Жаңалықтар

КӨЗ ТАСТАСАҢ ЖЫРЫМА...

ашық дереккөзі

КӨЗ ТАСТАСАҢ ЖЫРЫМА...

Әрбiр асыл сөзiне том-том кiтаптарға жүк боларлықтай пәлсафалық толғамдарды сыйғызып айтатын қайран қазақтың титiмдей түйiнiнен сан алуан ой ұшқындары тарамдалады-ау. Қазiр “ойбай, қазақта ақын көп” деген қыңыр пiкiр, негiзсiз тұжырым қоғамда өршiп бара жатыр. Жоғарыдағы нақылдың керi ғой. Әрине, өкiнiштi-ақ жайт! Осылайша керауызданып жүргендер қазақ өлеңiне, ұлттық рухани негiз — поэзиямызға ғана емес, алаш жұртының сан ғасырлық өткенi, бүгiнi мен болашағына балта сiлтеп жүргендерiн қаперiне алмайды-ау. Әйтпесе, бұлай демеген болар едi. Әйтпесе, ақындықты мұрат тұтқан жан:

“Төзе алмаймын мазаққа,

Ойлы оқырман сөкпейдi.

Бiздiң ұлы қазаққа,

Ақын көптiк етпейдi”,

деп шырылдамаса керек-тi.

Қазiр техникалық тұрғыдан алға озып, әбден дамыған өркениеттi елдердiң бiрталайы ақындарының, поэзия сүйетiндердiң күрт азайғанын айтып, бебеу қағады. Бұл жағдайда адамдардың бойындағы сезiмталдық, iзгiлiк, мейiрбандық секiлдi сандаған адами асыл қасиеттердiң азаюына, мүлдем жоғалатындығына көздерi әбден жеткен. Сондықтан, оларда жас болсын, жасамыс болсын, ақын-жазушыларына қатысты әрбiр затты, титiмдей құжатты қастерлеп, тұмардай сақтайды, iздейдi. Осындайда бiр кездерi бiз де қазақ ақындарын, өлең сүйер сезiмтал адамдарды жоқтап, iздейтiн болармыз-ау деген ауыр ойлар да ерiксiз қаумалайтыны бар. Ал әзiрге ақындар, ақындықты мұрат тұтқан iзгi жандар арамызда бар екенiне тәубе. Алматы қалалық Тұрғын үй департаментiнiң басшысы Нұғман Асқаров та осындай әдебиет сүйетiн, ақынжанды, қазақ әдебиетiне жанашыр азаматтардың бiрi. Жоғарыдағы әдемi өрiлген ойлы жыр жолдары да соның өлеңi. Нұғман Асқаров осыдан бiршама уақыт бұрын “Түркiстан” газетiнiң редакциясында қонақта болып, ұжым мүшелерiмен қазақ әдебиетiнiң өткенi мен бүгiнi, Алматы қаласының өсiп-өркендеуi, заман талаптарына сай болуы, адамдар тәрбиесi, ұлт болашағы секiлдi сан алуан тақырыптар төңiрегiнде пiкiр алмасып, келелi әңгiме өрбiтiлген едi. “Әкiмi ақынын iздеген қоғам бақытты” дейтiннiң де жаны бар сөз-ау. Жуырда Нұғман Асқаровтың “Ұшпақ” баспасынан жарық көрген “Қауастың желi” атты жинағы қолымызға түсiп, қызыға оқып шықтық. Сәттi шумақтар, әдемi өрiлген нәзiк те ойлы жыр жолдары оқырманды бей-жай қалдырмасына көзiмiз анық жеттi. Сондықтан, Нұғман Асқаровтың аталмыш жыр жинағынан алынған бiрқатар өлеңдердi газетiмiздiң қалың оқырмандарының назарына ұсынуды жөн деп тауып отырмыз.

Қайран Абай

Қайран Абай, ұлы Абай,

Өттiң қалай құламай.

Ойлап көрсем өмiрiң,

Алағай да бұлағай,

Қайран Абай, ұлы Абай.

