НАМЫССЫЗДЫҚ НӘУБЕТІ

НАМЫССЫЗДЫҚ НӘУБЕТІ

НАМЫССЫЗДЫҚ НӘУБЕТІ
ашық дереккөзі
Ата-бабаларымыз ауыздығын шайнаған тұлпарларының тұяғымен әлемді дүбірлетіп, қос мұхиттың суына (Тынық және Атлант) қолдарын шайып, ауыздықпен ат суартқызған өршіл ары, намысқойлығы еді. Бұрынғы түркілер, олардың тікелей ізбасарлары, қайталанбас арда қасиеттерді бойларына молынан сіңірген алаш жұрты – қазақтарды басқа ұлт пен ұлыстардан ерекшелейтін айырмашылықтар туралы талай ғасыр сүйсіне һәм таңдана қалам тербемеген саяхатшы мен зерттеушілер кемде-кем. Осыдан он төрт ғасыр бұрын өмір сүрген арабтың атақты жазушысы әл-Жахиз (775-868). Шығыста сәйгүлік аттарын ойнатқан түркілер туралы: “Түркі қорықпайды, бірақ қорқыта алады. Бір нәрсені қаласа, алмай тынбайды. Болмашы нәрсеге қол созса да, міндетті түрде табысқа жетеді. Алайда бекер іске араласпайды. Басраның әдептілігі, гректің даналығы, қытайдың өнері түркілерге әлдеқашаннан-ақ таңсық емес. Түркілер – адал. Оларда көңілге қонымсыз пікірлер, шектен тыс жаулық ойлар жоқ. Сымбатты денелері мен дауыстары секілді сөйлеген сөздері де әдемі естіледі. Әрбір түркі өзін – арыстан, жауын – аң, астындағы сәйгүлігін – елік деп есептейді. Түркілер жалтақтауды, жалынуды, жылтыр сөзді, опасыздық, сатқындықты, өтірік айтуды, сенген адамдарына тәкаппарлық көрсету мен жамандық жасауды, арам ойларды білмейді. … Түркілер ат үстінде туғандай берік отырады. Шайқаста өз жауларын оп-оңай аударып төңкеріп кете алады. Он ұлттан шыққан он жігіттің күшін бір кісіге жинасаң да, жалғыз түркінің күшіне тең келмейді. Түркілер әрқашанда ар-намысына өте берік. Соғыста да, бейбіт өмірде де айлакерлік пен арамдықты білмейді. Арам пиғылдан туатын мүмкіндіктерді өз пайдасына бұруды намыс санайды. Өздері де, сөздері де келісті. Араларында бір-біріне жала жабу деген әсте болмайды. Олардың басқа біреудің дүние-мүлкіне көз алартуы, екіжүзділігі, біреуді жамандауы, тәкаппарлық танытуы, тыңшылық жасауы, үлкендерге құрмет көрсетпеуі жайлы ойлаудың да қажеті жоқ. Олар Отан сүйгіштікті бәрінен де жоғары қояды. Жер жаулап алу үшін емес, үстемдік құру үшін соғысуды ұнатады. Базбір басқа халықтар секілді өсек-аяңға бармайды. Көпірме сөзді қол көрмейді. Ең көп сөз ететіні – ұрыс, жеңіс. Ермектері – ат, қару. …Өйткені олардың жаратылысы қозғалысқа, өне бойы іс-әрекетке негізделген. Тыныштық атаулыда үлесі жоқ. Рухани күштері дене күштерінен әлдеқайда артық. Олар – жалынды, әрдайым қимыл-қозғалысты ұнататын әрі сезімтал жандар. Естеліктері көп, көзқарастары өткір”, – деп таңдай қаға сүйсініп жазған болатын. Осынау қасиеттердің басым бөлігі бүгінгі қазақтардың да бойынан табылатынына еш күмән жоқ. Амал не, біршама ұзақ уақыт қызыл империя – коммунистердің езгісі, мешеу идеология ықпалында болу, оның үстіне, соңғы жылдарда жүргізілген саяси-экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық тосын реформалардың үздіксіз созылуынан алмауыт мінез алаш жұрты туа бітті табиғи, ананың сүтімен бойына ерекше қасиет болып сіңетін намысқойлығынан – ең сорақысы, ұлттық намысшылдығынан біртіндеп қол үзіп, “қазақ қой аузынан шөп алмайтын момын, жуас, жасық” екендігіне әбден мойынсұнып – мұның тасасында намыссыз