НЕГIЗСIЗ ҺӘМ ШАЛАҒАЙ ЕҢБЕК ...
НЕГIЗСIЗ ҺӘМ ШАЛАҒАЙ ЕҢБЕК ...
Өзге елге барып, өз саясатын жүргiзбес бұрын әуелi сол елдi етене бiлiп алған жөн деген ұстаныммен АҚШ, Ұлыбритания тәрiздi дамыған алпауыт елдер Қазақстанға негiзiнен ағылшын тiлiн үйретедi деп, жүздеген мамандарын жiбередi. Олардың көпшiлiгiнiң тiл емес дiн үйретiп жүргенiн және ақпарат жинаумен шұғылданатынын бүгiнгi күнi жұртшылық бiледi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап, сырттан келген миссионерлер көшеге шығып, ашықтан-ашық кiтап таратып, уағыз жүргiзiп келдi. Бiрте-бiрте олар бiлiм беру орталықтарын ашып (компьютер, тiл үйрену, жұмысқа орналастыру, емдеу т.т.) жастарымызды өздерiне тарта бастады. Миссионерлердiң қазiргi үшiншi толқыны болса христиандықты қазақтардың дәстүрлi дiнi етiп халқымыздың санасына енгiзуге тырысуда. Мұндай қайраткерлердiң халқымыздың тұтастай қалыптасқан мәдениетi мен руханиятын, тарихы мен иманын өзiнше басқа арнаға ауыстырғысы келетiнi жасырын емес.
Сөзiмiздiң дәлелi ретiнде, қандай мақсатпен құрылғаны бiздерге беймәлiм «Орталық Азияны тарихи-мәдени зерттеу орталығының» құрылтайшысы әрi төрағасы, америкалық протестант миссионерi Чарльз Уеллердiң iс-әрекеттерiн келтiрсек болғаны. Оның тiкелей басшылығымен 1993 жылы Бiшкекте «Вера в Туркестане – Очерк истории религий Средней Азии и Казахстана» деген кiтап шығарылған. Аталмыш кiтап Алматыда қазақшаға аударылып, «Түркiстандағы сенiм – Орталық Азия мен Қазақстандағы дiн тарихы жайлы қысқаша туынды» деген атпен 2004 жылы қайта басылған. Чарльз Уеллер 2003 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi» кiтабының да авторы. Бұған қоса Чарльз Уеллердiң өткен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiндегi Д14.А01.35 диссертациялық кеңесте ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есiмнiң жетекшiлiгiнде «Қазақ елiндегi дiни үрдiстердiң мәдени-өркениеттiк негiздерi» атты тақырыппен «24.00.01 – Мәдениет теориясы және мәдениет тарихы» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғағанын айталық.
Жоғарыда аталған кiтаптардың мәнi мен мазмұнының Қазақстан халқы үшiн ешқандай пайдасы жоқ һәм терiс пыйғылдағы қате көзқараспен жазылғандығын жан-жақты талдап, баспасөз бетiнде көптеген сын пiкiрлер жарияланды (Ж. Шойынбет. Бұл кiтап кiмге қажет, не үшiн қажет? «Түркiстан» газетi, 28.10.2005; Ж. Шойынбет. Сананы улайтын қос кiтап. «Айғақ» газетi, 28.12.2005., «Ислам және өркениет» газетi, 16.03.2006; М. Бұлұтай. Оян, қазақ! «Президент және халық» газетi, 10.01.2006., «Ислам және өркениет» газетi, 16.03.2006; А. Еркiмбай. Американдық ғалым Чарльз Уеллер, «Шоқан» ба, шоқындырушы ма? «Азамат.Кz» газетi, 10.02.2006; Қ. Әдiл. Чарльзды «шалықтатып» қойған кiмдер? «Заң» газетi, 29.03.2006; К. Тасболатова. Қазақ пен ортаазиялықтардың ұлттығын кiмнен қорғау керек? «Түркiстан» газетi, 09.02.2006; Ж. Шойынбет. Шоқан Уәлихановтың қасиеттi есiмiн әлдебiр миссионердiң қолжаулығы қылмайық. «Ана тiлi» газетi, 16.03.2006).
