ЕРТЕГI ЕСТIМЕГЕН БАЛАНЫҢ ЕРТЕҢI ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
ЕРТЕГI ЕСТIМЕГЕН БАЛАНЫҢ ЕРТЕҢI ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Негiзiнен баланың не нәрсеге аса зейiндi кезi үш жас пен бес жастың аралығы екен. Осы ерекшелiктi әлiмсақтан аңғарған ата-бабамыз ақындық, жыршылық, шешендiк өнерiмiздi балаға неғұрлым кiшкентай кезiнде таныстыруды дұрыс көрген.
Өтпелi кезеңдерде бiздiң рухани дүниемiз сан алуан кедергiлердi, қиындықтарды бастан кешiргенi белгiлi. Бiрақ, соған қарамастан жас ұрпақ тәрбиесiн терең ойлаған әрбiр қазақ елi, жерi, суы, ата-тегi, төрт түлiк мал, жан-жануарлар мен табиғаттың сан алуан құбылыстары жөнiнде баланың түсiнiгiне лайық, қысқа да нұсқа, жүйелi мағлұматтарды әр түрлi әдiспен жеткiзiп отырған. Мәселен, ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесiне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшiн аса маңызды жүйелiлiк дәстүрге мән берiптi.
Ұрпақ тәрбиесiндегi халықтық тәрбиенiң басты мiндетi – баланы ұлтжандылыққа, отансүйгiштiкке баулу. Былдырлай тiлi шыға бастаған бүлдiршiндер ең әуелi өз ана тiлiнде сөйлеуге, ата-анасы, тәрбиешiсi, туған-туысымен қазақша сөйлеуi керек. Балаға жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтел жаттатқызып, ұлттық салт-дәстүрге бейiмдейтiн ата-ана да азайып бара жатқаны рас.
Қазiр ортамыздан бесiк жырын айтатын келiндi, ертегi айтып, баланы тәттi ұйқыға жатқызатын әженi көрсек қуанатын болдық қой. Осыдан кейiн ертең қандай ұрпақ тәрбиеленедi деген сұрақ тууы мүмкiн. Неге қазақ туған баласын көбiнесе орысша тәрбиелегiсi келiп тұрады? Бұл сауалға жауап сан түрлi. Айнұр атты құрбым мектеп жасына дейiнгi баласына үнемi орыстiлдi кiтаптар алады. Бiр байқағаным, үйiндегi кiтап сөресiнде самсап тұрған балаларға арналған кiтаптың бәрi орыс тiлiнде. «Құдайға шүкiр, қазiр қазақ тiлiнде де баспалардан тәп-тәуiр кiтаптар шығып жатыр ғой, балаңа алып бермейсiң бе?» дегенiмде, оның бар айтқан дәлелсымағы мынау болды: «Қазақ тiлiнде баланың дүние-танымын тереңдететiн, өмiрдiң жан-жақты табиғи құбылысына қызығушылығын арттыратын осындай кiтаптар болса, әрине сатып алар едiм. Дегенмен, кiтап дүкенiнде орыс немесе басқа тiлде әдебиеттер өте көп. Ал, балаларға арналған қазақша кiтаптар аз тиражбен шыға ма, ол жағын бiлмеймiн. Сондықтан бала осындай әсерлi, көркем суреттерге қызығып, таңдана қарайтын болғандықтан, сондай кiтаптарды алып, аударып беремiн. Рас, ол кiтаптан бiздiң қазақтың батырлар туралы ертегiсiн емес, орыстың бағзы заманнан келе жатқан ертегiлерiн оқуға мәжбүрмiн».
Ата-ананың көпшiлiгi осы әңгiменi айтып бередi. Сонда шынымен бiздiң төл әдебиеттегi небiр қызық аңыз-ертегiлер, жұмбақ пен жаңылтпаш, ұлттық ойындарды бала санасына сiңiретiн кiтаптар қазақ тiлiнде аз шыға ма?
