Жаңалықтар

Клуни: “ҚАЗАҚСТАНҒА БАРЫП ҚАЙТАМ”

ашық дереккөзі

Клуни: “ҚАЗАҚСТАНҒА БАРЫП ҚАЙТАМ”

Талантымен әлемдi тәнтi еткен боксшы Мұхаммед Әли, Голливудтың серкелерi Том Круз, Джони Дэп, Джордж Клуни… Бұлар – кентуккилiктердiң мақтанышына айналған ұландар. АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң посткеңестiк елдерден жиналған журналистер үшiн ұйымдастырған бiр кеште Джордж Клунидiң әкесiмен кездесудiң сәтi түскен:

– Ник Клуни мырза, мен Қазақстаннанмын…

(Ұмсына бере ұсынған қолымды құшырлана қысты. Алақаны жұп-жұмсақ екен. Улап-шулап, бiздi демде қаумалап алған шетелдiк әрiптестерiмнен оны жыраққа оқшаулай бердiм: «Сiзге үш-ақ сұрақ қояйын, менiң газетiме эксклюзив-сұхбат берсеңiз?». Журналист емес пе, өзiн өзгелерден қызғанған кәсiби әдетiме балаша мәз болып, рахаттана бiр күлiп алды да, келiсiмiн бердi).

– Айтыңызшы, әлемге танымал кино жұлдыздың әкесi болу қандай екен?

– Егер Джордждың танымал жұлдыз болатынын бiлгенде, бала күнiнде әлдеқайда көбiрек көңiл бөлетiн едiк! (Күледi).

– Балаңыз тентек болып өстi ме?

– Иә, әрине.

– «Ауыздықтау» қиын болған-ау шамасы…

– Жоқ, тым шектен шықты дей алмаймын. Кез келген жасөспiрiмнiң басынан өтетiн жағдай ғой.

– Сабақты жақсы оқыды ма?

– Ендi… Жаман емес. Әр кезде әрқалай болды.

– Актер болам деген шешiмiн қалай қабылдадыңыз?

– Ақымақтық ретiнде.

– «Ақымақтық ретiнде»?

– Әрине!

– Неге?

– Құрама Штаттардың мыңдаған азаматы нандарын актерлiк мамандық арқылы тауып жүр. Неге ол сол мыңдаған актердiң бiрi болуы керек?

– Сiздiңше, Джордж қай мамандықты таңдауы тиiс едi?

– Егер менi тыңдағанда, ол Кентукки штатындағы Лексингтон қаласының ең танымал дискжокейi болатын едi. Әрi мен сияқты хабар таратумен айналысқанда, мен жұмыс iстеу барысында көмектесетiн едiм (осы тұста Клуни мырза айқайлап тұрып рахаттана бiр күлiп алды).

– «Сириана» фильмi сiзге қалай әсер еттi?

– Актер ретiнде «Сириана» арқылы жеткiзген сезiмдердiң барлығы – менiң балам басынан кешкен ауыртпалықтар. Фильмдi түсiру барысында Джордждың омыртқасына зақым келiп, 6 ай бойы төсекке таңылып жатты.

– Қазақта «бейнет, бейнет түбi – зейнет» деген мақал бар. Есесiне, балаңыздың еңбегi еш болмай, «Оскардың» шыңын бағындырды.

– Иә, көңiл тоғайтатыны да сол ғой.

– Ол фильмдi түсiру барысында Джордж 30 келi салмақ қосуға мәжбүр болды. «Аяқ астынан» толып кеткен балаңызға қарап, не ойладыңыз?

– (Күледi). «Ақыры менен аумай қалды-ау» деп жеңiл күрсiнгем.

– Балаңызбен жиi кездесесiз бе, әлде сирек пе?

– Аптасына 3-4 рет телефон арқылы сөйлесiп тұрамыз.

– Саясатпен айналысасыз ба?

– Бiр кездерi саяси лауазымға кандидатурамды ұсынған болатынмын.

– Содан?..

– Быт-шытымды шығарды…

– «Жолым болмады» деңiз…

– Мүмкiн. Есесiне, қазiр саяси тақырыпқа мақала жазатын тiлшiмiн.

– Тiлшi?

– Иә. Цинцинатидегi жергiлiктi басылымда арнайы бағанам бар. Жексенбi сайын мақала берiп тұрамын. Әрi жергiлiктi радиоарнада тiлшiмiн.

– «Қайырлы түн және табыстар тiлеймiз!» («Good night and good luck). Балаңыз режиссерлiк еткен осы фильм туралы пiкiрiңiз қандай?

– Бiрде мен, Джордж, әйелiм Нина және қызым Лида, бәрiмiз отырғанда Эдуард Морроу туралы әңгiме қозғадым. Морроу – «қырғи-қабақ» соғыс кезiнде америкалық қоғамды жайлаған үрейдi сейiлтуге күш салған, өзге түгiлi өзiне сенуден қалған қарапайым халыққа моральдық тұрғыда қолдау берiп, араша түсуге ұмтылған, миллиондаған америкалық үнсiз қалған қысылтаяң шақта «теледидар» атты құдiреттi күшпен қаруланып, жалғыз өзi күреске шыққан америкалық журналист. Жұмыс iстеу барысында, өмiрде үлгi тұтатын тарихи тұлға туралы әңгiмем ұнаған болуы керек, Джордж дереу фильм түсiруге кiрiсiп кеттi.

«3 сұраққа» құралған сұхбатымыз аяқтала бергенде оның жанында тұрған келiншек маған күлiмсiрей қарады:

– Мен – Джордждың анасымын.

– Мүмкiн емес!

– Неге?

– Мен сiздi Джордждың қарындасы екен деп қалғам…

Сыңғырлай күлген оның әп-әдемi жүзi әп-сәтте алаулап шыға келдi:

– Рахмет!

– Джордж актер болатынын айтқанда, әкесi қарсы болыпты…

– Иә. Бiрақ мен ұлымды бiрден құптағам.

– Неге?

– Өйткенi, оның болашағына, алға қойған мақсатына жететiнiне шүбәсiз сенгем.

– Сiздiң мамандығыңыз не?

– Жазушымын. Сценарий де жазам.

– Балаңызға сценарий жазып көмектесiп көрдiңiз бе?

– Жоқ.

Әңгiме арасында…

– Клуни мырза, Қазақстанға келiп көрдiңiз бе?

– Жоқ.

– Өкiнiштi.

– Неге?

– Егер естiген болсаңыз, жер жәннаты – Қазақстанда. Табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Швейцарияңыздың өзi Қазақстанның жанында адыра қалады…

– Ха-ха-ха… Жарайды, елдерiңiзге келуге тырысайын. Бiрақ мен көрмеген әлемнiң қанша мемлекетi бар. Сол елдердiң барлығын да көрсем деймiн.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Лексингтон, Кентукки, АҚШ.