Жаңалықтар

АЙТЫП, АЙТПАЙ НЕ КЕРЕК...

ашық дереккөзі

АЙТЫП, АЙТПАЙ НЕ КЕРЕК...

Жазушы Нұрқасым Қазыбекұлы бiрнеше кiтаптың авторы. Бiрқатар шығармалары өзге тiлдерге де аударылған. Көңiлге түйгенi көп, айтары мол қаламгер. Ол Тәуелсiздiгiмiздiң алғашқы жылдарынан бастап-ақ қоғамдық өмiрге белсене араласып, публицистикалық мақалаларға ден қойды. Ұлт мүддесi тұрғысынан ұтымды, шымыр да ширақ, тың пiкiрлерiн өзi қызмет еткен «Түркiстан» газетi арқылы көпшiлiктiң назарына ұсынған. Мiне, Нұрекең жетпiстiң асқаралы биiгiне де шықты. Өткендi саралап, алдағыны болжап, бағамдап сөз айтатын кемел жаста. Ол жуырда ғана редакцияға сиясы кеппеген жаңа мақаласын әкелдi. Қадiрлi оқырман қауым, қарымды қаламгердiң осы туындысымен сiздер де танысып, ой бөлiсiңiздер.

Осы күнi “Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы” деген атау қалыптасты. Дәл сол сөз шындыққа жанаспайды-ау? Тiптi басқа саяси астарларын, қатпарларын былай қойғанда “дос” елдердiң өздерi де бiр-бiрiне тәуелдi емес пе?

Баяғыда, қытайдың бiр саяси оқулығынан оқығаным бар, таудағы бiр кекiлiк не қоян да жалғыз өмiр сүре алмайды. Оларға да күллi табиғат заңдылығы сияқты өнiп-өсу керек. Демек, еркекке – ұрғашы, ұрғашыға – еркек, өсiмдiкке – тозаңдану… Осы тектес нәрселердiң бәрi күллi табиғаттың бiр-бiрiне тәуелдiлiгiнiң белгiсi. Бұл ақиқат ешқандай дәлел тiлемейдi. Ендеше, он сегiз мың ғалам бiр-бiрiне тәуелдi. Айталық, өсiмдiк – топыраққа, топырақ – ауа мен суға, су – бұлт пен жаңбырға… Қойшы, әйтеуiр кете бередi, кете бередi. Ендеше осы “Тәуелсiздiк” деген жалған ұғым қайдан шыққан, оны кiм шығарып жүр?! Тiптi, Құдай қыңыр етiп жаратқан ақын Өтежан Нұрғалиевтың да, үкiметтен көмек стипендия алғалы берi бетi түзелiп қалыпты. Түнеукүнi “үйiме келiп шәй iш” дейдi. Сөйтсем жаңа пәтер алыпты, орденi тағы бар. Ендеше ол да еңбегiнiң дұрыс бағалануына сай құрметке, көмекке тәуелдi екен. Бәрiмiз де солаймыз. Оған таңдай қағып, таңғалу артық.

Ел iшiндемiз ғой, естiп жүремiз, әдетте Елбасы ананы өйтпейдi, мынаны бүйтпейдi, айтатын тiл, еститiн құлақ болмай жатыр дейтiндер, Құдайға шүкiр, баршылық. Ал солай деп арманда боп жүргендердiң де бiрнешеуiн Елбасы қабылдауында болған жақсы мен жайсаңдардың арасынан көрген кездерiмiз болды. Жұрт қатарлы сөз де алды. Алайда, “мықтылардың” бәрi мұндайда баяғы ауылдағы жорғасынан танып қалады, көпшiлiктiң уәжiн ұмытып, жеке бастарын күйттеп, алғыс айтудан аспайды. Халықтың мұң-мұқтажы, бүгiнгi көкейкестi мәселелерiн мүлдем естерiнен шығарады. “Бұл қалай?” дегендерге жауабы дайын: “Уақыт жетпедi”.

Бiздiң көкейiмiзде: “Ендеше неге сол аз уақыттың iшiнде айтылған марапат сөздердiң орнына, көңiлдегi көп түйткiлдiң, тым болмаса шетiн шығармады, арғы жағын өзi де түсiнетiн едi ғой”, – деген ой қалады.

Рас, батылдық жасаймын деп, салқын қабаққа тап болған бiрер азаматты бiлемiз. Ендеше, ең абзалы, Өтежаншылап жылуға қарай иiле салу. Ол үшiн сенi ешкiм де айыптамайды. Өйткенi, “тәуелсiз” ештеңе жоқ. Олай болса (ойымыз түсiнiктi болу үшiн), мұны да бiр-екi мысалмен дәлелдеп көрелiк.

Дәлелдiң ең үлкенi – он сегiз мың ғалам бiр Аллаға тәуелдi. Құдай құдыретiнiң күшiмен дауыл жiберiп едi, әлемдегi ең күштi мемлекетпiз, (“Құдаймыз”) деп жүрген Американың өзi есеңгiреп қалды. Әзiрше жәндiктiң кiшiсi бал арасы десек, ол да Ана-араға тәуелдi екен. Ол қойған күзет бал аралардықорда алдында тексерiп, бал жимайтын жалқауларының мойнын бұрап тастайтын көрiнедi. Мұндай мiнез ең кiшкентай жәндiк құмырсқада да бар деседi. Содан да болар осы күнi дамыған елдердiң көптеген ғалымдары жер мен судың асты-үстiндегi өлi-тiрi табиғатты зерттеуге шұғыл кiрiсiп кеттi. Ал, бiз болсақ, кеше ғана өткен тарихымызды да түгендеп, қағазға түсiрiп, экранда көрсете алмай келемiз. Басқасы басқа, ал Абылай алыс тарихқа жатпайды ғой…

