Жаңалықтар

АНАҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛСА, БIРАҚ ОЛ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

ашық дереккөзі

АНАҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙЫЛСА, БIРАҚ ОЛ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

«Естiдiңдер ме, Алматыда қазақстандық анаға ескерткiш қойылатын болыпты ғой» деп редакциямызға соғылған қоңыраудан кейiн, «ол қандай ескерткiш болды екен?» деп елең еткенiмiз рас. Әркiм-әркiмнен сұрай келе ұққанымыз, өткен аптаның iшiнде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында, «Ана» қоғамдық қорының төрайымы Дәрiжан Базарбаева: «Алматыда Анаға, барша қазақ анасының құрметiне ескерткiш салынбақ» деген ақпаратты айтады. Аталмыш баспасөз-мәслихатына белгiлi актер Асанәлi Әшiмұлы, жазушы Берiк Шаханов, және «Сайман» корпорациясының бас директоры Сағын Тәжiкеновтер қатысыпты. Қатысушы топ өкiлдерi, ескерткiштiң халықтың өз қаржысына салу керектiгiн алға тартып, арнайы есепшоттың ашылғандығын мәлiмдеген екен. Тiптi, сол күнi Анаға қойылатын ескерткiшке бастамашы боп жүрген топтың өкiлi Сағын Оразалыұлы есепшотқа 100 мың доллар аударған екен.

Кейбiр телеарна өкiлдерiнiң таратуы бойынша, ендi көпшiлiктi Ана бейнесiнiң қандай болатындығы мазалап жүрген көрiнедi. Яғни, ескерткiш қазақ әйелiнiң бейнесi ме, әлде қандай да бiр азиялық ана ма, мүмкiн еуропалық әйелдiң бейнесi ме екен деген сұрақтар көбiрек толғандырып, түн ұйқысын қашырып жүргенге ұқсайды.

Шындығында да, «ұлты кiм болуы керек?» деген сұрақтың кез келгеннiң көкейiнде тұрары рас. «Қазақстандық ұлт» идеясын қалыптастырғысы келгенi сияқты, ендi «қазақстандық әйел» бейнесiн жасағысы келгендердiң көкейiн түсiнуге болады. Әрине, «көпұлтты, көпдiндi» мемлекетте «қазақ әйелiнiң» бейнесiн жасау қалай болар екен, сондықтан «еуразиялық әйелдiң бейнесiн ұсынғанымыз жөн» дейтiндер де табылар. Өйткенi, өзiмiзден гөрi, өзгенiң көңiлiн табуға дайын тұратын халықпыз ғой. Алайда қандай жағдайда да Анаға қойылатын ескерткiш, тек қана қазақ әйелiнiң бейнесiнен жасалу керек дер едiк бiз. Қазақ тарихында аты аңызға айналған Аналарымыз аз емес. Соның бiрiнiң мүсiнiн қойсақ, бiзге артықтық етпейдi. Алматының қақ төрiнде немесе кiре берiс есiгiнде, қалаға келген қонақтарды қарсы алып тұрған қасиеттi Ана мүсiнiн көзге елестетiңiзшi. Өн бойыңызға мейiрiм ұялап, көңiлiңiзге жылы шуақ құяры абзал…

Ескерткiштi орнатудағы ең басты мiндет – сұлулықтың, мейiрiмнiң символы болар мүсiннiң олпы-солпы емес, асқан шеберлiкпен жүзеге асуы. Ол үшiн он саусағынан өнерi тамған мүсiншiге ғана тапсырыс беру керек. Сонда ғана саф өнердiң туындысы асқан шеберлiкпен орындалар едi. Сонда ғана алып Ананың бейнесi қалың жұртшылықтың көкейiнен шығар едi…

Бiрде Меркi ауданына барғанымда, Аспараға барар үлкен жолдың бойында орналасқан әйгiлi «Қара кемпiрдiң» мүсiнiн көргем. Ана ескерткiшiне жақын бара алмасам да, анадайдан көзге түсетiн алып ескерткiш көзiме оттай басылған. Айналамдағы адамдардан ескерткiштi белгiлi композитор, «Қара кемпiр» әнiнiң авторы Алтынбек Қоразбаевтың идеясымен тұрғызғандығын естiдiм. Майданға аттанған екi баласының жолын тосып, жоқтаған Ананың зары әлi күнге есiмде. Сай-сүйегiмiздi сырқыратып, бүкiл Аналардың қасiретiн әнмен жеткiзген «Қара кемпiр» ендi мiне, мүсiнге айналыпты. Ауылынан ұзап, алысқа кеткен әрбiр аспаралықтардың жолын тосып, жол қарап тұр.

«Мейiрiмнiң даңқты баламасы – Ана. Мейiрiм атаулы Анадан тарайды. Қазақтың әр қаласында Домалақ анаға, Ұлпан анаға, Күнгөне анаға, Қарқабат анаға, Зере әжеге – қазақтың дана аналарына мызғымас ескерткiш қою керек. Осынау кейуаналар көз алдымызда асқақтап тұрса, бәлкiм, тарихтың қатпарында қалып қойған, бүгiнгi күнге жетпей жатқан Мейiрiммен бiз қайта қауышқан болар едiк. Демек, ендi қойылатын ескерткiштiң атауы «Мейiрiм» болуы керек, ол мiндеттi түрде қазақ әйелi болуы керек»,–деп жазыпты «Алматы ақшамы» газетiнде белгiлi қаламгер Қали Сәрсенбай.

Шындығында да, жалғыз Алматыға ғана емес, бүкiл Қазақстанда Аналарға ескерткiш қойылса, артық етпейдi. Онда бiз қатыгез ұрпақ өсiрмейтiн болар едiк. Онда бiз жоқшылық пен тауқыметтiң қамытын киген бүгiнгi Аналарға аяушылықпен емес, құрметпен қарайтын болар едiк. Сонда ғана Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисiнде жазылғандай: «Әуелi анаңа, одан кейiн тағы да анаңа, содан кейiн тағы да анаңа құрмет етудiң» мәнiсiн ұғар едi, бүгiнгi ұрпақ!

Гүлзина Бектасова