Жаңалықтар

ЕР ЕСIМI ЕЛ ЕСIНДЕ

ашық дереккөзі

ЕР ЕСIМI ЕЛ ЕСIНДЕ

Мамырдың 9-күнi Ұлы Отан соғысындағы жеңiстiң 61 жылдығы тойланбақ. Бұрын бұл мерекенiң қадiрiне ешкiм шүбә келтiрмейтiн. Кеңес Одағы ыдырап, оны құраған одақтас республикалар жөн-жөнiне тәуелсiз мемлекет болып кеткен соң, ол туралы түрлi әңгiмелер айтылатын болды. Басқаша айтқанда, көзқарас өзгердi.

Мәселен, кешегi бауырлас деген Балтық жағалауы елдерiнде бұл уақытта Жеңiс күнi емес, «II Дүниежүзiлiк соғыстың аяқталған күнi» деп атап өтiледi. Шындығында да, литвалықтар, латыштар мен эстондардың Ұлы Отан соғысы солардың да республикаларын азат ету үшiн болған соғыс екенiн мойындауға еш құлқы жоқ.

Украинада да бұл Жеңiске деген көзқарас қазiр бұрынғыдай бiркелкi емес. 1918 жылдан 1940 жылға дейiн Румынияның құрамында болған бүгiнгi Молдова (одан iс жүзiнде 1991 жылы бөлiнiп кеткен Приднестровье республикасын есептемегенде) мемлекетiнде де бұл Жеңiске қатысты көзқарас Балтық жағалауындағы республикалардағыға ұқсас. Өйткенi, молдован мен румын шығу тегi жағынан алғанда бiр халық болып табылады.

Ал II соғыс барысында Молдова Румынияның құрамында болды. Румын армиясы гитлерлiк Германияның жағында Кеңес Одағымен соғысты. Яғни Ұлы Отан соғысында румындар майданның бергi жағында емес, арғы жағында шайқасты. Олардың талай мыңдаған солдаты Сталинград түбiнде қырылды. Сондықтан румындарға ғана емес, молдовандарға да бұл Жеңiстi мейрам ретiнде қабылдау қиын болатын болар.

Қазақтан майданның арғы жағында берi қарай қару кезенiп соғысқан ешкiм болмаған. Ұлы Отан соғысы барысында немiстiң қолына тұтқын болып түсiп, фашистердiң қол астында құрылған түрлi әскери жасаққа кiруге мәжбүр болғандардың жөнi басқа. Дегенмен, бiздiң елiмiзде де соңғы кезде бұл соғысты қазақ үшiн жат соғыс болды деген пiкiр таратуға ұмтылатындар табылып жатыр. Әрине, ешкiмнiң аузына қақпақ бола алмайсың. Дегенмен, бұл соғыс пен осы Жеңiстiң қазақ елi үшiн қалай да жат болмағаны хақ. Шындығында ондай тұжырым жасауға ешқандай рет жоқ.

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖАТ СОҒЫС БОЛҒАН ЖОҚ

Бiрiншiден, соғыс қазаққа, әрине, ауыр соққы болып тидi. Ол жүздеген мың қылшылдаған қазақ жастарын жұтты, ауылда қалғандар бұрын-соңды көрмеген қиындықтарды басынан өткерiп, тағдырдың бұл тәлкегiнiң ендi қайда апаратынын түсiнбей дел-сал болып, болдырған аға буынның қатарын сиреттi.

1941 жылдың маусым-шiлдесiнде Қызыл Армия қатарында қазақтар саны жағынан славян халықтарынан кейiнгi төртiншi орында болған. Оған куә — әскери архивтiң деректерi. Егер Қызыл Армия қатарындағы адам шығынының ең көбi сол соғыстың алғашқы айларында болғанын, Гитлер армияларының шабуылына 1941 жылы қарсы тұрған бiздiң жаяу әскердiң қатардағы жауынгерлерiнiң ешқайсысы дерлiк Жеңiс күнiне жетпей, қыршын кеткенiн (ал қазақтардың барлығы дерлiк жаяу әскердiң қатарына алынғаны және онда олардың басым көпшiлiгi жауынгер-сержант болғаны — белгiлi нәрсе) ескерсек, халқымыздың басынан кешкенi тағы да “жұртпен бiрге көрген ұлы той” ғана емес, оның тағдырына жазған кезектi қанқұйлы айрықша жағдай екенi туралы ой туады.