Ч. Уеллер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының iзденушiсi ретiнде шығарған «Қазақ пен ортаазиялықтардың ұлттығы мен елдiгiн қорғау» кiтабы мен «Қазақ елiндегi дiни үрдiстердiң мәдени-өркениеттiк негiздерi» авторефератын оқып шыққанымызда, оның кiтабындағы; «Қолына қалам ұстаған адам не жазса да, бiлiп жазса, әлемде қателiктер, адасушылықтар аз болар едi. Алайда, қазiргi «информациялық қоғам» заманында мәселе олай болмай тұр. Қалам ұстағандардың адамзатты қателесуден, адасудан аман алып қалудан гөрi, керiсiнше оның сана-сезiмiн улап, жалған түсiнiк, ұғымдар толассыз таратылуда. Бұл жағдайдың себебi неде дегенге келсек, екi мәселеге назар аударғанымыз жөн. Бiрiншiден, қолына қалам ұстағандар бiлмегендiктен жалған сөйлейдi, жазады. Бiлiмнiң немесе информацияның жоқтығы, тапшылығы жалған жазбалардың көбеюiне негiз болмақ. Екiншiден, қолына қалам ұстағандар арнайы тапсырыстарға қызмет ету мақсатында шындықты айтудан қашады» деген «Алғы сөзiндегi» ойларын Ч. Уеллердiң өзiне қарата айтуды жөн санап отырмыз. Себебi аталған еңбектерде қазақ ұлтының тарихы, мәдениетi, дiнi, мемлекеттiлiгi әдейi не бiлмегендiктен бұрмаланып жазылған. Еңбектiң ғылымға әкелген еш жаңалығы жоқ, тiлi жұтаң, логикасы үйлесiмсiз, дәлелдерi негiзсiз, iшi кереғарлыққа толы, ел тыныштығына нұқсан тигiзетiн мәлiмдемелерге толы. Ең қарапайым ақиқаттардың өзiн бұрмалап, қазақ елiндегi дiни үрдiстердiң мәдени-өркениеттiк негiздерi тақырыбына мүлдем қатысы жоқ өзге елдердегi фактiлердi орынсыз пайдаланған. Диссертацияның мазмұны мен сарыны ғылыми еңбектен гөрi саяси жазбаларға жақынырақ. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн нақты мысалдар келтiрейiк: «Мұнда түрiк-қазақ ата-бабаларының мәдени мұрасы ретiнде, яғни олардың «дәстүрлi дiндерiне» жататын тәңiршiлердiң, мұсылмандар мен мәсiхшiлердiң бiрге өмiр сүре алатындығының мән-маңызы, дiнаралық қатынаста олардың қоғамдық игiлiкте болуға тигiзетiн әсерi көрсетiлген» (3-бет) деп, өзiнiң түпкi көздеген мақсаты жоғарыда аталған кiтаптарда айтылған «Орта Азия мен Қазақстан нақты ислам жерi деген кең таралған көзқарас қате болып табылады» деген пiкiрiн диссертацияда одан ары жалғастырады, жалған дәлелдемелер ұсынады. Чарльз Уеллердiң «Бұған орай маңызды бiр тарихи ақиқатты ұмытпаған жөн: Орта Азия тарихына көз жiберсек, Моңғол патшалығының ыдырауынан Жiбек жолы өзiнiң мыңдаған жыл бойы созылған күшiнен айырылды. Соның нәтижесiнде исламнан басқа дiндердiң көбi (немесе бәрi) Жiбек жолымен бiрге Орта Азиядан ғайып болып кеттi. Бұл «исламның жеңiп шығуы» болған жоқ, керiсiнше, Жiбек жолының ыдырап, өзге дiндер мен мәдениеттердiң жоғалуы исламның әлсiреп қалуына түрткi болып шықты» деуi тура жаңылтпашты еске түсiредi. Егер Ислам құдiреттi, күштi дiн болмаса басқа дiндердiң көбi (немесе бәрi) қалайша ғайып болады, ал осылайша күштiлiк танытқан дiн өзге дiндер мен мәдениеттердiң жоғалуынан қалайша әлсiреп қалады. Бұл еш ғылыми негiзi жоқ, нағыз шалағай пiкiр.
«Түрiкшiлдiк-жәдидшiлдiк және протестанттық мәсiхшiлiктегi ұлт пен ел деген мәселе» деп аталатын екiншi бөлiмде де ағаттықтар толып жатыр. Диссертация тақырыбына, яғни қазақ елiндегi дiни үрдiстерге еш қатысы жоқ Батыс үрдiстерiн зерттеуiне «өз мүддесi үшiн» зорлап таңғандығы тайға таңба басқандай айқын тұр. Диссертация тақырыбына өзек болып тұрған қазақ халқының дiни сенiмiне Еуропаның өзiнде кейiн пайда болған протестанттықтың қандай қатысы болуы мүмкiн?! Бұдан кiм ұтты, кiм ұтылды деген сұрақ өзiнен-өзi туындайды…
Зерттеу тақырыбының өзектiлiгiнде «бiрiншiден, 200-300 жыл бойы ұлттық мәдениетi мен тарихынан айырылып қалған қазақ халқының» (3-бет) деген сөйлем жолдарын оқығанда Чарльз Уеллердiң қазақтардың соңғы 300 жылғы ұлттық мұрасын мансұқтағанын көрiп, жағамызды ұстадық. Бұл ұлттығыңды бiлдiретiн ешнәрсең қалмады деген меңзеу ме, әлде басыну ма?!?
Қорыта айтқанда, аталмыш еңбектiң ғылыми-зерттеу жұмысы емес екенi анық. Елiмiздiң зиялы қауымы өкiлдерi ретiнде осындай негiзсiз һәм шалағай еңбектiң ғылыми дәреже алуы, бiрiшiден – Қазақстан ғылымына түскен жуылмас дақ, ал, екiншiден – Қазақ халқының ұлттық намысы мен ар-ұжданына жасалған шабуыл соққы деп бiлемiз. Ч. Уеллердiң аталмыш дүбәрә еңбегiне ғылыми атақ беру болашақта бұдан да сорақы бұрмалаушылықтарға ғылыми дәреже беруге есiк ашатынын ескерген жөн. Қазақстан ғылымының атақ дәрежелерi оңды-солды таратылатын тарту-таралғы емес деп ойлаймыз.
Қол қоюшылар:
Мұрат ҚАЛМАТАЕВ,
Қоғам қайраткерi, саясаткер, отставкадағы генерал-майор
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты
Тұрсынбек КӘКIШҰЛЫ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Халықаралық жоғары бiлiм академиясының құрметтi академигi
Қадыр МЫРЗА ӘЛI,
Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты
Сейдiн БИЗАҚОВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының бас ғылыми қызметкерi
Айгүл IСIМАҚОВА,
Филология ғылымдарының докторы, профессор
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлiмiнiң меңгерушiсi
Марат ТОҚАШБАЕВ,
Республикалық «Президент және Халық» газетiнiң Бас редакторы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигi