Асқар НАЙМАНТАЙ, «Терісқақпай» театрының әртісі:
Асқар НАЙМАНТАЙ, «Терісқақпай» театрының әртісі:
«ДАРХАН ҚАЙТЫС БОЛДЫ» ДЕП АЙГҮЛДІ ЕҢІРЕТКЕНІМІЗ БАР
Біздің ұжымда Айгүл атты қыз бар. Оған бәріміз қалжыңдап тиісуге құмар едік. Әсіресе, Дархан екеуі сахнада, сахнаның сыртында да кәдімгідей дау-дамайға жиі барып қалады. Өйткені, екеуі – сахналық өнерде серіктес. Кейде көрермен байқамайтын сахнадағы кемшіліктерді өздері байқап қалып, бір-бірінен көріп жатады. Ең соңында айғайласып, араздасып та қалады.
Бір күні Айгүл жұмысқа келіп бәрімізді түгендегенге ұқсайды. Дархан екеуіміз жұмыстармен шығып кеткен болатынбыз. Кеңседе тек Ұлан ғана қалды. Айгүл: «Дархан ағам, Асқар ағам қайда?» деп сұраса, Ұлан оған: «Асқар бір жерге кетті, қазір кеп қалады, ал Дархан ағаң қайтыс болды» деп, өтірікті шындай ұра салыпты. Содан отыра қалып ойбайлап жылаған Айгүл ағасының жақсы қасиетін айтып, «Сізді о дүниеге қимаймын» деп еңірепті. «Анау жолғы концертте барын салып, тамаша өнер көрсетіп еді, сол «аққан жүлдыздай» болған ең соңғы қойылымы екен ғой» деп, ағыл-тегіл солқылдаған екен. Бір жарты сағаттан кейін келсек, көзі, бет-аузы ісіп кеткен. Енді күні-бойы жылаған ғой. Бізді көріп, әсіресе, Дархан ағасын көріп не жыларын, не күлерін білмей аң-таң. Тіпті талып қалатын жағдайға жетіп, аңқиып отырып қалды.
ӨРТ ТУРАЛЫ ҚАЛЖЫҢДАЙМЫЗ ДЕП, ШЫНЫМЕН ӨРТ ШЫҚҚАН
Ақтау қаласында Абай атындағы қалалық Мәдениет сарайында концерт болып жатқанда сахнадан кездейсоқ өрт шықты. Соның алдында ғана өрт, от жайында қалжың әңгіме айтып тұрған едік. Сөйтіп, әзіліміз шынға айналып кеткен еді. Сахнада мен ән айтып жүрмін. Алдымызда концертке жиналған халық, өрт сөндіретін адамдар ары-бері шапқылап жүр. Жаңағы айтып тұрған әнім «Ақ тамшы» әні болатын. Ол әнді айтқан сайын керісінше, отқа тамызатын бір тамшы су жоқ. Ел содан: «Ақ тамшы» деген ән айтылып жатыр, ал отқа таматын бір тамшы да су жоқ» деп әзілдеген көрінеді. Міне, сондай қызықтар да болды.
ҰЛАН «ҚЫТАЙ» БОЛАМЫН ДЕП, МАИ ҚЫЗМЕТКЕРІНЕН ҚҰТЫЛА АЛМАДЫ
«Терісқақпайдың» Ұлан, Дархан деген сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жігіттері өтірік қытайша сөйлегенде алдына жан салмайды. Олардың қытайша сөйлегенін не қытай, не өздері түсінбейді. Бір қызығы, өздері өзін-өзі сондай керемет түсінетін сияқты әңгімелеседі. Бірде Нарынқол ауданына гастрольдік сапарға жол түскен кезде шекарашылар бекетінде біздің құжатымызды тексерді. Оның үстіне Нарынқол Қытаймен шекаралас жер ғой. Сол бекетке жақындағанда Дархан өтірік қытай болып, Ұлан аудармашы болды. Оның үстіне шекарашы жігіттер біздің әртіс екенімізді де аса тани қоймады. Автобусқа кіріп, құжатымызды тексергенде, Дархан үште төрт суретін көрсетіп, «басқа құжатым жоқ» деп қытайша сөйлеп тұрып алды. Ұлан да: «Мұның мүлде құжаты жоқ, ол – қытай» деп, оқиғаны одан ары ушықтырды. Өзі қытай, оның құжаты жоқ болса, керек десеңіз, қазақты өткізбейтін бекетте бұның қытаймын дегені тіпті сұмдық болып, әскерилер Дарханды автобустан түсіріп алып, әлек болды. Ақыры оны сүйреп, автобустан далаға шығарса, бір танитын ағайының қарындасы тұр екен. «Дархан ағай, сіз қайдан жүрсіз?» деп қасына жүгіріп келсе, «Кет, жақындама!» деп қашып жүр. Арасында шекарашыларға өтірік қытайша сөйлеп, ақша берген болады. Олар «ақшаңның керегі жоқ, сен осы жерде қаласың, кіргізбейміз» деп әлек. Әйтеуір, қалжыңдаймыз деп шынға ұласқан оқиғаны шекарашылар бекетінің командиріне түсіндіріп, құтылғанымыз әлі есімде.