Бүгiнде балаларға арналған кiтаптар «Аруна», «Балалар әдебиетi», «Балауса», «Атамұра», «Кiтап» сынды баспалардан шығып жүр. Дегенмен, Қазақстанда нақты балаларға арнап кiтап шығаратын бiрде-бiр мемлекеттiк баспа жоқ екен. Құдайға шүкiр, қазiр қаладағы кiтап дүкенiнен барлық талаптарға сай там-тұм қазақша кiтаптарды кездестiретiн жағдайға жеттiк. Бәрiбiр басқа тiлдегi, әсiресе, орыс тiлiндегi кiтаптарға қарағанда тым аз. Бағасын да анау-мынау адамның қалтасы көтере бермейдi. Мәселен, балаларға арналған кiтаптардың ең арзаны 100-120 теңге болса, қымбаты 1000 теңгеге дейiн барады. Көбiнiң бет парақтары ары кетсе 10-12 бетке әрең жетедi.Қысқасы, пышақтың қырындай. Ал қымбат кiтаптың өзi екi тiлде немесе кейде үш тiлде жарық көредi екен.
Есесiне, Алматы қаласының қайсыбiр кiтап дүкенiне бас сұқсаңыз да, орыстiлдi кiтаптар көздiң жауын алады. Кiтап дүкенiн аралай жүре бiр таң қалғаным, балаларға арналған әдебиетке бiздiң жазушыларға қарағанда ресейлiк авторлар көп қалам тербейдi екен. Мәселен, кез-келген Ресейдiң белдi баспаларынан шығып жатқан балаларға арналған кiтаптардың мұқабасына көз жүгiрткенде, арнайы машықтанған авторлары бар екенiн байқайсыз. Айталық, «Центрполиграф» баспасынан «Традиций народного творчества» атымен әр түрлi танымдық тақырыптағы әңгiмелер мен баланың дүниетанымын кеңейтетiн әңгiмелер үнемi жарық көредi. Ал, «Астрель» баспасынан «Я познаю мир» деген топтамамен балаларға арналған энциклопедия жиi шығарылады әрi арзан. Сонда елiмiзде балалар әдебиетiне жаны ашып, жанын салып, тер төгiп жүрген ақын-жазушылар шынымен жоқ па? Әлде оларға қаламақы тиiстi мөлшерде қарастырылмаған ба? Дүкендерде көзiмiзге iлiккенi «Алматы» баспасынан шыққан Қадыр Мырза Әлiнiң «Құлақ не үшiн керек?» атты 3 тiлде жазылған кiтабы болды. Сондай-ақ, «Өнер» баспасынан жақында «Көкбөрi» сериясымен Алма Қыраубайқызының «Сақ әңгiмелерi» атты халық аңыздарының негiзiнде құрастырылған тамаша әңгiмелерi де бiрнеше кiтап боп мектепалды балалар мен бастауыш сынып оқушыларына тарту етiлiптi. Бiр қуантарлығы, суреттерiнiң безендiрiлуi, сөздерiнiң балаға тез ұғынықтылығы көңiл көншiтедi.
«Нелiктен ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетiне онша көп қалам тербемейдi?» деген сауалымызды балалар әдебиетiнiң өкiлi, ақын Сейфолла Оспанға қойған едiк:
– Бiздiң ақын-жазушылардың балалар әдебиетiне көп бара бермейтiндiгi, баланың тiлiне түсу өте қиын. Осы салада еңбегi сiңген Өтебай Тұрманжанов, Жахан Смақов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мұзафар Әлiмбаев сынды қаламгерлер баланың тiлiнде ғана сөйлеп, әу баста балалар әдебиетiнiң негiзiн салуға көп тер төктi. Өйткенi, олар тек жазған дүниесiн бала тiлiне сай етiп, бүлдiршiндерге ғана арнады. Ал басқа көптеген ақын-жазушылар тиiп-қашып, анда-санда ара-тұра да жазып жүр ғой. Қазiр Ермек Өтетiлеуов, Оразақын Асқар, Шәкен Күмiсбаев, Ескен Елубаев, Өтепберген Ақыпбеков, Байбота Серiкбаев, тағы бiраз талантты жандарды айтуға болады.
