Жаңалықтар

АСПАН АСТЫ ЕЛIНДЕ

ашық дереккөзі

АСПАН АСТЫ ЕЛIНДЕ

Қытай Халық Республикасына Қазақстан Сыртқы Iстер министрi Қасымжомарт Тоқаевтың сапары сәттi өттi. Тiптi, қытайлар Тоқаевқа деген жылы көзқарастарын жасырған жоқ. «Қытайдың ескi досы, өз елiндегi нөмiрi бiрiншi қытайтанушы» дегендi де баса айтты.

Аспан асты империясының орталығы үлкен дайындық үстiнде екен. 2008 жылы өтетiн Олимпиаданың астанасы атағын алған Пекин өз экономикасына инвестицияны молынан тартуда. Тiптi, Олимпиаданы қытайлар ұлттық идеяға айналдырып алғандай. Осы Олимпиада әнұранының сөзiн елдiң Сыртқы iстер министрi Ли Чжаосин жазған көрiнедi.

Сонымен, Қасымжомарт Тоқаев Қытай Мемлекеттiк Кеңесiнiң Премьерi Вэнь Цзябаоның қабылдауында болып, екi жақты саяси-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту, стратегиялық серiктестiк бағыттары бойынша келiссөздер жүргiздi. Айтпақшы, Тоқаевтан 5-10 минут бұрын Вэнь Цзябаоның қабылдауында Грузия президентi Михаил Саакашвили болды. Шығысқа тән майда тiлмен Вэнь Цзябао: «Төрағамыз өзiнiң жұмыс графигiнiң өте қауырт болуына байланысты сiздi қабылдай алмады. Елде Грузия президентi Михаил Саакашвили жүр» дейдi. Ху Цзиньтаомен арада кездесу бұрын жоспарланбаса да, Вэнь Цзябаоның бұлай деп ақталуын министрге деген жылы қатынасының көрiнiсi деп қабылдадық.

Тоқаевтың Мемлекет Кеңес мүшесi Тан Цзясюанмен, Сыртқы Iстер министрi Ли Чжаосинмен, ШЫҰ (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы) атқарушы хатшысы Чжан Дэгуанмен кездесуiнен ұққанымыз Қытай басшылары бiздiң министрдi аса құрметтейдi екен. «Сiз бiздiң елдегi ахуалды бес саусағыңыздай бiлесiз ғой» дейдi олар Тоқаевқа. Өзге елдi кеңiнен зерттеуге ұмтылатын, ал өз елдерiндегi жағдайға көз тастағандарды «iшкi iсiмiзге қол сұғушылық» деп қабылдайтын Қытай үшiн ол елдi бес саусағындай бiлгендердi мойындау кәдiмгiдей жетiстiк болып көрiндi бiзге.

ШЫҰ-ның атқарушы хатшысы Чжан Дэгуан тiптi, «Қытай мен Қазақстан секiлдi ұлы мемлекеттердiң экономикалық байланысының қарқынын Ресей-Қытай арасындағыдай дәрежеге жеткiзуiмiз керек. Мәселен, Қытайдың Қазақстандағы жылы немесе Қазақстанның Қытайдағы жылы деп неге атамасқа. Көршiлер бiрiн-бiрi жақсы бiлуi керек» дейдi. (Бiз Қытайды бiле бермегенмен, көршiлерiмiздiң бiздi қалайша жақсы зерттейтiнi жайында төменде тоқталамыз).

Қытай дипломатының «ұлы» деген сөзiнен Қазақстандағы Қытай мүддесiн байқауға болар. Қазақстан мен Қытайдың батысын байланыстыратын Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры арқылы көршiмiзге қара алтын жiберу осы жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Қазiргi күнi Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 6 млрд. АҚШ долларына жеткен. 2010 жылға дейiн оның мөлшерiн 10 млрд. долларға жеткiзу жоспарланып отыр. (Бұл әрине аз. Мәселен, Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналым құны 70 млрд. долларды құрайды.) Бұған қоса, ДСҰ-ға кiргеннен кейiн Қазақстан Қытайдың еңбек рыногiн реттеуге көмектесуi мүмкiн…. Әрi, Қазақстан Қытайға транзиттiк қолғабыс жасау арқылы қызмет ететiн түрi бар. Түркiменнiң 30 млрд. текше метр көгiлдiр отыны отыз жыл бойында Қазақстан арқылы Қытайға бағытталатын болады. Яғни, жаза берсе, өз аумағына сыймай отырған Қытайдың Қазақстандағы мүддесi үлкен.