Екiншiден, дегенмен, Ұлы Отан соғысы әбден ез болған қазақтың еңсесiн көтерiп, атын ақтады. 1916 жылы Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов Петерборға барып, патша өкiметiне “Бәрiбiр бiздiң халықтан майданға адам алмақ екенсiз, жiгiттерiмiз атты әскер қатарына қабылданса” деген өтiнiш айтқанда, ешбiр қолдау таппаған. Сондағы орыс әскербасыларының сылтауы “Соғысу – қазақтың қолынан келмейдi” сынды сөздер едi. II Дүниежүзiлiк соғыстың болмысы бұл сөздердi түгелдей жоққа шығарды.

Қазақ атты не жаяу әскер ғана емес, армияның техникасы басым жақтарына да әбден жарайтын болып шықты. Ұшқыштар Нүркен Әбдiров пен Талғат Бигелдиновтың аттары әлемге жайылды.

Бауыржан Момышұлы туралы сол соғыстың басында-ақ кiтап жазылды. Содан осы күнге дейiн үзiлмей жазылып келедi. Бiр ғана мысал келтiре кетейiк. 1990-шы жылдардың екiншi жартысында Вадим Кожинов деген мәскеулiк ғылым докторы «Россия. Век XX (1939-1964). Опыт беспристрастного исследования» деген талай жылдар бойғы зерттеулерге негiзделген ауқымды еңбектен тұратын қалың кiтапты жария еттi. Онда аталған адамдар – негiзiнен бүкiл әлемге әйгiлi ресейлiк және шетелдiк тарихи тұлғалар. Бұлардың iшiнде Бауыржан Момышұлы туралы да айтылған. Және қалай айтылған!

«ВПЕЧАТЛЯЮЩИЙ ЖЕСТ ЧЕЛОВЕКА ВОСТОКА!»

Мiне, өздерiңiз назар аударып көрiңiздер: «Так, одним из выдающихся героев битвы под Москвой был казах Баурджан Момыш-улы, сподвижник славнейшего генерала Ивана Васильевича Панфилова. Уже в 1943 году подвиги командира батальона Момыш-улы были воссозданы в получившей тогда широчайшую известность повести Александра Бека «Волоколамское шоссе», а впоследствии сам герой написал книгу «За нами Москва. Записки офицера» (1959). К началу декабря батальон Момыш-улы уже находился, увы, совсем близко от Москвы — восточнее Крюково (38-ой км Ленинградской ж. д.). … «Моим адъютантом,— рассказал впоследствии Момыш-улы, — был лейтенант Петр Сулима. Этот… юноша принадлежал к тому типу украинских красавцев, что часто встречаются на Полтавщине… Сулима принес мне новую склейку крупномасштабных топографических карт. Я развернул и увидел на юго-восточных листах карты сплошную темную массу. Мне показалось — это был неровный, но четкий оттиск старинной громадной гербовой печати… «Москва», — прочел я слово под пятном, вздрогнул и взглянул на Сулиму. Он, бледный, упершись своими длинными сухими пальцами, молча смотрел на карту.

— Вы когда-нибудь бывали в Москве? — спросил я лейтенанта.

— Нет, не приходилось, если не считать того, что мы проезжали в эшелоне.

— Я тоже проскочил через «Москву-товарную»…

Я всмотрелся — на темном фоне бесчисленных квадратиков и крестов белой нитью проступили ломаные и кольцеообразные просветы московских улиц… В центре был обозначен Кремль. Я взял циркуль-измеритель: расстояние от Крюкова по прямой всего лишь тридцать километров. По привычке прежних отступательных боев я поискал промежуточный рубеж от Крюкова до Москвы, где можно было бы зацепиться, и этого рубежа не нашел. Я представил врага на улицах Москвы… строй гитлеровцев в парадной форме во главе с очкастым сухопарым генералом в белых перчатках и с легкой усмешкой победителя.

