Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ САБАҚТАРЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ДАҒДАРЫСЫНЫҢ САБАҚТАРЫ

«Түрлi-түстi» төңкерiстер осылай жүзеге асады

Әлем жаһандану сатысына ендi. Бiр елдегi құбылыстардың екiншi елге таралу мүмкiндiгi тiптен артты. Мемлекеттердiң өзара ықпалдасуы, өзара әсерiн тигiзуi заңдылыққа айналды десе болады. Демек дағдарыстық құбылыстардың да жайылу қаупi күштi. Қырғызстандағы кешегi дағдарыс пен шиеленiстер бiр күнi Қазақстанға келуiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Сонымен бiрге дағдарысты әкелетiн объективтi факторлар жеткiлiктi. Олар: әрбiр елде бар көлеңкелi экономика, ұйымдасқан қылмыскерлiк, чиновниктiк коррупция, трансұлттық наркотрафик, халықаралық терроризм т.б.

Сонымен бiрге әр елде билiкке таласу үрдiсi жүрiп жатады. Демократиялық институттары дамымаған мемлекеттерде оппозициялық күштер билiкке жету мақсатында объективтi қиыншылықтарды ушықтыруды көздейтiнiн айтқан жөн. Соңғы жылдары бiр елдегi билiкке таласушы топтардың басқа мемлекеттердегi осындай топтарға қолдау көрсету үрдiстерi күшейдi. ТМД шеңберiнде осы құбылыстар Украина, Грузия, Қырғызстан оппозиция топтары әрекеттерiнен анық байқалды. Қазақстандағы оппозиция да өз әрiптестерiнiң жеңiстерiне қуанумен болды. Әзiрбайжан мен Қазақстанда оппозиция «түрлi-түстi революция» жасай алған жоқ. Бұл елдерде халық басқарушы элитаның алмасуын қаламағаны анық. Сонымен бiрге қарапайым электораттың оппозицияға етi үйрене бастады. Ел оппозиция күресiнiң заң шеңберiнде жүруi қажеттiлiгiн ұғына бастады. Өркениет жолына жылжу, демократия институттарын қалыптастыру үшiн оппозицияның болуы мiндеттi екенi айқындалды.

Басқарушы билiк позитивтi құбылыстарды демеп, немесе оларға бөгет жасамай, зиянды қайшылықтарды шешу шараларын қарастырып отыруы мiндет. Қайшылықтардың табиғатын тану, оны шешу тетiктерiн iске қосу мемлекет келешегiн қамтамасыз ететiн негiзгi субъективтi фактор. Бауырлас қырғыз халқының басқарушы билiгi, өкiнiшке орай, осы биiктен көрiне алған жоқ. Билеушi элита қырғыз халқының жалпы ұлттық мақсат-мұраттарын шеше алмады.

Қырғызстандағы ұзақ дағдарыс Қазақстанға өз әсерiн сездiрмей қалған жоқ. Екi ел арасындағы товар айналысы төмендеп кеттi. Қырғызстаннан Қазақстанға келетiн су қорларын тежеу орын алды. Жұмыссыз қырғыздар Қазақстанға қаптап, еңбек ресурстарын пайдалануда ретсiздiк туғызды. Жұмыспен қамтамасыз ету мәселесiн күрделендiрдi. Екi ел арасында саяси шиеленiс болмағанымен бiршама экономикалық оқшалану орын алды. Сонымен қатар, Қырғызстандағы зиянды үрдiстер Қазақстанның оңтүстiк аймақтарына көбiрек ықпал еттi. Тiптен екi ел арасындағы туристiк қатынастарға дейiн әлсiредi. Қазақстанның оңтүстiк аймақтарында наркотрафиктiң, контрабанданың күшеюiне де Қырғызстандағы дағдарыс әсерiн тигiздi деуге болады.

Осы жағдай Орта Азия мемлекеттерiнiң тағдыр ортақтығын, мақсат ортақтығын тағы да дәлелдедi. Сол себептi көршiлес Қырғызстан Республикасындағы наурыз төңкерiсiне әкелген дағдарыс себептерiн, жағдайын және сабақтарын саяси сараптан өткiзу – қажеттiлiк.