ҚЫТАЙДАН БӘРI ҚАУIПТЕНЕДI

Қытайға көршiлерiнiң көбi сезiкпен қарайды. Тiптi, бақуатты Жапонияның өзi де. Жапонияның Сыртқы Iстер министрi Т. Асо: «Қытай көршiлес елдерiнiң бәрiне де әскери жағынан қауiп төндiредi. Елдiң әскери қуаты артып келедi. Әскери салаға бөлiнiп жатқан қаржы да орасан» деп жақында мәлiмдеме жасаған. Қытай дипломаты Дэгуан болса: «Қытайдың әскери потенциалы, оның экономикасына қатысты артып отыр. Бiрақ, Қытайдың әскери күштерге бөлетiн қаржысы ел бюджетiнiң ауқымымен салыстырғанда тиын-тебен ғана. Мәселен, өзге державалардың бюджетi мен олардың әскери салаға бөлетiн қаржысын бiздiң елдiкiмен мүлде салыстыруға болмайды. Қытай көршiлерiне ешқандай қауiп төндiрмейдi» деп, көңiлiмiздi орнына түсiрдi.

Қытайдың көршiлерiн әскери күшпен жаулап алғанын тарихта аса көп кездестiрмеуге де болар. Бiрақ, бұл халыққа кемеңгерлерi Конфуцийдiң «жылына бiр сантиметр жылжып та жетiстiкке жетуге болатынын» айтып кеткенiн ескерсек, көршiлерiмiздiң қазiр әлемнiң әр бұрышында «china town» немесе қытай қалашықтарын құрып алып, дүниежүзi мемлекеттерi iшiндегi «өз мемлекеттерiн» бiртiндеп көбейту тенденциясына көз жұмып қарауға болмас. Қытай премьерi Вэнь Цзябао «Қытай халқының ескi досы» деп атаған Қазақстан министрi Тоқаев болса, «Қытай басшыларымен арада заңсыз миграцияны болдырмау жөнiнде сөйлестiк. Бұл өте күрделi мәселе. Қытайдың бiзбен көршiлес аудандарының халқы алдағы 15-20 жылда 300-400 миллионға дейiн жетуi мүмкiн. Миграция мәселесiн, Құдай қаласа, консулдықтар арқылы шешiп алармыз деген жоспар бар. Ал жалпы, Қытаймен бiз мәңгi көршiлеспiз. Бiз одан құтыла алмаймыз. Кейбiр қауiп болғанымен, бiзге бұл елмен ынтымақтаса жұмыс iстегеннен басқа жол жоқ. Қытайдың экс-төрағасы Цзян Цзяминь 1996 жылы Қазақстанға келгенде, Қытай Қазақстанға еш уақытта зиян келтiрмейтiнiн айтқан» дейдi. Алайда, Қытайдың Қазақстанды тәуелсiз мемлекет ретiнде осыдан он төрт жыл бұрын танығанымен, әлi де болса екi ел арасында Мәңгiлiк достық туралы келiсiмнiң нелiктен жоқ екенiн сұрағанымызда, Тоқаев «Ондай келiсiмнiң Қазақстан Президентiнiң сапары барысында талқыланатынын» айтады. Бiздiңше, ондай келiсiмнiң түзiлуi күн тәртiбiнде де тұрмағандай болып көрiндi…

Қытайдың жазба мәдениетi ертеден келе жатқандықтан, бұл елдiң кейбiр мәселелерде өзiн жазба құжаттары арқылы келiсiмдер түзiп, шектеп тастаудан қашатынын қытайтанушы сарапшылар жиi тiлге тиек етедi. Көршiмiздiң бiзбен мәңгi достық келiсiмiн түзуге деген мүддесiн байқамағанымызбен, Қазақстанға деген «ғылыми» қызығушылығын аңдадық.

ҚАЗАҚСТАН – ЗЕРТТЕУ ОБЪЕКТIСI

Қазақстан – Қытайдың зерттеу объектiсi екенiн бiз кездескен қытай ғалымдары да жасырмайды. Қытай қоғамдық академиясының профессоры Гу Гуан Фу: «Қазақстанға жылына үш төрт рет барамын. Қытайдың орталығында және шекаралас аумағында Қазақстан мен Орталық Азияны зерттейтiн бiлiктi институттар бар. Бiр жақсысы, Қазақстанмен қарым-қатынас ұстау өте тиiмдi. Сiздер байланысқа тез келесiздер. Ал Ресейде болса олай емес. Екi ортада саяси қайшылықтар кездесiп қалады», — деп ағынан жарылды.

