Жаңалықтар

ӨТЕ МЕЙIРIМДI, АСА РАҚЫМДЫ АЛЛАҺТЫҢ АТЫМЕН! ИСЛАМ ӘЛЕМIНЕ БЕЛГIЛI ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ

ашық дереккөзі

ӨТЕ МЕЙIРIМДI, АСА РАҚЫМДЫ АЛЛАҺТЫҢ АТЫМЕН! ИСЛАМ ӘЛЕМIНЕ БЕЛГIЛI ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ

Ұлы Жiбек жолының бойында, Түркiстан, Сауран қалаларының арасында, қазiргi Қызылорда облысының, Жаңақорған ауданының батыс жағында орналасқан Сығынақ қаласында дүниеге келген қазақтың даңқты перзентi Хусам-ад-Дин-ас-Сығынақидың жержүзiндегi мұсылман қауымына ортақ атақты ислам ғалымы болғанын қандастарымыз бiле бермейдi. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетi жақында ҚР Ұлттық кiтапханасымен бiрлесе отырып «Орта ғасырлық ғалым Хусам-ад-Дин ас-Сығынақидың ғылыми мұрасы» атты ғылыми-практикалық конфернция өткiздi. Жиынды ашқан ҚР Ұлттық кiтапханасының ғылыми хатшысы, ҚР мәдениет саясатының сараптаушысы Едiлхан Исмайылұлы араға ғасырлар салып халқына қайта оралған бұл еңбектердiң қазақ ғылымы мен мәдениетiне қосылған баға жетпес мұра екенiне тоқталды. Айтса айтқандай, ұлы бабамыздан қалған құнды қазына шын мәнiнде өте бай екен. Аллаһ Тағала талант-дарынды аямай үйе салған сегiз қырлы, бiр сырлы қандасымыз өзiне нәсiп болған қабылеттi барынша тиiмдi пайдаланып, ғылымның сан-саласына қалам тартқан. Асыл мұраға үлкен ақыл-парасат тұрғысынан қараған ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов ҚР премьер-министр болып тұрған кезiнде арнайы тапсырма берiп, Египет Араб республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшiлiгi арқылы қолжазбалардың микрофильмге түсiрiлген көшiрмесiн алдырады. Ұлттық кiтапханаға түскен маңызы зор бұл төрт еңбекке НҰР-Мүбарак Ислам мәдениетi университетiнiң ғалымдары үлкен қызығушылық танытып, алғашқылардың қатарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Нәтижесiнде «Ан-ниһая фи шархи-л-Һидая (Дұрыс жолмен жүрудi баяндаудың соңғы түсiндiрмесi)»; «Ат-тәсдид фи шарх ат-тамдид (Кiрiспенi түсiндiрудi дұрыс жолға салу)»; «Әл-Кафи шарх усул әл-Имам Фахр әл-Ислам Әли бин Мұхаммед әл-Бәздәуи (Имам Фахр әл-Ислам Әли бин әл-Бәздәуидiң iлiмдерiн жеткiлiктi түсiндiру)»; «Әл-Уафи шах әл-мунтахаб фи усули-л-мәзхаб (Мәзхаб iлiмдерiндегi таңдамалыны толық түсiндiру)» еңбектерiмен танысқан араб, қазақ ғалымдары сырт көзге қарапайым көрiнетiн бұл қолжазбалар қазiргi күнге дейiн құндылығын жоймағанына көз жеткiздi. Ислам дiнiнде әрқайсысы өз алдына бiр бөлек үлкен сала болып саналатын ақида (сенiм), фиһқ (шариғат), усул фиһқ, калам, тiл iлiмi бойынша қомақты еңбек жазған қазақ ғұламасының бұл еңбектерiне мұсылман ғалымдары әр елде, әр ғасырда сүйенiп, өз кiтаптарында сiлтеме жасап отырған. Сондықтан ол кiсiнiң мұраларына қазiргi ұрпақтары жанашырлықпен назар аударып, жан-жақты ғылыми тұжырымдама жасағандары қуанарлық жағдай. Мысалы, Нұр-Мүбарак университетiнiң проректоры, филология ғылымдарының докторы Шамшәдин Керiм «Хусам-ад-Дин ас-Сығынақи туралы араб деректерi» деген еңбегiнде бабамыз туралы әр заманда арабтың белгiлi ғалымдары айтқан ой-пiкiрлердi ортаға салса, шариғат мәселелерiн қамтыған еңбектерi жайында осы университет деканы, профессор Әли Шағбан «Усул фиһқ терминдерiнiң семантикасы», Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әшiрбек Момынов «Мәуенаһр фиһқ мектебi», доктор Ата Әбд әл-Ата Мұхаммад ас-Сынбати «Хусам ад-Дин ас-Сығынақидың фиһқ және усул фиһқ саласындағы қолжазбалары» атты баяндамаларында ой толғады. Ал, ғалымның жоғарыда аталған төртеуден тыс «Ақида» кiтабы жөнiнде доктор Мұхаммад Махфуз баяндаса, оның Иасауи туралы рисаласына Иасауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ғылым докторы Досай Кенжетай талдау жасады. Нұр-Мүбарак Ислам мәдениетi университетiнiң кафедра меңгерушiсi, доктор Махмуд Фуад конференцияға қатысушыларды ас-Сығынақидың жалпы еңбектерiмен таныстырып өттi. Ғылым докторы, осы университеттегi кафедра меңгерушiсi Алау Әдiлбаев ғұлама қандасымыздың рухани ұстазы әл-Матуримен үндестiгi жөнiнде әңгiмеледi.

«Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» дегендей, Ұлы Социалистiк Халықтық Ливия Араб Жамахириясының Қазақстан Республикасындағы елшiсi Рамадан Бзами мырза, Египет Араб Республикасының Қазақстандағы елшiлiгiнiң консулы Юнна ханым осындай маңызды шараны қолға алушыларға ризашылықтарын, көмектесуге әзiр екендiктерiн бiлдiрдi. Ал, конференцияны жүргiзген Нұр-Мүбарак университетiнiң ректоры, академик Махмұд Фаһми Хижази бұл қолжазбалардың Мысырдың Ұлттық кiтапханасында сақталғанын, онда қазақ, жалпы түрiк топырағынан шыққан басқа үлкен ғұламалардың еңбектерi барын, осы екi елдегi ұлттық кiтапханалар мен Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетi бiрiге отырып әлде де халқымызға пайдалы игiлiктi шараларды ұйымдастыра беретiнiн айтты. ҚР Ұлттық кiтапханасындағы жазба мұраларды сақтап, зерттеудiң маңызы мен қажеттiлiгiн баяндаған осы кiтапхана басшыларының бiрi Зарема Жуандыққызы Шаймарданова, Набат Мұсаханқызы Асқарбекова араб, жалпы ислам әлемiмен байланыстың елiмiздiң рухани өмiрiне оң әсерiн тигiзетiнiн бiлдiрдi.

Иә… Дiн жанашырларының жетегiндегi ұлы көш басталды. Тек ұзағынан сүйiндiрсiн!

Гүлбаһрам ЖЕБЕСIН

Алматы қаласы.