деген қорқынышты сөздің құлағы қылтияды–кеудесі сәулесіз, көкірегі бітеу тоғышар тобырға айналуға бет қойғаны көпе көрнеу көзге ұрады. Осылайша “құл – тобамен, күң – қанағатпен ғана шектелетін” (Мейірхан Ақдәулет) тоғышарлық бой алып, талайлар ұлттық басты мақсат-мүдделерді ұмыта бастады. Алаш жұртының талан-тағдыры, болашағы таразыға түскен екіұдай сәттерде салбөкселік, жігерсіздік, табансыздық, немқұрайдылық танытып, “менің шатағым не?” деп, жалтақтық көрсетуі осыдан туындаған қасірет. Қазір 2 миллионға жуық қазақтар өзінің тілін шала біледі делінеді, яғни ортамызда 2 миллион намыссыз адам, ішкен-жегеніне ғана мәз – “хайуанға оны қосыңдар” (Абай) – жандар жүр деген сөз. Алаштың біртуар арысы Міржақып Дулатов меңіреу ұйқыдағы елін оятып, “Оян, қазақ” деп жар салатын немесе Махамбет: … “Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске”, – деп атойлайтындай биік рух, азаматтық өршілдікті қалыптастыратын бірегей намысшылдық қазіргі уақта аса қажет-ақ. Тарих – әлсіздікті кешіреді, намыссыздықты кешірмейді. ХХ ғасыр, әсіресе, дүниежүзілік деңгейдегі аласапырандар, қантөгістер, түрлі-түрлі революциялар көптігімен ерекшеленіп отырған ХХl ғасыр жаһандағы сансыз халық ұлт пен ұлыстар алдына “Біз осы кімбіз? Қайдан келдік? Қайда беттеп барамыз?” деген сауалдар таратып, қиын сұрақтарға еріксіз жауап іздеумен басталды. Біраздан бері тоқтаусыз үдеп келе жатқан, осы күндері ғаламға айтқанын жүргізіп отырғандығы анық байқалатын жаһандық ауқымдасу процесі де бұған әжептеуір әсерін тигізуде. Жаһандық ауқымдасу тұсында ұлт бола ма, әлде көп санды ұлы ұлттар, нәсілдер ғана қала ма? Ал ұлттың ұлылығын қамтамасыз ететін қандай қасиеттер?! Адам жанын еріксіз тебірентетін әрі еріксіз үрейлендіретін сауалдар күн сайын көбейе түсуде. Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан мырза “Айқап” газетіне берген сұхбатында “Бізге ұлттық мемлекет құруға не кедергі? “деген сауалға: “Ұлттық мемлекет құруға мүдделі деп табылатын қазақ ұлтының өзі оған кедергі болып отыр деп ойлаймын. Себебі, біз өзіміздің елімізде сан жағынан азшылықта тұрмыз… Шын мәніндегі ұлттық мемлекет құрудың алғышарттарының бірі ретінде біздің қазақ тілі елімізде барлық салада жоғары деңгейде жұмыс істеуі қажет. Мәселен, Парламент заңдарды тек қазақ тілінде қабылдау керек. Үкімет өзінің бүкіл қаулыларын мемлекеттік тілде дайындап, осы тілде қабылдауы тиіс. Осындай жағдайда ғана бізге ұлттық мемлекет құруға болады”, – деген-ді. Қымбатты депутат ағамыздың уәжі орынды, өте дұрыс-ақ. Дегенмен, бұл жерде айтылуға тиіс жайттың тағы бір аса маңызды тұсы назардан тыс қалып кеткендей. Бұл — намыс, ұлттық намыс мәселесі! Ұлттық мемлекет құруға көптеген қазақтардың туған тілін білмеуі кедергі, ал қазақ тілін білуге ұлттық мемлекеттің құрылмауы тосқауыл. Бір сөзбен түйіндегенде, шығар жолы жоқ шеңбер, саңылау таптырмас тұйық. Жалпы ұлтқа кінә артудан гөрі, сол Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, билік басындағылардың басым бөлігі қазақ ұлтының қабілетті белсенді өкілдері бола тұрып, нәйеті жоғарыда санамалап айтылған іс-шараларды ғана жүзеге асыруға тәуекелі жетпесе – бұл ұлттық намыссыздық қана емес, жеке басының да