Жаңалықтар

ДИК ЧЕЙНИ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН НЕ IЗДЕЙДI?

ашық дереккөзі

ДИК ЧЕЙНИ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН НЕ IЗДЕЙДI?

Әлемдегi ең алпауыт ел – АҚШ-тың талай жылдан бергi вице-президентi, Құрама Штаттардың ең бiр жұмбақ, адамдар арасында жиi көзге түсудi ұнатпайтын саяси қайраткерi – Дик Чейни. Тiптi, 2001 жылғы 11-қыркүйекте терроршылар мiнген ұшақтар Нью-Йорктегi орасан зор ғимараттар – Сауда үйiн соққаннан соң американдық сайлаушылар вице-президенттiң қайда екенiнен ұзақ уақыт хабарсыз қалып, алаңдаушылығын бiлдiрген. Тiптi, қоғамдық пiкiр құйын болып соғып, Чейнидiң төбесiне қара бұлт үйiрiлген. Сол құпия, жұмбақ қайраткер соңғы кездерi табан астынан белсендiлiк танытып, саяси кеңiстiкте көрiне бастауы да көңiлге секем алдыратын сияқты.

Бұл қайраткер де ат басын Астанаға бұрғалы отыр. Әйтеуiр, тегiн емес, астарында қатпарлы сыр жатқан құпия сапар. “Жайшылықта онша-мұншаға селт ете қоймайтын Дик Чейни мырза алыстағы қазақ даласынан не iздейдi?” деп аң-таң болушылардың қатары көбейе түсуiнiң де себебi жетерлiк. Тiптi, осы жолы одан бұрын Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмонов мырза да елiмiзге келмекшi.

БАҚ пен әлемдiк сарапшылар, зерттеушiлер Дик Чейнидiң Орталық Азияға сапары – Түркiменстан мен Қазақстан газын әлемдiк нарыққа жеткiзу жолдарын қарастыруға бағытталмақ деген жорамал жасауда. Әрине, соңғы уақытта бүкiл әлемде “энергетикалық қауiпсiздiк” мәселесi басым түрде қарастырыла бастаған, күрделi қиын түйiнге айналған сыңайы бар. Алдағы шiлде айында Санкт-Петербургте өткелi отырған, дамыған сегiз ел басшыларының саммиттi де бiр жағынан осыған арналмақшы. Бiрақ, бұл сапардың шынайы мәнi одан гөрi тереңiрек. Кейбiр сарапшылардың пiкiрiнше, Дик Чейни соңғы кездерi құрылуы бiржола шешiлдi делiнген Бiртұтас Экономикалық Кеңiстiк (БЭК) мәселесiне баса назар аударуға мүдделi. Осы БЭК-тiң құрылуын қолдай қоймайтындар Кремль, Астана мен Минск 38 құжатқа қол қойғанымен, Украинасыз мұндай стратегиялық серiктестiктiң ғұмыры қысқа болатынын айтуда. Яғни, Киев қол қоймаған жағдайда бұл экономикалық ұйым ешқандай заңды күшке ие бола алмайды. Жоғарыдағы үш елдiң Парламенттерi Мәскеуде қол қойылған құжаттардың заңдылығын қайта қарап, електен өткiзуге тиiс.

Екiншiден, бiрсыпыра Батыс елдерiнiң көздерiне сүйел болған Иран атомы және аймақта мұнай өндiру жағдайы басты назарда ұсталмақшы. Соңғы күндерi бiр баррель мұнай бағасының 74-75 долларға жетуi АҚШ-ты ғана емес, экономикалық тұрғыдан жетекшi елдердiң де қатты алаңдауын туғызды. Алда экономикалық дағдарыс басталып кете ме деп қауiптенулерi орынды да. АҚШ-тың вице-президентi отандық оппозиция өкiлдерiмен кездесiп, Қазақстандағы демократия мәселесiне баға беруi де ықтимал. Бiрақ, кездесу оппозиция өкiлдерi күткендей бола қоймас. Өйткенi, соңғы жылдары жүргiзген саяси iс-әрекеттерi әлем елдерiн алаңдатумен қатар, АҚШ басшылары “әлемдiк демократия” деген ұғымның өзгере бастағанын, адам құқығы, демократия жөнiндегi түсiнiктер қолданыстан қалып, альтруизмнiң кезеңi өткенiн пайымдап отыр.

Дик Чейнидi қазақстандық демократия емес, бiздiң елдiң АҚШ-қа көзқарасы мен ұстанымдары көбiрек мазалайтыны аян. Қазақстанның солтүстiк көршiсiнiң ықпалына бiржола мойынсұнуы да алаңдатпай тұра алмайды. Ең бастысы, АҚШ-та қазiр Қазақстанның Ресей ықпалына құлауын өздерiнiң сыртқы саясаттарындағы сәтсiздiгi ретiнде бағалау орын алуда.

Дик Чейни Қазақстан демократтарын сөз жүзiнде қолпаштап, арқаларынан қаққанмен, ауыз толтырып айтарлықтай көмек көрсете қоймас. Негiзiнен, АҚШ-тың басын ауыртатын мәселе, тағы да Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы.

Сонымен, Дик Чейнидiң ресми түрде қандай мәселелердi қозғайтын белгiлi болса да, Елбасымен жүзбе-жүз кездесуiнде жаппай жария етiле қоймайтын жайттарды қозғауы да ықтимал. Тек, Астана өз ұпайын жоғалтпай, тең әрiптес ретiнде сөйлесе алса болғаны.

Жаңабек ШАҒАТАЙ