Қырғыз халқының басқарушы билiкке қарсы ашық күреске шығуының негiзгi себебi – қарапайым жұрттың ұзаққа созылған қайыршылануы. Кеңес Одағы күйрегеннен кейiнгi 15 жылда ел халқының әл-ауқаты бiр мысқал да жақсармай керi кеттi. ТМД елдерiнiң Мемлекетаралық статистикалық комитетiнiң деректерi бойынша 2005 жылдың басында Қырғызтанда халықтың орташа жалықысы – 51,7 АҚШ доллар болса, Қазақстанда – 208 доллар болған. Қырғыздар көршiлес қазақтардан 4 есе нашар өмiр сүрген. Жұмыссыздық салдарынан халықтың үштен екi бөлiгi қайыршылық дәрежесiне түстi. Олардың күнделiктi табысы 1-ақ долларды құраған. Еңбектенуге жарамды азаматтардың бестен бiрi табыс iздеп шет елдерге қаңғыды. 700 мыңнан астам адам жұмысқа Қазақстан мен Ресейге кетуге мәжбүр болған. 2005 жылдың бас кезiнде елдiң оңтүстiгiнде кедейлiк тiптен ушығып кеттi. Дамуы жақсырақ солтүстiк аймақта өнеркәсiп орындары iстедi. Славян тектес диаспоралардың басым көпшiлiгi солтүстiкте тұрды. Ислам дiнi мықты оңтүстiк халқының жартысына жуығын өзбектер құрады. Оңтүстiкте кедейшiлiк басымырақ болды. Бұл регионда 1 жылғы жан басына шаққандағы орташа табыс – 360 доллар.

Халықтың материалдық әл-ауқатының нашарлауы, жұмыссыздық, әлеуметтiк перспективаның болмауы, билiктiң барлық тармағын жайлаған парақорлық қарапайым халықты одан әрмен жаныштай түстi. Қазiргi президент Құрманбек Бакиевтiң мойындағанындай «Коррупция ең қауiптi құбылысқа айналды. Ол тек отбасы мүшелерiнiң арасында ғана жоқ. Көшеге шықсаң болды парақорлық». Коррупционерлер елдегi моралдық-психологиялық ахуалды нашарлатты. Бизнес пен сауданы игеруге билiк өкiлдерiнiң және қылмыстық кландық топтардың ғана мүмкiндiгi болды. Нарықтық қатынастардың күретамыры болып табылатын орта таптың қалыптасуы тым мардымсыз едi. Жаңартушы саяси-экономикалық реформалар басталған жоқ.

Дағдарыстың келесi себебi – басқарушы элитаның жалпымемлекеттiк мүдделер емес, тар топтық мүдделердi басшылыққа алуына байланысты. Геостратегиялық жоспарлар, iшкi экономикалық және әлеуметтiк мiндеттер өз кезегiмен шешiлмей жәй ұрандар ретiнде, сөз жүзiнде қалды. Орталық билiк ұлт мүддесiнен, халықтық әлеуметтiк мүдделерден ауытқыған жағдайда халық наразылығы өршiп әлеуметтiк шиеленiстер басталатындығын қырғыз дағдарысы тағы да дәлелдедi. Орталық билiк әлсiрегенде кландық топтар, қылмыстық топтар бас көтерiп өздерiнiң эгоистiк антихалықтық мүдделерiн қоғамға таңады.

Қырғызстандағы дағдарыстың асқына түсуiне билiк пен оппозиция арасындағы күрестiң тым шиеленiсуi себеп болды. Әсiресе, 2005 жылдың басында өткен парламент сайлануын оппозиция өте әдiлетсiз деп айыптады. Кезiнде жоғары лауазымды қызметте болған Құрманбек Бакиев, Феликс Кулов, Роза Отунбаева сияқты қайраткерлер оппозициялық блоктың серкелерiне айналды. Парламент сайлауына Асқар Ақаевтың ұлы Айдар мен қызы Бермет те түстi. Президент әкiмшiлдiк ресурстарын пайдаланып өз жақтастарын парламентте көпшiлiк ете алды.

Жоғарғы Кенеш сайлауы нәтижелерiнiң бұрмалануы бұқаралық наразылық көңiл-күйiн ушықтыра түстi. Ақаевтың билiгi региондарда әлсiз болды. Орталық аппарат әлсiз аймақтық саясат жүргiздi. Жергiлiктi жерлерде басшы элита ресми Бiшкектiң саясатын емес, өз мүддесiне қатысты саясат жүргiздi. Қырғызстан халқы ортақ мақсаттар төңiрегiнде бiрiге алмады. Елдi топтастырушы ұлттық идеяның болмауы топтық көңiл-күйдi күшейттi. Әр топ өзiнiң тар мақсаттарын орындау үшiн парламенттен орын алуға ұмтылды. Парламент сайлауында топтық мүдделер тым асқынды. 75 депутаттық мандат үшiн 397 талапкердiң күреске түсуi осыған дәлел шығар, бәлкiм!