Беу, тағдырлы ғұламам,

Қазағым деп жылаған.

Сұраса егер тек қана,

Елiме деп сұраған,

Сөз жетпейтiн ғұламам.

Абай сынды айлы шың,

lңкәр қылып қойды шын.

Кiмдер ұғар жалған-ай,

Айлы шыңның қайғысын.

Уақыттан да озған Сiз,

Алаштан да озғансыз.

Жүрегiнде халықтың,

Мәңгi қалды Тоғжан қыз.

Ұқсап кетсе қай келiн,

Әлпештеуге сайлы елiң.

Жүрегiнде жұртыңның,

Айдай ару Әйгерiм.

Алаулаған күнiңдi,

Жұлдыз аққан түнiңдi.

Ендi, ендi байқады-ау,

Қазақ ауыр жүгiңдi.

Ғасырлармен жарысқан,

“Мыңмен жалғыз алысқан”.

Қайда естен шықпайтын,

Санадағы данышпан.

Ой теңiзге бойлаған,

Махаббатын жоймаған.

Барша қазақ тағдырын,

Баяғыда-ақ ойлаған.

Құламай да, жыламай,

Асыл туған ғұлама-ай…

Өте шықты-ау жалғаннан,

Қайран Абай, ұлы Абай

Беу, Қызылқұм

Сағыныштан қаусадым,

Сезiмiмдi айта алман.

Тар сағақта саусағың,

Жорғадайын тайпалған.

Беу, Қызылқұм, есте ме,

Бала болып жүгiрдiм.

Ерiте алмас ештеңе,

Күйлерiндей Сүгiрдiң.

Көз тастасаң жырыма,

Жазбаған сыр қалған жоқ.

Серiк болған ұлыға,

Домбырада арман жоқ.

Бiздiң қазақ мұрагер

Тiршiлiктiң әзер тапқан тетiгiн,

Бұл далада жүр қаншама адамдар.

Қарттар қайда қаңғыртпаған жетiмiн,

Өттi қанша басымыздан замандар.

Жат жұрттықтар қаншама рет сөз қылған,

Қайран елiм, мәңгi осылай тұра бер.

Ата-баба жанын қиған, көз жұмған,

Бұл далаға бiздiң қазақ мұрагер.

Мойын бұрып, басыңды име жалаға,

Жетер ендi кеше шаққан өттi уың.

Тәуелсiздiк келген ұлы далаға,

Аман тұрсын желбiреген көк Туым

Күндер-ай кеткен алыстап

Оралсам сол бiр күндерге,

Есiмде мұңлы құмды аймақ.

Жатушы ек айсыз түндерде,

Гуiлiн желдiң тыңдай қап.

Тазалық бiлсең балада,

Құмды ауыл, киiз үйде өскен.

Адамдар көп пе қалада,

Осындай мұңлы күй кешкен.

Айналып бiздi өтетiн,

Қара жол әрi кетедi.

Қалаға дейiн жететiн,

Созылған құмның етегi.

Өз халқыңды сүйе бiл

Қарап тұрды жұлдызы мол,

Тереземнен мына түн.

Бұл өмiрдiң қызығы сол

Достар сауық құратын…

Көп ойларды түйе бiлсең,

Жұлдыз аққан бұл түнде.

Өз халқыңды сүйе бiлсең,

Ерлiк етпеу мүмкiн бе?

Желбiреп орамалың

Қарайды көзiң мөлдiреп,

Қиғаш қас ару, ай жүздiм.

Қызыл орамал желбiреп,

Кiмге сен құшақ жайғыздың.

Сағынып сенi тұр қырат,

Сөзiңдi неге бермедiң.

Жусанның иiсi бұрқырап,

Шақырған жерге келмедiң.

Өзiңсiз өттi баяу күн,

Қаздар да қайтты қаңқылдап.

Қай жақта жүрсiң, аяулым,

Жанарың оттай жарқылдап.

Бiр едi-ау онда тiлек те,

Есiмде қара көздерiң.

Қалқам-ай, қалған жүректе.

Жақтың ба отын өзгенiң.