ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ПАВЕЛ КУЗНЕЦОВ

ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ПАВЕЛ КУЗНЕЦОВ

ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ПАВЕЛ КУЗНЕЦОВ
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын топырағында дүниеге келген журналист, жазушы жерлесіміз Павел Николаевич Кузнецовтың осы кенді Алтай топырағында туған өзі құралпы орыс жазушылары шоғырынан ерекшеленіп, қазақ оқырманның жүрегіне жақынырақ тұратындығы — ең алдымен Жамбыл жырларын алғашқылардың бірі болып орыс оқырманына жете танытуы. Қазақтың тілін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бойына жақсы дарыта білген ол Орынбай, Тайжан, Алмабек, Қаратай сынды халық ақындарының өлеңдерін де тәржімалап, Тайыр Жароков, lлияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаевтармен творчестволық тығыз ынтымақта болған. Сәбит, Мұхтар, Мәлік сияқты жазушы, ғалымдармен әсіресе соғыс жылдары жақынырақ достасып, үзбей хат жазысып тұрған. Шеттегі “Прииртышская правдадан” (қазір-“Рудный Алтай”) бастап, республикалық, өлкелік газет-журналдарда, дивизиялық “За Родину” газетінде, одақтық “Правда” мен ”Советский Союз” журналында еңбек етіп, үлкен журналистік жолдан өткен. П.Кузнецов “Жамбыл-Ыстыбайдың немересі” атты екі томдық тарихи-өмірбаяндық роман жазып, елуінші жылдары жариялады. Міне, осынау бір аса қарапайым да қазақи ақынның көп құжаты Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Оның ішінде өзі пір тұтып, қатты сыйлаған қазақтың жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл жайлы да біраз деректер бар екен. Жәкең жайлы архивтегі сол материалдардың ішінен оқырманға риясыз достықты паш ететін, жүрекжарды сезім мен алғыстарға толы біраз құжаттық деректерді іріктей отырып, басылымға ұсынуды жөн көрдік. Соғыс сұрапылдарында қаламгерлердің қаруы-ерлікке бастар өткір жырларының күші жауға жасындай жауған жауынгер оғынан кем болған жоқ. Сондай шығармалардың елеулісінің бірі – Жамбылдың “Ленинградтық өрендерім” өлеңі: Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің! Нева өзенін сүйкімді, Бұлағымдай көремін… … Жабықпағын, Ленинград, Сап-сап болып қол барар, Қорғап сені ол қалар, Талай майдан алда бар, Жанышталар айдаһар! Жата алмаймын төсекте, Жаным қалай жайланар! Құс ұйқылы көнемін, Қайтіп ұйқы көремін!… Жетсін деймін сендерге, Жыл құсындай өлеңім, Қаласындағы Лениннің Сайыпқыран өренім! “Бұл арнауды көзге жас, көңілге қуаныш толып оқымауымызға болмайтын еді. Қазақстан халқы бізге туысқандық сәлемін, сүйіспеншілігін, достығын білдірді. Біз күшімізді еселей жинап, ұрысқа кірдік”, деп жазды сол кезде Ленинград майданында жүрген жазушы В.Вишневский. “… Мен түнгі соғыс дабылынан ұйқы көрмей, қабақтары шарт түйілген адамдардың арасында тұрдым. Солдаттар мен офицерлер, теңізшілер, противогаз киген көк комбинизонды қыздар – барлығы да Жамбыл жырын шын көңілмен дүниенің көз көріп, құлақ естімеген қиын шағында туған адамынан келген хаттай оқып жатыр…”, – дейді өзінің естелігінде белгілі орыс ақыны, қазақ әдебиетінің үлкен досы Николай Тихонов. Оның қуатты әсерін дәлелдеп жатудың өзі артық. Жәкеңнің сол “Ленинградтық өрендерім” атты өлеңіне келген П.Кузнецовтың жеке архивіндегі мына жауап хаттарды оқысаңыз жетіп жатыр. Қымбатты Жамбыл! Ленин қаласының төбесінен төнген қаһарлы күндері “Ленинград правдасының” (4. lХ. 1941ж.) беттерінен Сіздің “Ленинградтық өренім!” атты өленіңізді оқыдық. Патриотизм рухымен суарылған, адамды бүкіл болмысымен жауға қарсы шайқасқа үндейтін өлеңіңізді зор ықыласпен оқып шықтық және сол үшін Сізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Ұлы отан соғысына арналған Сіздің жаңа шығармаларыңызды күтеміз. Бұрынғы қазақстандықтар (В.