намыссыздығы демеске амал кәнеки?! Әйтпесе, олардың қазақ тілін білуге міндеттілігі ауа жұту сияқты табиғи нәрсе емес пе?! Адам ойлары қызық қой, кейде теледидардан, әсіресе, күнделікті өмірде орысша сайрайтын балалар маған “жетімдер үйінде” тәрбиеленген жеткіншектер сияқты көрінеді. Ата-анасы тәрбиелемеген, жеті атасынан бері басқа ұлт болып кеткен байғұстар. Қазақстанда бар делінетін 90 мың мемлекеттік қызметкерлердің көбі де. Әсіресе, министрлердің біразы “Жетімдер үйінде” тәрбиеленген соң қазақ қоғамы алдындағы жауапкершілігін сезінбейтін болар?! Ар-намыс демекші, 90-жылдардың ортаңғы тұсында Индияның жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондаған адамның өмірі қиылғаны ойға оралады. Анықтай келгенде, әлгі ұшақты елдің Авиация министрлігі Өзбекстаннан жалға алғаны және лайнердің ұшқыштары тіл білмегендіктен, әуежай диспетчерлері жерден берген бұйрықтарды түсінбей, нәтижесінде ұшақ осындай апатқа ұрынғаны анықталды. Осыдан соң-ақ кең көлемде қоғамдық пікір туындап, стратегиялық маңызды салаға жауап беретін министр қарауындағылардың өз міндеттерін дұрыс атқармағандығы, кәсіби шеберлігі төмен ұшқыштарды жауапты жұмысқа жалдағанына намыстанып, өз еркімен қызметтен кетті. Ал миллиондаған қазақтардың, тұтас ұлттың бүгіні, ең бастысы, болашағына жауап беруге тиіс біздің жоғары шенділер, үкімет мүшелері мұндайда былқ етпес еді. Аса сорақысы сол, Қазақстанда бөгде тілде заң қабылдау табиғи қалыпты нәрсе сияқты боп алды. Бұдан асқан намыссыздықты ешбір көне, жаңа тарихтан іздеп табу мүмкін емес. Шенеуніктердің көбі бүгінгі қазақ тілінің мүшкіл жағдайы жеке бастарының мүдделеріне мейлінше сай екендігін (өздері, әсіресе балалары тек орыс тілінде тәлім-тәрбие алған. Бұдан былайғы болашақтарына қазақ тілі кедергі келтіреді) жасырғансиды. Әйтпесе, қазақ тілінің ғылым, мәдениет, экономика, заң т.б. өмірдің барлық салаларында толық қолданылуына қоғам әлдеқашан түбегейлі дайын екендігін әлгіндейлер білмей отырған жоқ. Олар жеке бастың мүддесі үшін ұлт мүддесін құрбандыққа қасақана шалып отыр. Сондықтан, ұлттық ұмтылыстың негізгі басты мақсаты мен нысанасын тұмандатып, қоғамдық ортақ ойды шашыратып, екінші қатардағы мәселелерге – ауыл, аудандық әкімдерді сайлап қою, оппозициямен қарым-қатынастағы соншалықты маңызды емес жайттарға аударуға құштар. Сөйте тұра, бірқатарының “жеке басының ар-намысына” бола сотқа жүгінуге құмарлығы да еріксіз қайран қалдырды. О заман да, бұ заман, адам бойындағы жоқ нәрсеге қайтіп, қалай нұқсан келтірілмекші? Қазақтың қасиетті ежелгі топырағында кіндігі кесіліп, қаршадай шағында Сирияға құлдыққа сатылған, өмір бойы мойнындағы бұғауды сүйреп өтуге тиіс болған Бейбарыс қаһарлы сұлтанға айналар, тарихи оқиғаларға ықпал ететін қаһарман ұлы тұлға болар деп кім сенген?! Оны тарихтың сахнасына алып шыққан асқақ ар-намысы болатын. Мысыр мен Шам елін біріктіріп, атақты Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі, он жеті жыл салтанат құрған Бейбарыс сұлтан намысшыл далалықтардың бел баласы еді. Намысты ұлан Мысырды кресшілер және моңғол шапқыншылығынан қорғап қана қойған жоқ, жалпы мұсылман әлемін түбегейлі апаттан аман сақтап қалды. Дана халқымыз: “Е, бір