Жаңалықтар

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЗЫНА

ашық дереккөзі

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАЗЫНА

Қазақ кинемотографиясы дамып, қалыптасып қойған. Қалыптасып қойған дейтiнiмiз, бүгiнде қазақ киносының бет-бедерi саналатын, озық туындылар жетерлiк. Оның санатында, күнi бүгiнге дейiн көрерменнiң көзайымы боп келе жатқан «Қыз Жiбек», «Атаманның ақыры», «Алпамыс мектепке барады», «Менiң атым Қожа», «Трансiбiр экспресi», «Гауһартас«, «Көксерек», «Амангелдi» сияқты фильмдерi бар.

Қазақ кино өнерiнiң майталман мамандары Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин сынды алыптарымыз дүниеге әкелген осынау құнды дүниелерiмiз бүгiнде ескiрiп, жарамсыз болып қалған. Белгiлi актер, қазаққа белгiлi Төлеген–Құман Тастанбеков бiр әңгiмесiнде: «Қыз Жiбектi» сақтап қалған Меруерт» (Әйгiлi Жiбек – Меруерт Өтекешова –Г.Б.) деген болатын. Сөйтсек, фильмдерiмiздiң көбiнiң пленкасы ескiрiп, баға жетпес байлығымыздан айрылып қала жаздаппыз. Ал, ол фильмнiң көшiрмесi тек Мәскеуде, яғни Госфильмнiң архивiнде ғана сақталған екен. Оны ол жерден алып шығудың өзi қиямет-қайым жұмыс болса керек. Меруерт апамыздың шыр-пыр болып, жүгiруiнiң арқасында фильм отанына қайта оралыпты. Бүгiнгi нарықтық қоғамда қаржысыз iс бiтушi ме едi. Қаржы жағынан қиналып жүрген Меруерт апамызға ең бiрiншi болып қолұшын созған «ТұранӘлемБанкi» көрiнедi.

Осылай қайта жаңғырту «Қыз Жiбек» фильмiмен шектелмептi. «Қазақфильм» басшылығы «Қазақ киносының алтын қоры» атты жобаны дүниеге әкеледi. Бұл жобаның алғашқы идеясын ұсынған Бас директордың орынбасары А.Жұмадiлов көрiнедi. Қазақ киносының алтын қоры саналғанымен, оны қайта өңдеу, түрлендiру қаржысыз шешiлмейтiнi тағы белгiлi. Сондықтан, аталмыш киностудия басшылығы барлық банктерге хаттар жiбере бастайды. Ол хаттарға ең бiрiншi болып «ТұранӘлем Банкi» жауап берiптi. Қазақтың мәдени мұрасының азып-тозуы, марқұм Ержан Тәтiшевтi бей-жай қалдырмаса керек. «Қазақфильм» басшысы Сергей Әзiмовтың ұсынысын бiрден қабылдап, қаржылай демеушiлiк таныта бастайды. Ержан Тәтiшевтiң қолдауының арқасында әуелi он фильм отанына қайта оралыпты. Олардың арасында: «Қыз бен жiгiт», «Амангелдi», «Выстрел на перевале Караш», «Көксерек», «Тревожное утро», «Сладкий сок внутри травы», «Қыз Жiбек», «Трансiбiр экспресi», «Менiң атым Қожа», «Чужая, белая и рябой» сияқты фильмдерiмiз бар. Бұл фильмдердi қайта қалпына келтiру үшiн барлығын дерлiк Ресейден алдырыпты. Алғашқы ондық DVD-де 5000 дана, бейнетаспада 10000 данаға дейiн шығарылыпты.

Сол фильмдердiң iзiн-ала отанына тағы да жиырма фильм оралған. Бұл фильмдердiң барлығы дерлiк КСРО Мемлекеттiк фильм қорының Мәскеудегi мұрағатында сақталған көрiнедi. Осыған орай, «Қазақфильм басшылығы журналистермен баспасөз-мәслихатын өткiздi. Киностудияның директоры Сергей Әзiмовтың мәлiметiне қарағанда, 200-ге жуық фильм бар екен. Әзiрге оның 30-ы ғана өңделiп, реставрациядан өткен. Ал қалғандарын жасау үшiн әлi де қыруар қаржы керек. Бұл отыздың да жаңарып, қайта түрленуiне «ТӘБ»–тiң еңбегi орасан-зор көрiнедi. Ержан Тәтiшев атындағы қордың қолдауымен «ТұранӘлемБанкi» ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына ерекше көңiл бөлiптi.

Қайта оралған жиырманың қатарында «Ботагөз», «Балкон», «Алпамыс мектепке барады», «Гауһартас», «Мәншүк туралы ән», «Сұлтан Бейбарыс» сияқты танымал туындылар бар. Бiр қызығы, «Қазақ киносының алтын қорына» «Қыз жылаған» фильмi де енiптi. Дүниеге келгенiне төрт-ақ жыл болған фильмнiң «Алтын қорға» енгенiне таңданысымызды бiлдiрiп едiк, фильмнiң режиссерi Сатыбалды Нарымбетов ағамыз қазақтiлдi журналистерге өкпесiн айтып шыға келдi. Ол кiсiнiң өкпесiне қарағанда, қазақтiлдi журналистерге қарағанда, орыстiлдi журналистердiң кәсiби бiлiмi жоғары көрiнедi. Олар сұрақ қою үшiн бүге-шүгесiне дейiн оқып, алдын-ала дайындалып келедi екен. Керiсiнше, бiз, яғни қазақтiлдiлер төрт кластық сауатымызбен-ақ, журналист болып жүргендiктен, сұрақ қоюды бiлмейдi екенбiз. Сатыбалды ағамыздың ренжитiн де жөнi бар. Өйткенi, қазақ көрерменi көрiп, бағасын бермесе де, «Қыз жылағанның» дақпырты асып тұрған көрiнедi. Ол фильм бiр емес, бiрнеше халықаралық байқаулардың жүлдегерi атаныпты. Ондай фильмдi «Алтын қорға» қосса несi айып?!

Журналистердiң алдында аузын толтырып, мақтап жатқан режиссерлерiмiздiң соңғы кездерi түсiрiлген фильмдерiнiң өз кинотеатрларымызда көрсетiлмейтiнi несi екен деп таң қалам. Күнi кеше ғана Ресейде пайда болған «Бумер», «Бумер-2» немесе «Дневной дозор», «Ночной дозор» сияқты фильмдердi сатып алып, көрсетуде алдарына жан салмаған «Отау-синема» төл туындыларымызға келгенде енжарлық танытып жатады. Демек, ол фильмдер өзiн-өзi ақтайды деген сөз. Егер өзiн-өзi ақтамаса, кинобизнесi саласында ысылып қалған «Отау-синема» сатып алмас едi. Сонда кiнәнi қайдан, кiмнен iздеймiз?

Өлгенiмiз тiрiлiп, өшкенiмiз жанып, көне де құнды дүниемiз елiне қайта оралды. Халқымыз қымбат қазынасымен қайта қауышты. «Қожаменен» есейiп, «Алпамыспен» мектепке барған, «Қайыркендей» жеңгесiн сыйлап, «Қыз Жiбектей» бойжетiп, «Төлегендей» серi болған әр қазақтың төрiнде ендi құны жетпес фильмдерiмiз сақталатын болады.

Гүлзина Бектасова