Жаңалықтар

АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Даниэл Фрид: “КРЕМЛЬДIҢ ЖАРИЯЛЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҮШIН ӨТЕ ТИIМДI”

ашық дереккөзі

АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Даниэл Фрид: “КРЕМЛЬДIҢ ЖАРИЯЛЫЛЫҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҮШIН ӨТЕ ТИIМДI”

“Газпром» мен Кремль шетелдiк инвестиция тартуда жариялылық пен ашықтыққа сүйенетiн болса, қазiргi таңда құны тым арзанға түсiп отырған әрi орыстардың газ құбырына тәуелдi қазақтың «қара алтыны» әлемдiк нарыққа жол тартпақ. Бұл – табиғи ресурсқа бай қазақтар энергоқорының арқасында қыруар қаржыны қанжығаға байлайды деген сөз. Өкiнiшке қарай, еуропалықтардың жариялылық пен ашықтыққа қатысты қойған талабын ресми Мәскеу мен ресейлiк монополиялық компания ескерер емес…

Кәрi құрлық тұтынатын табиғи газдың төрттен бiр бөлiгiн өз өнiмi арқылы қамтамасыз етiп отырған ресейлiк энергетикалық алпауыт — «Газпром» еуропалық нарыққа дендей енуге деген талабына тосқауыл қоюға мүдделi батыстық саясаткерлерге доқ көрсеттi: «Егер жоспарымызға бөгет жасайтын болсаңдар, табиғи газды тұтынушыларды Азиядан iздеуiмiз мүмкiн». Бұл туралы компания басшысы Алексей Миллер Еуропалық Одаққа мүше 25 мемлекеттiң елшiлерiмен кездесуiнде мәлiмдедi: «Еуропалық нарықтағы «Газпромның» қызметiн шектеуге және тек экономикалық мақсатты көздеген газбен қамтамасыз ету мәселесiн саясиландыруға тырысқан әрекеттер соңы жақсылыққа әкеп соқпайды». Үстiмiздегi жылдың басында «Газпромның» Ұлыбританияны энергоқормен қамтамасыз етiп отырған «Centrica» компаниясын («British Gas» компаниясының иелiгiндегi) сатып алу мүмкiндiктерiн қарастыруы ұлыбританиялық шенеунiктердiң наразылығын тудырған. Лондондық министрлерден есе қайтаруды көздеген «Газпром» солтүстiкамерикалық және қытайлық нарықты «белсендi түрде зерттеп жатқандықтарын» жеткiздi. Бұл мәлiмдеменiң астарында «Еуропадағы әрекетiмiзге кедергi келтiрiлетiн болса, газымызды Жер Шарының өзге бөлiгiне сатуға шешiм шығарамыз» деген зiл жатқан.

Украиндармен арадағы газ бағасына қатысты туындаған даудың соңы еуропалық саяси сахнадағы үлкен дағдарысқа әкеп соқты. Жыл басында Германия мен Еуропалық Одаққа мүше өзге елдердiң қыстың көзi қырауда жылусыз және жарықсыз қала жаздауы осы аймақты энергоқорлармен қамтамасыз етiп отырған Ресейдiң еуропалық саяси сахнадағы ең маңызды ойыншы екендiгiн айқын көрсеттi. Оның үстiне, «Газпром» өз өнiмiн британдық нарыққа тасымалдамағанмен, табиғи газды шет елдерден тасымалдауға мәжбүр Ұлыбритания нарығына дендей енуге мүдделi екендiгiн жасырған емес: 2015 жылға қарай ресейлiк компания ағылшындар тұтынатын газдың 20 пайызын өз өнiмi арқылы қанағаттандыруды көздейдi. Алайда, Ұлыбританияның Сауда және өндiрiс министрi Алан Джонсонға Министрлер кабинетiнiң өзге мүшелерi «Газпромның» осы тапсырысына және энергетикалық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн кез келген тапсырысқа тосқауыл қою үшiн тиiстi заңдарға өзгерiстер енгiзу керектiгiн жеткiздi. Ағылшындардан есе қайтаруға нық бекiнген «Газпром» ресми Пекинмен Сiбiрдiң батыс бөлiгi арқылы қытайлық нарықты газбен қамтамасыз етуге келiсiм жасасты. Аталған келiсiм энергоқорға ауадай зәру Батыстың орыстардан тасымалдайтын газ көлемiне керi әсер етпек.

