ӘСЕТТIҢ ӘНIН САҒЫНЫППЫЗ...
ӘСЕТТIҢ ӘНIН САҒЫНЫППЫЗ...
Көкке оранған көктемнiң жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде Алматының үлкен сарайы ән мен жырға бөлендi. Қазақтың маңдайына бiткен талантты ұлы, композитор Әсет Бейсеуовтi еске алу кешiне әнсүйер қауым тайлы-таяғы қалмай жиналыпты. Бiр таңқаларлығы, Әсет Бейсеуовтiң әнiн тыңдау үшiн республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен ат терлетiп келген ағайындарымызды да байқап қалдық. Әншейiнде көрерменге зәру болып қалатын Республика сарайында ине шаншар орын жоқ. Осыдан-ақ, ән-жырға жүрегi жақын қазақтың Әсеттiң әндерiн ерекше сағынғанын байқадық.
Жас-кәрi деп талғамай, айтыла беретiн, кез келген ортада шырқалса да, отырыстың сәнiн келтiретiн композитор әндерiн әсем кеште нақышына келтiрiп орындаған әншiлерiмiздiң де қосқан үлесi өз алдына бiр төбе. Халық қаһарманы, бұлбұл әншi Роза Бағланова композитордың ең соңғы берген әнi едi деп, Әсеттiң соңғы әндерiнiң бiрiн тыңдарманға тарту еттi. Белгiлi әншi Майра Iлиясова талай жанның жүрегiнде жатталып қалған «Мұңайма», «Семейiм» сияқты әндердi шырқаса, кештiң сәнi мен шырайын келтiрген Мақпал Жүнiсова композитордың бiрнеше әнiн орындап, халықтың құрметi мен iлтипатына бөлендi. Ал Құдайберген Бекiштiң орындауындағы «Армандастар» әнi мен Айткүл және Қанат Құдайбергеновтер сызылта шырқаған «Жолың болсын, жолаушы» әндерi әрбiр жүректе сезiм шуағын ұялатқандай болды.
Әсет Бейсеуов әндерiнiң көбiсiне сөз жазған көрнектi ақын Серiк Тұрғынбеков те Астанадан ән кешiне арнайы келiптi. Өз кезегiнде сөз алған ақын Әсет әндерiнiң өте талғаммен жазылатындығын, сондай-ақ, композитордың кең пейiлдiлiгiн, қонақжайлылығын, адами қасиеттерiн өлең сөздерiмен жеткiздi.
Өмiрден ерте кеткен Әсет Бейсеуов тiрi болғанда 2008 жылы 70 жасқа толады екен. Ән кешi композитор әндерiнiң соңғы шырқалуы емес, талантты ұлдың шығармашылығын ұлықтаған мұндай кештер жалғаса беретiнi тағы айқын. Осы кезге дейiн талай-талай ән кештерiнiң өтуiне мұрындық болып жүрген «Жас қазақ» продюсерлiк орталығына әнсүйер қауымның да айтар алғысы шексiз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