Жаңалықтар

ТМД ЕЛДЕРIНДЕГI “ОРЫС МӘСЕЛЕСI” КРЕМЛЬДI МАЗАЛАП ОТЫР

ашық дереккөзі

ТМД ЕЛДЕРIНДЕГI “ОРЫС МӘСЕЛЕСI” КРЕМЛЬДI МАЗАЛАП ОТЫР

ТМД мен Балтық жағалауы елдерiнде «орыс мәселесi» бар екен. Оны жоқтан бар етiп отырған Ресейдiң билiгi мен посткеңестiк елдердегi орыс-славян ұйымдары. Қит етсе, шап беретiн Кремль орыс тiлi арқылы көршiлес мемлекеттерде орыс гегемониясын сақтап қалуға тырысып-ақ келедi. Орыс аюын ақырғы шайқаста ұлттық қайта өрлеу арқылы жеңiп шығу достастық мемлекеттерiне сол үшiн де маңызды. Ұлт мәселелерiн ту еткен Украина, Грузия, Латвия елдерiн саяси-экономикалық қыспаққа алып отырған Ресей билiгi Қазақстанға қазiрше психологиялық қысым жасап жатыр. Соған қарағанда империалистiк пиғылдан әлi де арыла алмай келе жатқан Ресей мен кеңестiк тұсаудан босанған дербес мемлекеттер арасында «астыртын соғыс» жүрiп жатқанға ұқсайды.

«ОРЫС МӘСЕЛЕСI» СЛАВЯН ЕЛДЕРIНДЕ ДЕ БАР

Украинаның Батысқа ұмтылысы Кремльдiң мазасын алып келедi. Оның үстiне бауырлас славян елiнде жүргiзiлiп жатқан жалпыұлттық украиналандыру процесi Ресейдiң қытығына тиюден гөрi, ашу-ызасын келтiретiндей дәрежеге жеткен. Украин мен орыс арасындағы ең өзектi мәселе – Қырымның украин тiлiне көшуi. Улап-шулап, дабыл қағып, адам құқықтарын алға тартып жатқан жергiлiктi орыс диаспорасы Қырымда тiлге байланысты референдумның өтуiне қол жеткiздi. Тiл мәселесiн iлiп алып, саяси қолшоқпар ретiнде пайдаланып келе жатқан Януковичтiң «Аймақтар партиясы» Украинада орыс тiлiне «екiншi мемлекеттiк тiл» статусының берiлуi үшiн күресiп отыр. Бiрақ украин жағы да артқа шегiнуге асықпайды. Мәселен, Украинаның белгiлi саясаткерi Юлия Тимошенко өзiнiң «Америка дауысы» радиосына берген сұхбатында: «Украинада бiр ғана мемлекеттiк тiл бар. Ол – украин тiлi. Ал, «орыс тiлiн де мемлекеттiк тiл етемiз!» деп жүрген саясаткерлер – уақытша ұпай жинауды көздеп жүргендер. Бұлар осылайша қоғамға iрiткi салу арқылы өз жақтастарын көбейтпек. Ерте ме, кеш пе, Украинада бiр ғана тiл қалады. Ол – украин тiлi. Ендеше, елдi алдап, жұрттың құлағын көтерудiң не қажетi бар?! Шын саясаткер тiлмен ойнамайды. Өйткенi, тiлмен ойнауға болмайтынын ол өте жiтi сезiнедi…» – дедi. Қазiргi билiктiң тiлге байланысты ұстанымы да осымен үндес. Киевтiң позициясы – автономияда өтетiн аймақтық референдум бүкiлреспубликалық референдум болып табылмайды. Яғни, бұл Украинаның референдум өткiзуге деген қарсылығын аңғартады. Бiрақ соған қарамастан, жергiлiктi орыстар референдумды наурыз айының соңына қарай белгiледi. «Аймақтық партия» ұйымының тағы бiр өкiлi Василий Кисилевтiң айтуынша, билiк украин халқының пiкiрiн құрметтемей отыр. Өз сөзiнде Кисилев: «Билiк Қырымда референдумнiң өтуiнен қорқады. Харьков те бұған қосылып отыр, оның артынан Донецк, Одесса, Луганск, т.б. осы мәселенi көтермек. Олар «мұнда орыс исi болмасын» деген Вашингтондағы қожайындарының бұйымтайын орындай алмайды, себебi бұл жерде орыс иiсi мәңгiлiкке қалады», – дейдi. Орыс исi демекшi, бүгiнде посткеңестiк елдерде орыстардан бұрын олардың, шынымен-ақ, тек исi ғана қалған сияқты. Ресейден тыс жерлерде 20 миллиондай орыс тұрады. Оның көбiсi Батыс елдерiн мекендейдi. Ал, посткеңестiк елдерде орыс диаспоралары күн өткен сайын азайып барады. Кеңес Одағының бұғауынан босанған мемлекеттер бiртiндеп ұлттық мемлекеттерге айналуда. Бұған Кремль қатты алаңдаулы. ТМД аумағында орыс диаспорасының сақталып, «орыс мәселесiнiң» туындауы сол үшiн де маңызды.