Соңғы мәлiметтерге сүйенсек, Германия, Италия мен Франция тұтынатын газының кем дегенде, 30 пайызын «Газпромнан» тасымалдап отыр. Ресейлiк компанияның баспасөз хатшысы Сергей Купрянов шетелдiк басылымдардың бiрiне берген сұхбатында: «Бiз бар болғаны еуропалық елдердiң өз газымызды сату мәселесiнде баламалы нұсқалардың (өзге тұтынушы мемлекеттердiң – Н.Ж.) бар екендiгiн түсiнсе екен деймiз. Анығырақ айтқанда, тез дамып келе жатқан қытайлық нарық пен АҚШ нарығы бар. Егер Еуроодаққа бiздiң газымыз керек болса, бiздiң мүдделерiмiздi назардан тыс қалдырмауы тиiс». Бұған дейiн Еуропалық Одақ егер Ресей өзге елдердiң газ құбырларына кедергiсiз қол жеткiзуiне жағдай жасайтын болса, орыс газының еуропалық нарыққа тасымалдануына көмек көрсететiнiн мәлiмдеген. Алайда бұл талапқа «Газпром» үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытты. Осының салдарынан, табиғи газын орыстарға өте арзан бағаға сатуға мәжбүр болып отырған қазақ, өзбек, түркiмен мен әзiрбайжан орасан зор пайдадан қағылуда. Американың Мемдепартаментiндегi бiр кездесуде бiздiң: «Ресей әлемдiк саяси сахнаға энрегоқорларының көмегiмен жетуге күш салуда. Бұл Қазақстан, Өзбекстан, Түркiменстан мен Әзiрбайжан сияқты орталықазиялық аймақтағы табиғи ресурстарға бай елдердiң әлемдiк нарыққа шығуына кедергi келтiрiп отыр. Сөз жоқ, АҚШ пен Батыс «Газпром» мен Кремльдiң монополияны көздеген әрекетiне алаңдаулы. Бiрақ энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн балама жолдар неге табылмай отыр?» деген сұрағымызға АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Даниэл Фрид мырза: «Бұл проблема – «Үлкен сегiздiктiң» күн тәртiбiнде тұрған мәселесi. Бiз энергетикалық қауiпсiздiк – жемқорлық пен саяси ойындардың емес, ашық режимнiң жариялылығының нәтижесi деп бiлемiз. Ресей кез келген жоба мен сценарийде қыруар қаржыны энергоқорлары арқылы тауып отыр. Бiрақ мәселе мұнда емес. Мәселе – мұнай мен газды өндiруде ол қандай қағидаларға сүйенбек? Коммерциялық па, әлде стратегиялық па? Бiз коммерциялық қағидалар негiзге алынады ғой деп сенемiз. Инвестиция құюдағы ашықтық пен жариялылық Ресейге, сiздiң Қазақстаныңызға, Өзбекстан мен Әзiрбайжанға да тиiмдi болады. Жүйенiң жабықтығы мен құпиялылығы орталықазиялық елдер және Грузия, Украина мен Батыс Еуропа үшiн өте қолайсыз. Менiңше, бұл тiптi, Ресей үшiн де қолайсыз. Мұнайдың әлемдiк нарықтағы бағасының шарықтап кетуi – жағымсыз фактор емес. Бiрақ «Газпром« газ бағасына келгенде, өнiмiн кейбiр елдерге әлемдiк бағаға сәйкес, ал кейбiр елдерге әлдеқайда арзанға сатуға болмайды» деп жауап бердi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Вашингтон, АҚШ.