Жаңалықтар

«АМЕРИКА ДЕГЕНІҢІЗ – БІЗДЕРМІЗ»

ашық дереккөзі

«АМЕРИКА ДЕГЕНІҢІЗ – БІЗДЕРМІЗ»

Иммигранттар елінде иммигранттар ереуілге шықты. Өйткені, эмигранттарға қатысты жаңа заң қабылданған жағдайда Америкада заңды мәртебеге ие болмаса да, жұмыс істеп, салық төлеп отырған 11 миллионға жуық заңсыз иммигрант қылмыскер атанып шыға келеді.

Бірнеше күннен бері Құрама Штаттардағы миллионнан астам иммигрант өз құқықтарын заңдастыруды талап етуде. Қарсылық шарасына АҚШ Конгресіндегі «Иммиграция туралы заңның» талқылануы себеп болған еді. Заңсыз иммиграцияны қылмыстық әрекет ретінде қарастырған конгресмендердің кейбірі заңға бағынбағандар қатаң жазалануы тиіс деп есептейді. Алайда америкалықтардың басым бөлігі: «Мұндай саясат ұстану – қате» деген пікірде. Кентукки штатындағы Лексинтон қаласының тұрғыны, 67 жастағы Каси Хант: «Америкалықтардың көпшілігінің ата-бабасы мұнда ешқандай визасыз-ақ келген. Сондықтан аталған құқық қазіргі эмигранттарға да берілуі керек» дейді. Әлеуметтік әділдікті талап еткен иммигранттар арасында оқушылар мен студент жастар, тіпті, сәбилер де көп болды. Ата-аналарына ере келген бүлдіршіндер қолында плакаттар: «Америка дегеніңіз – біздерміз». Лексинтондағы орта мектептердің бірінде дәріс беретін Кристи Хард заңсыз иммиграциядан олардың балалары да зардап шегіп отырғанын, орта білім беретін мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарына қабылданарда үлкен қиындықтар туындайтынын айтты. Айтпақшы, заңсыз иммиграцияға қатысы жоқ қарапайым азаматтар да шерушілер жиналған алаңнан табылды. Қарсылық білдірушілерді жақтаушылар арзан жұмыс күші болып табылатын иммигранттардың талабы орындалмаса, АҚШ экономикасына орасан зор нұсқан келеді деген сенімде. Лексинтондағы шеруде негізінен мексикалықтар мен латынамерикалықтар заңсыз иммигранттардың 29 пайызы – қызмет көрсету саласында, 24 пайызы – фермаларда, 14 пайызы — құрылыста тер төгіп жүргенін көлденең тартты. Сарапшылар қауымы заңның күшейтілуі мигранттар күшіне сүйенген АҚШ экономикасына кері әсер ететінін айтады. Американың кейбір штаттарында иммигранттар көшеге шықпауға, жұмыс істеуден бас тартуға шешім қабылдады. Олардың мақсаты – АҚШ экономикасына қосып отырған иммигранттар үлесі өте маңызды екендігін америкалық қоғамға жете сезіндіру.

Негізі Құрама Штаттарды түгел қамтыған қарсылық шарасы дүйсенбі күні Вашингтонда басталған болатын. Ақ Үйге жақын маңдағы Джордж Вашингтон ескерткішіне беттеген шерушілер легі бір сәтке де толастаған жоқ. Оқиға болған жерде кезекшілік еткен полицейлердің айтуына қарағанда, қарсылық шарасына қатысқандар саны 100 мыңнан асып жығылады. Эмигранттар Америкаға Жер шарының түкпір түкпірінен келсе де, олардың басым бөлігі – испантілділер.

Лексинтон, Кентукки штаты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