Бiр қызығы, Ресей – Ресей болып қалуы үшiн славяндарды ғана емес, түркiлердi де өз идеяларына иландырып, өз шапанының астына қайта тықпақ көрiнедi. «Ғаламдастыру заманында орыстарсыз құрып кетесiңдер», «Ғаламдастыру түптiң түбiнде америкалану болып шығады», т.б. ұрандар орыс БАҚ-тарынан жиi-жиi естiлетiн болды. «Орыс-украин одағы» партиясының төрағасы Иван Симоненко: «Ресей – шығыс-славян (православиелiк) өркениетiнiң немесе Орыс әлемiнiң ядросы. Орыс әлемi Ислам әлемiнен шыққан түркi тектес халықтармен ғасырлар бойы бiрге тұрады. Ядро басқа өркениеттермен шектеспей тұра алмайды. Тiптi, оның басқа өркениеттермен шектесуi өзге әлеуметтiк құбылыстарға төтеп беруге көмек болады. Бұл орайда Украинаның орны бөлек. Егерде Украина Батыс өркениетiне тартылып кетсе, Орыс әлемiнiң тағдыры қиын болуы мүмкiн», – дейдi. Оның айтуынша, «Россия «Руслендке» айналмауы үшiн оған Украина ауадай қажет» екен. Бұл орайда орыс тiлi бауырлас елмен арадағы байланыс бауы болмақ.

Кремльдiң қолпаштауының арқасында ғана көршiлес мемлекеттерде қызмет ететiн орыс-славян ұйымдары «орыс мәселесiнiң» шашбауын көтерiп келедi. Дегенмен, беларусь және украин елдерiндегi ұлттық қайта өрлеу процестерi ерекше қарқынмен жүргiзiлiп жатқанға ұқсайды. Оның бiр айғағы – ресейлiк БАҚ-тар Украина мен Беларуссиядан қандай да бiр хабар таратса, жергiлiктi лауазымды тұлғалардың өз ана тiлiнде айтқан мәлiмдемелерiн орыс тiлiне аударып, ақпарат таратуға мәжбүр. Бiр қызығы, украин мен беларусь тiлдерi орыс тiлiмен тамырлас болса да, Ресей БАҚ-тары мiндеттi түрде бауырлас елдердiң тiлiнде шыққан ақпаратты орыс тiлiне аударып отырады. Ал, Қазақстаннан хабар таратса, орыс БАҚ-тары Украина немесе Беларуссиядағыдай көп әбiгерге түспейдi. Бiзде билiк орысша сөйлейдi. Сондықтан, керiсiнше, қазақтiлдi БАҚ-тар лауазымды тұлғалардың мәлiмдемелерiн орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударуға мәжбүр. Есесiне, орыс тiлiнiң славян елдерiне қажеттiлiгi шамалы: олар да бауырлас орыс халқының әлi де гегемониялық пиғылдан арыла алмай отырғанын бiледi.

БАЛТЫҚ ЖАҒАЛАУЫ ЕЛДЕРIНДЕГI «ОРЫС МӘСЕЛЕСI»

Балтық жағалауы елдерi iшiнде Ресейдi әсiресе Латвия қатты алаңдатады. Орыс мектептерiнiң жабылуы, орысша атаулардың латыш тiлiнiң заңдылықтарына сай жазылуы, т.б. жәйттер Кремльдiң ерекше назарында. Бiрақ Ресейдiң қытығына тиiп отырған бiр ғана Латвия емес. Эстония мен Литва елдерiнде де орыс диаспораларының маргиналдануы байқалады. Ресей Латвиямен «шайқасып» жатқанда, көршiлес Балтық елдерiнде орыс диаспорасы бiртiндеп жергiлiктi ұлттың тiлiнде сөйлей бастаған. Әйтеуiр ешбiр айғай-шусыз орыс қауымдастықтары жергiлiктi ұлттың басымдығын мойындап жатыр. Бiрақ Кремль үшiн басқа-басқа емес, Латвия ата жауға айналғандай. Оның үстiне Ресей БАҚ-тары кiшкентай жәйттердi де дабырайтып көрсетуге құмар. Таяуда Латвияда орыс ақпарат құралдарының ерекше назарында болған сот процесi болып өттi. Латыш тiлiнiң тiл заңдылықтары бойынша, әрбiр ер азаматтың есiмiне «с» қосымшасы, ал әйелдердiң аты-жөнiне «а» немесе «е» қосымшалары жалғануы керек. Осыған орай, Латвия үшiн Джордж Буш – Джордж Бушс, Виктор Калыжный – Виктор Калыжныйс екен. Ал, Латвияның орыстiлдi азаматы Русланус Панкратовс төлқұжат алғанда, есiмiне қосылған «с» әрпiн алып тастау үшiн соттасыпты. «Негiзiнде менiң аты-жөнiм – Руслан Панкратов», – дейдi латвиялық орыс. Бiрақ сот шешiмi бойынша, латыш тiлiнiң заңдылықтарына сай кез келген Латвия азаматының аты-жөнiне «с» қосымшасы жалғануы керек, яғни, шағымданушы – Русланус Панкратовс болып қалуы керек. Ресейлiк БАҚ-тар осы мәселеге байланысты дабыра көтерiп, бiраз уақыт елдi шулатса да, сот шешiмiне айтарлықтай әсер ете алмады. Сот шешiмi жарияланған бойда, ресейлiк журналистер басқа сенсация iздеуге көштi. «Орыс мәселесi» өз жөнiмен қалды.