Оппозиция Ақаев билiгiнiң 15 жылда елдi қайыршы қылып жiбергенiн бетiне басумен болды. Олар елдiң солтүстiгiндегi қазақтардан, оңтүстiктегi өзбектерден тәуелсiз болу идеяларын уағыздады. Ұлтжандылық идеяларын ту еткен оппозиция өз жақтастарын үздiксiз ереуiлдер, митингтер, пикеттер ұйымдастыруға шақырды. Қырғыз патриоттарының шымбайына батқаны президенттiң қазақ күйеу баласының ел байлығының қомақты бөлiгiн бақылауға алуы болды. Шындығында Әдiл Тойғанбаев екi iрi компанияның иесi болды. Бiшкек әуежайы мен американ авиобазасының жанар-жағар майын президенттiң күйеу баласының фирмалары қамтамасыз етiп тұрды. Төңкерiстен кейiнгi қылмыстық тергеулер мәлiметтерiнде Әдiл Тойғанбаев фирмалары салықтан 16,5 млн. доллар кiрiсiн жасырып, 1,3 млн. доллар салық төлемеген.

Ресей саяси лидерлерiнiң бiрi айтқандай «қырғыздарды Ақаев мырзаның туысшылдығы шыдатпады. Ол ондаған туыстарын саясатқа тартпауы керек едi». Президент отбасы ел байлығының негiзiн құрайтын «Қырғызалтын» кен байыту комбинатын, энергетика, бензин, арақ-шарап бизнесiн де өз қолдарында ұстаған.

СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАР ӘСЕР ЕТТI МЕ?

Ақаев билiгi әлемдiк басым державалармен тiл де табысты. Сыртқы саясатта ол Ресейге де, АҚШ-қа да жағынып бақты. Екеуiне де әскери база ашуға келiсiмiн бердi. Дағдарыс жылдарында Қырғызстанда АҚШ ықпалы шектен тыс күшейiп кеттi. Ел экономикасында шетелдiк компаниялар мен фирмалардың диктаты орнады. Бiшкектiң Манас әуежайында 1 мыңнан астам американ әскерi жайғасты. Базада 9 стратегиялық тасымалдау ұшағы тұрды. АҚШ мақсаты – Манас әуежайы арқылы Ауғанстандағы әскерiн жабдықтау болғанымен, бұған қосымша Орта Азия аумағында өз ықпалын күшейте түсу болатын. Қытайдың дәп түбiнен Өзбекстанның Ханабадымен қоса АҚШ-тың екiншi әскери плацдармы пайда болды. АҚШ әскерiн Өзбекстаннан әкеткенiмен Қырғызстаннан әкетпейтiнi анық. Асқар Ақаевтың АҚШ-қа жақындау саясаты Орта Азиядағы геостратегиялық ахуалды бiршама өзгерттi. Бұл региондағы Ресей рөлi әлсiредi. АҚШ үстемдiгiне Қытай наразы болғанымен, бөгет жасай алмады.

Қаржы тапшылығына ұрынған Қырғыз үкiметi Манас әуежайын жалға беруден 200 млн. доллар АҚШ көмегiн алды. Бұл көмек Қырғызстанның жылдық бюджетiнiң 60 пайызына жуығы болатын. Әскери база ашудан бұрын АҚШ пен Батыс елдерi Қырғызстанды түрлi үкiметтiк емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметi арқылы тұсаулады. Республикада ҮЕҰ саны бес мыңға жеттi. Олардың көпшiлiгi үкiметтiк тiркеуден өткен жоқ. ҮЕҰ өкiлдерi әрбiр қырғыз ауылында болды. Бұл ұйымдар АҚШ елшiлiгiнiң басшылығымен әрекет еттi. АҚШ-тың Қырғызстандағы елшiсi Стивен Янг елдi емiн-еркiн аралап, оппозиция лидерлерiмен кездесiп отырды. АҚШ елшiсiнiң бұл әрекеттерiн мемлекеттiң iшкi iстерiне қол сұғу деп бағалауға, елшiге тыйым салуға Қырғызстан басшылығының батылы жетпедi. Бiшкекте ашылған «Тәуелсiз баспа орталығы», «Бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау орталығы» 2002 жылдың желтоқсан айынан бастап оппозициялық газеттер мен листовкаларды көп тиражбен шығарумен айналысты. Оппозиция елдегi ақпараттық кеңiстiктен өз орнын алды. Бұл орталықтар «Евразия» халықаралық қорынан 800 мың доллар көлемiнде қаржылай көмек алып, оған баспахана техникасын сатып алған.

