Жаңалықтар

Акрам Хузам: «ӘЛ-ЖАЗИРАДАН» КЕТIП, «RUSSIA TODAY» ТЕЛЕАРНАСЫНА АУЫСТЫМ

ашық дереккөзі

Акрам Хузам: «ӘЛ-ЖАЗИРАДАН» КЕТIП, «RUSSIA TODAY» ТЕЛЕАРНАСЫНА АУЫСТЫМ

Катарлық «Әл-Жазира» телеарнасының Мәскеудегi бөлiмшесiнiң бұрынғы басшысы Акрам Хузам — Еуразиялық медиафорумның тұрақты мейманы. Сирияның Хомс қаласында дүниеге келген белгiлi продюсер ең алғаш рет Кеңес Одағына 1985 жылы табан тiрептi. Бүгiнде Акрам Хузам — «Russia today» телеарнасының продюсерi. Телеарнаның басты мақсаты — араб әлемi мен Кеңес Одағы заманындағы ескi байланыстарды еске салу екен. Ресейдiң араб әлемiне негiзделген телеарна ашуында қандай кiлтипан жатқандығын бiз Акрам Хузамның өз аузынан естудi жөн көрдiк.

— Акрам Хузам мырза, сiздiң «Әл-Жазира» телеарнасынан кетуiңiз орыс БАҚ-тарында үлкен дау-дамай туғызды. Өзiңiз телеарнадан кетуiңiздi қалай түсiндiресiз?

— Мен әлi күнге дейiн «Әл-Жазира» телеарнасының менен нелiктен қол үзгенiн бiлмеймiн. Мысалдап айтсам, өз басым ерлi-зайыптылардың айырылуын қолдайтын адам емеспiн. Мен олардың арасындағы «лас дүниелердi» ашып, көрсетудi қолдамаймын. Бұл орайда айтарым, телеарна басшылығының шешiмi — олардың өз ар-ұятында. Өйткенi мен бұл жылдары объективтi, әдiлеттi жұмыс iстедiм дей аламын. Мен өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi осы телеарнаға арнаған адаммын. Сондықтан күндердiң бiр күнi бұның астарында жатқан себептi арна басшылығы түсiндiрiп бередi деп үмiттенемiн.

— «Әл-Жазира» телеарнасының дамуына сiздiң де қосқан үлесiңiз баршылық. Жалпы, сiздiң телеарнадан кетуiңiздiң астарында саяси себеп жатқан жоқ па?

— Менi жұмыстан шығару — әрине, ең алдымен, саяси шешiм болды. Өйткенi шығармашылық немесе кәсiби себептер жоқ мұнда… Мен олардан ешқандай да түсiнiк ала алмадым. Сондықтан мен тек болжам ғана айта алам. Жеке болжамым бойынша, бұл келеңсiздiк мұсылман радикалдарының «Әл-Жазира» телеарнасының лауазымды орындарына жайғасқанынан кейiн туындауы мүмкiн бе деймiн. Себебi мен фундаментализм мен радикализмге келгенде, өзiмдi сабырлы журналист ретiнде ұстаймын.

— Қазiр бұл телеарнаның тыныс-тiршiлiгiнен хабардарсыз ба? Жалпы, бұл телеарнаны ара-тұра көрiп тұратын шығарсыз?

— Өкiнiшке қарай, мен телеарнаның тыныс-тiршiлiгi жайлы тек қана кейбiр мағлұматтарды есiтiп тұрамын. Оны көрудi қойғам… Жоқ, телеарнаға ренжiп қалғандығымнан емес, өзiм «Russia today» телеарнасын қалыптастыру iсiмен айналысып жатқаннан соң ғана… Естуiмше, телеарна бұрыңғы беделiнен айырылыпты. Мұның қаншалықты шынайы ақпарат екенiн бiлмеймiн. Бiрақ мұның себебiн түсiнетiн сияқтымын. Олар екi жыл бұрын бастаған саясатын жалғастыра берсе, ары қарай жағдай тек қана қиындай бермек.

— «Russia today» телеарнасы жайлы бiз көп естiмеппiз. Бұл қандай телеарна болмақ?

— Негiзiнен бүгiнгi таңда «Russia today» телеарнасының ағылшын нұсқасы бар, ендi араб нұсқасы ашылмақ. Бұл — күнi-түнi көрсетiлетiн жаңалықтар арнасы. Телеарнада көбiне жаңалықтар, деректi фильмдер мен ток-шоу бағдарламалары көрсетiледi.

— Сiз бүгiн Ресейде тұрып жатырсыз. Негiзi сiз мұсылмансыз ба? Бұл телеарнаның Ресейде дүниеге келуiнде нендей кiлтипан жатыр?