Латвияда орын алып жатқан ұлттық қайта өрлеу процестерi таңдай қақтырарлық. Олар өздерi түгiл өзге ұлттарды да өз елдерiнiң салт-дәстүрлерiне иландырып жатыр. Айтпақшы, қазақ тiлiнiң заңдылығы бойынша адам аттарына орыстан келген «-ов, -ова», «-вич, -вна» деген қосымшалар емес, «ұлы, қызы» деген қосымшалар жалғануы керек. Бiрақ амал нешiк, аты-жөндерiмiз түгiлi, қазақша телебағдарламаларға зәру боп отырған заманда Қазақстанда қазақ тiлiнiң өркендеуiн тiлеу бос әурешiлiк сияқты. Қазақстанда бiр ғана тiл – орыс тiлi дүрiлдеп келедi. Кеңестiк зұлмат жылдардай ұлттық мәселенi көтеру «асыра ұлтшылдықтың» белгiсiндей.

Бiз де Латвия сияқты ұлттық мәселеге қатысты соттардан көз аша алмай келемiз. Бiрақ Латвияда орыс диаспоралары орысша ақпарат алу үшiн сотқа жүгiнiп келедi. Ал, Қазақстанда ұлт патриоттары ана тiлiн қорғау үшiн сот табалдырығын тоздырып жүр. Билiктiң мемлекеттiк тiлге келгенде тырысып қалатын мiнезiне қарағанда, соттың көкесi әлi алда.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ОРЫС МӘСЕЛЕСI»

«Көп ұлтты» Қазақстанда «орыс мәселесi» бар екен. Оны Терещенко басқаратын Орыс, славян, казак ұйымдары қауымдастығының таяуда өткен жиындарынан бiлдiк. Қазақстанда «орыс мәселесiнiң» ушыққаны соншалықты, олар, тiптi, Ресей елшiлiгiмен де байланыс орнатып үлгерiптi. Мұның артынша қазақ патриоттары үлкен мәлiмдеме жасағаны ел есiнде. Бiрақ бiр аяғымен – Қазақстанда, бiр аяғымен – Ресейде тұрған орыс-славян ұйымдары билiктiң осал саясатынан күн өткен сайын тайраңдап бара жатқанын аңғартып қалды. Қазақстанда орыс тiлiне қандай жағдай жасалмаса да, славяндық ұлтшыл ұйымдарға бұл аз. Билiктiң санағына сенсек, Қазақстанда орыс диаспораларынан тыс 129 ұлт өкiлдерi тұрады екен. Бiр қызығы, 130 диаспораның iшiнде орыстардың даусы қатты шығады. Оның үстiне орыстар осы диаспоралардың атынан сөйлеудi де әдетке айналдырғандай. Ал, шынтуайтына келсек, Қазақстанда диаспора дейтiндей, ұлт өкiлдерi көп емес. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтың өзi 60 пайыздан асты. Православие дiнiн ұстайтын диаспора 21 пайыз шамасында. Сонда қалған 19 пайыз ұлт қалайша 129 ұлт өкiлi бола алады? Әрине, әрбiр екi-үш куала-лумпурлықты немесе замбиялықты санасақ, бiзде дәлме-дәл 130 ұлт өкiлi болуы да мүмкiн. Бiрақ олар диаспора болатындай көп емес қой. Яғни, олардың бәрiн қосып әкелiп қазақ тiлiне қарсы қою негiзсiз. Бiрақ амал нешiк, «көп ұлттылық саясат» билiктiң де, орыс-славян ұйымдарының да қазақ тiлiне қарсы қоятын құралына айналды. Осының салдарынан Қазақстанда «орыс мәселесi» туындап отыр.

Бүгiнде бүкiл ТМД мен Балтық жағалауы елдерi ұлттық мәселелердi ту етiп келедi. Ғаламдастыру заманында шапшаң қимылдау қажеттiгiн олар жақсы түсiнедi. Тек қана Қазақстан «орыс мәселесiн» үлкен мәселе ретiнде қабылдайды. Басқа ТМД елдерi үшiн «орыс мәселесi» атымен жоқ. Ол миф?! Қолдан жасалынған сөз?! Ал, Қазақстан үшiн «орыс мәселесi» – демократия, «көп ұлттылық саясат» және келелi мәселе. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда қазақ мәселесi – тiл мен дiн проблемалары бар. Бiрақ билiк қазiрше «орыс мәселесiн» шешумен әуре.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА