Жаңалықтар

ОҚУЛЫҚТАР САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДI

ашық дереккөзі

ОҚУЛЫҚТАР САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДI

Бүгiнде жалпы бiлiм беру жүйесi талай сынға ұшырап, баспасөз беттерiнде де, ата-ана тарапынан да олқы тұстары жиi айтылып жүрген бiр мәселе бар. Ол – мектептiң оқулық мәселесi. Ал осы тұста, мектеп – жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып, ертеңге жол сiлтейтiн басты баспалдақ деп санасақ, сол мектеп оқулығының сапасы бүгiнде сын көтермей отырған сыңайлы. Бұрынғы кеңестiк жүйенiң негiзiнде дайындалған оқулықты немесе солардың қазақ тiлiндегi аудармасын оқып келген жалпы орта бiлiм беру жүйесiн жаңа төл оқулықтармен қамтамасыз ету үшiн 1996 жылы арнайы бағдарлама қабылданған. Мұның аясында мектепке арналған оқулықпен қамтамасыз ету iсiн мемлекет бюджетiнен қаржыландыру және тегiн беру мәселесi қолға алынған болатын. Алайда, аталмыш бағдарламаның бағыт-бағдары дұрыс болғанмен, оқулықтардың сапасына, мазмұнына қатысты көп әттеген-ай да кездесiп жатады. Соның салдарынан көптеген оқулықтар қайта басылып шығып, мазмұны мен құрылымы өзгерiске ұшырағанымен де кейбiрiнiң оқу бағдарламасынан алынып тасталғаны белгiлi болды. Дегенмен, мұның өзiндiк себептерi де жоқ емес. Айталық министрлiк оқулықтар даярлау үшiн арнайы байқау жариялағаннан кейiн оған мектеп мұғалiмiнен бастап атақты профессор-ғалымдар да қатысты. Ал екшелеп, зерттеп, тексерудiң арқасында жаңағыдай сапасыз, жарамсыз кiтаптардың көпшiлiгiн жәй мұғалiм, оқытушы емес профессор-ғалымдардың жазғаны белгiлi болған. Осы сараптаудан кейiн қазақ тiлiндегi 82 оқулықтың және орыс тiлiндегi 87 оқулықтың сапасы сын көтермейтiндiгi анықталып, олардың көпшiлiгiн түбегейлi қайта өңдеу қажеттiгi жөнiнде министрлiк тарапынан тапсырма берiлiптi. Жақында Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданы Темiр орта мектебiнiң ұстазы өз шағымын бiлдiрдi. «Ауылды жерде оқулық жеткiлiксiз, тiптi, жоқтың қасы. Оның үстiне ата-ана баласына қажеттi оқулықтарды Алматыдан ғана алдырады. Дегенмен базардағы алыпсатардың қолында бар болса да, олар екi есе бағамен сатады. Бiр күйiнетiнiмiз, әлi ауылға жетiп үлгермеген оқу бағдарламасындағы кейбiр оқулықтар тапшы болып отыр» дегендi айтады. Iрi баспалардың өзi әлi күнге дейiн мектептердi оқулықпен толық қамтамасыз ете алмай келедi екен. Анығын айтқанда, мектепке 1-қыркүйекте барған оқушы керектi кiтабын сүйретiлiп жүрiп, әйтеуiр екi-үш айдан кейiн бiрақ алады. Осы тұста Бiлiм департаментiнiң мамандары да республикадағы барлық мектеп оқушысын 100 пайыз оқулықпен қамту мүмкiн еместiгiн жасырмайды. Сондай-ақ алдымен жетiм балаларға, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы баласына бөлiнетiн оқулықты өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Ауыл баласы ең қажеттi оқулықтан тапшылық көрiп отырған кезде, қала мектептерiнiң 76 пайызы, ауыл мектептерiнiң 73 пайызы интернетке қосылды деген ақпаратқа қалай сенесiз. Ал жыл соңына дейiн елiмiз бойынша мектептердiң 75 пайызын осы жүйеге қосу жоспарда бар деген мамандар қандай негiзге сүйенгенiн бiлмейсiң. Жарайды, бұл басқа мәселенiң арқауы делiк. Шынымен де оқулық жазатын авторлар мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы айырмашылықты елемей, әр пәннiң, әр сыныптың өзiне сай белгiлi қалыптары болатынын ескермей жазып шыққан сыңайлы. Тiптi, кейбiрi мектептегi баланың таным-қабiлетiне, қабылдау ерекшелiгiне мән бермей құдды студентке арнағандай, оның көтеретiн жүгiн салмақтамай, көзжұмбайлыққа салынған. Сол оқулық дайындауға байланысты байқау жарияланған кезде үлкендi-кiшiлi баспалар жаппай оқулық шығаруға кiрiспеп пе едi. Мiне, содан кейiн оқулық бiткендi бiр-екi кiсi бiрiгiп, жазғыш авторлар да, оның мазмұны мен сапасына қарамай баса беретiн баспалар да көбейiп кеттi. Бүгiнгi күнi айтылып жатқан мектеп оқулықтарына қатысты сынның бәрi осының жемiсi. Ендi бұдан былай оқулық әзiрлеудi бiр жүйеге келтiрiп, үйлестiрiп отыру үшiн министрлiк жанынан «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжiрибелiк орталығы ашылды. Сол сияқты бұл орталық жаңағыдай оқулықтарды сараптан өткiзiп, сапасын да тексерiп отыратын болады. Өз елiмiздiң мектептерi оқулықпен толық қамтамасыз етiлмей жатқанда, алыс-жақын жердегi қандастардың халi нешiк?! Мәселен, Өзбекстандағы қазақтардың мұңы – балалардың қазақ тiлiнде оқып, бiлiм алуы. Мұндағы қазақ балаларының бiлiм алу мәселесi соңғы кездерi тiптен қиындап кетiптi. Өйткенi, Өзбекстанның латын әлiпбиiне көшкенiне биыл 12 жыл толды. Ал мұндағы қазақ мектептерi әлi күнге кирилл қарпiн пайдаланып отыр. Сондай-ақ, олар негiзiнен өзбек тiлiнегi оқулықтарды қазақшаға аударып қолданады. Сол себептен бұл жерде қазақ оқушыларының мектеп бiтiргеннен кейiн жоғары оқу орындарына түсерде, тест тапсырған кезiнде көптеген қиындықтарға кезiгедi екен. Мiне, осыған байланысты Өзбекстандағы қазақтардың бiразы өз баласын өзбек тiлiнде бiлiм алатын мектептерге беруге мәжбүр болуда. Мұның салдарынан 586 мектептiң қазiр 524-i ғана қалған. Демек, бұл жағдай көптеген қазақ мектептерiнiң жабылуына әкеп соқты. Тағы айта кететiн бiр мәселе – өзбекстандық мектептер бiртiндеп тоғыз жылдыққа көшiп жатқанда, Қазақстан керiсiнше 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне өтпек. Келешекте бұл жағы да үлкен мәселе туғызуы мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