөзiнiң үштен екiсiн нақты Ресей жағдайына арнап, алдағы ұзақ жылдарға, кейбiр сарапшылар айтқандай, "алдағы он жылға" арналған ұлттық бағдарламаның нобайын түздi. Мәселен, балалар тууын қолдауға бағытталған ұлттық бағдарлама алдағы 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастамақшы. Сондай-ақ, В.Путин елдегi жетiм балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқан 200 мыңнан астам балалардың тағдырына да асқан алаңдаушылық бiлдiрдi. "Өз елiне сүйiспеншiлiк – өзiнiң отбасына сүйiспеншiлiктен басталады" деген қорытынды жасаған РФ президентi елдегi патриоттық тәрбиенi жолға қою, жастар арасында отаншылдық рухын дамыту, отбасына, туған үйдi ардақтау сынды ежелден келе жатқан құндылықтарды қайта ояту қажеттiгiне де тоқталды. Ең бастысы, Кремль билiгiне келгелi берi өзiнiң табандылығы, батылдығы, тiптi, өктемдiгiмен саяси қайраткерлер арасында айрықша көзге түсiп жүрген Владимир Путин бұл жолы Ресей армиясының жағдайына айрықша назар аударды. Ол "жанталаса қаруланудың аяқталғаны туралы әңгiме қозғауға әлi ерте " дей келiп, бiз "қырғи-қабақ соғыстың" қателiктерiн-әскери құрылыс мәселелерiн экономика және әлеуметтiк салаларға нұқсан келтiру арқылы шешудi қайталамауға тиiспiз" дедi. Және көршi алып елдiң басшысы 2008 жылы Ресей армиясының үштен екiсi кәсiби тұрғыдан жарақталып, кәсiби әскерлердiң саны 1 млн. адамнан асуы керектiгiн де айрықша атап өттi.

Алып көршiмiз жанталаса қарулануды қайта тiрiлтуге бағыт ұстанып отыр. Мұның өзi қандай нәтижеге алып келерi белгiсiз. Бiрақ, Тәуелсiз елдер әлден-ақ алаңдай бастағаны байқалуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