Жаңалықтар

41 ҚҰМАЛАҚ СӨЙЛЕЙДI, СӨЙЛЕГЕНДЕ БҮЙ ДЕЙДI...

ашық дереккөзі

41 ҚҰМАЛАҚ СӨЙЛЕЙДI, СӨЙЛЕГЕНДЕ БҮЙ ДЕЙДI...

Қазақстанда құмалақшылар психотерапевт қызметiн атқаруда

Төтеннен келген тасыраң мiнез нарықтың, туырлығы түрулi ашық қоғамның әсерi ме екен, әйтеуiр соңғы жылдары Алматыда әйгiлi екi көшенiң “даңқы” дүрiлдеп-ақ тұр. Бiрi — жиегiне атақты сұлулар сымға қонған құстардай тiзiлiп тұратын Саин көшесi-дағы, ендi бiрi — “Саяхат” автобекетiнiң алдындағы ұзын гүлзар. Әуелгiсi тәулiктiң жиырма төрт сағатында жыныстық қызмет көрсететiн жезөкше қыздарының көптiгiмен әйгiлi, екiншiсi — 41 құмалақ салушыларымен. Сонау кеңестiк қасаң идеология, қатыгез жүйенiң тұсында да ел арасында “жауырыншы”, “есепшi”, “дарымшы”, түрлi көрiпкелдер iшiнара сақталып қалғандығы мәлiм. Ал алақанға қарап бал ашатын хироманттар, “О, молодой человек, озолочу”, – деп етекке жармасып, iшi-бауырға енетiн сүйкiмдi сыған келiншектер ешқашан үзiлген емес.

Қазақстанда экономикалық, саяси, әлеуметтiк тосын реформалар мен жабайы жекешелендiрудiң жүргiзiлуi күрделене түскен сайын қалаларда құмалақшылардың саны еселеп арта түскенi де айқындалды. Ауылдан қазақ жастары қалаларға көптеп келген сайын құмалақ ашқызушылар, ал оралмандар саны артуымен құмалақшылардың қатары көбейген қызық құбылыс қалыптассын. “Алмағайып заманда, алаяқтың бәрi әулие” дегендiк емес, рухани әлсiз, босбелбеу адамдардың көбi, торыққан жандар өмiрдiң қатал да ащы шындығынан баз кешiп, қамыққан көңiлiне жұбаныш, әйтеуiр бiр демеу тапқысы келiп аласұрғандықтан едi. Кейбiреулер көңiлiне жұбанышты түрлi дiни секталардың уағызынан, сандаған адамдар шарап пен есiрткiден, ал бiраз кiсiлер шын көрiпкелдер мен сан алуан шарлатандардан көмек күтуi заңды да. Мұның бәрi шарасыздықтан. Адамды уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын құмалақшылар мұндайда әркiмге ең жақын адамындай болып, сол “әулие” арқылы аспандағы мейiрбан перiштелер үн қатқандай көрiнсе мұның еш сөлекет-сөкеттiгi жоқ. Жүнжiген, еңсесi езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына демесiн, сүйеу тапқысы келерi ықылым заманалардан қалыптасқан әдет. Құмалақ ашқызуға құмарлық та есiрткi сияқты. Әлгi құмалақшының дегенiне ғана шын иланып, әрбiр iс-әрекетiн солардың ашқан балына сәйкестендiруге құмарлардың қоғамда көбейе түсуiнiң бiр мәнiсi осында. Мынау қатал өмiрде төрт құбыласы түгел, айы оңынан, жұлдызы солынан арайланып туатын қарапайым пенделер азды-кем. Сондықтан, ұжмақтай қиял дүниесiнiң жұмсақ құшағынан ажырағысы келмейтiн кiсiлер құмалақшылардың көмегiне ерiксiз жүгiнедi. 