Жаңалықтар

«Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы мүшелерiнiң кезектi отырысы

ашық дереккөзі

«Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы мүшелерiнiң кезектi отырысы

«Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы мүшелерiнiң кезектi отырысында Орыс, славян және казактар қауымдастықтары өкiлдерiнiң арандатушылығына қарсы тiл жанашырларының 2006 жылдың 9 ақпанында республикалық басылымдарда жарияланған мәлiмдемесiнде Президент, Үкiмет, Парламент назарына ұсынылған талап-тiлектерiнiң аяқсыз қалғандығы туралы мәселе қаралды.

Аталмыш мәлiмдемеге Халық қаһарманы Қ.Қайсенов, халық жазушылары М.Әлiмбаев, Ә.Нұршайықов, С.Шәймерденов және бiрнеше мәжiлiс депутаттары бар 36 адам қол қойып, мынандай жетi түрлi талап қойылған болатын.

1. «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңды түбегейлi редакциялап, аталмыш Заңның жаңа нұсқасын Парламентпен қатар қоғамдық ұйымдар сараптамасынан өткiзу;

2. Үкiмет қабылдап, Президент бекiткен 2001-2010 жылдарға арналған Тiлдердi дамыту туралы Мемлекеттiк бағдарлама, негiзiнен, сөз жүзiнде қалып қойды. Осы құжатқа жаңа тыныс, жаңа екпiн беру;

3. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiнiң құрамындағы Тiл комитетiн дербес агенттiк етiп қайта құрып, оның құқықтық мәртебесiн арттыру;

4. Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» Заңына өзгертулер мен қосымшалар енгiзу арқылы, қазақ телекөрiлiмдерiн түн ортасы ауған мезгiлден оңтайлы сағаттарға ауыстырып, таза мемлекеттiк тiлде хабар тарататын жеке Ұлттық қоғамдық телеарна ашу;

5. Орталық мемлекеттiк ұйымдар, соның iшiнде салалық министрлiктерде, облыстық әкiмдiктерде мемлекеттiк тiл саясатын жүргiзуге бөлiнетiн қаржыны жеке бап ретiнде енгiзудi және жаңа қаржы көзiн қарастыруды Үкiметтен талап ету;

6. Мемлекеттiк тiлдiң заңды тұғырға орнығуына қарсы кейбiр мүдделi топтар қазақ тiлiн қолдаушыларды құбыжық етiп көрсетуге, оларды саяси ұпай жинаушылар қатарында айыптауға күш салуда. Тiл жанашырлары ондай жаңсақтыққа ешқашан барған емес. Әлгiндей ұйымдастырылған әрекеттердi мемлекеттiк тiлге жасалған қастандық ретiнде бағалау;

7. Президент әкiмшiлiгiнде, Үкiметте, Парламентте және басқа құзырлы мекемелердiң бәрiнде дерлiк, сондай-ақ, халықпен үнемi тығыз байланыста болатын жол қатынасы, медицина, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында мемлекеттiк тiлдi ашықтан-ашық менсiнбей, мұрын шүйiре қараушылық кең өрiс алуда. Сондықтан кезiнде Үкiметте әзiрленiп, бiрақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң кiнәсiнен тоқтап қалған «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтар мен лауазымдардың тiзбесi туралы» ҚР Заңының жобасын Парламент қарауына енгiзу.

Жоғарыда аталған мәлiмдемеде (9 ақпан, 2006 жыл) Үкiмет регламентiне сәйкес жауап болмаса Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында тiл жанашырлары шеруге шығатыны айтылған. Өкiнiшке қарай билiк тарапынан әлi күнге жауап жоқ. Соған орай «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының мүшелерi аталмыш мәлiмдемеде ескертiлгенiндей, үстiмiздегi жылдың 28 мамырында Алматы қаласында тiл жанашырларының шеруiн өткiзуге рұқсат сұрап хат жолдады. «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы өзiнiң жер-жердегi ұйымдарына қолданыстағы заң аясында бейбiт шеру өткiзудi ұсынды.

Сондай-ақ тiл жанашырлары М.Шахановтың үстiмiздегi жылдың 5 сәуiрi күнi Парламент мiнберiнен жасаған «өз ұлтының тiлiн, рухын мойындамағандардың сол ұлттың есебiнен билiк тұғырына көтерiлуге хақы жоқ» деген мәлiмдемесiне де қызу қолдау бiлдiрдi. «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының мүшелерi отырыс барысында тiлге қатысты қордаланып қалған өзге де мәселелердi талқылады.