— Что с вами, товарищ командир?..

— Дайте мне перочинный нож,— прервал я Сулиму… Я аккуратно разрезал карту и протянул половину ее Сулиме,— Нате, сожгите. Нам больше не понадобится ориентироваться и изучать местность восточнее Крюкова…». Впечатляющий жест человека Востока!».

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫНЫҢ ТАРИХТАҒЫ ӨШПЕС IЗI

Әлия мен Мәншүгiмiз тек қазақ ғана емес, бүкiл шығыс әйелдерiнiң атын бұрын-соңды болмаған биiкке көтерiп тастады. С.Баймағамбетов кейiн А.Матросов ерлiгi деп аталған қаһармандықты ең алғашқы болып көрсеттi. Жаңылмасақ, А.Матросовтан бақандай 18 күн бұрын Р.Қошқарбаев Рейхстагқа алғаш болып ту тiккендердiң қатарынан көрiндi. Халқымыз үшiн ең сұмдық кезең болған жылдары туып-өсiп, сол қырсыққан тағдырға қасақана сайдың тасы сынды сақадай азаматтарымыздың көпшiлiгi зұлмат заман тырнағына ақыры iлiндi. Бiрақ, олар бекерден-бекер кеткен жоқ, нақты жаумен арпалыс барысында көз жұмды.

Сөйтiп, “сен ұлт емессiң, тобырсың” дегендердiң ырқына ептеп көне бастаған, артында қалған халқын бiр серпiлтiп, алаш жұртының атын әлемге паш еттi… Кеңес Одағы тарқамай тұрған кезде Ұлы Отан соғысы барысында қазақтан 96 Кеңес Одағының батыры шықты деп есептелетiн. Қазiр ресми түрде олардың саны – 98. Кеңес Одағы тарардың алдында оның алғашқы және соңғы президентi М.Горбачев 1980-жылдардың басында өмiрден өткен Бауыржан Момышұлын Кеңес Одағының Батыры деп жариялайтын үкiмге қол қойды.

Қазақстан мемлекеттiк тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезде бұрыннан берi Түркiстан қаласында тұрып келе жатқан батыр-ақсақал Расул Есетов төлқұжатындағы ұлтына қатысты «өзбек» деген атауды «қазақ» қылып өзгерттi. Ол кiсi Кеңес Одағының Батыры атағын 1943 жылы Днепр өзенiн алғашқылардың бiрi болып кесiп өткенi үшiн алған болатын. Расул Есетов – қазақ және өзбек ұлттарының өкiлi. Оның әкесi – қазақ, шешесi өзбек болған.

Ал ендi ресми есепке емес, шынындағы есепке келсек, Ұлы Отан соғысында батыр атанған қазақтың қатары 100-ге жетедi екен. Өйткенi тағы екi батыр бар. Ол – соғыс барысында қаза болған әйгiлi генерал Сабыр Рахимов пен соғыстың басында капитан болған экипажы құрамында бiрге қаза тауып, ерлiгiнiң мән-жайы мен аты-жөнi осыдан бiрнеше жыл бойы танылған ұшқыш-қазақ.

Сабыр Рахимовтың аты да, ерлiгi де бұрыннан белгiлi. Ал ұшқыш-қазаққа оның қазасынан кейiн ондаған жылдар өткен соң Ресей Батыры атағы Ресейдiң президентi Б.Ельциннiң үкiмiмен берiлдi. Шындығында берiлуге тиiстiсi Кеңес Одағының Батыры атағы едi. Бiрақ Кеңес Одағы жоқ болған соң және осы себептен ондай атақты Ресей басшылығы бере алмайтын болған соң, Ресей Батыры атағы берiлдi. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда артынан iздеушiсi табылмаған соң, бұл батыр туралы елiмiзде қазiр онша айтылмайды.

Жалпы, қазақ пен Қазақстаннан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының есiмi әрқашанда ұмтылмай есте сақталуы үшiн генерал И.В.Панфилов атындағы паркке олардың бәрiнiң аты жазылған ескерткiш орнату қажет сияқты. Сонда ғана адамдар батырлардың есiмдерiн мәңгi есте сақтайды.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