41 құмалақпен бал ашу (пал ашу) тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия, Кавказ, Иран, Үндiстан, Корея, Тибет, Жапония, сонымен бiрге Американың бiрқатар елдерiнiң тарихында, салт-дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгiнде ұшырасады екен. Әйгiлi Ақжан Машанов ағамыздың “әл-Фараби” атты кiтабында әлемде бал ашудың жұмбақ құпиясын ғылыммен салыстырып алғаш зерттеген ғалым Әбу Насыр әл-Фараби деген пiкiр айтылады. Өз кезiнде Шоқан Уәлиханов та “Қазақ елi қырық бiр құмалақты Дәнияр” (Даниил) пайғамбардан қалған мұра деп қарайды”, – деген ойда болса керек. Бiр сөзбен айтқанда, 41 құмалақтың шығу тегi ата-бабаларымыздың мифологиялық таным-түсiнiгiне барып тiрелдi. Тоқтасын Өмiрзақов 90-шы жылдары жарық көрген “Қырық бiр құмалақ” деген кiтапшасында: “41” құмалақтың тегi турасында құмалақшылар, сондай-ақ, көне-көз қариялар: “18 мың ғаламда 41 мұсылман елi бар. Осы мұсылман елдерiнiң санына сай 41 тас алып, Жақып пен Дәуiт пайғамбар құмалақ ашуды дәстүрге айналдырыпты” деп түсiнiк бередi. Әрине, бұл жуаптың күмәндi екенi кiмге болса да аян”, – деп ой толғайды автор. Автор жоғарыдағы көзқарастың түбiрiмен қате екенiне шын сенiмдi. Онысы жөн де, өйткенi, Қазақстан секiлдi өзiнiң көп дiни конфессиялы екендiгiн айрықша мақтан, үлгi тұтатын мемлекеттер ешқандай тiзiмге қосыла алмай, айдалада қалатын шығар?! Ғажап бiр жағдай, осы бiр қырық бiр құмалақ салып, бал ашуға ұқсас дәстүр Фирдоусидiң әйгiлi “Шахнама” дастанында да сөз болады. Мәселен, мәңгi өлмес дастанда: “Отырып үкамалар құрға салды, Құрғаның құралдарын қолға алды. Қарасып, сiз баяндап берiңiз деп, Кошауаттың үйдi алдына өңшең палды”, –деп жырланған. Және осыған ұқсас жайттар жырдың өн-бойында бiрталай рет ұшырасады. Осыдан 10-11 ғасыр бұрын (970-1000 жылдар) жазылған дастанда осылай өрнектелуi де бал ашудың баяғы замандардан бар екенiн көрсетсе керек. … Алашабыр бұлттар аспанда тынымсыз сапырылысуда. Көк сұр бұлттар күн көзiн пердеше тұтып, iлкiде айнала түнере тұнжырап сала берсе, сәлден соң өкпек жел әлгi бұлттарды әрлi-берлi қуалап, күн қайтадан жарқ ете қалады. Жарық пен түнек, жылу мен суық аяусыз арпалысқан көктем күнi осындай. Өмiрдiң өзiндей текетiрес. Райымбек даңғылының бойындағы Октябрь революциясының құрбандарына 1967 жылы орнатылған ескерткiштегi тас мүсiндер солтүстiк-батыстан соққан суық желге бiр қырындай қасқаяды. Тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiмiзге он бес жылдай болса да, баяғы үстем идеялар мен идеалдар күйресе де, замана өзгерсе де большевик-коммунистерге орнатылған мынау қара сұр ескеркiштiң қырық жылдан берi мiнi құрымапты. Қайта, жан-жағындағы қызғылт гранит тақталар ауыстырылып, көркемделiп жатқандай. Кiм бiлiптi, қазақ жұрты өзiнiң отар ел болғанын, бодандықтан әлi де құтылуы неғайбыл екенiн мәңгi есте сақтауы үшiн арнайы қойылған, бұдан былай да құлатылмайтын қимас жәдiгер да кейбiреулерге … Әлгiнде ғана көтерiп әкелген “Арома” майының екi бос қорабынан ағаш түбiне жылдам аласа үстел құрап ап, бетiне ақ жайма төсеп үлгерген толықша келiншектi сыртынан байқатпай бақылаудамын. Жұмыс орнын жылдам жайғап алған ол әрлi-берлi өтiп жатқан жүргiншiлерге — көбi жастар — үмiттене көз тастап қойып, асқан шыдамдылықпен тосуда. Аралары он-он бес метр жерге осылай жайғасқан кiл құмалақшылар да клиенттерiн күтiп отыр. Тек әлдебiр орыс кемпiр ғана қолындағы картасын жиi-жиi сапырылыстырып, қайта