Алайда, Қытайдың болашақ гегемониясының қазiрдiң өзiнде көзге түсiп қалатын элементттерi жайына келгенде, сұхбаттасымыз, бiздiң көңiлiмiздi орнына түсiрейiн дедi ме, әйтеуiр: «Қытай өзге көршiлес мемлекеттерге қауiп төндiретiндей теорияны негiзiнен жоққа шығаруға болмайды. Тiптi, Қытайды қоршап отырған өзге елдердiң бәрiнде де сол қауiп бар. Бұл заңдылық та шығар. Өйткенi, тарихтан да белгiлi. Мемлекеттiң қуаты артқан сайын, оның араны да ашылады ғой. Әрi, көршi елдердiң қоғамында Қытай қаупiнiң ауық-ауық қозғалып тұратындығынан хабардармын. Бiрақ, бiз әлi өз қуатымызға толық мiнгенiмiз жоқ. Iшкi жағдайымызда, әлеуметтiк ахуалда бiраз кемшiлiктер бар. ЖIӨ-нi (Жалпы Iшкi Өнiм) бүкiл халыққа шағып жiберсеңiз, халықтың жағдайының қалайша төмен екенiн көрер едiңiз. Бiздiң толықтай дамып, күш- қуатымызды арттыруға бiраз уақыт керек» дейдi.

Бiрақ, ғалымы айтқандай, Қытайдың жерге қарап отырғаны шамалы. 1,5 миллиард халқы бар елдiң ЖIӨ-нiң жан басына шаққандағы деңгейi 1500 АҚШ долларына тең. Ал 15 миллион халқы бар Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖIӨ 3500 долларын құрайды…

Сарапшылар, Қытайдағы жұмыссыздық жайында оңтүстiк аймағы бақуатты болғанымен, солтүстiгiн мекендейтiндердiң «шықпа жаным, шықпалап» күн кешетiнiн айтады. Бiрақ, бұл елдегi өндiрiстiң даму қарқынына қарап, базбiр көршiлерi секiлдi, азаматтарын екi қолын алдына салғызып бос жiберiп қоймағанын аңдайсыз.

Елдегi құрылыс қарқыны өте жоғары екенiн мына бiр сандардан көруге болар. Әлемдегi бетонның 65 пайызын Қытай пайдаланады екен.

Жалпы, екi жүйенi бiр бағытқа тоқайластырған Қытайдың даму барысына сүйiнуден және қызығудан өзге амал жоқ.

ХАНЗУЛАНДЫРУ…

Қытайды 67 ұлттың өкiлi мекендегенiмен, соны сөз етiп, ұлттарға «бесiк» болған дегендей ұрандарды алға шығармайды екен. Мемлекеттiң негiзгi ұлты қытайлар (ханзулар) болғандықтан, өзге ұлттарды саяси Олимпке бағыттайтын мүмкiндiк өте шектеулi болып көрiндi. Тiптi, басшылыққа жеткендердiң өздерiн қытай тектестер қадағалап отырады. Мәселен, Шыңжаң Ұйғыр Автономиясының (халқының негiзi ұйғырлардан құралған аудан) басшысы Исмаил Тiлепалды ұйғыр ұлтының өкiлi болғанымен, оны бақылап отыратындар қытайлар секiлдi. Партиялық съездерiнде «хань ұлтының бiрлiгi мен топтасуын көздейтiн» құжаттар қабылданып отырады екен. Кез келген ұлт өкiлiнiң қытайларға бейiмделмесе, көштен қалатынын бiздiң сұхбаттасымыз, Пекинде тұратын қандасымыз Жарқын Сағатұлы да айтады. Алайда, өзi мекендеп отырған мемлекеттiң саясатын аса майдалап жеткiзген оның сөздерiнен елде плюрализмнiң жоқтығын, пiкiр бiлдiру мүмкiндiгiнiң шектеулi екендiгiн аңғардық.

– Қытайда ханзудан өзге ұлт өкiлдерiнiң билiкте жүргенi аса байқалмайтын секiлдi ғой…

– Қытайдың саяси жағдайын бiлесiздер. Мұнда бiр партия билiк жүргiзгендiктен, бұл партияның мүшесi болған адамның бәрi бiрдей. Оның ұлтына ештеме тiрелмейдi.

– Шыңжаңда қазақ тiлiндегi мектептер саны жабылып жатыр деген ақпараттар бар. Рас па? Бұл ханзуландыру процесiнiң басталып кеткендiгiн бiлдiре ме?