Иә, тәуелсiздiктi “жоқ” дедiк. Ендi геометриялық теорема (ақиқаттығы дәлелдеудiң нәтижесiнде анықталатын математикалық сөйлем) бойынша “бар” деп дәлелдеп көрелiк. Бұрынғы тарихымызды былай қойғанда, Кеңес өкiметiнiң бодандығында болған жетпiс жыл iшiнде Қазақстан өз табысының жетi-ақ пайызын алып келiптi. Қалғаны Кеңестер Одағының үлкен қазанына құйылып отырған. Бұл – ақиқат. Бiрақ халықтың iшiнде жұмысыздық, қайыршы, ұры-қары, рэкет, террор… деген сияқты бәлелер болған емес. Тiптi, бәленнiң баласы жоқшылықтан мектепке бара алмай қалыпты дегендi де естiсек, құлағымыз керең болсын. Ал осы ақиқат тәуелсiздiктен кейiн мүлде жоққа шығарылды. Бар бәленi социалистiк жүйеге жаптық. Сенейiн десем, көршiмiз Қытай әлi сол жүйемен өмiр сүрiп келедi. Әлем ақпараты оның экономикалық даму тездiгiн мойындап отыр. Мойындамасқа шарасы да жоқ. Барлық елдiң базары да, тауары да соныкi. Бұл жай қазiр қарапайым адамдарға да белгiлi болды.

Мұны да қойшы, өзге ел, өзгеше жүйе. Салты басқа, санасы басқа. Бiздi әлгi 7+93 пайыздың нәтижесi таңғалдырады. Бiздiң де “тәуелсiз” ел болғанымызға он-он бес жылдың жүзi болды. Зейнеткерлердiң зейнетақысы әлi ауызға емес, көзге тамызарлықтай. Оның ауызға қарай жылжитын түрi жоқ. Гүлжан Қарақұсова болса, әлiге дейiн ауылдағылардың тауығы мен жалғыз сиырының сүтiн есептеп әлек. Ол тауығын санап болғанша, құстұмауы да айналаны қоршап келiп қалды.

Ал елiмiзге заңсыз кiрiп алған келiмсектердiң жөнi басқа. Олардың саны қазiрдiң өзiнде миллионнан асып кетсе керек. Ол дегенiңiз кiшiгiрiм бiр мемлекеттiң халқы. Парақорлық тiрi тұрған кезде оларды елден толық шығару мүмкiн емес. Бұлардың алды бiздiң елiмiзге “тәуелсiздiгiмiздiң” алғашқы жылдарында-ақ ене бастаған болатын. Мен бұл туралы әлденеше рет жазып, газет-журналдарда жарияладым да. Ендi соның бiр мысалын келтiрейiн.

Бiрде бiздiң үйге Қытайдан төрт-бес жiгiт келiп қонақ болды. Iшiнде Асқар деген домалақ қарасы шатып-бұтып орысша сөйлеп отырды. Күртiнiң Бозай жағында ма, әйтеуiр Iлеге жақын бiр жерде қауын-қарбыз егедi екен. Күдiктене қарадым да үндеген жоқпын. Соны байқаған бiреуi: “Аға, Асқарды қазақ дегенге сенiп қалдыңыз ба, бұл нағыз хансу (қытай)”, – деп қалды. Бiз мән бермеген болып, көңiл аудармадық. Бұлар кеткен соң әлгiлердiң бiреуi: “Жаңағы Асқарымыз менiң қытай екенiмдi неге айтасың” деп бiзбен төбелесiп жатыр”, – деп телефон соқты. Оған мен не дейiн?..

Баяғыда Мұқағали ағаң:

“Алматым әсем қала, сайқал қала,

Жем болған Балтыққа да, Байқалға да”, – деген екi жол өлеңiне бола КГБ-ның бақылауында тұрады екен деп еститiнбiз. Ал бүгiн бiзде ол да жоқ сияқты. Ендеше бiздi “Асқар” сияқты жақын көршiмiздi былай қойып, мұхиттың арғы жағындағылар да жей бастаған жоқ па… – деп күлген болдым.

Сол кезде жазушы Тұрдақын Жексенбаевтың бiр сөзi есiме сап ете қалды. Ол өзi демалыс күндерi табиғат аясына шығып серуендеудi жақсы көретiн адам. Бiрде балаларын ертiп, Медеуге барып, ары қарай тау биiгiне көтерiледi. Балаларына жер шалғайын таныстырады. Тау-тас, өсiмдiк, аң-құстар туралы әңгiме айтып отырып, тоспаның табанындағы қойтастарды аунатып жүрген төрт-бес адамға көзi түседi. Әлгiлердiң оқыс қылықтарына қызығып, бақылай бастайды. Сәлден соң әлгi тастарда “Жұңхуа рин миң гүң хы го” (Қытай Халық Республикасы) деген қытайша жазу шығады. Сол сәт бала жасынан берi Қытай қулықтан хабары бар Тұрдақынның iшi қып ете қалады.

Мына жазуды ендi бiр су тасығанда құм басып қалады. Содан соң бiрте-бiрте жер асты ескерткiшiне айналады. Кеше 1940-50 жылдары менiң бала кезiмде тiрi қытайды өте сирек кездестiретiн Шыңжың өлкесi бүгiн құмырсқаның илеуiндей. Қорғастан берi асып төгiлуге шақ тұр. Уақыт өте келе мына жер бiздiкi, нанбасаң Медеу тоспасының табанын қазып көрелiк демесiне кiм кепiл?..