М.Молтов атындағы Қазмеммединституттың қызметкерлері) бүгінгі әскери дәрігерлер Ю.В.Букин, С.Р. Қарынбаев. 7.lХ. 1941ж. Ленинград қаласы. “Ленинград правдасы” газетінің редакциясына. 4-күні сіздер Жамбылдың ленинградтықтарға жолдаған хатын бастыңыздар. Оны оқып шығып, мен оны жауапсыз қалдыра алмадым. Мына жауапты Жамбылға жолдауларыңызды өтінемін, өйткені мен оның нақты мекен-жайын білмеймін. Хаттың тигендігі жөнінде хабарлаңыздар, қажет деп тапсаңыздар, менің жауабымды газетке жариялаңыздар. Ленинградтықтар-сенің өренің, Жамбыл-елдің мақтаны. Жолдайды ыстық сәлемін, Қиын-қыстау шақтағы. Ақын деп өзімді айта алман, Бұрқанған жырым жоқ менің. Сендегі нұрдан ой алған, Өлеңім осы, сөкпегін. Мен үшін қымбат өлеңің, Әдейілік, әсірелеу жоқ онда. Ұйқысыз түндер іздерін, Көріп куә болам да. Анық маған, Ленинград жалқы емен. Барша ел, Қазақстан бір сапта. Дабылыңа елітті күллі әлем, Күш берді батыл ұрпаққа. Ұзақ ғұмыр тілейміз саған, Тілейміз саулық, күш-қуат. Ойларыңнан бастау алған, Шырқалсын жырың жалындап Шын ықыласты пейілмен Всеволод Зубчанинов, №… полкы ротасының ерікті жауынгері, В.М.Молтов атындағы Ленинград технологиялық институтының профессоры. Тағы бір ленинградтық жауынгер Евгений Зубков былай деп толғанады: Жамбыл ақын, алаң болма, Балтықтың соқты күшті желі. Нева бойы алғы шепте, Жайрады жау жендеттері, Жамбыл ақын, алаң болма! Ленинградтық-өрендерің, сенің, Бір Одақтың балалары. Сын сағатта қорғап елін, Бөлінген жоқ аралары. Қамал бұзар жырларыңды, Әлемге Москва таратты. Қайталайды сұңқар үнді, Еділ, Орал,Қиын Шығыс, Және Британ аралдары… Жамбылдың есімі Одақ оқырманына бұдан бұрын да таныс болатын. Бірақ орталық баспасөз беттерінде жарияланған осы “ленинградтық өрендерім” өлеңінен кейін, сұрапыл соғыс жылдары Жәкеңнің есімі зор құрметпен аталып, оның өлеңдері окоптарда, блиндаждарда, шайқасқа шығар алдында жауынгерлік ант болып жатталды, қоршаудағы ленинградтықтар көшедегі оның плакаттарын нан кезегіне тұрғандай төзімділікпен, бойларына қуат құяр қасиетті дұғадай жаттады. Жауынгерлер, командирлер, байтақ елдің әр түкпірінен колхозшылар, комсомолецтер мен пионерлер ыстық ықыласқа толы лебіздерін білдіріп Алатаудағы жыр алыбына хаттарын жолдап, қонаққа шақырып, көптеген басылымдар мен редакциялар өтініш айтып, тапсырыс беріп жатты. Оның ішінде ұшқыш Георгий Дзюбоның, Қызыл тулы l-Қиыр Шығыс майданы командирлері, №399 госпиталь басшылығы, Челябинскіге көшірілген Киров атындағы Ленинград трактор заводы ұжымының, Мәскеудегі зағип балалар институтының, Одесса, Белгород, Ногинск, Мәскеу, Қырғызстан комсомолецтері мен пионерлерінің жүрек сезіміне толы хаттарын тебіренбей, қазақ халқын бүкіл елге танымал еткен Жамбыл бабамыз үшін кеудені кернеген мақтаныш сезімінсіз оқу мүмкін емес. Сөз құдіретіне еріксіз табынасың… Құрметті Жамбыл! СССР Байланыс Халық комиссариатының “Байланыс хабаршысы” бұқаралық қорғаныс журналының редакциясы 1 Май нөміріне жариялау үшін өлеңдеріңізді жіберуіңізді өтінеді. Журналдың Қырғызстан бойынша тілшісі И.М.Новиков. 2.lll. 42 ж. Фрунзе қаласы. Аса құрметті Жамбыл! Сталинград майданының “Сталин туы” газетінің редакциясы Сіздің Сталинградты қорғауға арналған “Алынбас қамал” атты өлеңіңізді алғандығын хабарлайды. Редакция ұжымы, және бізбен бірге майдан жауынгерлерінің барлығы Сізге, қазақ халқының Ұлы жыршысына шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздің тамаша өлеңіңіз жаумен шайқастағы Сталинград қорғаушыларының бойына тың күш қосып, жауға деген өшпенділікті еселей түседі. Оның әсіресе, қазақ жауынгерлерін ерекше сезімге бөлейтініне кәміл сенеміз… “Сталин туы ” газетінің жауапты редакторы, батальондық аға комиссар – И.