— Балалар әдебиетiмен арнайы айналысатын мамандар жоқтың қасы демекшiсiз ғой…
— Мiне, мәселе сонда. ЖОО-да арнайы кафедралар ашылатын болса, баяғыда бұл тақырып жанданып, санамызға сiңiсiп кетер едi. Мәселен, Қадыр Мырза Әлiнiң балаларға арнап өлең, әңгiме жазып жүргенiне келсек, алғашқыда ол да шығармашылығын балалар әдебиетiнен, «Балдырған» журналынан бастады. Негiзiнде балдырғанның сұранысын қанағаттандыру үшiн үнемi осы тақырыптан басқаға көңiл бөлмеу тиiс. Өзiм алғашқыда фольклордiң iзiмен «Не жаман?» деген өлеңiмдi балаларға ұсындым. Осы өлеңнiң өзi бiрталай бүлдiршiнге азық болды десем артық емес. Кiтап болып шығып, кiтапханаға, кiтап дүкендерiне таратылды. Осы жерде балалар әдебиетiн жазуға байланысты мына сырды айтайын. Өздерiңiзге белгiлi Қымбат Әбiлдақызының «Айгөлек» журналы шығып жүр. Алайда, Қымбаттың жазып жүргенi балаларға жеңiл емес, ауырлау тиедi. Бiрақ, мұндай балаларға жанын салып, еңбек етiп жүрген азаматтар сирек. Демек, бiздiң жазушыларда балалардың арасында жұмыс iстеу жоқ, оларға деген ерекше шынайы махаббат жоқ.
— Бүгiн сiзге қаламақыны қомақты етiп төлеймiз десе, балалар әдебиетiне белсендi түрде атсалысар ма едiңiз?
— Әрине, өзiмше әрекет жасар едiм. Қазiр қаламақы мүлдем аз, жазғаныңды жарыққа шығаратын мемлекеттiк баспа да жоқ. Мына «Балауса» баспасынан шығып жатқан кiтаптар кiмге жетедi?! Мәселен, Бегалин атындағы кiтапхананың өзiнде сол жарық көрдi деген кiтапшалардың көбi жоқ. Ал кiтапханада жоқ кiтаптар дүкенде қайдан болсын!
Тағы айтамын, баланың тiлiне арнап жазу қиынның қиыны. Бүгiнгi қазақ поэзиясында 20-30 жас аралығында небiр мықты ақындар бар. Бiрақ, олардың ешқайсысы балалар поэзиясына барып жүрген жоқ.
Шыны керек, бүгiндегi балалар жазушыларының көбi жасы егде тартқан кiсiлер. Олар жаңа заманның жастарын толық түсiне бермейдi. Ал жас әдебиетшiлер бұл маңайға аяқ баспай жүр. Сондықтан да қазақ баласы басқа елдiң әдебиетiн оқып, танысып, қанағат тұтып жүрген сияқты.
Бiзде балалар әдебиетiн басып, шығаратын арнайы мемлекеттiк баспа жоқ десек те, өзiнiң шама-шарқынша кiтап дайындап, балалардың қоржынын толтырып жүрген «Аруна» баспасын ерекше бөлiп айтуға болады. Мәселен, мектеп жасындағы балаларға арналған «Сен бiлесiң бе?» атты тарихи-этнографиялық кiтаптар топтамасы 5 мың данамен үнемi жарық көруде. Бұл топтаманың әр кiтабы қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы, тыйым сөздерi мен ұлттық ойындарына арқау болған.
Сондай-ақ, «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылованың айтуынша, жарық көрiп отырған кiтаптардың бәрi балабақша тәрбиешiлерi мен ата-ананың көңiлiнен шығып, сұранысқа ие болып отырса керек:
— Баспамызда орыстiлдi балаларға қазақ тiлiн үйрететiн, жан-жақты ойлау қабiлетiн арттыратын кiтапшалар, оның iшiнде тiл дамыту, көркем әдебиетпен таныстыру, сауатын ашу, жазуға үйрету, бейнелеу өнерi сынды сала-сала бойынша кiтаптар жарық көруде. Сонымен қатар ертегiнi бала құр оқып қана қоймай, соған арнайы салынған суреттердi ары қарай жалғастырып салады немесе өзi бояйды. Атап айтсам, «Ақылды ертегiлер» деген қазақ және орыс тiлiнде топтамамыз бар. Онсыз да Ресейдiң кiтаптары қаптап кеткенде, кейбiр кiтаптарды, әсiресе, аңыз-ертегiлердi тек қана қазақ тiлiнде шығаруға ұмтылыс бар. Балалар тек ойлау қабiлетiн дамытып қоймай, мұнымен қоса, жәндiктердiң өмiрiн, оның қанша атауы бар деген сияқты «ол кiм?, бұл не?» сұрақтарына жауап алады. Бiз тек қазақтiлдi балаларды ғана ойламай, орыстiлдi бүлдiршiндердi де ойлап, кiтаптарды екi тiлде шығаруға мәжбүрмiз.
— Осы уақытқа дейiн баспаларыңыздан бас-аяғы қанша кiтап шықты?