Сөйтiп Тұрдақын балаларын ертiп төменге түсiп, әлгi тастардың жазу ретiн бұзып тастайды. Оның бұл сөзiне әуелгiде күлгенбiз. Байқап отырсақ ол Қытай ежелгi тәсiлi бойынша ақырын-ақырын мысықтабандап қойнымызға кiрiп келе жатқан сияқты. Айталық, өткен жылы қытайлар жаңа жылын Алматыдағы ұлттық кiтапханада тойлағанын теледидардан көргенбiз. Ендi мiне, мемлекеттiк туымызды “меншiктену” пиғылын теледидардан тағы да көргенде жүрегiмiз су ете қалды. Сабан астынан су жүгiртетiн жымысқы саясаттың қалай бет алғанын байқамай қалған түрiмiз бар. Иә, солай!..

Қазiр қытайлар Қазақстанға кiлең қалталылары мен сауаттыларын жiберiп жатыр. Оларға iлесiп келiп жатқан тобырлары да аз емес. Бұлар әбден орналасып алған соң кедей-кепшiктерiн шақырып, қара шегiрткедей қаптатады. Соларға жұмыс iстетiп, қожайындары барып-келiп, екi ортаны жол қып жүредi. Бүйтуге қытай үкiметi ерiк берiп отыр. Өйткенi шетелде жүрiп кәсiппен шұғылданып, зауыт салып, табыс тапқандары бар байлығын өз елдерiне жiберiп, кәртайғандары қайтып кете бередi. Орнын жастары басады. Сөйте-сөйте олар ендi тұрақтап қалуға ұмтылады. Ақыры солай болады да. Болып та жүр. Өйткенi, бiздiң шенеунiктер қарындарының бүгiнгi тойғанын ғана ойлайды. Бұған қызылордалықтардың КТК-телеарнасындағы үнi куә. Онда қытайлардың жергiлiктi халыққа тимеген жер телiмдерiн иеленiп жатқаны айтылады (4.04.2006 жыл). Сол үшiн қытай өкiметi шетелдегi қытайлардың өз елiндегi туыс-туғандарының құқын қорғау, сондай-ақ отанына қайтып оралғандарының құқын қорғау туралы арнаулы заң қабылдауды сексенiншi жылдардың басында-ақ қолға алған болатын.

Қытайдың халық әнiнде: “Жау қашса – қуамыз, қуса – тығыламыз” – дейтiн өлең жолдары бар екен. Байқайсыз ба, бұлардың беталған бағытынан өмiрi шегiнбейтiндiгi, ұрпағын да осы рухта тәрбиелейтiндiгi көрiнiп тұр.

Ол ол ма, Қытай мың жылғы кегiн ұмытпайтын халық. Олар Шыңғыс ханның үстемдiгiнен құтылған күнiн (тамыздың 15-жұлдызын) әлi тойлайды. Олайы, қытайлар дәл осы күнi: “Мұңғұлдарды өлтiрiңдер!” – деп, бауырсақтың iшiне хат салып таратып, жеңiске жеткен екен. Сөйтiп бұл күнi қытайлар қуанып, мұңғұлдар аза тұтатын күн болып, салтқа айналған деседi ескi көздер.

Ал мұндай деректi пiкiрлердi баспасөзде жариялағаныңмен қазiр оны көп ешкiм оқымайды, радионы тiптi де тыңдамайды. Телеканалдарды қашан көрсең де әрқайсысында белгiлi бiр топтың адамдары жиналып алып, мәжiлiс құрып отырады. Халық оларды тыңдай-тыңдай жалыққан. Сiрә, оларда сарқылған болар, тыңдаушыларды селт еткiзетiндей тың пiкiр айтатындары жоқтың қасы. Теледидарды ашып қалып: “Е, Құдай-ау, мынау әлi сөйлеп отыр екен ғой!.. – деп тетiгiн баса саласың. Одан құтылудың бұдан басқа оңай жолы жоқ. Осындайда Қытайдың Чеховы атанып кеткен жазушысы Луцинның “Мұң” деген әңгiмесi ерiксiз еске түседi. Оқиғасы қысқаша былай: Жалғыз ұлын қасқыр жеп кеткен жесiр әйелдiң мұңын тыңдаушылар әуелгiде қайғысына ортақтасып, бiрге жыласады. Ендi ол байғұс шерiн тарқату үшiн мұңын бiреулерге айтуды кәсiпке айналдырады. Алайда оның мұңын тыңдай-тыңдай мезi болған жұрт ендi одан қашатын болады. Бiздiң телеканалдардың қалыптасқан “шешендерiнен” де көрермендер дәл осылай қашатын шығар деген ой мазалайды. Әсiресе, әлгi бiр саясатшылардың “Күлтөбе” деген дөңгелек стөлiнде (оншақты адам сөзге таласып отыратын) тiптi мән жоқ. Уақыт жүргiзушiнiң әркiмдi аузынан қағуымен-ақ өтiп кетедi.

Қазақстан кең байтақ. Оған мақтанамыз. Дұрыс. Ал онда жалғыз эколог бар. Мельс Елеусiзов. Оған теледидардан мұндай топ құрып, ой өрбiту былай тұрсын, жалғыз өзi-ақ шығып: Каспий, Арал, Балхаш, Ертiс, Iле, Сырдария… мұңдарын шешiлiп бiр айта алмай жүр. Мұндайда Америка ерiксiз еске түседi екен. Оңтүстiк Америкадағы Амазонка әлемдегi ең үлкен өзен. Укаяли саласының басталуынан 7 000 км, алабының ауданы 7 180 км2 . Амазонкаға көптеген салалар құяды. Жиырма саласының ұзындығы 1500-3500 км. Тереңдiгi орта ағымда 70 м, сағасында 15-45 м. Мұхит кемелерi өзен сағасынан 1690 км-ге дейiн көтерiле алады. Жалпы iшкi су жолының ұзындығы 25 мың км-ден асады екен. Құстың 2000 түрi мекендейтiн көрiнедi. Басқа да хайуанаттардың түрлерi санап тауысқысыз. Айтпағымыз – Американың осынша дүниенiң қылшығын қисайтпай ұстап отырғандығы. Бұл – бiр. Екiншiсi – өзгелердiң тоқымдай жерiнiң байлығына көз алартып, күл талқанын шығарып, тоздырып жатқандығы.