үйірден жеті шабыр жаман ат шыққанша, жеті үйір жылқыдан бір бәйгекер шықсашы! Бір атадан жерге қараған жеті момын туғанша, жеті атадан елге қараған бір көсем тусайшы!” – деп тілек ететіні осындайдан. Өкінішке қарай, сананы тұрмыс билеген қитұрқы кезеңде ұлттық намыс туралы айту асқақ пафос, қарапайым пендеге қатыстылығы жоқ биік материя сияқты болып қабылдануы да ықтимал. Қазіргі өркениет – биік ұжданға, әсіресе, өршіл намысқа кісен, өткелі жоқ тосқауыл боп алған секілді. Дегенмен, өркениетті сана биігінен қарасақ–ерліктің табиғи болмысы намыстан туындайтынын мойындау керек, яғни ерліктің өлшемі – намыс, адамды қуаттандыратын күш – намысқойлық! Биік намыстың іргесі бала жастан қаланары шындық, бірақ, аса қорқынышты әлеуметтік дерт – жұмыссыздық намыссыздықты туындатарын да еріксіз мойындауға тура келмек. Елімізде жүздеген мың жұмыссыздар бар, қазір ресми түрде мойындалып отырғандай, халықтың 25 пайызы кедей тұрмыс кешуі ұлттық намыстың өрлеуіне тосқауыл. Тіпті, бірқатар әлеуметтік зерттеулерде ауыл тұрғындарының 40 пайызы өздерін кедей өмір сүретіндер қатарына жатқызатыны анықталады. Осыдан біраз уақыт бұрын “31 телеарнада” көрсетілген сюжет өзінің үрейлі үмітсіздігімен ерекше есте қалған еді. Алматы қаласының Сейфуллин даңғылы бойында тұратын жалдамалы жұмыскер: “Осы отырған төңіректегінің бәрі құлмыз ғой, қысқаша айтқанда, өзіміздің жерде. Орыстар бізді жұмысқа алады. Сол кезде: “Сендердің өздеріңнің жерлерің, сендер істеулерің керек. Біз сендерге қонақпыз” деп қалжыңдап айтады. Сол ғой, міне, қандай жұмыс айтса да істейміз” – деген-ді. Бұдан асқан ұлттық қорлық бола ма? Жұмыссыздық – намыссыздықты тудырып қана қоймайды, үмітсіздік, сенімсіздік, торығу, нәуетектік, надандықты да балалататын қорқынышты дерт. Ұлттық намысқойлықтың төмендігінен шетелдік компания мен фирмалар қандастарымызды заңсыз қанауды күнделікті әдетке айналдыруға бет бұрғаны да аңғарылуда. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында осындай жағдай қалыптасқаны белгілі болды. Арнасай бөгенінің құрылысын жүргізіп жатқан Қытайдың геоинженерлік корпорациясы жұмысқа жалданған жастарды аяусыз қанап, “Еңбек туралы” заңда бекітілген барлық баптарды белінен басқан. Жұмыс уақыты ұзартылған, демалыстар берілмеген, жұмысшыларды таситын автобусқа міну мүмкін емес. Шарасы таусылған жастар шағымданса, копорация басшысы Хуа Тиау: “Иди домой” – деп кергіп, кеуделерінен итерген. Жалақылары да еткен еңбекке сай емес. Жалпы, жергілікті қазақтарға еңбек ақыны әлденеше есе кем төлеу барлық шетелдік, тіпті, отандық компанияларға тән қасиетке айналды. Осының бәрі шетелдіктер, өзге халық өкілдері қазақты намыссыздар ретінде сыйлаудан, именуден қалғанын көрсететін үрейлі белгілер. “Бассыз үйдің иті осырақ келетіндігінің” дәлелі. Ұлы Мұхтар Әуезов айтқан “Ұлт болам десең, бесігіңді түзе!” дейтін аксиоманың зердемізден ұмытыла бастауы, дұрыс ғибрат алмауымыз ұлттық намыссыздықтың өткел бермес қайраңына тұмсық тіретіп отыр. Мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы бойынша жылына бюджеттен қомақты ақша төлеп, дамыған елдерге білімін жетілдіруге аттандырылатын жүздеген жастарымыздың отанымызға қайтып оралмай, сол