Жаңалықтар

ИНФЛЯЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУ ЖӨНIНДЕ...

ашық дереккөзі

ИНФЛЯЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУ ЖӨНIНДЕ...

Үкiмет, Ұлттық банк, қаржы институттарын қадағалайтын агенттiгi бар, бәрi жабылып, инфляцияны ырықтай алмай жатқандықтан, бұл мәселеге Президенттiң өзi араласып отыр. Сәрсенбi күнi Ақордада елдiң қаржы саласына қатысты шендiлерiн қабылдаған Президент «Бiз әлеуметтiң мәселесiн бюджеттен қаржы бөлу арқылы шешпек боламыз, бiрақ, инвестицияның деңгейi де артып барады» деп, теңгенiң құнсыздануын шектейтiн нақты iс-шаралар жайында тыңдамақ болған. Бiрақ, Әнуар Сәйденов бастаған қаржы саласының бiлгiрлерi Президенттi нақты ешбiр ұсыныстан хабардар ете алмады. Президент «Бәрiң жиналып неменеге маған мәселелерiңдi айтып отырсыңдар. Қаржы саласын тұрақтандырып, инфляцияның деңгейiн түсiретiн нақты ұсыныстарыңмен келулерiң қажет едi. Ендi жиналып алып, өздерiң бiр мәселенi құрап отырсыңдар» дедi.

Президент алдында есеп берген Әнуар Сәйденов өзiне сенiмсiз болып көрiндi. Ол әңгiмесiн бағаның қымбаттағандығынан бастады. Көпшiлiк тұтынатын тауарлардың құны 8 пайызға, көкөнiс түрлерiне деген баға 12 пайызға өскен. Коммуналды төлем де қымбаттаған.

Бас банкирдiң айтқанына сүйенсек, былтырғы инфляция деңгейi 7, 5 пайызды құраған. Яғни, банктiң болжағандығынан асып кеткен. «Инфляцияның бұлайша бақылаудан шығып кетуiне әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы әсер еттi» деп түсiндiредi Сәйденов.

Сонымен, теңгенiң құнсыздануына негiзiнен көкөнiс өнiмдерi мен жанар-жағар май бағасының өсiмi әсер етсе, ол өсiмдi болдырмау жолында Үкiмет тарапынан ешқандай ұсыныс жоқ. Бәсекелестiктi қорғау және табиғи монополияларға қарсы агенттiктiң атқарып жатқан шаруасы көрiнбейдi. Тiптi, Президент «Осы сол агенттiк жұмыс iстеп жатыр ма?» деп сұрады.

Қаржы саласындағы тағы бiр мәселе – сыртқы қарыздың күн санап өсуi. Жалпы сыртқы қарыз қазiргi күнi 41,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл былтырғы қарызбен салыстырғанда, 9 4 млрд. долларға көбейген. Оның негiзiн фирмалардың қарызы құрайды. Мәселен, бiздiң елде немесе өзге елде орналасқан фирмалардың құрылымдас фирмалары аралығында бiр-бiрiне ақша аударуы Қазақстанның сыртқы қарызы ретiнде есептелiнедi. Елдiң сырттағы қарызының көлемiн көбейтуде банктер де үлкен рөл ойнап отыр. Ал банктердiң сыртқы қарызы былтырғы жылдағы өлшеммен салыстырғанда екi есеге өсiп, 14 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Президент банктердiң елдiң рейтингiн пайдаланып сырттан қаржы алу тенденциясын арттырып жiбергендiгiне назар аударды.

Елбасының «Қазiр әлемдiк қаржы рыногiнде бiраз өзгерiстер болып жатыр. Мұнай бағасы да тұрақсыз. Құдай басқа салмасын, бiрақ, ертеңгi күнi 1998 жылдағыдай қаржы дағдарысы болса, бұл қарыздың бiздiң мемлекетке қандай әсерi бар?» деген сауалына Сәйденов «Бәрi де бақылауымызда» деп Президенттiң алаң көңiлiн тыныштандыруға тырысты.

Ал жақында ғана қаржы министрлiгiн уысынан шығарып жiберiп, қаржы саласын қадағалайтын агенттiкке барған Дунаев банктерге деген жан ашуын байқатып алғандай болды. «Оларға сырттан қаржы алуына тыйым салуға болмайды. Әйтпесе, банктердiң елдегi заңды және жеке тұлғаларға беретiн несиесiнiң пайыздық ставкасы артып кетедi» дейдi. Президент ел мүддесi үшiн банктердiң сырттан қарыз алуына барынша ықпал ету керек» десе, Дунаев «Мүмкiн емес» деп қалды. Президент «Мемлекетте мүмкiн болмайтын нәрсе жоқ» деп нықтады.

Президент бұған дейiн елдегi үш iрi банктiң қаржы саласындағы монополиясы жайында мәселе көтерген едi. «Iрi банктердiң арасында жасырын келiсiм бар» деген едi ол. Дунаев болса, үш банктiң қаржы саласындағы салмағының бiраз төмендегенiн айтты. Олардың қаржы саласындағы үлесi 62, 1 пайыздан – 58, 8 пайызға азайыпты. Ал әртүрлi қаржылық операцияларды жүргiзудегi мiндетi 63, 5 пайыздан 59, 6 пайызға кемiптi.

Банкирлердiң жартыкеш есебiн тыңдаған Елбасы Ұлттық банкке қаржы саласының дамуы, инфляцияны ауыздықтау жөнiнде нақты тапсырмалар берiп, ол шаруалармен айналысуды вице-премьер Кәрiм Мәсiмовтiң мойнына жүктедi.

Гүлнәр Мұқанова