Ұлтымызға төнiп тұрған бұдан да гөрi қауiптi апат – тiлiмiзге төнген апат. Мұны пәрмендi түрде тездетушi күш жарнамалық (реклама) басылымдар, олар елiмiздегi, керек болса, бүкiл әлемдегi қалталыларды жаулап алған. Солардың әрқайсысынан бiр тамшы тамса да жарнамалық газеттерге тамады. Ал олар түгелдей орыстiлдi. Жарнама қазақшаға пысқырып та қарамайды. Оны сен ешқандай заңмен тежей алмайсың. Бұл – елiмiзде тоқтаусыз жүрiп жатқан және аса күштi екпiн алып кеткен ағын. Қазiр осы ағынның тасқыны қазақ деген халықтың тiлiн де, дiнiн де, салт- дәстүрiн де өзiнiң топанымен илеп, ағызып келедi. Оған тағы бiр жағынан ағылшын тiлiнiң екпiнi келiп қосылуда. Осы жарыса аққан екi арнаның тасқыны түбiнде әлемдегi бiз сияқты халықтардың ең алдымен тiлiн жиып-терiп апарып, бiр арнаға құятын түрi бар. Билiк басындағылар мұны әлден-ақ мойындап қойған сияқты. Өйткенi олар тарапынан бұл ағысқа шынайы қарсылық байқалмайды. Неге десеңiз, қазақ тiлiне сұраныс жоқ деген сұмдық жауап ең алдымен туристiк шолушылардың аузымен айтыла бастады. Сөйте-сөйте бәрi де осылай жырлайтын күн жақын. Бұған, әйтеуiр өз басым сенiмдi. Алайда, Құдайдан жатсам-тұрсам: “Менi-ақ өтiрiкшi ете көр!” – деп тiлейтiнiм анық.

Бiрақ бәрiнен де үлкен бiр қауiп мазалайды. Ата Заңымыздағы 41-бап, 2-тармағының: “…Республика президентi болып… мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда кемiнде он бес жыл бойы тұратын республика азаматы сайлана алады” деген сөз шошытады. Осы уақыт iшiнде қазақ тiлiн өзiмiздiң қазақ чиновниктерден артық меңгерiп алған шетелдiктер баршылық. Мұнысы, бiр есептен, ұлтымызды сыйлағандығы шығар. Бiрақ ертең қолына ел билiгi тие қалса, кеменi қалай бұрарын кiм бiлiптi?! Қол иiнiне тартпауы мүмкiн емес қой.

Қазiр онсыз да бiзде күдiктенетiн жайттар аз емес. Айталық, елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi он-он бес жыл iшiнде өндiрiс айтарлықтай дамыды. Қысқасы, ұлттық табыс жыл сайын пәленбай пайызға өсiп отыр. Ендеше, неге коммуналдық төлемдер мен халық тұтынатын тауарлар жыл сайын қымбаттайды? Әлгi өсiмдер (пайдалар) қайда кетiп жатыр? Қазiр халықтың көзi осыған жетпей дал. Әсiресе қарапайым зейнеткерлер қатты қиналуда. Өйткенi зейнеткерлердiң зейнетақысының өсiмi бағаның өсуiне, қымбатшылыққа iлесе алмай келедi. Ол ол ма, бiзде Қазақстан Республикасының талаптарына сай келмейтiн әрекеттер де аз емес. Ондай әрекеттерге қылмыскерлер ғана емес, жауапты орындардағы лауазымды адамдардың жиi баратындығы өкiнiштi. Айталық, бiр кезде Қытайға темiр тасыған машиналар Қорғастан Iленiң көпiрiне дейiн қонай-түней кезекте тұратын. Бұл – көрнеуi. Ал жасырыны туралы да әңгiме аз болған жоқ. Телефон сымдарын ұрлап, тоққа түсiп өлгендер, темiр қалдықтарын жиямын деп радиацияға ұшырағандар туралы да жиi естимiз. Алайда осы үшiн бiрде-бiр жауапты қызметкердiң айыпталғаны туралы хабар естiген емеспiз. Сонда қылмысты тек қарапайым халық қана жасайтын болғаны ма?!

Бiр таңғаларлығы, көп өтпей-ақ сол темiрлер шегiртке мұрт ақ машина болып, Қытайдан қайта келiп, өзiмiзге сатылып жатты. Әуелгiде дауысының адам құлағына жағымсыз, жүйкеге керi әсер ететiндiгi туралы да байқағандар болды. Ол жайында бiрдi-екiлi пiкiр жазылды да. Көп кешiкпей, өз-өзiнен өртенiп кеткендерiнiң күйелеш-күйелеш қаңқасын Алматы қаласындағы Абай даңғылының бойынан да, екi-үш жерден кезiктiргенiмiз бар. Ал өртенбегендерiнiң де шекесi қызып тұрғаны шамалы. Осы күнi көше бойы бұзылып қалып, жолаушыларды жаяу шұбыртып қоятындар да – сол Қытай автобустары. Оны айтасыз қысып, тапшы жасалған орындықтарына сәл ұзындау адамдар екi бүктелiп, отыра да алмайды. Бұған да бiреу жауап берiптi дегендi естiген емеспiз. Қызық. Қызық болғанда да, өте таңғаларлық қызық. Олай болатыны – кеңестiк кезде, ондай келеңсiздiктер түгiлi, қисайып қалған үтiр үшiн кемiнде екi адам (редактор, корректор) жауап беретiн. Кейде жұмыстан да қуылатын. Бұл күнде бәрi керiсiнше…

Мұндай қызықтар көп-ақ. “Тәуелсiз мемлекетпiз” деймiз. Ал сол тәуелсiз мемлекеттiң таза мемлекеттiк тiлiнде хабар беретiн бiрде-бiр телеканалы жоқ. Орыстiлдi “Еуразия” каналы үздiксiз Ресейдiң хабар-ошарын таратып, жырын жырлайды.