– Қазақ мектептерiнiң саны азайған жағдай бар. Бiрақ, мектеп саны қысқарғанымен, ондағы оқушылар саны азайған жоқ. Қазақ мектептерi баршылық. Мұғалiмдер де жеткiлiктi. Қазақ тiлiнде институт, факультеттер бар.

– Яғни, қазақ тiлiнде бiлiм алуға толық мүмкiндiк бар ма?

– Иә-иә, бар. Онда қазақ мұғалiмдер бар, бәрi де бар. Тiлге қысым жасалынады деген ақпараттар баратын шығар сiздерге. Мұны әрине толықтай жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл саяси қысым арқылы болған нәрсе емес.

–Дәлiрегiнде…

– Мәселен, жан саны жөнiнен негiзiнен қытайлар мұндағы бiрiншi ұлт қой. Саясаты, Үкiметi, оқуы, медицинасы, ғылымы, технологиясы бәрi де қытайланған. Ал оның тiлiн үйренбеген, бейiмделмеген адам өзiн бұл ортада жоғалтып алмай ма? Мiне, сондықтан да бәрi осы тiлдiң жетегiнде кетедi. Бұл қоғамның дамуының қажеттiлiгi. Мәселен, Ресейде де солай. Ондағы қазақтар орыс тiлiн бiлмесе, өмiр сүре алмайды ғой. Бiзде ендi бiр жарым миллион қазақ бар. Бiрақ, бiр жарым миллиард адаммен салыстырғанда, бұл аз ғой, әрине. Сондықтан, осы қоғамнан орын аламыз десек, жан бағу үшiн осындағы жағдайларға бейiмделемiз.

(Бейiмделудiң соңы, ұлттың iшiне етене кiруiмен аяқталатын шығар. Ал Қазақстанда әр адамның қай ұлттан шыққандығын бадырайтып, тiптi мәдени орталықтарды былай қойғанда, Ассамблеяның өзiн құрып, тiптi, оның статусын онан әрi көтеру iстерi жасалынуда. Қытайда тiптi, ұлттардың мәдени орталықтары жайлы ақпарат таппадық).

Қытай қазағы қытайландыру саясаты, қысым секiлдi жайттарды ашық айта қоймады. Елшiлiктегi дипломаттар мұны «олардың артық қадамдарының бақылауда болатындығымен, тiптi, елшiлiк ұйымдастыратын шараларға келерде, арнайы орындардан рұқсат алатындығымен» байланыстырды. Қазақтардың тiлегiн сондағы елшi Жәнiбек Кәрiбжановтан бiлдiк:

– Елшiлiктiң қазақтармен қатынасы қалай? Олардан сiздерге негiзiнен қандай өтiнiштер келiп түседi?

– Мұндағы қазақтар жайлы деректер әртүрлi. Кейбiреулер саны бiр жарым миллион десе, кейбiреулер екi миллион дейдi. Негiзiнен, сол екi миллионға жетедi. Әрине, қазақтармен қатысып тұрамыз. Өздерiнiң ұсыныстарын, жағдайын айтады. Бiз де шешуге тырысамыз. Жуырда ғана осындағы қазақ зиялыларымен, белгiлi мемлекет қайраткерлерiмен, тарихшылармен кездестiм. Қазақтар көшi-қонның мәселелерiн жиi қозғайды. Көбiрек квота сұрайды. Балаларын Қазақстанда оқыту мәселесiн де айтады. Елде оқитын балаларының саны көбейсе екен дейдi. Тiптi, болмаса, Қазақстан бизнесмендерiнiң қазақтар шоғырланып отырған жерлерге инвестиция салғанын қалайды. Осы арадан суырылып шыққан қазақ бизнесмендерiне Қазақстанда қолайлы жағдай жасалынса дейдi.

– Қытайдың азаматтығынан шығар кезде мәселелер туындамай ма екен?

– Жоқ ондай шаралар Үкiмет тарапынан бар деп айтылмайды. Бiрақ, бұрын сондай жағдайлар болыпты. Алайда, соңғы кезде екi елдiң басшылары жиi кездескен соң, ондай мәселе көтерiлмейдi.