— Жоқ, мен мұсылман емеспiн. Мен осы телеарнаны құру арқылы Ресей өз iшiнде ешқандай ислами проблемалар жоқтығын көрсеткiсi келедi деп те ойламаймын. Мұнда жаһандық деңгейдегi мәселелер бар. Ресей БАҚ-тардың қоғамдық пiкiрге деген ықпалын түсiнiп жатыр. Бұл орайда шет елге тарайтын ақпарат құралының маңызы зор. Ресейлiк «ино-СМИ» — «Russia today» телеарнасы осылайша ашылды.

— Негiзi дiнге қалай қарайсыз? Өзiңiз дiншiлсiз бе? Қай дiндi ұстанасыз?

— Мен зайырлы қоғамның адамымын. Дiншiл емеспiн. Мен Сирияның православиелiк отбасынан шыққан адаммын.

— Өзге дiннен болғаныңыз араб әлемiнiң проблемаларын көтеруге кесiрiн тигiзбей ме?

— Жо-жоқ. Барлық адамдар менi өте жақсы қабылдайды. Мен мұның себебiн де бiлемiн.

— Иә, бұған қандай себеп?

— Бұған басты себеп — мен шынайы репортаждар жүргiземiн, обьективтi ақпарат таратамын. Сондықтан оларға менiң мұсылман болған-болмағаным маңызды емес.

— «Әл-Жазира» мәселесiне қайта оралсақ. Негiзi бұл телеарна әп-сәтте дүниежүзiне белгiлi болды ғой. Өзiңiз де бұл телеарнада он жылдан астам уақыт жұмыс iстепсiз. Негiзi телеарнаға атақ қалай келдi? Ненiң арқасында?

— Қалай атақ келдi дейсiз бе?! Телеарнаның тiлшiлерi өз өмiрiн де, бар игiлiгiн де осы телеарнаға арнады. Сондықтан осындай мықты телеарна дүниеге келдi. Өкiнiшке қарай, телеарнаның атақ-абыройын Бен Ладенмен байланыстыру әдетке айналып барады. Мұның артынша көптеген адамдар «Әл-Жазира» лаңкестердiң қолшоқпары» деп айып та таға бастады. Сондықтан мұндай айыпты көтеру қиынға соқты.

— Соңғы кездерi бұл телеарнаны тек қана Бен Ладенмен емес, Ақ Үймен де байланыстырып жүргендер де бар ғой. Себебi Бен Ладен — Ақ Үйдiң «қолдан жасалынған қуыршағы» емес пе? Ал, ол осы телеарна арқылы мәлiмдемелер жасауды әдетке айналдырған. Оның үстiне исламға қаяу түсiретiндей репортаждар да осы телеарнадан көрсетiледi емес пе?

— Ақ үйдiң катарлық телеарнаны қаржылай демеп жүргенi шындықпен жанаспайды. Катардың өзiнде қаржы баршылық. Бұл елде ең үлкен әскери база орналасқан. Катар мен АҚШ арасында тығыз байланыс барында және Осама бен Ладеннiң «америкалық өнiм» екендiгiнде күмәнiм жоқ. Бәлкiм, олар осы телеарна арқылы өз мақсаттарына жетудi көздеп отырған да шығар. Естерiңiзге сала кетсем, АҚШ-тағы президент сайлауынан бiр апта бұрын Осама бен Ладеннiң осы телеарнада төбе көрсеткенi белгiлi. Осыдан кейiн-ақ сарапшылар «Буш осы арқылы ұтты» деп мәлiмдей бастады. Бұл заңдылық па, әлде кездейсоқтық па? Елдiң өзi шешсiн.

— Сiз Америкаға қатты сын айтасыз. АҚШ-ты ұнатпайсыз ғой деймiн…

— Мен Американы емес, Американың саясатын ұнатпаймын. Осы саясат әлемдi қақ жартысынан айырып, ақ пен қараға, жақсы мен жаманға бөлдi. Мен Бушты оккупант болғандығы үшiн ұнатпаймын. Олар Ауғанстанды, Иракты оккупациялады, Орта Азияны да өз ыңғайына жығып жатыр. Иракта не болып жатыр? Югославияда жағдай қандай? Оларды осыдан кейiн не үшiн жақсы көру керек? Айтыңызшы, не үшiн?!

— Қазiргi таңда араб мемлекеттерiнiң БАҚ-тары қаншалықты дамыған? Олардың жағдайын қалай бағалайсыз?

— Бiзде де проблемалар баршылық. Әсiресе араб елдерiндегi сөз бостандығы мен демократия мәселелерi басы ашық күйiнде. Сол себептен араб елдерiндегi БАҚ-тарда өзектi мәселелер жоқ емес. Осыдан-ақ онда қандай проблемалар барын аңғаруға болады.