Ол ол ма, АҚШ елшiлiгi Қырғызстанның күш көрсету органдарының қызметiн өз бақылауына ала алды. Әлемдiк банк елдiң құқық қорғау жүйесiн реформалауға 20 млн. доллар қаражат бөлдi. Елдiң қорғаныс, қауiпсiздiк жүйелерiнiң сандық, сапалық құпияларының барлығы АҚШ елшiлiгiне белгiлi едi. Қауiпсiздiк ұйымдарының ресми билiктен алшақтану әрекеттерi ойдағыдай ұйымдастырыла бастады. Тiптi, АҚШ елшiсi Стивен Янг: «Егер Қырғызстанда билiктi бейбiт жолмен беру болса, бұл көршi мемлекеттердiң адамдарын да қанаттандырар едi», – деген пiкiр айтты.

Елдiң өндiрiстiк қуаттары шетелдiк компаниялардың қолына көштi. Мысалы, бiр ғана «Құмтөр» алтын кенi комбинаты ел өнеркәсiбiнiң негiзгi байлығын бердi. Бұл комбинат канадалық компанияның меншiгi едi.

Қырғызстанның сыртқы қарызы да еселеп өскен болатын. Әсiресе, несие берушiлердiң Париж клубына қарызы көбейдi.

Сонымен, сыртқы күштер «туысқандық» ауруына шалдыққан Ақаев билiгiнiң тезiрек құлауына мүдделi болды. Президенттiк байлауға оппозицияны дайындап, жаңа билiктi өзiне тiптен тәуелдi етудi ойлады. Алайда, оппозицияның парламент сайлауында жеңiлiске ұшырауы солтүстiк пен оңтүстiк кландары арасындағы шиеленiстi ушықтырып жiбердi. Жоспарланған «барқыт» революциясы орнына мезгiлсiз билiк төңкерiсi болды. Қырғыз революциясының негiзгi мақсаты – елдiң жаңару мен өркениет жолына түсу мәселесi шешiлмедi. Елде билiктiң алмасу үрдiсi ғана жүрдi.

«ТҮРЛI-ТҮСТI» ТӨҢКЕРIСТIҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ ЖОЛДАРЫ

Ақаевтың ең осал тұсы iшкi саясат болатын. Оның билiгi реформалар бастаушысы бола алмады. Қырғыз халқының әл-ауқаты, бiлiмi мен мәдениетi дамыған жоқ. Осының салдарынан А.Ақаев 90-шы жылдардағы саяси беделiнен айырылып қалды. 1991 жылы Орта Азия республикалары басшылары iшiнде Ақаев қана ГКЧП-ға ашық қарсы шыққан едi. Осы үшiн оны Ресейдiң сол кездегi президентi Борис Ельцин өте сыйлайтын. Ақаевқа елдегi 700-мыңнан астам орыс диаспорасы жақсы қарады. Президенттi парасатты қырғыз зиялы қауымы қолдады. Украинада «Түрлi-түстi революция» болғанда Ақаев Қырғызстанда олай болуы мүмкiн емес, Л.Кучманың рейтингi төмен болатын. Менi халық та, элита да қолдайды, оппозицияның iстерi бос әурешiлiк», – деп жариялады. Бiрақ төңкерiс басталғанда Ақаевты жастар да, интеллигенция да қолдамады. Әсiресе, постсоветтiк, парақор, қорқақ, сатқын элита өз лидерiн оп-оңай сатып кеттi.

Бұдан шығатын қорытынды – Асқар Ақаевтың беделiнiң жалған екендiгi. Демократия нақты iстер мен шаралардан көрiнедi. Демократия тiрегi меншiгi, бiлiмi, кәсiбi, қаржысы бар әлеуметтiк орта тап екендiгiн Ақаев режимi естен шығарып алды. Соның нәтижесiнде қайыршыланған қырғыз халқы, түрлi iшкi және сыртқы күштердiң ықпалымен, елдi «демократия аралына» айландырамын деген билiктi тақтан лақтырып тастады. Себебi, халықты үздiксiз алдай, тонай, елдегi ортақ байлықты сора беру мүмкiн емес болатын.

Қайыршылықтың ұзақ уақыт сақталуы қырғыз халқын қажытты және ашындырды. 15 жылдай уақыт билiктi өз қолына ұстаған Асқар Ақаевтың режимiне деген жасырын наразылық ашық көтерiлiстерге ұласты.

Ақаевтың қарсыластары қайыршылық халықты баррикадаларға итермелейтiнiн жақсы түсiндi. Айылдардан жұмыс iздеп қалаларды жағалаған шаруалардан шыққан жастар нағыз «жарылғыш материалға» айналды. Люмпенденген топтарды билiк тек қырып-жоюмен ғана тоқтата алған. Осындай топтың көптiгiнен, күштiлiгiнен Қырғызстандағы наурыз оқиғалары демократиялық сипат алды. Бiрақ тобырдың билiгi жағдайында супермаркеттердi, билiк органдары мекемелерiн, магазиндердi, базарларды жаппай талқандау, тонау фактiлерi орын алды.