ашып, алдында отырған жас қызға ауыз жаппай әлденелердi айтуда. Көгiлдiр шапанды, ақ сақалды егде кiсi құмалақшыларды аралап өтiп, алақан жайып бата берiп, өзiне тиесiлi азын-аулақ ақшасын жинап үлгердi. Қайтерсiң, адамдар бiр-бiрiнiң көлденең үстiнен күн көрген көрiм заманның заңы да. Бос қорап үстелдi балшы келiншекке таяп келдiм. Ойым арзандау болса оған құмалақ ашқызу. Балшы келiншек тек студенттерге ғана жеңiлдiк жасалатынын, яки, өңгелерден 200 теңге, студент пен оқушылардан 100 теңгеден алатынын жасырған жоқ. Оңай шағылар жаңғақты тапқан екен, нарық заманының барша талаптарына сай ашық саудаласуға бастық. Журналистер қауымының да кедейлеу, жарлы-жақыбай екенiн алға тарттым, оларға да жеңiлдiк жасалуы орынды боларын тiлге тиек еттiм. Газет-журналдарда құмалақ аштыруға арнайы ақша бөлiнбейтiнiн жақаураттым ендi бiр сәт. Тiптi, құмалақшылар мен журналистердiң жұмыстары ұқсас екенiн, бiрi — жеке адамды алда не күтiп тұрғанын айтатынын, ал ендi бiрi — қоғамда қандай аласапыран боларына көрiпкелдiк жасайтынын ұмытпай қан сорпаға түстiм-ай. Пәтуаға келуiмiз тым ұзаққа созылып бара жатыр. Құмалақ ашқызуға кезекке тұрған студент қыздардың да қатары сәт санап көбейе түсуде. Әлде, құр қызықтап тұр ма бәлекеттер?! Құмалақшы келiншек бал ашуға амал жоқ келiсiп, бас изеген. Төмен қарай берiп ернiн жыбырлатсын: сiрә, қадалған жерiнен қан алатын журналистер қауымын iшiнен аямай сыбады-ау. – Құмалақты кiмге, неге арнап аштырасыз? Оны айтып барып құмалақ салу керек, – дедi бетiме тұнжырай қараған қалпы. – Ендi олар… себеп көп қой.–Ойым сан-саққа үрке қашып, ерiксiз күмiлжiдiм. –Былайша айтқанда… ендi …қаладағы казинолар Қапшағайға қашан көшiрiледi? Мына метро құрылысы аяқтала ма? Анау үкiмет мүшелерi мен шенеунiктердiң бойында ұлттық намыс, ұлтжандылық бола ма? Қазақша сөйлесе деймiн… – Ойбай-ау, берерiңiз бар болғаны 100 теңге, бұның бәрiне бiр құмалақтың әлi келмейдi ғой, – деп шоршып түстi бармағы майысып, бал аша бастаған келiншек. –Не болмаса ақшасын көбейтiңiз, әйтпесе әлгi талап-тiлектерiңiздi азайтыңыз. –Құмалақшы келiншек одан әрмен тұнжырай түстi. – Оның үстiне сiз айтқан үкiмет мүшелерi мен шенеунiктерге ешбiр құмалақтың күшi жетпейдi. Олар да анау ескерткiш сияқты, ешқашан мiзбақпайды. Одан гөрi оңайырағын айтыңыз. – Қап-әй, сiзге соншалық үмiт артып ем… Мақұл, “Түркiстан” газетi туралы, оның болашағы жайында құмалақ тартыңызшы. – Е-е, бағанадан сөйтсей. Құмалақ та күшi келгенi туралы сөйлейдi, – деп құмалақшы келiншек бiржола “сенге” көштi.– “Биссимилалаһи ирраһман ирраһим, Пайғамбар ашқан бал едiң, 41 шөптiң басы едiң. Е-е, ақ сөйле!”, – деп құмалақтарын ақ жайманың бетiне шашып жiберiп, төрт-төрттен бөлiп, артығын шаршылап қоя бастады. – Мәссаған, сiздердiң “Түркiстандарыңыз” әжептеурiм нәсте екен ғой. Құдай-ау, талай жұрт қызыға оқитын көрiнедi өзiн. Бiрақ, қазiр қиындық шыққан екен алдарыңыздан. Ән-нi, сол бүйрекке үш тас түсiп, аш бүйiрден тiкендей қадалуын-шы. Дұшпандарың аса мықты. (“Кiмдер болды