Жаңалықтар

ШЫНДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН МОРРОУ БАҒДАРЛАМАСЫ

ашық дереккөзі

ШЫНДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН МОРРОУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Апта басында әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған түрiктiлдi, арабтiлдi және орыстiлдi 129 шетелдiк бұқаралық ақпарат өкiлi Құрама Штаттардың астанасында бас қосты.

АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң Бiлiм және мәдениет iстерi жөнiндегi бюросы жыл сайын «Халықаралық көсемдер бағдарламасын» ұйымдастырады. Бағдарламаның басты мақсаты — Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен жиналатын 4 мыңға жуық түрлi сала мамандарын америкалық қоғамның тыныс-тiршiлiгiнен хабардар ету, өзара тәжiрибе алмасу. Америкалық Мемлекеттiк департамент аталған бағдарламаны биыл шетелдiк журналистер арасында ұйымдастыруға шешiм қабылдапты. Қырғи-қабақ соғыс кезiнде шындық үшiн күрескен америкалық журналист (кейiннен Үкiмет құрамында болған мемлекеттiк қызметкер) демократия, әдiлдiк, теңдiк пен шындықты ту еткен Морроу талай қиындық пен азапты бастан кешсе де, мойымаған Эдуард Морроу есiмi америкалықтарға кеңiнен таныс. Морроуды жас журналистер ғана емес, қартаңдардың өзi құрмет тұтады. Сондықтан шетелдiк журналистер үшiн ұйымдастырылған Бағдарламаның Эдуард Морроу атымен аталуы тегiн емес.

Бағдарлама шеңберiндегi шаралар АҚШ Мемлекеттiк департаментi тарапынан ұйымдастырылған түскi астан басталды. Вашингтондағы 90 жылдық тарихы бар Ұлттық баспасөз клубындағы түскi аста делегация мүшелерi «Эдуард Морроу атындағы Бағдарламаның» басты мақсатымен танысты.

Сейсенбi күнi бұрынғы КСРО-ға мүше болған 15 республика (15 журналист) мен Польша мемлекетiнiң өкiлдерiнен құралған орыстiлдi делегация мүшелерi АҚШ Мемлекеттiк департаментiнде Сыртқы iстер министрлiгi мен Еуропа және Еуразия мәселелерi жөнiндегi бюро қызметкерлерiмен кездестi. Кездесуде АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Дэниел Фрид бастаған Мемдепартамент қызметкерлерi АҚШ саясатының басты құндылықтары мен демократия мәселелерi, Таяу Шығыс пен Солтүстiк Америкадағы реформалар, Америка мен Еуропа арасындағы өзара қарым-қатынас туралы өз ойын талқыға салса, Еуропа және Еуразия елдерi мәселелерi жөнiндегi бюроның қызметкерлерi Джим ДеХарк, Даррен Халтман, Джон Армстронгтар аймақтық мәселелр бойынша дәрiс оқыды.

Үш аптаға жоспарланған Бағдарлама барысында делегация мүшелерi Кентукки (Лексингтон), Орегон (Портленд, Салем) штаттарында БАҚ өкiлдерiмен, жергiлiктi университеттердiң журналистика факультеттерiндегi профессор, студенттермен, бiрқатар қоғам және мәдени қайраткерлермен кездесудi жоспарлап отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

ВАШИНГТОН, АҚШ.