Үзiлiссiз митингiлер 2005 жылдың қаңтар айында басталған болатын. Сегiз оппозициялық саяси партиялар мен қозғалыстар бiртұтас блокқа бiрiктi. Олар әдiл парламенттiк сайлау өткiзудi, оппозициялық кандидаттарды сайлау процесiне қатыстыруды талап еттi.

Саяси атмосфераның ушығуы Университет сайлау округi бойынша бұрынғы сыртқы iстер министрi Роза Отынбаеваны тiркеуден өткiзбей, президенттiң қызы Бермет Ақаеваны парламент депутаттығына кандидат етiп тiркеуден басталды. 19 қаңтарда Қырғызстан астанасында елде бұрын болмаған масштабтағы көпсанды митинг болды. Оппозиция көсемдерiнiң бiрi – Роза Отынбаева елде парламент сайлауы алдын ала жасалынған сценарий бойынша әдiлетсiз өтуде, заңсыз үгiт-насихат жүргiзiлiп, дауыстарды сатып алу, билiк ресурстарын пайдалану жаппай көрiнiс беруде деп жариялады. Демократтар Қытайға 130 мың гектар қырғыз жерi заңсыз берiлдi, билiк 2002 жылы Ақсы елдi мекенiнде бейбiт демонстранттарды атуға бұйырған деген айыптарды ұран еттi.

Оппозицияның парламент сайлауына ерекше ден қоюының басты себебi, Асқар Ақаевтың президенттiгiнiң жалғасуы парламент құрамына тiкелей тәуелдi болуында. Қырғызстан конституциясы бойынша Ақаевтың 2005 жылдың президенттiк сайлауына қатысуын парламент шешетiн. Сондықтан президенттi жақтаушы депутаттар көп болса, Ақаевтың билiктi жалғастыруға мүмкiндiгi күшейетiн. Оппозиция қырғыз парламентiнде өз өкiлдерiн көбейтуге жанталаса кiрiстi. Парламент, Үкiмет, IIМ, Бас прокуратура ғимараттары алдында киiз үйлер тiгiлiп, жүздеген адамдар пикеттерде апталап жатты. Оларды оппозициялық партиялар мен шетелдiк күштер қаржыландырды. Демек, Қырғызстан дағдарысының шешушi себептерi елдiң iшкi әлеуметтiк және саяси жағдайларының шиеленiсуiне байланысты.

Сонымен қатар Қырғыз дағдарысының тереңдеуiне және Ақаев билiгiнiң құлауына мүдделi сыртқы күштер болғаны да ақиқат. Сыртқы фактор оппозицияны қолдай отыра өздерi антидемократиялық, коррупциялық режим деп есептеген Ақаев билiгiн құлатуға мүдделi болды. Қырғыз үкiметiн құлатуда американдық және басқа да шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдар (ҮЕҰ) шешушi әрекеттер жасады. 2001-2002 жылдардан бастап ҮЕҰ белсендiлерiнiң арасында Ақаевты қолдау ұят болып саналды. Бiртiндеп оппозициялық психология оппозициялық әрекеттерге ұласты.

Митингтер, пикеттер ашық төңкерiске, түрлi бұзақылықтарға ұласа бастады. Наурыз, маусым айларында үкiмет үйiнiң алдында басталған митингтер үкiмет үйiнiң ғимаратына басып кiру оқиғасына ұласты. Ереуiлге шығушыларды жасырын түрде қолдаған күштi кландық топтардың болғаны анық. Олардың мақсаты бұқаралық наразылық көңiл-күйдi пайдаланып, билiкке жету болды. Мысалы, республиканың Бас прокуроры Бекназаровтың қызметтен кетуiн талап етiп 50 ақсулық әйелдер шеруге шыққанда iле шала 800-ге тарта жас жiгiттер алаңға киiз үйлер тiгiп, қазан көтерiп, автокөлiктермен су, азық-түлiк жеткiзген. Iшкi iстер бөлiмiнiң, ұлттық қауiпсiздiк күштерiнiң жүздеген адамдары сол алаңда болуына қарамастан ереуiлшiлерге ешқандай бөгет жасалмаған. Демек, билiктiң өз iшiндегi ықпалды топ Асқар Ақаевты орнынан кетiруге мүдделi болған. Олар өз мақсаттарын орындау жолында түрлi қылмыстық элементтердi де пайдаланған деген деректер бар. Қылмыстық топтар «беделдерi» ел билеудi бөлiсу iсiне тiкелей араласа бастаған.

2005 жылғы Наурыз мейрамын қырғыз халқы билiкке қарсы бұқаралық наразылық жағдайында қарсы алды. 20 наурыз күнi Жалал-Абад қаласында 50 мыңдай адам қатысқан тобыр қалалық милиция бөлiмiнiң тас-талқанын шығарып, iшкi iстер әскери батальонын берiлуге мәжбүр еттi. Қалалық милиция ғимараты толық жанып кеттi.

Орталық билiктiң көтерiлiсшiлердi басу әрекетi 120-дай адамның жарақат алуымен аяқталды. Кешкiсiн ереуiлшiлдер қайтадан жиналып, ОМОН отрядын соққыға жығып, облыстық әкiмшiлiк ғимаратын екiншi рет басып алды. 21 наурыз күнi тура осындай оқиға Ош қаласында да қайталанды. 24 наурыз күнi Бiшкекте билiктi ереуiлшiлер қолдаған оппозиция өз қолына алды. Қырғызстандағы революцияға «түрлi-түстi революция», төңкерiс, кландардың билiкке таласуы, тағысын-тағы атты атаулар бердi.

ТМД шеңберiндегi Грузия мен Украинадан кейiнгi оппозицияның билiкке келуi Қырғызстанда жүзеге асты. Алайда бұл оқиғаны әлеуметтiк революция деп айтуға болмайды деген пiкiр орынды. Елде саяси жүйе жаңарып, түбегейлi экономикалық реформалар басталған жоқ. Билiктен Ақаевтың кландық тобы кетiрiлiп Бакиев пен Куловтың топтары келдi. Қырғызстанның шынайы нарықтық қатынастарға өтуi, демократиялық принциптердiң толыққанды жұмыс iстеуi ендi жаңа билiк элитасының дүниетанымы мен саяси деңгейiне тәуелдi болды. Дегенмен бұл саяси төңкерiс Қырғызстан мемлекетiн жаңа даму кезеңiне бастайтыны ақиқат. Қырғызстан 15 жылдық тоқыраудан кейiн өркениеттiң сара жолына бетбұрыс жасауға ниеттендi. Сонымен қатар Қырғызстандағы төңкерiстiң iшкi, сыртқы, халықаралық, психологиялық, этникалық себептерiн, қалтарысты, латенттi құбылыстар әсерiн сараптап талдау iсi, бұл төңкерiстен сабақ алу iсi жалғаса бередi деп бiлемiз.

Қырғызстандағы «түрлi-түстi революцияның» басты белгiсi – ондағы саяси партия, немесе саяси қозғалыстың басымдылығы емес тобырдың басымдылығы. Охлократия (тобыр билiгi) Бiшкектегi маусым төңкерiсiнде ерекше көрiнiс бердi. Парламентке өтпей қалған кейбiр депутаттар өз жақтастарын және жалдамалы күйретушiлердi көшеге шығарды. Төңкерiстiң алғашқы күндерi ғана 10 адам өлiп, Бiшкектiң орталығы тас-талқан болды. Тоналған дүкендер шығыны 100 млн. АҚШ долларына жеттi. Саяси қамаудан босаған оппозиция лидерiнiң бiрi Феликс Кулов теледидар арқылы жергiлiктi қылмыстық топтар басшыларына өз содырларына тоқтау салуды өтiндi.

Қырғыз милициясының 20 пайызы ғана тәртiптi қадағалауға қатысты. Билiктен қашқан Ақаев Мәскеудi паналады. Жаңа билiк өкiлдерi 26 маусымға кезектен тыс мемлекет басшысын сайлауды тағайындады. Оңтүстiктiң өкiлi Құрманбек Бакиев президенттiктi, солтүстiктiң өкiлi Феликс Кулов премьер-министрлiктi иемденудi жоспарлап қойды. Осы одақтың арқасында олар бiрiккен күшпен Бiшкектi билеп алған қылмыскерлiк топтарды сабаларына түсiрiп, тәртiпке шақыра алды. Төңкерiстен кейiнгi Қырғызстан дамуы осы екi лидердiң өзара түсiнiсуiне, қабiлет, жiгерiне тәуелдi болып қалды.

ТОПТЫҢ ТОБЫРҒА АЙНАЛУЫ

Қырғызстан парламентi саяси партиялар мен саяси күштердiң аренасы емес, жекелеген билiкке таласушы күштер мен топтардың күрес аренасына айналып, Жоғарғы Кенеш ұлттық топтастырушы, бiрiктiрушi құндылықтар мен идеялардың, стратегиялық иновациялардың қайнар көзiне айнала алмаған. Мысалы, парламент депутаты Баяман Еркинбаев Ош және Бiшкек қалаларында Наурыз көтерiлiсiн ұйымдастырушылардың бiрi болған. 2005 жылғы қыркүйекте Бiшкектiң орталығындағы өз үйiнiң қасында өлтiрiлген Еркинбаевтың туыстары мен жақтастары Жалал-Абад қаласында қараша айында ұзақ уақыт митингтер ұйымдастырды. Депутаттың iнiсi Асан Еркинбаев үкiметтен қылмыскерлердi жазалауды талап етiп, өзiн өртеуге дейiн барды. Күз айларында парламенттiң екiншi бiр депутаты Тынычбек Акматбаев өлтiрiлдi. Оның туыстары мен жақтастары Бiшкекте премьер-министр Феликс Куловтың қызметтен кетуiн талап еткен митингтер өткiзумен болды.

Бүгiнгi күнге дейiн меншiктi бөлiсу, байлыққа, билiкке талас түрлi кландық топтар арасында ашық және жасырын жүрiп жатыр. Перманенттiк талас басқарушы элитаға ел келешегiне қызмет жасайтын стратегиялық мiндеттердi шешуге бөгет болуда. Қазiр билiктiң орталық звеносын күшейту арқылы дағдарысты жеңуге болатынын ел элитасы сезiне бастаған сияқты.

А.Ақаев 15 жыл басқарғанда нәтижесiз демократиялық эксперименттер жасаумен болды. Нарықтық жаңару жолына әкелетiн түбегейлi экономикалық, финанстық реформалар жасалған жоқ. Қырғызстан көптеген салалар бойынша экономикалық реформаны ендi бастамақ. Ипотекалық тұрғын үй құрылысы 2005 жылы ғана iске асырыла бастады. Президенттiң жақын туыстары бюджеттiк ақшаға жеке меншiк нысаналар салған. Мысалы, президент кiтапханасының құрылысына 247 млн.сом жұмсалса, оның 138,5 млн.сомы республикалық және қалалық бюджеттен бөлiнген. Өз ұлтының экономикасына, байлығына билiк иелерiнiң қомағайлықпен қол салуы, халықпен ортақ игiлiктi бөлiспеуi қырғыз жұртын «түрлi-түстi» революцияға шығуға негiзгi себеп болғаны ақиқат.

Асқар Ақаев «түрлi-түстi революцияны» болдырмауға ұмтылып бақты. Ресей Ақаевтың «жұмсақ авторитарлық» билiгiне ашық қарсылық көрсетпесе, Батыс бұл режимнiң билiктен кетуiне мүдделiк көрсеттi.

Батыс елдерi Ақаевтың билiгiне неге қарсы болды деген заңды сұрақ туады? Оның бiрнеше себептерi бар деп ойлаймыз. Бiрiншiден, Батыс демократиясын марапаттаған пiкiрлерiне АҚШ пен Европа басшылары алғашқы жылдары ерекше деп қойды. Олар Қырғызстанды Орта Азия мен мұсылман елдерiне Батыстық демократия стандарттарын тарататын плацдармдарға айналдыруды көздедi. Екiншiден, Қырғызстан саяси элитасының күш-қуатын пайдаланып, Ауғанстаннан келетiн наркотрафикке тосқауыл қою көзделдi. Әлемдегi ең көлемдi наркотиктiк шикiзат беретiн Ауған наркотрафигiн қадағалау Батыс елдерiнде наркоманиямен күреске үлкен үлес қосу болып табылатын. Үшiншiден, Қырғызстанды Батыс мемлекеттерi терроризмге қарсы күресу мақсатында пайдаланғысы келдi. Халықаралық терроризмнiң негiзгi отряды радикалистiк ислам топтарымен белсендi және тиiмдi күресу үшiн Қырғыз жерi өте қолайлы база едi. Төртiншiден, Ақаев билiгi нақты нарықтық реформалар жолына түсуге, Қырғыз экономикасын модернизациялауға қабiлетсiздiк көрсеттi. Бесiншiден, Батыстық саяси жүйеге жат, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстыққа негiзделген кландық жүйенi үздiксiз қаржыландыра беру Батыс ұйымдары мен басшыларына көп шығындар әкелдi. Қырғызстанға берiлген кредиттердiң қайтарылуы күмәндi жағдайға түстi. Алтыншыдан, қарапайым әлеуметтiк топтардың қайыршылануы, ауыл экономикасының мүлдем құлдырауы Батыстық компанияларға және олардың инвестицияларына қауiп төндiре бастады. Сонымен Асқар Ақаевтың басқарушы тобы жаңа жағдайдағы қоғамдық және экономикалық қатынастарды реттеуге қабiлетсiз екендiгiн көрсеттi.