Половнинин. 4.Хl.42ж. Сталинград маңы. 20. 10. 42. Қазақ халқының ұлы ақыны, өзіміздің аса қымбатты Жамбылға! Біз, бір топ майдангер-қазақтар Сізге хат жазайық деген шешімге келдік. Ұлы орыс халқының ұлдарымен бірге, белорус, украин, әзірбайжан, Совет елінің басқа да халықтары өкілдерімен бір семьядай болып біз де фашист басқыншыларымен аяусыз ұрыста Ұлы Октябрь соцалистік революциясының жеңіп алған жетістіктерін аянбай қорғаудамыз. Туған даламыздан неше мыңдаған шақырым қашықта жүрсек те біз өзіміздің туған жерді, Советтік отанымызды – өзіміздің Қазақстанды қорғап жүргенімізді жақсы түсінеміз… … Біз, аяулы Жәке, Сіздің алдыңызда, жаумен арыстанша алысып, майдан даласында оларға даңқты Советтік Гвардияшылар ретінде аусыз соққы беруге салтанатты түрде ант етеміз!… П.Кузнецов өзінің әйелі, Натальяға жазған хатында да өзінің ақын атасын ұмытпай, сәлем айтып жатады. 1941 жылғы 18 қарашада “… Леня Суминға, Володя Чугунуовқа, Тайыр Жароковқа көп-көп сәлем айт. Олар менің өтінішімді, маған берген өз уәделерін – Жамбылдан бір хабарды тезірек жіберсін. Қарттан ең құрығанда бірнеше шумақ өлең жолдаса, бізге қандай үлкен көмек болар еді…” деп жазады. Ақынның жеке архивінде Жәкеңнің Павел Николаевичке жазған хаты, Кузнецовтың Жамбылға жазған хаттары да бар екен. Солардың кейбірінен үзінді келтіре кетуді де жөн көріп отырмыз. Павел балам! Ғалиға жазған хатың арқылы хабарыңды білгемін. Тумасаң да туғандай болған едің, амандығыңды естіп, қатты қуандым, қарағым … …Павел қарағым, араларыңнан атағы жер жарып шыққан батыр жігіттерге сәлем айт. Жамбыл атасынан, “Бәрекелде, балаларым, ризамын”, депті де. Ердің ерлігі осындай заманда көрінеді ғой, тегі!… … Сөз қысқасы сол, балам, бәріңнің қолдарыңды қысып, беттеріңнен сүйдім, қарақтарым. Тойларыңның ішіндемін. Күліп-ойнап көріселік. Атаң Жамбыл. Январь 1943ж. Қымбаттым, айналайын, өзімнің Жәкем! … Хатыңызды землянкалар мен окоптарда орысша және қазақша қызыға оқып, Сізді өзіміздің жанымызда отырғандай сезіндік. Айналайын Жәке! Сіздің аманатыңызды ұлдарыңыз адал атқаруда. Төлеуғали Әбдібеков- “Пахта-Арал” совхозынан келген мерген, немістің 259 барымташысын жайратты. Ол өте өжет жігіт және адал дос. Бауыржан-үлкен командир, жақында өз әскерімен немістерге қирата соққы берді. Ол ержүрек және ақылды әскер басы. Дихан, Ахметжан, Балтабек, басқа да көп жігіттер осында, майданда… Өз семьяңыз аман-саулықта ма? Тезекбай, Алғадай, Марыш қайда? Жартыбай тірі ме? Өз қолыңызбен еккен алма бағы өсіп қалған шығар, биыл төрт жыл болды ғой. Жеміс берді ме, алмалары үлкен бе? Ақалтеке тұқымдас Ақтұяғыңыз қалай, бұрынғыша Ұзынағаш жылқылары үйірінің көркі болып жүр ме? Атым-ақ, өзі бар ма? Жәке! Айтарым көп-ақ, бірақ барлығын хатқа сиғыза алмай отырмын. Бауыржан, Балтабек, Митя Снегин (“Ұзын жігіт”), Құрманбек Ахметжан, Төлеуғали, гвардияшыл панфиловшылардың барлығы да өзіңізге балалық сәлемдерін жолдайды. Денсаулығыңыз жақсы болып, уақытыңыз мүмкіндік берсе бізге бір хат жазыңыз, өзіңіздің қанатты сөздеріңіз бен жүрекжарды өлеңдеріңізді жолдаңыз. Өзіңізді қатты құшақтап, ыстық жүрекпен сүюші – балаңыз Павел. Дала почтасы 95926–С П.Н.