Ұлы көршiмiздiң тыныс-тiршiлiгiнен хабар берiп отыру үшiн бұл да дұрыс шығар. Сонда олар бiз туралы пысқыра ма екен?!

Қоғамдағы осындай-осындай түйткiлдердi бiздiң қолында билiгi бар шенеунiктерiмiз ұсақ-түйек деп қарайтын сияқты. Өйтсе, қателеседi. Өйткенi тас та құмнан құралады. Байқайсыздар ма, КТК телеарнасының “Күн-дерек” хабарының соңында қайталанатын “Ел-Жұрт” тұрақты айдарында бiлген адамға көп нәрсе айтылады: Көз жасы көл боп, жылап тұрған аш-арық келiншек, бiрi қол диiрменiн тартып, баласын жұбатып, шүкiршiлiк жасап отырған, екiншiсi – қарғыс жаудырып, налып тұрған әйелдер, тот басқан темiр-терсек арасында, тұзды сордың үстiнде боздап келе жатқан жалғыз түйе, қараша үйде қан аздығынан есiн жия алмай, мәңгiрiп отырған отағасы, әйтеуiр бiр жерде таңы жарқылдап мәре-сәре билеп жүрген “сұлу бикеш”, елге ақыл айтып тұрған галстугi шоқпардай шенеунiк… Осыған байланысты: билiктiң де, оппозицияның да түбiне, тегiнде, асырасiлтеушiлер мен жағымпаздар жететiнiне сенгiң келедi. Олайы, бiрте-бiрте мақтауға кез келген басшының етi үйренедi. Бара-бара мақтау есту – оның қажеттiлiгiне айналады. Мәселен, Мао да, Л.И.Брежнев те көз алдымызда осылай болған жоқ па?! Айталық, Брежнев жазушы болып “Тың» эпопеясын жазды, Мао атақты 16 өлеңнiң авторы болып, оны оқулыққа кiргiзiп, барлық адамға жаттатты. “Тек менiкi ғана жөнге” көштi. Ақыры қалай болғаны әлемге аян. Бұған түсiнiк беру қажетсiз шығар.

Ал Д.А.Қонаев туралы сөз басқа. Ол кiсiнiң өз қолы өз аузына жетпей кеткенi барлығымызға белгiлi. Ешқашанда Мәскеуден асып, өз ақылына сай тәуелсiз билiк жүргiзе алмады, заманы солай болды.

Бүгiнгi бiздiң қоғам осы бiр кешегi жақын тарихты көрiп-бiлiп отыр.

Ешкiм де ұмыта қойған жоқ. Алайда оны ескерiп жатқан да ешкiм жоқ сияқты. Оның есесiне, егер естiп-бiлiп жүргендерiмiздi бүкпесiз айтар болсақ, “ендiгi жерде Елбасы кiм болады?” деген тақ таласы басталып кеткен түрi бар. Сонда халықтың тағдырын кiм ойлайды?! Рас, бүгiнде Елбасымыздың халқына билiгiнiң соңғы мүмкiндiгiн жұмсайтынына сенемiз. Бiрақ әлгiндей-әлгiндей кедергiлердi қайтемiз?!!

Ұлы көршiмiз қытайларда: “Жау қашса – қуамыз, қуса – тығыламыз” деген мақал барын жоғарыда айттық. Ешқашан “қашамыз” демейдi, “тығылады”. Демек, шегiнбейдi деген сөз. Онысын көзiмiзбен көрдiк. Әуелгiде Қытайдың iшкi өлкелерiнен жер аударылып келгендерi есiк алдындағы арықта шалшық суда жүрген бақаларды: “қаншаға сатасыздар?” деп өтiнiп сұрайтын. Солар осы күнi сол өлкенi түгел билеп алған. Кейбiреулерi жергiлiктi халықтардың салт-дәстүрiн де үйренiп, әбден меңгерген. Қазақтың тойларында өлең айтып, көкпар тартады екен. Әсiресе соңғы кездерi Шығыс Түркiстанға қаптап келiп жатқан қандастарынан жер-суды жергiлiктi халықтан гөрi қаттырақ қызғанатын көрiнедi. Бiрақ олардың да амалы қанша?! Ол түгiлi, бiзге де асып-төгiлiп келiп жатқандары қаншама?! Алайда бiзге келiп жатқандар әлгi судағы бақаға саудаласатындар емес, керiсiнше, кейбiр лауазымдыларымызды доллармен алдап, жерiмiзге дендеп кiрiп жатқандар. Ендi бұлардан айығу қиын шаруа. Өйткенi, қаныңа тойғанымен, денеңде тұмсығы қалатын таскене сияқты халық. Оның денемiзде қалатын тұмсығы: әлгiбiр кезiнде Қазақстанда елшi болған, бүгiнде жоғары лауазымды Қытайдың “Құдай да әдiлетсiз ғой, азғантай қазаққа берген жерiн қара, бiзге берген жерiн қара!” – деген мазмұндағы әзiлсымақ наразылығы .