Билiктiң құлауының себептерiн талқылағанда осы «түрлi-түстi революцияның» табиғаты түсiнiктi болды. Бұл құбылыс билiкке таласу құбылысы болды деп батыл есептеуге болады. Ешқандай әлеуметтiк революция болған жоқ. Әлеуметтiк наразылық билiктiң алмасуымен аяқталды. Жаңа басшылық алдымен өзiнiң билiкке келуiне көмектескен Батыс елдерiнiң көңiлiн табуы қажет. Орта Азияда өзiнiң ықпалын қайта жандандыруға ұмтылған Ресейдiң мүдделерiмен есептеспеуге тағы шама жоқ. Қытай дәп iргесiнен АҚШ-тың әскери базасының орын тепкенiне ренжулi. Гоесаяси тұрғыдан Қырғызстан жағдайы қиын. Ел қайшылықты мүдделер фокусында қалып отыр. Сондықтан Қырғызстанның жаңа басшылығы мүдделi державалардың барлығының көңiлiн табуға ерiксiз мәжбүр болуда.

Жаңа элитаның харизматикалық сапаларымен ерекшеленетiн Құрманбек Бакиев, Феликс Кулов сияқты басшылары бар. Ақаевтың билiгi кезiндегi 15 жылдық тоқыраудан кейiн Қырғызстан жаңару жолына түсе алса аса үлкен жетiстiк болатыны шындық.

Өкiнiшке орай, жаңа билiк Ақаев режимiнiң қателiктерiн қайталай бастады. Оны кадр саясатынан көруге болады. Бакиевтiң, Куловтың топтары елдегi маңызды қызметтердiң көпшiлiгiне өз туыстары мен жақындарын отырғызып үлгердi.

Сонымен бiрге Қырғызстанда Ақаевтың тобы жоқ болып кеткен жоқ. Наурыз төңкерiсiнен кейiн болған охлократиялық құбылыстарға Ақаев жақтастары араласа қойған жоқ. Бiрақ бұл топ билiкке қайта келуге мүдделi. Бакиевтiң билiгiнiң тұрақсыз болуына, елдегi ереуiлшiлдiк көңiл-күйдiң қайта жаңғыруын Ақаев тобы қалайтындығы шындық. Мысалы, Асқар Ақаевтың қызы Бермет Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әкесiнiң президент болған кезеңiн ақтап алуға тырысуда. Қазiргi билiктiң саясатындағы келеңсiздiктер мен қателiктердi көрсетуде.

«Түрлi-түстi» төңкерiстен кейiн Қырғызстан билiгi «саясатпен айналысуды доғарайық» ұранын көтеруде. Экономиканы өрлеу жолына түсiруге ниет бар. Құрманбек Бакиев 2006 жылы жалпы iшкi өнiмдi 8 пайызға өсiрудi мiндет етiп қойды. Күш жiгердi кландық топтар мүддесiне емес, қырғыз халқының мүддесiне жұмсап өнеркәсiптiң, ауыл шаруашылығының дамуын жолға қойса бұл мiндет шешiлетiнi анық. Әзiрше үмiт бар. 2005 жылдың екiншi жартысында болған аз ғана тыныштық жалпы iшкi өнiмнiң 2,4 пайызға дамуына қол жеткiздi. Алдағы уақытта басқарушы элита топтық мүддеден бас тартып ұлттық мүдделер позициясына көшсе бауырлас Қырғызстан дамудың сара жолына түседi деген сенiм жоғалған жоқ. Билiкке талас елдiң экономикалық эволюциясына бөгет болмайтын дәрежеде болғаны жөн. Онсыз экономикалық модернизация болмайтындығын Қырғызстанның жаңа билiгi түсiнетiн сияқты. Ол үшiн Ақаевтың басқару кезеңiндегi қателiктердiң қайталанбауы абзал.

Бiрақ бауырлас Қырғызстанда әлi де қалыпты дамуға бетбұрыс нашар. Халықтың анархияға, охлократиялық пиғылға ынтасы күштi. Тағы да Жалал-Абад қаласының халқының президент жарлығына қарсы шығуы болды. Темiржолшылар өз басшылығының орнынан кетуiне байланысты митингтер ұйымдастырды. Тағы да басқа билiкке қарсы оқиғалар елдегi ахуалдың әлi де ушығып тұрғанын дәлелдейдi. Бұрын қандай да бiр мақсат жолында бой көтерген топтар бiржола тобырға айналып бара жатқан сыңайлы.

Сайын БОРБАСОВ,

саяси ғылымдардың докторы