Жаңалықтар

АҚБӨКЕНДI ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ҮШIНШI КЕЗЕҢ

ашық дереккөзі

АҚБӨКЕНДI ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ҮШIНШI КЕЗЕҢ

«Seimar Social Fund-ның» ақбөкендердi қорғау акциясын бастағаны жөнiнде бұдан бұрын да айтып жүргенбiз. Өткен жылдың маусым айында басталған аталмыш жобаның жақсы көрсеткiштерi де жоқ емес. Арнайы табиғатты қорғау ұйымдарымен бiрлесе отырып, жүзеге асырылып жатқан «SOS-сайга» жобасы өзiнiң алғашқы нәтижелерiн де бере бастады. Бiр жыл iшiнде, табиғаттың сұлулығы боп саналатын ақбөкендердi қорғау үшiн талай шаралар жүзеге асыпты.

Қорғау алаңдары кеңейтiлiп, тексерушiлердiң iс-сапарлары көбейтiлдi. Бiр өзi жиырмаға жуық бөкендердiң обал-сауабын жүктейтiн түз тағысының да саны азайыпты. Арнайы құрылған топтардың көмегiмен бес адам қолға түсiптi. Осы уақыт аралығында әртүрлi бейнематериалдар әзiрленiп, аталмыш жоба бойынша, деректi фильм дайындалды.

Сондай-ақ, «SOS-сайга» жобасы негiзiнде табиғат қорғау ұйымдары қызметкерлерiнiң арасынан үздiктердi де анықтады. Қордың ұйымдастыруымен үздiк аңшы инспекторларға арнайы сыйлықтар да тағайындалыпты. Түрлi-түстi теледидар мен спутниктiк антенналарға ие болғандардың қатарында: Б.О.Бимендиев, И.Н.Шмидт, Ж. С. Сейсенбиев, Б.Рамазанов, С.Тоқбергенов, Ю.Якименко сияқты азаматтар бар. Сондай-ақ, арнайы жабдықталған КАМАЗ жүк көлiктерiнiң кiлттерi де табиғатты қорғайтын азаматтарға табыс етiлдi. Жан-жануарларды қорғау, оның iшiнде табиғаттың сұлу жаратылыстарын сақтау – бұл жобаның басты мақсаты. Осы орайда, «Seimar Social Fund» әдеттегiдей журналистердiң де рейдiн бастағалы отыр. Арнайы тiлшi қауымнан құралған топ мамыр айының iшiнде өздерiнiң кезектi iс-сапарына шығып, аңшы инспекторлармен бiрлесе отырып, жұмыс бастамақ. Әрi бұл сапар түн қатып, ақбөкендерге жортуыл басталатын кезеңмен тұспа-тұс келiптi.

Гүлзина Бектасова