Былай қарағанда, қазiргi жағдайда, оның бұл сөзiнде шындық та бар сияқтанады. Бiрақ ондай ойласа – мүлде қателеседi. Егер ол әдiл болса, ең алдымен қазақтың неге өспей, аз халық болып отырған себебiн айтуы керек. Әрине, оны айтуға оның аузы ешқашан бармайды. Бармайтын себебi: ол Ұлы қорғаннан басталған ұзақ сапарында бүгiн ат басын қайда, қалай тiреп отырғанын бiзден жақсы бiледi.

Ал ол керiсiнше: “Қазақ халқының жерi әлi де болса жетерлiк әрi өте бай, сөйте тұра қазақ неге кедей?” – десе, сөз басқа едi.

Бiз жауапты осы “негенiң” жауабынан iздегенiмiз жөн. Мүмкiн ақылсыз; мүмкiн бiлiмсiз; мүмкiн жiгерсiз; мүмкiн, қорқақ… Ендi осы сұрауларға жауап iздеп, зерттей бастасаң, бұлайша күмандануыңа еш негiз қалмайды. Сонда қалай? Мiне, ақылды азаматтардың ендi дұрыстап ойлануына тура келедi. Егер ондай азаматтар бар болса…

Әрине, бар, тiптi аз да емес. Бiрақ олардың бәрi баспасөзде, теледидарда кiлең саясатпен алысып әуре. Қазақ тiлi сол саяси тақырыптың, дау-дамайдың ең алдыңғы қатарында. Алайда қазiр “Бiреу тойға айналғанда, бiреу қойға айналыптының” керi келiп тұр. Айталық, орыстiлдi телеарналар күнi-түнi нешетүрлi мультфильмдердi көрсетедi, оған “Ералаш” сияқты хабарларын қосыңыз. Демек, қазақ балалары ұлттық тәрбиенiң жұтаңдығынан әлi күнге зардап шегiп келедi. Олайы, бүгiнгi ұлттық тәрбиенiң негiзiн ұлттық мультфильмдер, балаларға арналған сан алуан ойындар құрайды. Бұл бiзде бұрын да, бүгiн де жұтаң. Ешқандай саяси митинг, ұран, насихат – балалардың дәл бүгiнгi өз өмiрлерiнен жасалған мультфильмнiң қызметiн атқара алмайды. Қазақша балабақшаң да мұның қолына су құя алмайды.

Бiздiң қазiргi “қазақ балабақшасы” деп мәз болып жүргенiмiздiң бәрi бос сөз. Бұлайша тұлыпқа мөңiреп, уақыт өткiзе берсек, ұтылған үстiне ұтыламыз. Оның үстiне, бiз де Мәскеудiң (Масликовтың) КВН-ы сияқты жастарды елiктiрiп әкететiн қазақтiлдi телеойындар әлi қалыптаса қойған жоқ. Тек сөз сауумен ғана шұғылданып келемiз. Бұған теледидардағы орыстiлдi хабар-ошарлардың басымдығын қосыңыз. Бұлай деуiмiзге себеп көп. Кейде теледидардың көп каналынан ит жүгiртiп iздеп, бiрде-бiр қазақшаны кездестiре алмай, iшiмiз кебетiн кездер жиi болып тұрады, әсiресе, мереке күндерi. Ойлайсың: “Бұл қазақтар қайда кеткен?” – деп. Олайы, қазiр бiздiң тойлайтын кезiмiз емес, ойлайтын кезiмiз! Ендеше, мұндай харекетсiздiгiмiзге жол болсын?!

Дамыған елдер, оның iшiнде Америка неге “демократияшыл”? Демократияны неге алдымен өзi орындамай, өзгелерге тықпалай бередi? Өйткенi, демократияның екi жағы бар. Бiрiншiден, адам құқын қорғайды. Екiншiден, адам құқын қорлайды. Қорғайтыны – бiз қарапайым халық билiк иелерiнiң жүгенсiз зорлық-зомбылықтарына қарсы шыға аламыз. Қысқасы, барлық жағынан құқымыз қорғалады. Ал қорлайтыны – осы еркiндiктi (демократияны) пайдалана отырып, кейбiреулердiң ұлттық мүддемiзге қайшы келiп, салт-дәстүрiмiздi қорлайтын, дөрекi әрекеттерiне де жол ашады. Олайы, демократия – олар үшiн де демократия. Бұл жағынан алғанда демократия – қоғамдағы берекесiздiк пен тәртiпсiздiктiң қайнар көзi. Қазiрше бiзге демократияның осы жағын тежеп ұстау маңызды. Бiрақ мұны диктатураға айналдырып жiберу – қауiптi. Ел үшiн, қоғам үшiн ақылды да ұстамды, әдiл бастық осы үшiн қажет. Өйткенi, әдiлдiктiң қуаты қашанда өз бойында сақталады. Бұл – тарихта сан рет дәлелденген ақиқат.