– Қытайдың Қазақстанды тануға деген талпынысы мықты секiлдi. Арнайы мамандандырылған зерттеу институттары баршылық екен…

– Иә, ол солай. Бейжiңде (Пекинде) алты-жетi институт бар. Олар ТМД, Орталық Азия, Қазақстанды зерттеуге негiзiнен көңiл бөлiп отырады. Өкiнiшке, орай бiзде ондай зерттеу органдары аз. Сол ойланатын жайт. Бiзде қытайтану, Қытайды зерттеу мәселесiн тереңдету керек. Мұны дұрыстап жолға қою қажет. Өйткенi, қасымызда тұрған аса алып ел. Үлкен жетiстiктерге жетiп жатыр. Көршi елдiң қандай ойы бар екенiн, не жасайтынын бiздiң бiлiп отырғанымыз абзал.

Бiздiң дипломаттар «Ел үшiн маңызды ақпараттарды елге жiберуiн жiберемiз-ау, бiрақ, одан шығар қорытындыны аңдамадық» деп айтып қалды…

ҚЫТАЙДЫҢ IШКI МӘСЕЛЕЛЕРI

Қытай қазiр Батыстың адам құқығы, демократия принциптерiн қадағалау секiлдi талаптарын аса ауыр қабылдайды екен. Бұл 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында орын алған студенттер көтерiлiсi секiлдi жараны ашып жiберетiндей көрiнетiн секiлдi. Партия басшылыққа алған бағыт пен елдегi коррупцияға қарсы шығып, қан-жоса болған студенттер жайлы ешкiмнiң де айтқысы келмейдi. Өйткенi, бұл партияның ұстанған бағытына қарсы. Мао Дзэдун мен Дэн Сяопиннiң салған жолымен айнымай келе жатқан Қытай экономикалық тұрғыдан дамығанымен, құқық қорғау тұрғысынан шындығында да қысымда екен. Бiз кездескен қытай журналистерi өздерi жазған материалдардың компартияның бағытына қарсы келмеуi қажеттiгiн, цензураның өте мықты екенiн айтады. Бұған мына бiр мысалды келтiруге болар. «Пекин саясатын сынап жазғаны үшiн АҚШ-та шығатын қытай газетiнiң редакциясын әлдекiмдер астан-кестең етiп кетiптi. Елдiң оңтүстiгiндегi еркiндеу тiл қататын журналистердi ұрып-соғу фактiлерi де тiркелген. Тайвань мен Тибет Қытайдың жарасы. Тайваньнiң тәуелсiздiгiн таныған кез-келген мемлекетпен Қытай дипломатиялық қарым-қатынасын үзедi. Айтпақшы, Африкадағы Сенегалдың Тайваньнiң тәуелсiздiгiн тануы Қазақстанға жағымды әсер етiптi. Дәлiрегiнде, сол елдiң елшiлiгi орналасқан ғимаратқа қазақтар көшiп барыпты. Болмаса, Орталық Азия елдерi елшiлiктерiнiң барлығы да бiр ғимараттың iшiнде екi-үш бөлменi қанағат тұтып, қысылып-қымтырылып отыр екен.

Тибеттiң Далай-Ламасын өз елiнде қабылдаған елмен де Қытайда өте қатаң қатынастар түзiледi. Онан қалса, азаттығын аңсаған ұйғырлардың мәселесi бiр бөлек.

Жақында Пекин Вашингтонды «Адам құқықтарын алға тартып, Қытайдың iшкi iстерiне араласпауға шақырды».

Пекин сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықтап күреседi дейдi. Пекиннiң осыдан бiрнеше жыл бұрын пара алғаны үшiн өлiм жазасына кесiлген мэрi жайлы мұнда әлi күнге дейiн тамсанып айтады екен. Қытай басшылығы шенеунiктерiнiң параға сатылмауы үшiн, олардың жалақысын жоғарыға көтерiп отырады екен.

Бұл сыбайлас жемқорлықтан гүлденiп тұрған бiздiң елге керек-ақ тәжiрибе.

Сонымен, Қазақстан Сыртқы iстер министрi Тоқаевтың сапарының нәтижесiнде Елбасының Пекинге осы жылдың күз мезгiлiнде ресми сапармен баратыны белгiлi болды.

Қытай жағы Қазақстан Президентiнiң Пекинге жоспарлап отырған сапарын қуаттады. Тоқаевтың Қазақстан жайлы баяндамасын Қытайдың қоғамдық саяси ортасы ұйып тыңдады.

Тек, халқының негiзiн қазақтар құрайтын Қазақстанның шетелдегi келiссөздерiнде қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл функциясын орындай алмағанына қарап, жаның күйiнедi екен…

Гүлнәр МҰҚАНОВА,

«Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi

Астана – Үрiмжi – Пекин – Үрiмжi – Астана