Жаңалықтар

ОҢТҮСТІКТЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ӨРШІП ТҰР

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТІКТЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ӨРШІП ТҰР

Қазіргі кезде жұмыссыздық – қоғамымыздың шешуін таппай отырған күрделі мәселелерінің бірі. Яғни, жер-жерде екі қолға бір күрек таппай отырған жастар жетерлік. Тіпті, облыс көлемінде кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы -күрес жүргізу мақсатында арнайы бағдарлама да түзіліп, ол бойынша аудандық, қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бағдарламалары алға қойған жоспарларын тізіп, жергілікті жерде түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Алайда, бұл шара жұмыс іздеп сандалған жандарды жұмыспен қамти алмаған сияқты. Яғни, әлі күнге дейін қаладағы құлбазарда ауыл аймақтан жиналған жігіттер қалталы азаматтардың келуін тосып тұр.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінен алынған мәліметтерге жүгінер болсақ, аталған мекемеге өткен жыл бойында 8723 адам жұмыссыз болып тіркелген. Оның 3262-і қалалардан болса, 4548-ін ауылды жердің жұмыссыздары құрайды.

Негізінен бағдарлама бойынша департаментте 21000 адам тіркеледі деп болжам жасалса, он екі айдың көлемінде 24150 адам жұмыс іздеп келген. Оның 17959 облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментіне араласуымен тұрақты жұмысқа орналастырылса, 9694 адам ақылы құрамдық жұмысқа жіберілген. Сондай-ақ, 1550 адам жұмыссыз жандар кәсіби оқуға тартылған. Қолда бар мәліметтерге қарап отырсақ, 2004 жылмен салыстырғанда биылғы 2005 жылы 36 жаңа жұмыс орны ашылған. Алайда департаментке жұмыс іздеп келіп тіркелгендер санын өткен жылмен салыстырғанда, 1327 -ақ адамға кеміпті. Осылайша, қаншама жұмыс орындары ашылғанымен, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың азаймауы есепте жоқ жұмыссыздардың ел арасында көптігін аңғартады.

Облысымыз бойынша жұмыссыздық ең көп Шымкент қаласы болса, одан кейінгі орында 1184 адаммен Мақтарал ауданы тұр. Мыңға жуық жұмыссызды тіркеген Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында алғашқы бестіктің ішінен қылаң береді. Бұл көрсеткіштердің қатарына қосылмаса да, Кентау, Түлкібас, Қазығұрт өңірлерінің де жағдайы мәз емес. Тағы бір айта кетер жайт, жастар арасындағы жұмыссыздық та жоғары екен. Нақты сандармен сөйлер болсақ, 16-24 жас аралығындағы жастардың 34,3 пайызы, 25-43 жас аралығындағылардың 19,2 пайызы, 30-49 жас аралығындағылардың 37 пайызы жұмыссыз боп саналады. Үстіміздегі жылы да бұл көрсеткіш кемімейтін сыңайлы. Яғни, облыс көлеміндегі 30-дан астам жоғары оқу орындарын бітіруші биылғы 150 мыңдай түлектердің барлығы да жұмысқа тұрып кетуі жүзеге оңай аса салмасы анық.

Мамандардың сөзіне қарасақ, жұмыссыздық жыл сайын азайып жатқан көрінеді. Сондай жәрмеңкенің бірі өткен жылдың тамыз айында педагог мамандарға арналды. Негізінен сынақ екі бөлімнен тұрды. Яғни, үміткерлер ұстаздарға тест тапсырса, келесі турда жинаған ұпайы жоғары болғандар мамандармен әңгімелесу арқылы сынақтан өтті. Нәтижесінде, қаладағы 75 мектепке белгіленген 122 бос орынға оқытушылар алынды.

Жәрмеңке барысында қала мектептеріне математика, физика, химия секілді пәндердің оқытушылары жетіспейтіндігі белгілі болған. Сондай-ақ, қаладағы 78 білім ордасының барлығы да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін қажет етпеген. Яғни, байқауда бақ сынауға филологтардан 59 өтініш түсіпті. Алайда қала мектептерінде бірде-бір орынның болмауының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен үміткерлердің ешқайсысы да конкурсқа қатыса алмаған. Яғни, филологтар жұмыссыз қалған.

Міне, қолда бар нақты сандық көрсеткіштер осылайша сөйлейді. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап отырсақ, Оңтүстік өлкесінде жұмыссыздықтың жуық арада басыла қояр түрі жоқ.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Оңтүстік Қазақстан облысы