– 2000 жылдан берi жұмыс iстеп келемiз. Содан берi 400-ден аса кiтап жарық көрiптi. Оның iшiнде үлкен энциклопедиялар да бар. «Шығыстың ұлылары» деген айдармен ұлылардың өмiрi мен шығармашылығын, әдемi көркем тiл арқылы тарихи шындықты баяндап беретiн, сондай-ақ, баланы мектепке даярлайтын, ой-танымын жан-жақты дамытатын кiтапшалар да шықты.
— Басқа баспаларға қарағанда, балаларды толық қамтамасыз етiп отырмыз демекшiсiз бе?
— Әрине. Өкiнiшке қарай, бiздiң жеке кiтап дүкенiмiз болмаса да, Алматы қаласын ғана емес, бүкiл Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi кiтап сату жүйелерiмен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Олар жарық көрiп жатқан кiтаптарды, бiздiң қай бағытта жұмыс жасап отырғанымыздан хабардар болып, алдын-ала тапсырыс бередi.
— Дегенмен, бiз кiтап дүкендерiнен авторлардың кiтаптарын сирек кездестiрдiк…
— Ендi оның барлығы бiздiң жазушылардың жоғалып кеткендiгiнен емес, қаржылық жағдайға тiкелей байланысты. Өйткенi, кiтап шығару iсi тауқыметi көп жұмыс. Оған көп қаражат керек, сапалы қағаз, сапалы бояу, бәрi қомақты ақша ғой.
— Кiтаптар тек қала дүкендерiнде көбiрек, ал ауыл балаларына жетiп жатыр ма?
— «Ауыл бағдарламасы» бойынша ауыл балаларын кiтаптармен облыстағы кiтап дүкендерi немесе жергiлiктi бiлiм департаментi бiзбен байланыс жасап, қамтамасыз етуде. Осыған дейiн облыстан ғана тапсырыс берiлетiн болса, шүкiр, қазiр аудандардан да аздап келедi. Сосын бiз олармен келiсiм-шартқа отырып, кiтаптарды уақытында жiберемiз. Бiздiң кiтаптар барлық қаланың, облыстың кiтап дүкенiнде, кiтапханасында бар деп мол сенiммен айта аламын.
— Кiтаптың безендiрiлуiне суретшiлердiң де үлесi мол екенi сөзсiз…
— Қазақстанда балалар суретшiлерi аса көп емес. Олардың қаламақысы жазушыларға қарағанда әжептәуiр жоғары болып келедi. Дегенмен, қазақ халқының өмiрiн сурет арқылы бере алатын талантты суретшiлердiң аздығы қиналтады. Бiрақ қазiр жастардың арасынан да суретшi-шеберлер шығуда. Бiртiндеп кiтаптардың безендiрiлуi жыл сайын жақсара беретiнi сөзсiз.
Алматыда байқасақ, тек қана «Атамұра» баспасының ғана кiтап дүкендерiн кездестiруге болады. Алайда, балаларға арналып, баспадан жарық көрiп жатқан кiтаптар онша көп емес. Мәселен, «Атамұра» кiтап дүкенiнiң меңгерушiсi Ұлбосын Жұмадiлованың өзi де: «Қазақ тiлiндегi балалар кiтабы өте аз. Ата-ана келiп сөрелердi ақтарып көредi де, айналып кеп орыстiлдi кiтаптарды алып жатады. Бiз балалар – болашағымыз деймiз де, неге қамқорлық жасамаймыз» дегендi бiлдiрген.
Қазiргi қарадомалақтардың қиял-ғажайып ертегi, аңыз әңгiмелерге құлақ асатын жаста компьютердiң алдында күнi кешке дейiн атыс-шабыс ойындарына алданып жүргендiгi алаңдатпай қоймайды. Жас талғамай өзiне елiктiрiп әкететiн зиян ойындар бала бiткеннiң әдебиетке қызығушылығын кәдiмгiдей әлсiретiп тастады. Тiптi, кезiнде таласып оқитын аңыз-ертегiлер, оның iшiнде Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай, Қаңбақ шал, Ер Тарғын сынды шынайы қазақы кейiпкерлердiң орнын басқа елдердiң әдебиеттерi, зиянды ойындары ысырып отыр. Бұл алдымен баланың рухани дүниесiне керi әсер етерi сөзсiз. Алайда, ата-әженiң айтқан ертегiсiн, ата-бабадан қалған өсиеттi, ұлағатты сөздердi естiмеген баладан ертең қандай ұрпақ жалғаспақ?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