— Ал, сiз «Әл-Арабия» телеарнасына қалай қарайсыз? Бұл телеарна «Әл-Жазирадан» қалыспай келедi ғой…

— Ақпараттық телеарналардың пайда болуының өзi оң жаңалық дер едiм. Проблема бар. Қандай? Шынайылық, яки объективтi көзқарас жоқтың қасы. Көптеген телеарналар тапсырыс бойынша жұмыс iстейдi. Бұл өте қиын. Осының кесiрiнен шынайы ақпарат берiлмейдi. «Әл-Жазираны» айтсам, бұл телеарна Иракта 4 мың қарапайым адамның қаза болуына жауапты. Неге? Өйткенi олар «Ирак ұтады, АҚШ жеңiлiп жатыр» деген сыңайда ақпарат таратқан болатын. Осындай «сүйiншiден» соң, 4 мың адам Иракқа жеңiстi тойлау үшiн барып, барлығы дерлiк оқ астында қалып, қаза тапты. Сондықтан телеарналардың тапсырыс бойынша жұмыс iстейтiнi рас.

— Ресейде дүниеге келген телеарнаңыздың аты «Russia today» екен. Неге телеарнаның атын дәл осылай қойдыңыз? Және Ресейдiң идеологиясы бұл телеарнаға өз ықпалын тигiзедi деп ойламайсыз ба?

— Жоғарыда айтқанымдай, бұл телеарнаның араб нұсқасы таяуда ғана қалыптасты. Мен қазiр мамандарды жинап жатырмын. Жалпы, Кремльдiң идеологиясы телеарнаның күнделiктi жұмысына әсерiн тигiзбейдi ғой деп үмiттенемiн. Екiншi жағынан, мен бұл телеарна «BBC» телеарнасы сияқты өте шынайы да объективтi телеарна бола алады деп өзiмдi алдандыра алмаймын.

— Бұл телеарна қандай бағытта жұмыс iстемек?

— Телеарнада бұрынғы Кеңес Одағы мен араб елдерi арасындағы қарым-қатынастарды көтеру, тарихты қайта еске салу дұрыс сияқты. Өткеннен қандай шарапат аламыз, қандай сабақ аламыз, осы тұрғыдан да тарихты бағалау керек сынды. Мәдени хабарлармен қоса Ресей мен араб елдерiндегi халықтар жайлы ақпарат көрсету — телеарнаның мақсаты.

— Негiзi сiз Қазақстанда бiрнеше рет болған адамсыз. Жалпы, сырт көзбен қазақ ақпарат құралдарының дамуына қандай баға берер едiңiз?

— Мен Қазақстан ақпарат құралдары жайлы аз-кем ғана мағлұмат бiлемiн. Сондықтан бұл жайында терең ой айта алмаймын. Мен қазақ баспасөзiн емес, тек қана телеарналарын көрiп байқаған адаммын. Қазақстандық телеарналарға қарағанда, қазiрше электронды ақпарат құралдарының онша дамымағандығын айтуға болады. Бұл жерде динамика керек: мемлекеттiк мәселелерден бұрын, қоғамдық, халықтық мәселелердi көтеретiн бағдарламаларды ашу керек.

— Ал, Қазақстанда қоғамдық телеарнаның пайда болуына сенесiз бе?

— Иә, сенем. Мен ең алғаш рет Қазақстанға келген сапарымды әлi күнге дейiн есте сақтап келемiн. Сол уақытпен салыстырсам, қазiр Қазақстанда үлкен прогресс байқалады. Сондықтан бұл салада да үлкен алға жылжушылық болатынын жоққа шығара алмаймын.

— Негiзi Ресейге көпке тұрақтадыңыз ба?

— Менiңше, бұл мәселе адамның жұмыс бабына байланысты. Егер де менiң Қазақстанда тұруымды қаласаңыздар, мен мұнда да келер едiм. Егер, әрине, қызық жұмыс болса.

— Сiз көптеген әлемдiк лидерлерден сұхбат алған журналиссiз. Ресей президентi В.Путин, Беларусь президентi А.Лукашенко, Йемен президентi А.Салехтен де сұхбат алыпсыз…

— Мен Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтан да сұхбат алғам…

— Жарайсыз! Ал, егер екiншi рет Назарбаевтан сұхбат алсаңыз, оған қандай сұрақ қояр едiңiз? Өзiңiз де бiлетiн шығарсыз, таяуда Қазақстанда Президент сайлауы өттi. Сайлаудан кейiн жаңа сауалдар туындаған жоқ па?

— Негiзiнен кезiнде мен Назарбаевтан көлемдi сұхбат алғанымды айттым ғой. Ал, қазiр мен оған: «Еуразияға байланысты идеясы қаншалықты шынайы? Мұны iс жүзiнде қалай жүзеге асыруға болады?» — деп сұрар едiм. Менiңше, бұл өте дұрыс идея. Ол Кеңес Одағын қайта қалпына келтiрудiң орнына «еуразиялық» деген идеяны ұсынды.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА