КӨКШЕТАУ ҚАШАН СУҒА ЖАРИДЫ?
КӨКШЕТАУ ҚАШАН СУҒА ЖАРИДЫ?
Соңғы кездері Көкшетау қаласында күнделікті күйбең тірлікке байланысты мәселе көп. Әсіресе, су мәселесі жанып тұрған проблемалардың бірі. Бұл жерде судың сапасы жөнінде тіпті ауыз ауыртудың қажеті де шамалы. Апталап судың болмай қалуына жұрт әбден көндігіп алған. Тіпті, «су неге жоқ?» деп Көкшетау су арнасының диспетчерлік бөлімдеріне телефон соғуды да қойыпты. Ал егер телефон шала қалсаңыз ешқашан екеуінен де жауап ала алмайсыз (23-05-75, 26-88-00). Өйткені, телефон тұтқасы үнемі ағытылып тұрады. Халық қардан қалған шалшық суды әжетханаға құйып та, бөтелкедегі газдандырылмаған суды сатып алып шәй қайнатып та күнін көріп жүр ғой. Қаланың барлық мөлтек аудандарынан соңғы екі күнде: «Су болмағалы бірнеше күн, диспетчерлік бөлімді ала алмадық, не істейміз?»– деп телефон шалған шарасыздардың саны отызға жетіп жығылды. Біз Көкшетаудағы судың «қожайыны» Төкеев Мұрат Мұқашұлынан телефон арқылы мұның мәнісін білмек болдық. «Бұған кінәлі ауа-райы, қатты желден электр сымдары үзіліп, жарық өшіп қалды. Соған байланысты апат болып, су қаланың бірқатар аудандарында кешеден бері болған жоқ, бүгін кешке дейін беріледі» деп жауап берді. Біз «Автогородок» шағын ауданында 2 аптадан бері суы жоқ үйлері бар екен» деген сұрағымызға, «Олай болуы мүмкін емес, су бар» деп қысқа ғана қайырды. Мұрат мырзаның мұнысы енді барып тұрған өтірік. Біз кешке дейін қалаға су берілмесе қайтадан хабарласатынымызды айтып қош айтыстық.
Су арнасы іштерінен қырық бөлініп, жұмысшыларының айлық-жалақыларын бере алмай, бар мамандарынан айрылып қалғалы судан да айрылған. Айтпақ мәселем қала халқы бұлай судан тарығып жатса, ауылдағылардың күні не күйде екенін елестетіп көріңізші? Көпшілік бас қосқан жерде шал-шауқандар Еркін Әуелбековті, жастаулары, тіпті, Кулагинді аңсап, армандап отырады. Ол әкімдердің заманында Арқаның азынаған аязы болсын, бораны болсын, тіпті, жалп етіп жарық сөнсе де ешқашан халық сусыз қалып көрген емес. 154 мың көкшетаулықты сусыз қалдыру дегеніміз жүгенсіздік демей көріңіз?!
Айсұлу ҚҰЛМАНБЕТОВА