Кузнецов” Алмастай өткір өлеңдері арқылы есімі майдан мен тылға әйгілі болған жүзге таяған Жамбыл қартқа сан мазмұндағы өтініштер де түсіп жатты. Соның бірі –мынадай: Алматыға – Сталинградтан. Сталинград трактор заводының жұмысшылары мен қызметкерлері, инженер-техниктері мен қызметшілері ұжымы атынан қазақ халқының сүйікті ақыны – Жамбыл Жабаев атамызға большевиктік жалынды сәлем жолдаймыз! … Қаланың қаншалықты қираған көрінісін сізге айтып беруге сөзіміз жетпейді. Көп қабатты тас үйлердің күйген қабырғалары бізге жаудан өш алыңдар деп үндеп тұрғандай; көшедегі үйіңді, кірпіш пен күлден аяқ алып жүргісіз, жалын мен жарылыстан завод цехтарының металл конструкциялары саз балшықтай иленіп қалған. Көшедегі жанған ағаштардың ұсқыны кетіп, әдемі паркеттер мен скверлердің тұқылдары ғана қалған; қала ішінде бомба мен снаряд түспеген алақандай жер қалған жоқ. … Біз бауырлас Қазақ ССР халқына өз өкілімізді жіберіп, бізге бүгінгі күні аса қажетті болып отырған – жарма, күріш, май, кептірілген жемістер сияқты тағамдар жағынан көмектесулеріңізді өтініп отырмыз. Аса құрметті ақын ата, халқыңызға, шаруашылық басшылары мен өкімет басындағыларға өз сөзіңізді айтып, біздің өтінішіміздің іске асуына қолқабыс жасайды деп үміт етеміз… Танк өнеркәсібі қызметкерлері одағы заводтық комитетінің төрағасы Скакунов. Партбюро хатшысы Копшев. 5.01.44ж. “Мен әкем Құрманғалиев Оразбайдан қашып кетіп, 6 жасымнан бастап Семей облысы, Бородулиха ауданындағы Ново-Покровка селолық Советінің балалар үйінде тәрбиеленген едім”, – деп жазады, – майданнан тағы бір қызыләскер. – … Жолдас, Жамбыл, мен қайғымды алдыңызға жая отырып, маған менің әке-шешемді алуыма көмектесуіңізді өтінемін. Жеңіспен елге оралғанда кімге барарымды білмеймін, туыстарымды іздестіруге қол ұшын беріңіз!? Құрметпен Оразбай Алексей (Әлімбек) Адресім: Дала почтасы 92465 “В”. 7.12.1944ж. Қымбатты Жамбыл! Біздің Гвардиялық бөлім ерлерінің құрметті тізімінде ең алғашқылардың бірі болып, Сіздің немереңіз Көбіс Жамбылұлы Жұмабековтың аты-жөні жазулы. … Жуықта Гвардия кіші лейтенанты, офицер-танкист Жұмабеков қорғап тұрған участкеге жаяу әскер ротасын қорғаған сегіз жау танкісі шабуыл жасады. Ержүрек ұл қаймықпай ұрысқа кірді. Екі-үш снарядпен алдыңғы танкіні істен шығарып, үш пушканы қиратып, немістің жиырма солдаты мен офицерінің көзін жойды… 62832 әскери бөлімнің командованиесі мен саяси бөлімі. 12. 07. 44ж. Павел Николаевич шабуылға бара жатқандағы тағы бір хатын өзінің ақын атасына көтеріңкі көңіл-күймен жазыпты. … Қазір, Жәке, немістер советтік оқ-дәрінің иісін мықтап иіскеп, өздері басып алмақ болған кең байтақ жерімізде ол сұмдардың өліктері жұттан кейінгі өлекселердей шашылып жатыр. Өз Отаны үшін жауынгер-қазақтар арыстанша арпаласып, халқының сенімін абыроймен ақтауда. … Алыстағы, алыс та болса сондай жақын, өзім туып өскен Ұзынағаштан хаттар және асыға өлеңдер күтемін… Денсаулық пен бақыт тілеймін. Өзіңіздің Павел Кузнецов. Алғы шептегі Армия. Солтүстік-батыс майдан. Дала почтасы 993, 01 почта жәшігі. Сонау бір сұрапыл заман тынысынан аз да болса сыр шерткен мұрағаттық құжаттар осы. Ол бір жағынан халқымыздың ерлігін, өрлігін, достығын паш етер болса, екінші жағынан ғасыр жасаған жыршымыздың даналығына, абырой-атағына кейінгі ұрпақтың көзін тағы бір жеткізе түскендей. “Жамбыл қазақ халқы сияқты өте бақытты адам. Жамбыл қазақ халқының даңқын әлемге жайды. Жамбыл – қазақ халқының мақтанышы, Ұлы Жамбыл сықылды ақыны бар халық – шын бақытты халық!” – деген екен кезінде Пәкістанның атақты ақыны Фаиз Ахмат Фаиз.
Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ, журналист