Жаңалықтар

МАҒЖАН АҚЫН – САХНАДА

ашық дереккөзі

МАҒЖАН АҚЫН – САХНАДА

Үстiмiздегi жылғы 10-16 сәуiр аралығында Түркiстан қаласының сазды-драма театрының Астана қаласындағы гастрольдiк сапары Кенесары Қасымұлының өмiрiнен сыр шертетiн «Жанталас» (режиссерi Сая Қасымбек) тарихи драмасымен ашылса, жабылуы белгiлi жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Абақты-ғұмыр» қойылымымен аяқталды.

Бiз түркiстандық театр ұжымының Елордадағы күндерiнiң жабылуында қойылған «Абақты-ғұмыр» поэтикалық драмасы туралы өз ойымыз бен толғанысымызды айтпақпыз. Драманың қоюшы режиссерi — Театрдың көркемдiк жетекшiсi, профессор Райымбек Сейтмет Түркiстани. — Шаңырақ көтерiп, шығармашылық жұмыстарын бастағанына небәрi бес-ақ жыл болған бұл өнер ордасы өзiнiң жастығына қарамастан қиын да күрделi тақырыптарға бара бiлгенiн атап өтуге болады. Бұл ретте сахна саңлағы, белгiлi режиссер Р. Сейтметтiң еңбегi зор. Түркiстан театрының Елорда төрiнде қойған бұл қойылымдары сәттi шыққандығымен, көкейкестi тақырыпты қозғағандығымен ерекшелендi. Әсiресе, төл тарихымызды таразылап жатқан қазiргi кезеңде ғасырлар қойнауына дендей енiп, елдiң өткенi мен бүгiнiн байланыстыра отырып, замана лебiн дөп басып бейнелейтiн шығармаларды сахналауда театр актерлерiнiң сiңiрген еңбегi аз емес. Атап айтқанда, «Жанталас», «Көк-Түрiктер», «Иассауи қасiретi», «Абақты-ғұмыр» атты туындыларды еш әсiрелеусiз бейнелеген актерлердiң кәсiби шеберлiгi, тынымсыз iзденiсi, жаңашыл сипаты — осынау өнер ордасының келешегiнен зор үмiт күттiредi, — дейдi Премьер-министр Д.Ахметов. Түркiстан – екi дүние есiгi ғой, Түркiстан – ер түрiктiң бесiгi ғой. Тамаша Түркiстандай жерде туған, Түркiнiң тәңiрi берген нәсiбi ғой. Ертеде Түркiстанды Тұран дескен, Тұранда ер Түрiгiм туып-өскен. Тұранның тағдыры бар толқымалы, Басынан көп тамаша күндер кешкен, — деп асқақ рухта жырлаған Мағжан Жұмабаевты тәуелсiз елiмiздiң еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейiн бұл күнi бiле бастады. Сол ақиық ақын өмiрi қалай аяқталып едi. Қазақ поэзиясының бағына бола дүние есiгiн ашқан ақынымыздың өмiрiне өзiмiз балта шапқан жоқпыз ба? Алла өзi берген ақын жанын солшыл саясатшылар қапыда алған жоқ па? Қоғам ба, адам ба бұған кiнәлi? Әлде, соқыр заман, әсiре саясат лаңы ма? Осынау сан сауалға жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының Мағжан Жұмабаев өмiрiнiң соңғы сәттерiнен жазған қойылымы жауап iздейдi. Драматург арқылы ақын туралы тұңғыш спектакльдi жазбас бұрын оған үлкен дайындықпен келген. Бiрнеше ғылыми-зерттеу мақаласы, кiтаптары мен еңбектерi соған дәлел. Сосын ғана барып «жазуға болмайтындай күй» кешкен соң, Мағжан ақынның өмiрiнiң соңғы сәттерiнде бастан кешкен көңiл-күйiн, жан толғанысын драмалық шығармаға айналдырған. Ол еңбегi сәттi шыққан. Оған қойылымды көрген кезiмiзде айқын көз жеткiздiк. …Жан-дүниеңдi шымырлатып, өн-бойыңды әлдилер әуездi әуен естiледi. Iле темiр тордың арғы жағынан Мағжан ақын (артист Айдар Наурызбаев) көрiндi. Оның зарлы да, мұңлы үнi жүрегiңдi езiп, сай-сүйегiңдi сырқыратып, осы отырғанда ақын әлемiнiң қалтарысты-қатпарлы тағдырына өзiң де бой ұсына түскенiңдi байқамай қаласың… Дерттi ақын түрмедегi соңғы күнiн, соңғы сағаттарын өткiзiп жатып, жалған дүниеге Алла жарылқап шыр етiп түскеннен бергi бар ғұмырын, бүкiл шығармашылығын, дос-дұшпандарының iс-қимылын көз алдынан өткiзу үстiнде. Бiр мезетте сахнаға әппақ киiм киiнген Ақ елес (артист Гүлзада Айтбаева) шықты. Ол драмадағы басты кейiпкер Мағжанның шын жанашыры, былайша айтқанда, нағыз досы да, ақылшысы да қамқоршысы. Адам ретiндегi ақынның бүкiл болмыс-бiтiмiн, қасиет-келбетiн, жан сырын, жетiстiгiн дәл өзiнен кем бiлмейтiн Елес-бейне. Одан кейiн Ақ елеспен арадағы әңгiмеден түйiн түйiп, ойын жинақтай бастағанда, темiр торда арып-ашып, қарнының ашқанына емес, қадiрiнiң қашқанына құса болған ақынның кемшiлiгiн тiзбелеп, досын қастай жамандап, қасын достай ақтап көрсетiп қара киiмдi Қара елес (артист Ержан Нұрымбет) шықты сахна төрiне. Ол болса ақынның өмiрлiк ұстанған қағидасынан айнытпаққа бекiнген қара ойлы, харам ниеттi, хас дұшпан кейпiндегi Елес-бейне. «Бүгiн сенiң бұл өмiрдегi ақырғы сәтiң, Мағжан. Егер тiрi қалғың келсе, басыңды арашала. Өзiң жазған жырлардан бас тарт. Оларды Рысқұлов, Төреқұлов, Қожановтардың айтуымен жаздым де. Сонда тiрi қаласың» деп азғырады Қара елес қасгөйлiкпен. Мағжанның тұңғыш бiр томдық жинағын шығаруға көмектесiп, алғысөз жазған Сұлтанбек Қожановты «Ол кезенде арзан бедел алу үшiн сенiң атыңды пайдаланды» деп оған жала жауып, аңқылдақ ақынды азғырады. Сол мезетте Мағжан ақын Қара елестiң сұм пиғылын әшкерелейдi, алаштың арыстарына ешқашан да жала жаппайтынына бекем бекiнiп, өзiн атса да, жырын өлтiре алмасын сезiнедi. «Мағжанды өлтiрер, бiрақ жырды қалай өлтiрер» деп болашаққа зор сенiммен, үлкен үмiтпен қарайды. Ақын арына кiр жуытпай, өзiнiң аяулы поэзиясын аман алып қалып, алаш азаматтарына деген ұятын сақтай бiлiп, елiне деген ақ-адал махаббатын аялап, осынау ұлы мұраттар жолында жанын пида етедi. Драматург Жолтай Жұмат (Әлмашұлы) Мағжан өмiрiнiң елеулi белестерiн, елiне қызмет еткен ерен еңбегiн, шығармашылық жетiстiгiн сомдауда небәрi бес кейiпкердi алады. Бұл өте дұрыс шешiм болғанын спектакльдi тамашалау барысында анық түсiндiк. Қойылымдағы негiзгi кейiпкерлер — Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Нәзiр Төреқұлов және Ақ елес, Қара елес бейнелерi арқылы «Абақты-ғұмыр» драмасының көтерген жүгi, алдыға қойған мақсаты – бәрi де композициялық түйiнiн тапқан. Артық деталь, алдамшы көрiнiс, көп сөздiлiк жоқтың қасы. Қойылымның ұтқан тұсы – Ақ елес және Қара елестi сөйлете бiлуi. Шын мәнiнде, адам бойында кемшiлiк те, жақсы қасиеттер де бар емес пе? Бiрде жақсылық қасиетiң жеңсе, сенен керемет ешкiм болмайды, ал керiсiнше жаман әдетке бой берiп алсаң, өзгенi емес, өз-өзiңдi де танымай қаласың. Автордың қазақ драматургиясына әкелген жаңашылдығының қайнар бұлағы осында. Әжелерiмiз «оң жағыңда Ақ перiште, сол жағыңда Қара перiште отырады, байқа балам, жаман сөйлеме, жақсыны айт, жақсылыққа кенелесiң» деп отырушы едi ғой. Драматург ұлттық салт-дәстүр қойнауында қалып қойған, бүгiнгi жастарымыз бiле бермейтiн, кезiнде үлкендерден естiсе де бiр кездегi саясат әсерiмен дiнге апарып тией салатын осы тәсiлдi әдемi пайдалану арқылы Мағжанның жан сырын ашып көрсете бiлген. Тағы бiр ерекшелiгi – түрмеде заманның әдiлетсiздiгiне таусыла күйiнген ақынға Сұлтанбектiң абақтыда отырып, қайрат беруiн бейнелеген монолог, ал Нәзiрдiң ақынның алғашқы кiтабын сынай тұрып, оны саясат әсерiнен амалсыз жасағанын, кейiннен сол кемшiлiгiн түзетiп, ақынды жұмысқа алып, рухани мол шығармаларын жазуына ықпал етуi, Абайдан кейiн қазақ поэзиясына Мағжандай ақынның келгенiн мойындаған адами қасиетiн ашып көрсететiн монолог көрерменге жылы әсер қалдырды. …Қапас бөлме, тас қабырғадағы Мағжанның соңғы түнi… Бұл фәниден кетер алдындағы ақынның ойы, сыры, мұңы, өкiнiшi, арманы, болмысы – айналасы екi сағаттай уақытқа созылған осы бiр қойылымға сыйып кеткенi режиссерлiк шешiмнiң шеберлiгiн бiлдiретiнi шүбәсiз. Көрермен ретiнде қойылымнан алған әсермен қолға қалам алдым. Ал Мағжан Жұмабаев туралы сахна төрiнен орын алған тың туынды — «Абақты-ғұмырдың» нағыз бағасын театр сыншылары берiп жатса, нұр үстiне нұр. Мағжан ақын – сахнада. Түркiстан, Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының жұртшылығы күллi түркi дүниесiнiң шашасына шаң жуытпас шайыры, ұлтымыздың лирик ақыны Мағжанмен сахна арқылы қайта табысты. Бiз осыған қуандық. Нұрлан ҚАЛҚА