Жаңалықтар

БIЛIМДI МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ...

ашық дереккөзі

БIЛIМДI МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ...

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универстетiнде тарих факультетiнiң деректану және тарихнама кафедрасының ұйымдастыруымен алғаш рет «Тарихымызды төл деректерiмiзден таниық» атты бiлiм сайысы болып өттi. Аталмыш сайысты ұйымдастырушылардың айтуынша, мұны өткiзудегi негiзгi мақсат – жоғарғы курс студенттерi мен магистранттары арасында деректану ғылымын насихаттау және жастардың тарих ғылымына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Тарих факультетiнiң жоғары курс студенттерi мен магистранттарының қатысуымен өткен бiлiм сайысы негiзiнен үш кезеңнен тұрды. Бiрiншi кезеңде бағын сынаған 50 студенттiң iшiнде дара озып-жеңгенi екiншi кезеңге өттi. Бұл кезеңнiң шарты бойынша сайысқа қатысушылар жеке сұрақтарға жауап берiп, одан iрiктелгенi үшiншi кезеңге жолдама алды. Мұнда сұрақ-жауап арқылы бiлiмiн сынға салған жүйрiктер өздерiнiң деңгейiн байқатты. Ал әдiл қазылар алқасын бастаған тарих факультетi деканы, профессор Ж.Таймағамбетов, деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушiсi профессор Қ.Атабаев, профессор С.Жақыпбек, О.Мұқатова, М.Қадыртаевалар топ жарған студенттердiң әдiл бағасын берiп, бiлiмдiнiң бiлiмдiсiн айқындап бердi. Сонымен байқаудың демеушiсi Сәбит Салқынов мырза тағайындаған жүлделi сыйлықтар мен орындарға кiмдер ие болды?

Әдiлқазылар алқасының сараптауы бойынша бiрiншi дәрежелi диплом мен 15 мың теңге ақшалай сыйлық 1-курс магистранты Жанар Сериеваның қанжығасына байланса, екiншi дәрежелi диплом мен 10 мың теңгенi 2-курс магистранты Құралай Арыстанбекова мен 4-курс студентi Ардақ Нұрмұхамбетов иемдендi, ал үшiншi дәрежелi диплом және 5 мың теңгелей ақшалай сыйлыққа 4 курс студентi Олжас Идрисов, 2 курс магистранты Роза Тлеуова және 4 курс студентi Хазiретәлiқызы Райгүл лайық деп танылды.

Екi күнге созылған бiлiм сайысын тамашалауға университеттiң оқу-iсi жөнiндегi проректоры Ж.Дәдебаев, тiл және тәрбие жөнiндегi проректоры Н.Омашев, «Парасат» кәсiподақ ұйымының төрайымы М.Мұқашева, сондай-ақ, оқытушылар, студенттер қатысты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