Бiрақ әдiлетсiздiк пен қиянат та етекке жабысқан ошаған сияқты бәле. Осы ошаған тұқымдас өсiмдiктiң ең ұсағы – “Кәрi қыз” аталады. Үлкендiгi тарыдай ғана. Одан етегiңдi тазалау қып-қызыл бейнет. Бүгiнде саясаттың да, әдебиет пен өнердiң де “Кәрi қыздары” қаулап өсiп тұр. Тiптi, кейде оны бүкiл жұртшылықтың көз алдында өтiп жатқан оқиғалардан да кездестiруге болады. Айталық, мына мысал бiреулер үшiн ұсақ-түйек болып көрiнер. Десек те, әдiлетсiздiк пен қиянаттың негiзi бiр. Мәселен, кейбiр мансабына сүйенiп, атақ алып алған сазгерсымақтар, тәп-тәуiр әншiлерге үзiк-үзiк, сынық-сынық дауыстардан құралған әнсымақтарын зорлап орындатып жатады-мыс. Қайсыбiр әндердi тыңдай отырып, сенесiң. Амалсыз орындаған соң, зорлық деген сол. Оны әркiмдер-ақ байқап жүрген болар. Мұндайда әншiнi аяп, бармағыңды тiстейсiң. Осындай бармақ тiстететiн оқиғалар бүгiнде жетерлiк. Бiрақ соған қарамастан әншi мен артистiң “жұлдыз” емесi жоқ. Ал ендi әншi еместерге не жорық десеңiзшi? Оны айтасыз мұндайлар өзiнiң де оңдырып тұрмағанына қарамастан қарғадай баласын жетелеп шығып, (Анау деген танымал әншiлерге елiктегенi шығар) өзге елдiң: ағылшын ба, француз ба, әйтеуiр бiреудiң әнiн айтып, шатып-пұтып тұрғанын көргенде қаның қайнайды. (Әрине, бұл жердегi әңгiме “Суперстардың” әншiлерi туралы емес. Әйтседе, орындаушыларынан тартып алқабилерiне дейiн денi қазақ бола тұра жүргiзушiлердiң бiрiнiң мемлекеттiк тiлде сөйлемегенi өкiнiштi-ақ.) Өйтпей ше. Мәселен, сол ел қазақтың әнi түгiлi өзiн жарытып бiледi ме екен?! Не деген маймыл сияқты елiктегiш халық едiк. Маймыл дегеннен еске түседi, олардың осындай елiктеушiлiктерiн пайдаланған адамдар, маймылдың шабуылынан құтылу мақсатымен, өткiр пышақты өзiне оңды-солды сiлтеген болып көрсетiп, содан соң жерге шаншып, шегiнiп кетедi. Ал маймыл дереу жүгiрiп келiп, әлгi пышақпен өздерiн-өздерi жарып сап, өлiп жатады. Әрине, бiздi (ұлтты) өлтiретiн пышақ – ең алдымен тiлiмiздi, салт-дәстүрiмiздi, дiнiмiздi жою. Бұл – дәлел тiлемейтiн ақиқат. Ендеше әлгi айтылған “әншiлiгiмiз” өзiмiзге-өзiмiз жұмсап жатқан пышақ екенi даусыз.

Осы күнi бұған да таңғалуға болмайды: маймыл, ит, мысық, тышқан, қоян… бәрiн бiр тордың iшiнде өсiрiп жатқандар да бар. Ал Американың көздегенi күллi адамзатты осылай басқару сияқты.

Мұның тағы бiр қауiптi жағы бар. Қазiр не көп жарнама көп. Алайда сол “көптiң” жарнамашыларға төлейтiн ақысы да тәуiр сияқты. Сөйтiп бұл көп адамдардың кәсiбiне айналып барады. Қысқасы, қоғамды мипалау жасау барысы қарқын алған. Осындай қойыртпақ өмiр кешiп отырған жағдайда жағың қарысқыр Нострадамустың 2006-2009 жылдар аралығындағы болжамынан сескенбеуге шарамыз жоқ (Қараңыз “Жас Алаш”, 21 наурыз, 2006 жыл). Егер бұған теледидардан көрсетiлiп жатқан хабардағы (27.03.2006) Ресей халқының қазiргi сиқын (“ЧП”) көргенде, сенбеуге шарамыз қалмады. Айталық, жоқшылыққа шыдамаған бес бала өздерiн-өздерi өлтiрiптi. Маскүнем әйел өзiнiң жап-жас қызын өгей әкесiнiң (кейiнгi күйеуiнiң) қойнына салып берiп, үшеуiнiң бiр төсекте жатқанын көрсеттi. Жоқшылықтың салдарынан әйелi ұрлық жасап, түрмеге түскен жас жiгiттiң әлi жасқа толмаған сәбиiн қабырғаға соғып жаралағанын да көрсетiп жатты. Жаның түршiгедi. Сұмдық. Алайда, бұларда сол сұмдықтарға қарсы пәрмендi қарсылық, күрес те бар. Мысалға, Михаил Пореченковтың “Запретная зона” мен “Федеральный судья” телехабарларын алуға болады. Өйткенi бұл хабарларда ақиқат өз қалпын өзгертпей көрсетедi. Сiрә, әлiге дейiн iздеу салып жүрген демократиямыз осы шығар?!. Бұларға қоса, Мәскеу мен Алматы теледидарларындағы «Күт менi» хабарларының да халықтың мұң-мұқтажын өтеп тұрғанын айтқанымыз жөн.

Демек, өмiрдiң бәрi сұмдық қана емес, қызық та. Қызық болатыны – санап тауысқысыз көп қырлы. Айталық, адамның күнделiктi өмiрiнде өзiнiң және сөзiнiң құнды болуы – мiндеттi түрде қызмет дәрежесiне тiкелей байланысты. Мұндайда қазақ: “Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесiн” деген. Ал бұған керiсiнше: “Құлға да бiр билiк” дегенi тағы бар. Сөйте тұра: “Әлiн бiлмеген әлек” деп ескертедi. Мысалы былай, кесiртке жапырақта тұрған шегiрткеге сiлекейiн атып, орап тартып едi, аузына жете бере үзiлiп кеттi. Демек, кесiртке өз мүмкiндiгiнен артық жемге шабуыл жасапты. Өлшемсiздiк. Ал әлгi кесiрткенiң әлек болатыны – оның бiраз сiлекейi (энергиясы) босқа шығын болды. Табиғаттың бұл заңы бәрiне, бәрiмiзге ортақ.