екен? Ақпарат министрлiгi ме? Әлде басқалар да бар ма?” Ой тереңге сүңгiдi). Сорым-ай, атысса жеңiп, күрессе жығып, дауласса жол алып кетiп тұр олар. Сендердi кедiр күтiп тұр… Жеңiлмеймiн деген кедiр… – Түсiнбедiм … кедергi ме? – Иә, соны айтамын. Дегенмен, жиырма күнде, не 2 айда оны бiржола жеңiп, жұмыстарыңыз бұрынғыдан да жемiстi болады. “Құмалақ шекесi” тақ болып, талайы жоғары, мерейлерiңiз үстем болып-ақ тұр. Айтам ғой, құмалақтың оң қанатына жалпы саны алты құмалақ бөлiнiп, “албарлының” нақ өзi түстi. “Албарлы түссе – аласың” деген. – Ойпыр-ай… 2 ай тым ұзақ қой. – Қабағым ерiксiз шытылды. –Берiрек жақындатуға болмай ма сәттiлiктi? – Жо-жоқ, түбi жақсылық болғалы тұр. Бәрiбiр жетi шелпек құдайы таратқандарыңыз мақұл. Құрғақ ыдысқа 7 шелпекке жетерлiктей ұн салып, 7 тал сiрiңкенi мақтамен орап, сыртын сұйық маймен сылаған соң қатарластыра ұнға қадап, тұтату керек. Шырақтар жанып бiткен соң, оларды адам аяғы баспайтын ағаш түбiне тастаңыздар. “Я, Раббым iсiмiздi оңғар” деп, әлгi ұннан 7 шелпек пiсiрiп, таратыңыздар. Ақыр түбi дұшпандарыңызды жеңесiз де, ойлағандарыңызды аласыздар. “Аузыңа май, астыңа тай, құмалақшым”, – деп iштей күбiрледiм. Қанша айтқанмен, жақсы сөз жарым ырыс деген ғой. “Саяхат” автобекетiнiң iшiнде құмалақшының бөлмесi бар дегендi талайлардан естiген едiм. Бiр кездерi Райымбек әулиенiң кесенесi жанында да болған деседi, бiрақ сондағы шырақшылармен ақшаға келiсе алмаған ба, ақыр түбi кетiп тынса керек. Е-ей, ақша жүрген жерде дау-дамай қоса жүретiн ежелгi әдет қой. Расында осы бекет iшiндегi шағын бөлмеде құмалақшы, экстрасенс Гүлнар Нұрғазықызы Арғынтегi отырады екен. – Айтыңызшы, құмалақшыға әдетте кiмдер келедi? Және құмалақ ашқызушылар көп пе? – Құдайға шүкiр, келушiлер бар ғой. Бiр аңғарғаным, келушiлердiң саны жазда арта түседi. Жастар және егде кiсiлер көбiрек. Көбiсi оқуға ақша төлеу, жұмыс, пәтер мәселелерiне байланысты құмалақ ашқызады. Ауыл жастары екенiн бiрден аңғарасың. Бiз де дәрiгерлер сияқтымыз, жабығып, iштей қажып жүрген жандарды жылы сөзбен жұбатып, қолдау көрсету де оңай емес. Әрине, құмалақтың қалай түсуi адамның өз тағдырына тiкелей байланысты, бiрақ оны жұмсақ сөзбен жеткiзе бiлу де өнер. – Қала адамдары келiп, құмалақ ашқызбай ма? – Неге?! Олар да құмалақ ашқызады. Олар көбiне келер күндерiмде сәттiлiк бола ма, жоқ па деп сұрайды. “Бизнесiм қандай болады?” – деген сауал да оларды жиi мазалайтын мәселе. Қалай десеңiз де қала мен ауылдың арасы екi бөлек, адамдары да мүлдем басқа. Таным-түсiнiктерi, дүниеге көзқарастары, ұстанымдары да бiр-бiрiне жат. Түбi бiр қазақ дегенмен, бiр-бiрiне сәйкеспейтiн, екi басқа дүние. Автобекет алдына шықтым. Ұзын гүлзар бойында құмалақ ашқызушылардың қатары көбейе түскен көрiнедi. Шынымен өмiр қатал бола түстi ме, әлде адамдар бәрiнен бiржола түңiлiп, ендi тек құмалақшылардың сәуегөйлiгiне ғана сенуге айналды ма, әйтеуiр құмалақ ашқызушылар қатары күн санап көбейе берерiне көзiм жеттi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