Жаңалықтар

БІР ҒАНА ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРҒАН ДАРЫН

ашық дереккөзі

БІР ҒАНА ҚЫЗМЕТТІ АТҚАРҒАН ДАРЫН

Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың тілімен айтқанда, «Еңбек кітапшасында бір ғана қызмет орны жазылған» көрнекті актер, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев жетпіске толды. Жетпістің желкесіне мінген дарынды саңлақтың мерейтойы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында дүрілдеп-ақ өтті.

Сәбит Оразбаев 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты Бәйдібек ауылында дүниеге келді. Үш жасында әкеден айрылған баланы анасы Аппақай қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өсірді. Жастайынан зерек өскен бала анасының жәрдемшісі бола білді. Қамқор болатын әкесі жоқ, ерте есейді, ерте ержетті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, өнерге деген құштарлығымен көзге түскен дарын онжылдықты бітірген соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінен бір-ақ шықты. Тура сол жылы консерваторияға Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Оспанхан Әубәкіров, Нүкетай Мышбаева сияқты театр саңлақтары да оқуға түседі. Алла Тағала алыптардың бір шоғырының басын осылай театр факультетінде қосыпты.

1959 жылы оқуды бітіріп шыққан соң, Сәбит Оразбаевқа М.Әуезов атындағы академиялық театрға жолдама береді. Содан бергі жарты ғасырға жуық уақыты осы театрдың сахнасында өтіпті. Осы уақыт ішінде қазақ және әлем халықтарының классикалық, қазіргі заман драматургиясы бойынша 100-ден аса сахналық кейіпкерлерді сомдаған дарын көпшіліктің сүйіспеншілігіне айналды.

Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Жантық, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» – Исабек, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» – Дүрбіт, Т.Ахтановтың «Антындағы» – Әбілқайыр хан, Н. Гогольдің «Ревизорындағы» – Городничий т.б. бар. Әсіресе, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Бәйсейітовтың «Беу, қыздар-ай!» спектакльдерінен кейін көрермен тарапынан «Сәбит Оразбаев – комедияға бейім актер»,–деген тұжырым қалыптаса бастады. «Абай» трагедиясындағы Мағауия, «Ана–Жер анадағы» – Майсалбек, «Жаяу Мұсадағы» Мұса рольдері арқылы актерлік шеберлігімен қатар, әншілік қыры да таныла бастады. Актер өміріндегі шоқтығы биік рольдерінің бірі – Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тердегі» – Сүйеу шалдың бейнесі. Одан кейін А.Сүлейменовтың «Төрт тақта жайнамазындағы» – Шал, М.Ғапаровтың «Тұзды шөліндегі» – Президент рольдері арқылы сарабдал, парасатты, тұлғалы сахнагер екендігімен ерекшеленді.

Өнердегі әріптесі, консерваторияда бірге оқыған курстасы, сахнадағы партнері туралы Фарида апай (Шәріпова) былай сыр қозғайды:

– Сәбит, Асанәлі, Райымбек, Нүкетай, Раушан, Күләй, Мәрияш бәріміз бірге оқыдық. Он жеті, он сегіз жастағы кезіміз. Бірге оқыдық, бірге жүрдік, театрға бірге келдік. Қырық жылдан астам театрда бірге жұмыс істесек, жарты ғасыр біз бір-бірімізді білеміз. Сәкең – өте еңбекқор адам ғой. Осындай дәрежеге жетуінің өзі осы еңбекқорлығының арқасы деп білемін. Небір тамаша спектакльдерде қатар ойнадық. Ертеректе жас кезімізде «Ой, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» сияқты комедиямен бастап едік, кейін театрдағы сүбелі спектакльдерде қатар ойнай бастадық. Мысалы, «Ана – Жер ана» спектаклінде Толғанайды ойнасам, Сәбит менің балам Майсалбекті ойнады. Ал енді «Қан мен тер» спектаклін қойғанда Сәбең Сүйеу қартты ойнаса, оның қызы Ақбаланы мен ойнадым. Міне, театр өнері деген осындай. Бірде жасты, бірде кәріні ойнайсың… Сәбит халықтың сүйіспеншілігіне бөленген адам. Жуырда Германияның емханасына барып, емделіп қайтты. Соған қарамастан, емханадан келе салысымен-ақ, театрға қайта шығып, рольдерін ойнай бастады. Әлі де Құдай денсаулық берсе, ойнай береді деген ойдамын.

Германияның емханасында емделіп, өте ауыр сырқаттан аман қалған Сәбит аға: «Осыдан аман қалсам, еліме барғанда ұлан-асыр той жасамасам» деген екен. Алла Тағала дарынды актердің бұл тілегін қабыл етіпті. Жетпіс жылдық мерейтойына жиналған қауымда шек жоқ. Кешті М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың басшысы Есмұхан Обаев жүргізді. Салтанатты кешке Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те келіпті. Әкім актердің тойына құр қол келмей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын ала келіпті. Құттықтау хатпен бірге қала жұртшылығының атынан Сәбит Оразбаевқа жеңіл көліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, мерейтойға ат арытып, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Ғ.Жұмжаев та келіп, театр саңлағына шынайы сезімдерін, алғыстарын білдіріп, жеңіл көліктердің кілтін табыстап жатты. Дарынды, парасатты, тұлғалы азаматты құттықтауға келгендер республикамыздың түкпір-түкіпірінен жиналыпты. Сәбит аға дүниеге келген Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданынан да бірқатар азаматтар келіп, ағаның иығына шапан жапты. Сәбит Оразбаев өмірі, шығармашылығы жайлы сыр шерткен Әшірбек Сығайдың да баяндамасы көптің көңілінен шықты. Қатып қалған ресми құжаттан гөрі жеңіл, інілік пейілмен жазылғаны көрініп-ақ тұр.

Гүлзина Бектасова