Адамда анда-мұнда сананы теуiп оятатын серпiндi ойлар болады, бiрақ бiз оны дер кезiнде қағазға түсiрiп, сақтап қала бермеймiз. Бұл – көп жазушының басты кемшiлiгi. Байқайсыз ба, адамдар жабайы табиғатты таусып болып, ендi оны сағына бастаған сыңайлы. Ойласып көрелiкшi, мұндай қаймағы бұзылмаған табиғат әлемде, Американың Амазонка алқабынан басқа қай жерде бар? Өз басым бiлмеймiн. Мiне, осының салдарынан кейбiр үлкен-үлкен қалалардың адамдары әртүрлi хайуанаттар маскасын киiп, өздерi хайуан болып ойнауға мәжбүр.

Тiршiлiктiң мұндай тепе-теңдiктерi адамдар арасында да бұзылып үлгердi. Айталық, әйелдердiң бала тауып, өнiм беретiн жасы 35-40-қа дейiн екен. Осы күнi баламен үйде отырған мұндай жастағы әйелдердi ешкiм жұмысқа алмайды. Екiншi жағынан, соғысы, техникалық апаты бар, әйтеуiр ерлерде шығын көп. Осындай шырылдаған шын деректер тұрғысынан ойлағанда бүгiнгi адамзат қоғамында жесiр әйел, жiгiтсiз қыз, жетiм балалардың саны артып, салмағы ауырлап бара жатқаны анық. Бұлай деп кесiп айтатын себебiмiз – жақында “Жалынның” ұжымы Талдықорғанның қалалық әкiмшiлiгiнде кездесу өткiздi. Сонда екi жүздей әйелдiң iшiнен екi-ақ еркектiң төбесi көрiндi. Ендеше осындай жағдайда шетелге бала беру дегенiңiз барып тұрған қылмыс емес пе?! Олай болса, осы мәселенi реттейтiн заң керек деп шырылдап жүрген Амангелдi Айталы бастаған азаматтардың үнiне үкiметтiң құлақ асқаны абзал. Өйткенi, бұл үн бiз сияқты қарапайым адамдардың (халықтың) құлағына жылы естiледi. Егер мемлекет халықтiкi екенi рас болса, мұны үкiметтен талап етуге құқымыз бар деп есептеймiз.

Сансыз сапа болмайтынын Қытай iс жүзiнде дәлелдеп отырған халық. Бiз осы халықтың жақсы жақтарынан үйренiп, жаман жақтарынан жиренiп, қысқасы, ғибрат алып отырғанымыз жөн-ақ. Ал, Ресей үлгi болудан мүлде қалып бара жатқан сыңайлы… Маскүнемдiк пен нашақорлық жайлаған елде не береке болсын!.. Ендеше, бiз оның қолтығына кiрiп, баяғыша жалбақтай бермей, тепе-теңдiктi сақтауымыз керек.

Түптеп келгенде, тепе-теңдiк таразысының басына түсетiн салмақ – ұлттық ерекшелiгiмiз. Ол –тағы да: тiл, салт-дәстүр, дiн, дiл. Мұны теңестiрудiң жалғыз жолы – орысша, ағылшынша, қытайша, тағы басқа тiлдерде сайрап тұрсаң да, шетелмен қарым-қатынасты мемлекеттiк тiлде, ана тiлiмiзде аударма арқылы жүргiзу. Құдайға шүкiр, бұлай етуге қазiр мүмкiншiлiгiмiз бар. Ендеше, осындай жағдайда ұлттық идея iздеу – астымыздағы атымызды алты ай iздеудiң керiн келтiру. Егер бiз, шын мәнiнде, ұлттық идея үшiн күрессек, сол тiл, салт-дәстүр, дiн, дiл үшiн күресуiмiз керек.

Осы тұста ескеретiн бiр нәрсе – ол атам заманғы феодализмдегi салт-дәстүрдi қалпына келтiру емес, оны жаңғыртып, жаңартып, заманға лайықтап пайдалану. Мұның нысандары жоқ емес, бар. Бұл кейде қолөнер бұйымдары, киiм үлгiлерi, наурыз мерекесi, құрбан айт, ораза айт сияқты бiрқатар салт-дәстүрлерiмiзден көрiнiс тауып, қалыптаса бастады. Ендi осындайларды таңдап, талғап, iрiктеп, жаңартып, дамыту мiндетi тұр.

Бұлайша ескерте сөйлеуiмiзде де белгiлi себеп бар. Кенезесi кеуiп, қатып қалған жер әуелде су сiңiрмейдi. Бiрте-бiрте жiбiп алған соң мибатпаққа айналғанша, суға тоймайды. Адам табиғаты да сол сияқты. Мәселен, бұрын жылы сөз, мақтау естiп көрмеген адамды аяқасты мақтай бастасаң, әуелгiде бетi шымырлап, қызарып, ұялады. Сөйте-сөйте құлағы үйренiп алған соң, мақтауды тiлеп тұратын болады. Ең соңында мақтаудың мибатпағына қалай батқанын өздерi де сезбей қалады. Бұған тарихта мысал көп. Соның бүгiнгiлердiң барлығына белгiлiлерi – Сталин мен Мао. Бұдан тәжiрибе алып, өлшемiн сақтап қалған адам – Дэн Сяо-пин.

Алайда сол Дэн Сяо-пин: «Халықаралық кейбiр территориялық тартыс жөнiнде иелiк құқы мәселесiн қозғамай тұрып, алдымен сол жердi бiрлiкте ашуға болады. Мұндай мәселелердi реалдыққа құрмет етудi негiзге ала отырып, жаңа жол тауып шешу керек»,–деген екен («Дүниежүзi жағдайын орнықтырудың жаңа әдiсi»).Қазiр бiздiң елде оның осы көзқарасы жүзеге аса бастаған сыңайлы. Шынайы солай болса, әрине, қауiптi.

Нұрқасым ҚАЗЫБЕКҰЛЫ, жазушы