жақта қалып кетуі – сол жастардың, әсіресе, олардың ата-аналарының намыссыздығы, үміт артқан ұлтының бетіне түкіруі. Мұны жеке адамның, тіпті, ұлттың намысына қатысты жайт деп қана емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне де қатер төндіретін рухани кесел деу керек. Шетелдіктер, әсіресе халқының өсуі тоқталып, демографиялық дағдарысқа тірелген Солтүстік Еуропа елдерінің өкілдері жетім балаларды тәрбиеге алуға жиі ынталылық танытуда. Бұл жерде ізгіліктің, мейірбандықтың еш қатысы жоқ. Олар тектік тұрғыдан әлем халықтары арасында неғұрлым таза болып танылатын қазақ қаны арқылы генофондын жаңартпақшы. Және мұнысын жасырмайды да, яғни бақай есепке құрылған арамза құштарлық пен мейірім. Ұлттық намыстың құнсызданғаны соншалық, “Қызға–қырық үйден тыю” деген ежелгі қағида да назардан біржола тыс қалып, архаизм, анахронизм ретінде қолданыстан шығарылып тасталған сияқты. Өз заманында атақты Торайғыр би: “Көк түйнектен өліп қалмаса, Жасында күйеу алмаса, Көрінгенмен ойнаса, Бәрінен де қызың жау”, – бекерден-бекер күңіренбеген. Жұмыссыздық сынды әлеуметтік дерт, оның үстіне ұлттық намыссыздығымыз қазір жүздеген қара көз қыздарымызды көшелерде, мейманхана, ойынханаларда жезөкшелікпен шұғылдануға, мұны күнкөрістің, табыстың қасиетсіз көзіне айналдыруға мәжбүрлеп отыр. Өстіп ежелгі түркілер тәу еткен, қазақтар тектілік, тазалық, кіршіксіз ар-абыройдың қасиетті әулиесі деп санайтын Ұмай ана алдында да ұлт ретінде кінәміз өлшеусіз. Ұлттық намысқа негізделмеген тәрбие — нәтижесіз харекет. Бұл сандаған ғасыр екшеуінен өткен бұзылмас ақиқат. Шынында, намысшыл адам ғана ұлтжанды бола алады. Қайғылысы сол, Қазақстанда тәнін саудаға салған ондаған мың қыз-келіншектер арасында әлі кәмелетке толмаған, он екіде бір гүлі ашылмаған қаршадай қорғансыз байғұстар да бар. Тіпті, олардың дәл саны қанша екені жөнінде ресми мәліметтер де жоқ. Мұның өзі осынау аса құбыжық әлеуметтік дертке қоғамның, ең бастысы, билік орындарының немқұрайды қарайтынын, ұлттық генофондымызға біржола қол сілтеп отырған екіжүзділігін анық аңғартады. Оның есесіне, елімізде бізге қатыссыз әлемдік проблемаларды талқылаған жиындар, жүздеген адамдар шақыртылған халықаралық конференцияларды көптеп өткізу сәнге айналды. Ешкімге түсініксіз “еуразиялық мәселелердің” бүге-шігесін ақтару, жаһандық гендерлік саясатты сапыру. Жаңылыспасақ, кейінгі жылдары гендерлік саясатқа қатысты 12 мыңнан астам түрлі жиындар, мәртебелі талқылаулар өтіпті. Биік мінберлерден қызыл сөздер бұрқақша атылуда. Сөздер, сөздер… Апыр-ай, осынау сөздерге бола қаншама қаржы желге ұшырылды екен?! Бәлкім, сол қаржыларға тым құрығанда он екі мың қыздың ауыр тағдырына ара түсуге болар еді-ау. Кейде мемлекет жезөкшелік, нәпсіқұмарлық, жыныстық қатынастың жабайы, масқара түрлеріне қолдау көрсетіп, әдейі насихаттайтын сияқты. Белгілі бір топтар осыдан қомақты пайда тауып, баюдың көзіне айналдырғандықтан осылай шығар. 11 сәуір күні Қызылжарда (Петоропавл) кейінгі кездері Ресей сахналарының өзінде өнер көрсетуі қиындыққа айналған, қоғам қарсылығын тудырып отырған, ел аузында қызтеке (гей) атанып жүрген Борис Моисеевтің концертін өткізу жоспарланған көрінеді. Ең жиіркеніштісі сол, әлгі атышулы әншінің концертін ұйымдастыруға мұрындық болған Игорь Немчинов басқаратын “Икар” продюсерлік орталығының қызметкерлері жергілікті “Добрый вечер” газетінде: “Бізде адам құқығы аяққа тапталып, адамның ар-намысы қорлануына қарсылық білдіреміз” деп мәлімдеген көрінеді. Қазақтың қасиетті топырағын қасиетсіздерге таптатуға Игорь Немчинов сияқтыларға кім құқық берді? Түсініксіз. Тіпті, ондай әншілерді өз үйіңе шақырып, қонақ етіп күт, сыйла, қалағаныңды істе, бірақ, өзгелердің ар-ождан, намысымен де санасу керек шығар-ау. Тіпті, демократияшыл Еуропаның бірқатар елдерінде ата-аналардың талабы бойынша “Тату” тобының сахнада өнер көрсетулеріне, теле-радиоарналарда әндері орындалуына тыйым салынған. Ал ондайлар біздің елге келіп, төрімізде тайраңдап кететініне етіміз өлгені сонша, селт ету ойда жоқ. Түк намыстанбаймыз. Бұл шоу-бизнестегі бейшаралық болса, ал таяуда Ресейдің Совет Одағы Батырлары клубының бір топ мүшелері біздің елімізге келіп, қазақ армиясын аралағаны, жауынгерлерімізді патриоттық, Ресеймен мәңгі достық туралы үгіттеп, жалынды сөздер айтқаны мүлдем еңсе езді. Отарлаушы ел деп келген Ресейдің патриоттық жөніндегі ұстанымы мен енді ғана Тәуелсіздік алған қазақ халқының көзқарасы екі басқа ғой. Бұрын әлгіндей делегациялар Украина, Польша, Шығыс Германия, Венгрия, Румынияға, Балтық жағалауы елдеріне барушы еді, енді бізге ауыса бастапты. Орыстың кәрі батырларымен бізді қорқыту ма, әлде, шынымен намыссыз елде үлгі тұтар батырлар мен қаһармандары жоқ деп иланатын шығар. Бәлкім, Шығыс Еуропа елдері отарлаушы елдің қарт сарбаздарын шекараларынан аттатпай қойған шығар?! Осыдан 20 жыл бұрын, 1986 жылы кеңес әскерлері Алматыда қазақ жастарын аямай жазалаған еді. Ресейде шовинизм, ксенофобия қазір одан әрі өрши түсті. Тіпті, өз отандастары — чешендердің балаларын, кәрілерін, әйелдерін де аяп көрген емес. Табанасты бізге жаны ашиды дегенге сену қиын-ау. 1986 жылы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азаматтарымыздың рухы жоғары, намысы биік еді, аздаған жылдарда жер бауырлап қалғаны өкінішті. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ішкі істер департаменті басшыларының бірі мейрамханада 2000 доллар пара алу үстінде ұсталғаны жөнінде БАҚ-тарда хабарланды. Әлгі полиция басшысы әлдебір әйелге жеңгетайлық (сутенерлік) жасаумен айналысатын болса, өзі қорғап-қолдап отыруға уәде еткен көрінеді. Қандай қасиетсіздік! Қазақтардың ең көп шоғырланған қасиетті аймағындағы ел, мемлекет сенген азаматтың түрі осы боп шықса қайтерсіз. Қаракөз қыздарды адам қатарына қоспағаны ғой, солардың есебінен баюды жексұрындық деп санамағаны ғой. Бірақ, мұндайлар қоғамымызда аз ба? Тіпті, осындайлардың өз қыздары, қарындастары, апа-жеңгелері жоқ па деп те күйзелесің. Жалғыз бұл өңірде ғана емес, еліміздің басқа қалаларында да жезөкшелік, есірткі саудасына, ұйымдасқан қылмысқа құқық қорғау адамдарының қатысы барлығы жиі айтылып жүр. Соттарымыздың біразының да «пара» дегенде алақандары қышып, қотыр адамдай болып қалады. Жә, мұндай ұзақ тізім жасауға болатыны айқын. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан қоғамы іштен іріп-шіріп жатыр.

Жаңабек ШАҒАТАЙ